3
КІРІСПЕ
«Жазбаша
сөйлеу
мәдениеті» -
«Тұран»
университетінде
«журналистика» және «аударма ісі» мамандықтары бойынша жоғары білім
алып, даярлықтан өтіп жатқан студенттер үшін пәндер циклында таңдау пәні
ретінде ұсынылған. Аталмыш пән «журналистика» мамандығында «Жазбаша
сөйлеу мәдениеті» деп аталса, «аударма ісі» мамандығы үшін
аталымы сәл
өзгертіліп, «Қазақ тілінің стилистикасы және сөйлеу мәдениеті» деп беріледі.
Ұсынылып отырған дәрістер курсын оқып-үйрену барысында студенттер
әдеби тіл туралы түсінік алып, тілдік нормамен, оның лексикалық,
орфоэпиялық,
орфографиялық, грамматикалық норма деген түрлерімен
танысуға мүмкіндік алады, сөз қолдану мәдениетіне машықтанады, тіл
мәдениетінің негізгі сапаларын меңгереді.
Дәрістер курсы функционалдық стильдерді дұрыс әрі орынды қолдануға,
ана тілінің нормаларына сәйкес ауызша және жазбаша мәтіндерді қисынды
баяндауға, әр түрлі жанрда журналистік шығармалар жазуға, түрлі аудармалар
жасау барысында тілдік норма мен стиль түрлерін
жадында ұстауға өз
ықпалын тигізетін керекті де қажетті құрал болады деп ойлаймыз.
Сөз ең әуелі халық тілінде пайда болады, одан хатқа түседі (көркем
әдебиет шығармаларының тіліне айналады) – белгілі бір стиль бойынша жазба
әдеби тілдің нормасына еніп, тұрақтанады,
оны дамытады, байытады,
құнарландырады.
Жазба әдеби тілінде белгілі бір норма болады да, ол
норма бойынша
әрбір сөздің айтылу, жазылу формалары және олардың мағыналық
ерекшеліктері бірқалыпты болып келеді. Нақтылы бір нормаға түсіп, соның
аясында
ғана жұмсалатын, одан ауытқымайтын ұстанымдар болмаса, олар
жазба әдеби тілдің қалыптасқан нормасынан тыс қалады – әдеби тілдің үлгісі
бола алмайды. Әдеби тілдің нормалану дәрежесі неғұрлым айқын және
тұрақты болса, тілдің мәдени қасиеті соғұрлым жоғары болады.
Дәрістер курсының материалдары М. Балақаевтың тіл мәдениеті туралы
еңбектерінен алынды.