Бейресми ұйым қандай да бір топ ішінде жеке адамдардың бір-бірімен азды-көпті араласуының нәтижесі болып табылатын әлеуметтік байланыстардың, нормалардың, әрекеттердің өздігінен қалыптасқан жүйесін білдіреді. Бейресми ұйым ресми ұйымның принципінде әлеуметтік өзара әрекеттестіктің барлық жақтарын, барлық процестерін қамтуға және оған енетін жеке адамдардың барлық әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетсіздігінен туады. Ресми ұйымға қатысты алғанда бейресми ұйым ең алдымен өтемдік деп аталатын функцияны орындайды, яғни ресми ұйым кемшіліктерінің орнын толтырады. Сонымен қатар, жеке адам ұйымның мұндай нысанына қатысуды ресми ұйымның шектеуші ықпалынан қорғану механизмі ретінде де қажетсінеді, ол оған әр түрлі әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыруға - өзін іс жүзінде көрсетуге, өзіне-өзі сенімді болуына, қоғамда танылуына және т.б. үлкен мүмкіндіктер береді. Кей кездері бейресми ұйымдар ортақ мақсаттарға қол жеткізуге қарсы әрекет жасап, беделін қожырата және т.б. отырып, ресми ұйымдарға қатысты дисфункционалдық (яғни ресми ұйымдардың қажеттіліктеріне қол жеткізуіне кедергі жасайтын) рөлді де атқарады.
Бейресми ұйым өзін екі негізгі нысанда: ресмиліктен тыс және әлеуметтік-психологиялық нысанда көрсетеді.
Ресмиліктен тыс ұйым - бұл ресми ұйымның мүшелері өздігінен дамытатын, ресмиленбеген қызметтік қарым-қатынастардың ұйымдастыру міндеттерін ресми түрде алдын ала белгіленгеннен өзге тәсілдермен шешуге бағытталған жүйесі. Жеке тұлға автономиялықтың, өзі орындайтын функцияға қатысты тәуелсіздіктің белгілі бір дәрежесін қашанда сақтайды. Осы автономияның арқасында ресми ұйымның қызметкері қызметтік мінез-құлықтың нақты нысандарын таңдауда әрқашан белгілі бір еркіндік диапазонына ие болады. Басқа сөзбен айтқанда, адамдар ресми ұйымның алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізу үшін өз бетінше, ресми ұйымның ықпалынсыз осы ұйымның міндеттерін орындау үшін және бұл ретте берілген, ресми ұйым “алдын ала белгілеген” тәсілдерден өзге тәсілдермен әрекет ету үшін біріге алады.