Прологті, эпилогті, екі бөлімді тарихи драма Қатынасушылар



бет1/10
Дата19.04.2023
өлшемі68,56 Kb.
#84451
түріҚұрамы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


Прологті, эпилогті, екі бөлімді тарихи драма
Қатынасушылар:
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ — жазушы
ГОЛОЩЕКИН — Крайкомның I хатшысы
ҚҰРАМЫСОВ — Крайкомның II хатшысы
ИВАНОВ — Бюро мүшесі
ЕЛЕУСІЗ — Бюро мүшесі
ЖАНТОҚОВ — Бюро мүшесі
ИСАЕВ — Бюро мүшесі
НҰРХАН — ақын
КҮЛӘНДА — елдегі қыз
БАЛЫМ — Амангелдінің жесірі
СТАЛИН — Генсек
РЫСҚҰЛОВ — Совнарком төрағасының орынбасары
ҚҰСНИ — Мүсіреповтың әйелі
ЦЕРБЕР — Тамұқ төбеті
ҚАРАБАЙ — сатқын
Көмекшілер, үркіншілер, жұмақ пен тамұқ адамдары Оқиға 1932 жылы өтеді.
ПРОЛОГ
Кремль. Сталиннің кабинеті. Сталин мен Рысқұлов.
Сталин. ...Неге біз жағдайды Қазақстандағы Голощекиннен емес, Мәскеудегі Рысқұловтан білеміз? Неге сенен басқа ешкім ләм демейді?
Рысқұлов. Менен басқалар да Қазақстандағы өрескел бұрмалаушылықты Сізге жеткізуге тырысқан. Бірақ олардың даусы Сізге жетпей жатыр.
Сталин. Қалайша?
Рысқұлов. Мысалы, жазушы Ғабит Мүсірепов бастаған бес адам Сізге хат жазған. Бірақ... хат ұсталған...
Сахна қараңғы тарта береді. Домбыра «Қоңырды» аңыратады.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші сурет
Алматы. Казкрайком. Голощекиннің кабинеті. Кезектен тыс шұғыл бюро мәжілісі өтіп жатыр. Ұзын үстелдің ұшар басында – Голощекин. Қос қапталда – бюро мүшелері. Электр шамдар күңгірттеу, әлденеге жыпылықтап тұрады. Голошекин шамдалға шақшия қарап, қолтоқпақтай ауыр сиясорғышты мығымдап ұстап, сонымен шамдалды періп жібергісі келгендей... Үстінде – сұр френч. Теке сақалы селкілдеңкіреп тұрады. Жарық әуелі оның сақалына ғана түсіп, бірте-бірте түр-түсін тұлғалайды.
Оркестрде «Көбік шашқан» ыңырсиды.
Голошекин (креслодан ұмтыла түрегеліп). Жолдастар! Жау шапқандай, түн ішінде неге бюро шақырды деп ренжімеңіздер. Ал жалпы, жау шапты десе де болғандай. (Үстел үстіндегі қағазды, улы жыланның құйрығынан ұстағандай салбыратып, қос саусағымен шетінен ғана абайлап қармап, даусы қырылдап, Міне – жау!
Үстел басындағылар «О не сұмдық?» дегендей үркектеп, үрпиісе қалады. Тек Голощекиннің оң қол жағын ала отырған Құрамысов қана «Мен білемін» дегендей, домаланған деңбек денесі қозғалақтап, күлімдеп қалады.
Құрамысов (жағымпаздана). Жаудан да жаман, Филипп Исаевич. «Бұқпадан шыққан жау жаман, бүйірден шыққан дау жаман».
Голощекин (риза болғандай). Iзмұқан дұрыс айтады. (Құрамысов «көрдіңдер ме» дегендей жан-жағына қоқилана қарап қалады.) Іштен шыққан жау жаман. Қаскөйлер өз ішімізден шығып отыр.
Үстел басындағылар: «Сонда – қайсымыз?» дегендей бір-біріне күдіктене қарасады.
Исаев. Ол не, Филипп Исаевич? Зәремізді алмай, айтсаңызшы.
Голощекин. (оған жақтырмай қарағанда дөңес линзалы шыныдан көзі шатынап көрініп). Неге сенің зәрең ұша қалды, а? Сенің бүйрегің бұрып тұрмаушы ма еді әнебіреу жазушысымаққа! А?!
Исаев (сабырмен). Құдай үшін, айтсаңызшы, не тұспалдап тұрғаныңыз? Біз өзі өрт сөндіретіндей неге асығыс жиналдық? Не талқыламақпыз? Жазушысымақ кім?
Голощекин. Иә! Иә! Өрт сөндіреміз! Өрт! Өрт!
Елеусіз (жан-жағына, төбеге алақ-жұлақ қарап). Қайдағы өрт?
Голощекин (сәл сабасына түсіп). Иә, шынында да әңгімені басынан бастайық. (Қос саусағымен қағазды шетінен көтерген күйі.) Қаралатын мәселе біреу: «Бесеудің хаты».
Голощекин соңғы сөздерді шыңғыра айтқанда, содан шошып кеткендей шамдал оты шайқалақтап барып, жалп етіп сөнеді де қалады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет