Өкпе тұйық кеуделік жазықта орналасқан. Өкпе пен кеуде жазықтығын жабатын плевра жапырақтары арасындағы қуыс атмосферамен қатынаспайды және құрамында ауа болмайды. Сондықтан кеуде жазықтығының көлемі қандай болса да өкпе барлық кеңістікті толтырады (өйткені өкпен атмосферамен қатынасады және олардағы қысым атмосфералық қысымға тең). Дем алу кезінде қабырғааралық бұлшықеттер мен диафрагма бұлшық еттерінің жиырылуы салдарынан кеуде қуысының көлемі ұлғаяды. Ол өз кезегінде плевра ішілік кеңістіктің ұлғаюына және ондағы қысымның төмендеуіне әкеледі. Атмосфералық қысым өкпенің сыртқы бетіне біржақты әрекет етіп, оларды кеуде қуысына қысады. Кеңейген өкпе салдарынан олардағы қысым біршама төмендеп атмосферадағы ауа өкпеге кіреді. Өкпе ішілік ауаның алмасуы әр түрлі өкпе ішілік және плевра ішілік қысымның арқасында өкпенің үздіксіз кеңеюімен қамтамасыз етіледі.
Тыныс алу – ағзаға оттегін енгізіп, зат алмасу нәтижесінде пайда болған көмірқышқыл газын бөліп шығаруды қамтамасыз ететін физиологиялық процесс.
Тыныс алу:
1) сыртқы тыныс – сыртқы орта мен өкпе альвеолаларының арасындағы газ алмасуы (өкпе вентиляциясы);
2) газдың қан арқылы тасымалдануы – қан арқылы оттегін өкпеден ұлпаларға және көмірқышқыл газын ұлпалардан өкпеге жеткізу;
3) жасушалық тыныс – жасушалардың оттегіні сіңіріп, көмірқышқыл газын бөліп шығаруы болып бөлінеді.
Дайындалуға арналған сұрақтар
1. Тыныс алу процесі және оның ағза үшін маңызы;
2. Өкпенің тіршілік сыйымдылығы деген не және ол ауаның қандай үлесінен тұрады;
3. Максимальды дем шығарғаннан кейін өкпеде қалған ауа қалай аталады. Оның көлемі неге тең;
4. Өкпе мен ұлпалардағы газ алмасу;
5. Пневмография деген не.
Спирометрия – өкпенің тіршілік сыйымдылығын анықтауға арналған әдіс. Өкпенің тіршілік сыйымдылығы. Өкпенің тіршілік сыйымдылығы дегеніміз – терең дем алғаннан кейін сыртқа шығара алатын ауасының ең көп (максимальды) мөлшері. Өкпе вентиляциясының қалыпты жағдайдағы тыныс алуын – тыныс ауа көлемі дейді.
Адамда 500 мл, ал ірі қара малдарда 5–6 л тән. Қалыпты демалғаннан кейін адам кезекті демді шығармай тұрып, тағы да тереңірек дем алу көлемін – қосымша ауа дейді. Адамда 1600 мл ірі малдарда 12 литрге дейін жетеді. Қалыпты дем шығырғаннан кейін кезекті демді алмай тұрып, адам тағы ауаны қосымша өкпеден шығаруын – дем шығарудың қор (резерв) көлемі дейді. Адамда 1600 мл ірі малдарда 12 литрге дейін жетеді (9.1-сурет).
Сабақтың мақсаты: тыныс алу қозғалыстарын жазу және өкпенің тіршілік сыйымдылығын анықтау тәсілдерімен танысу.
1 зертханалық жұмыс. Пневмография
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: пневмограф, кимограф, штатив.
Жұмыстың барысы: резеңке манжетті кеуде клеткасының ең қозғалмалы бөлігінің алдыңғы жағынан бекітеді (кеуде клеткасының орта бөлігі) де, резеңке қапшық жарылып кетпейтіндей дәрежедегі қысыммен ауа жібереді. Жазғышты кимографқа жаңастыра орнатылады. Кимограф дөңгелегінде пневмограмманы жазады.
Тыныс алудың жазылу жағдайлары: тыныштық күйінде, физикалық күш түскен соң, демді ұстап тұрғаннан кейін, ерікті тыныс алудың жиілігінен кейін яғни гипер және гипокапния кезінде және де сөйлеген, күлген, жөтелген кезде. Осы жағдайлардың бәрінде дем алу мен дем шығарудың ұзақтығына, жиілігіне, тыныс алу қозғалысының тереңдігіне назар аударады.
2 зертханалық жұмыс. Спирометрия – өкпенің тіршілік сыймдылығын анықтау
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: спирометр, спирт, мақта, су.
Жұмыстың барысы: спирометрдің жоғарғы жағындағы саңылауын ашып, 0 жағдайына қояды. Спирометрдің резеңке түтікшесінің ауызға салынатын үрлегішін спиртке салынған мақтамен сүртеді.
Тіршілік сыйымдылығын анықтау үшін спирометрге қатты үрлейді және терең дем шығарады.
Тыныстық ауаның көлемін анықтау үшін спирометрге 4–5 рет қалыпты үрлейді де, арифметикалық орташа санын есептеп шығарады.
Резервтегі ауаны анықтау үшін атмосфераға ауаны жай ғана шығарады да, спирометрге терең, өкпедегі ауаның барлығы шыққанша үрлейді.
Ауаның қалдық көлемі – максимальды дем алған кезде өкпеде қалатын ауа көлемі. Оның көлемі 1,0–1,5 л ауаға тең және өкпенің жалпы тіршілік сыйымдылығының 20–24 % құрайды. Оны анықтау үшін резервті ауаның көлемі мен тыныстық ауаны қосып алынған нәтижені өкпенің тіршілік сыйымдылығы көлемінен алу.
Шығармашылық тапсырмалар:
1) «адам–амфибия» атты фантастикалық романында Ихтиандр атты бозбалаға суда дем алатын желбезек көшірілді. Осы көшірілуден кейін адам-амфибияның суда өмірін сақтауға мүмкіндік бере алмағанынан туындаған қандай физиологиялық проблеманы автор елеген жоқ.
Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары:
1) қалыпты тыныс алу кезінде өкпенің тіршілік сыйымдылығы толығымен пайдаланыла ма;
2) өкпелік вентеляцияның минуттық көлемін қандай көрсеткіштерден шығаруға болады.