Ағзаның ішкі ортасын қан, лимфа және ұлпа сұйықтығы құрайды, ол өзінің құрамының динамикалық тұрақтылығымен, физико-химиялық және биологиялық қасиеттерімен (гомеостаз) ерекшеленеді. Қан плазмадан және формалық элементтерден (эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер) тұрады. Қан ұлпаларға қажетті қоректі заттарды және оттегін жеткізеді, зат алмасу өнімдерін шығарады, сөйтіп тасымалдаушы қызметін атқарады. Сонымен қатар ол жылу реттеу, коррелятивтік және қорғаныш функциясын реттейді, мүшелердің көлемін өзгертеді, күлгін және ультракүлгін сәулесін сіңіруге қатысады, соның әсерінен оның химиялық белсенділігі артады. Мұның барлығы қанның үнемі қозғалыста болуына байланысты жүреді.
6.1 Қанның физико-химиялық қасиеттерін анықтау
Барлық сұйық орта сияқты қанның да өзіне тән физикалық және химиялық қасиеттері бар. Қанның физикалық қасиеттеріне жатады – қанның тұтқырлығы және сыбағалы салмақ, ал химиялық қасиеттеріне - қан реакциясы және буферлік қасиеттер жатады.
Дайындалуға арналған сұрақтар
1. Қан деген не?
2. Сыбағалы салмақ, оның көлемі, қанның сыбағалы салмағының көлеміне әсер ететін факторлар мен оны анықтау әдістері?
3. Қанның физико-химиялық қасиеттері?
4. Қанның тұтқырлығы, маңызы, көлемі және анықтау әдістері?
5. Қанның тұтқырлығы неге байланысты?
Сабақтың мақсаты: студенттерді қанның физикалық және химиялық қасиеттерін анықтау әдістерімен таныстыру.
Қанның тұтқырлығы дегеніміз – қанның белгілі бір температура мен қысым жағдайында тамырлар арқылы аққандағы үйкелісі немесе ішкі қарсылығы. Қанның тұтқырлығы судың тұтқырлығынан жоғары, ол қанның формалық элементтерінің санымен, гемолобинмен, СО2, плазманың тұтқырлығымен тығыз байланысты. Тұтқырлық вязкозиметрмен өлшенеді. Қанның тұтқырлығы сумен салыстырмалы түрде өлшенеді (бірдей температура мен қысымдағы капиллярдағы қан мен судың қозғалыс жылдамдығы, судың тұтқырлығы салыстырмалы түрде 1-ге тең). Капиллярдағы қанның қозғалыс жылдамдығы судың қозғалыс жылдамдығымен салыстырылады. Бұл жағдайда ағу жылдамдығы судың тұтқырлығына кері пропорциональды. Тәжірибенің қорытындысы арнайы кестеге жазылады. Сұйықтықтың ағу жылдамдығына қарап, дистиленген суға салыстырмалы тұтқырлықты анықтайды (кесте).
2 зертханалық жұмыс. Қанның сыбағалы салмағын анықтау
Сыбағалы салмақ қанның физико-химиялық қасиеттерінің бірі және салыстырмалы тұрақты көлемі. Жануарлар қанының сыбағалы салмағы орташа алғанда 1,035–1,059-ға тең.
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: гаммершлаг қоспасы (хлороформның 2 бөлігі сыбағалы салмағы 1,485 және бензолдың 5,5 бөлігі сыбағалы салмағы 0,88), хлороформ, бензол, 2 пипетка, ареометр, сыйымдылығы 100 мл цилиндр, капиллярлық пипетка, шыны таяқша.
Жұмыстың барысы: сыйымдылығы 100 мл цилиндрге 70–80 мл қоспаны құяды, осы сұйықтыққа ерекше сақтықпен пипеткадан қан тамшысын тамызады. Егер қан тамшысы түбіне шөксе, хлороформ қосады, ал бетінде жүзіп жүрсе, бензол қосады. Осылай тамыза отырып, қан тамшысын қоспаның дәл ортасында тоқтату керек, сонда ғана қанның сыбағалы салмағы қоспаның сыбағалы салмағына теңгеріледі. Ареометр арқылы сұйықтың сыбағалы салмағын анықтайды, осы бойынша қанның сыбағалы салмағы есептеледі.
Шығармашылық тапсырмалар:
1) француз физиологы К. Бернер ішкі ортаның тұрақтылығы ағзаның тіршілік етуінің қажетті шарты деп өткен ғасырда жазған болатын. Егер ыдырау заттары ішкі ортадан жойылмаса, онда жасушалар оның құрамының өзгеруінен (судын, тұздардын, улы заттардын шамадан тыс көп болуы) өлуші еді. Бір жағынан қарасақ ішкі орта үнемі өзгерісте болады, екінші жағынан қарасақ тіршілік үшін оның тұрақтылығы қажет. Осы қарама-қарсылықтан шығу жолы қандай болады.
Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптар:
1) қан жасушаларының пайда болу жолдары;
2) қансыраған жағдайда қанның сыбағалы салмағы қалай қарай өзгереді;
3) қанның формалық элементтері мен плазмасының арақатынасы өзгеруіне байланысты қанның сыбағалы салмағы қалай өзгереді.