Қан тамыр жүйесінің әр түрлі учаскілерінде қан қозғалысының сипаты бірдей болмайды. Қан жүректен аортаға порциялармен лақтырылады. Кейін аорта мен артерия бойымен үздіксіз ток арқылы қозғалады. Осында оның жылдамдығы баяулайды. Егер аортадағы қан қозғалысының жылдамдығы 500–600 мм/сек жетсе, сонда артериялардағы ол 150–200 мм/сек дейін төмендейді, ал артериолаларда 5 мм/сек дейін түседі. Артерия мен артериолаларда қан екі қабатқа бөлінген: орталық (осьтік) негізінен эритроциттер қозғалады және перифериялық (плазматикалық) лейкоциттер мен қан плазмасынан құралған. Қан тогының осындай бөлінуі қозғалыстың үлкен жылдамдығымен, формаларының әртүрлілігімен және эритроциттер мен лейкоциттердің салмақтарының бірдей еместігімен шартталған. Артериолалардағы қан тогы қалыпты емес, ол қысымның пульстік толқындарымен шартталған. Капиллярлардағы қан жылдамдығы 0,5 мм/сек дейін төмендейді, ол өз кезегінде қан мен ұлпа арасындағы алмасу процесстерінің жүзеге асырылуына қолайлы жағдай жасайды. Капиллярлардағы қан тогы үздіксіз қалыпты. Капиллярлардың диаметрі үлкен емес болғандықтан (8 мк жуық), олардың бойымен эритроциттер «қаз жүрісімен» бір бірінің соңынан қозғалады (эритроциттер диаметрі 75 мк дейін). Кейбір капиллярларда әсіресе олардың тармақталу орындарында эритроциттер қозғалыс кезінде деформацияға ұшырайды. Венула және веналарда қанның ағуы 60-140 мм/сек дейін өседі, ал қуыс тамырларында – 200 мм/сек жетеді. Венулалардағы қан тогы қалыпты, осьтік және плазматикалық бөлімдерге бөлінбейді.
Қанның тамыр бойымен ағу жылдамдығы тамырдың диаметріне байланысты, сондықтан қанның қолқа арқылы ағу жылдамдығы жоғары – 400–500 мм/сек; артерия арқылы төменірек – 150–200 мм/сек; төмен –капиллярларда – 0,5 мм/сек, мұның зат алмасуы үшін үлкен маңызы бар. Жүрек диастоласы кезінде қанның артериядағы ағу жылдамдығы баяулайды.
Капиллярдағы қан айналымы мен оның реттелуін бақаның тілі мен жүзу жарғақтарында зерттеуге болады.
Сфимография – артерияның пульсін жазу, оны сфимограф арқылы жазады. Мүшелердің көлемінің өзгеруін тіркеу плетизмография деп аталады. Плетизмограмманы арнайы құрал плетизмограф арқылы алуға болады, оның жұмысы қысымды пневматикалық берілу қағидасына негізделген.
Дайындалуға арналған сұрақтар
1. Артериялардағы, веналардағы және капиллярлардағы қан ағу жылдамдығы қандай?
2. Қан ағудың сызықтық және көлемдік жылдамдығы дегенді қалай түсінуге болады?
3. Қан тамырларының саңылаулары- көлемі қалай реттеледі?
4. Қан тамырларының саңылауларын-көлемі реттеуге қандай жүйкелер қатысады?
5. Қандай заттар қан тамырларын кеңейтеді және тарылтады?
6. Пульс деген не, оның түрлері? Катакрота? Анакрота?
7. Дикротикалық тісшелер қалай пайда болады?
8. Қан ағысының үздіксіздігінің себептері?
9. Қанның капилляр бойымен ағуына сипаттама беріңіз?
Сабақтың мақсаты: капиллярдағы қанның ағуын және тамыр рефлекстерінің пайда болуын, бақа жүрегінің лимфатикалық соғуын бақылау.
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақа, микроскоп, адреналин, 10 %-тік спирт, электростимулятор.
1 зертханалық жұмыс. Капилляроскопия
Жұмыстың барысы: бақаны 10 минутқа 10 %-тік спирт ерітіндісіне салып, қимылсыздандырады, сонан соң тақтайшаға бекітеді. Артқы аяғының жүзу жарғағын немесе тілін тақтайшадағы тесіктің үстіне келтіріп созады да, тақтайшаны микроскоп столына қояды.
Тіл немесе жүзу жарғағы орналасқан тесікті обьективтің астына дәл келтіру керек, содан соң оны микроскоппен қарайды (сурет).
Келесі бақылауларды жүргізеді:
1) микроскоптың кіші ұлғайтқышымен артерияларды, капиллярлар мен веналарды тауып, суретін салады. Микроскоп арқылы артерия мен венаның бір-бірінен айырмашылықтарын табады, артерия қанның жолымен тарамдалады, ал вена тамырлары жиналады. Капиллярлардың диаметрі эритроциттер диаметріне тең, сондықтан эритроциттер тізбектеле жылжиды да капиллярлардың иілетін жерлерінен өткенде эритроциттер деформацияланады (көлемін өзгертеді);
2) қан жүйесінің әр түрлі бөлімдеріндегі қанның ағу жылдамдығын белгілеу (жылдамдығы, бірқалыптылығы;
3) орталық (осьтік) және қабырғалық қан ағу жылдамдығының әр түрлі болатынын бақылау;
4) 1 мл адреналинді (0,01 % ертінді) арқа маңында тері астына енгізіп, қан ағудың жылдамдығын бақылайды;
5) шонданай жүйкесін электростимулятормен 10–15 сек тітіркендіреді.
Жұмыстың соңында артериялардың, капиллярлардың, веналардың суретін салып, нәтижесін жазып, қорытынды жасау керек.
Шығармашылық тапсырмалар:
1) оқушылар жиі тұжырымдайды, артерияларда артериалды (оттегімен қаныққан) қан ағады, ал вена бойымен веноздық қан (көмірқышқыл газымен қаныққан) ағады деп. Неге осы тұжырым толығымен дұрыс емес және нақты жауабы қандай болады;
2) неге адам және жануарлар өлігі бір тәуліктен кейін ыдырай бастайды ал тірі организімде ондай құбылыстар болмайды.
Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары:
1) қан тамырларының қызметтік топтары;
2) ағзаның жекелеген мүшелерінде қан айналымының ерекшеліктері;
3) лимфа және лимфа айналымы.