30. Қазақтың сыни ой-пікірінің оянуы және әдебиет сынының тууы туралы айтыңыз. Жалпы қазақ халқы сөз өнеріне ерекше мән берген. Шешен, билері күрделі әлеуметтік мәселенің шешімін қиыннан қиысқан бір-ақ ауыз сөзбен айтып отырған. Орынды айтылған сөзге, уәжге тоқтау – қазақ халқының ұлттық ерекшелігі. Тұрлаулы мәселелрді шешуге ел билеген әкімдерден гөрі сөздің майын тамызған шешендер, көркем сөзден кесте тоқыған ақын-жыраулар көбірек танымал болған. Ел билеуге сөздің құдіретін түсінетін «аузы дуалы» азаматтар араласқан. Сөйтіп сөз өнерін қадірлейтін ақын-жыраулар халықтың ұлттық талғамымен бірге эстетикалық көзқарастарын да дамытқан.
Сыни пікірлердің негізі көркем әдебиеттен, оған деген көпшіліктің көзқарасынан, қоғамдық өмірдің рухани қажеттілігінен туындайды, яғни сын халық талғамынан бастау алады.
Кейін жазба әдебиет дамыған кезде әдеби сынның рөлі арта түсті. Ол тек әдеби процесте ғана емес, жалпы қоғамдық ой-пікірдің өсуінде елеулі орын алды. Сөз өнерін шын сүйіп, бағалай білетін, көркем шығармамен арнайы шұғылданатын талант иелері, қаламгерлер шыға бастады. Әдеби сынға тұңғыш еңбек арнағандар Платон, Аристотель, әл-Фарабилер еді. Кейін сыни бағыттар, мектептер пайда болды.
Қазақ әдебиетінің тарихына, теориясы мен сынына қатысты зерттеу еңбектер жазған А. Байтұрсынов, М.Әуезов, С. Мұқанов, С.Қирабаев, Р.Бердібай, Т, Кәкішев, А.Нұрқатов, Б. Сахариев, Н. Ғабдуллин, Р. Нұрғали, С. Әшімбаевтардың сын-зерттеу еңбектерін ерекше атап өтуге болады [2, 8].
Қазақ әдебиеті сынының тарихы әдебиеттанудың маңызды арналарының бірі болып табылады. Әдебиеттің зерттеліп жүрген проза, поэзия, драматургия жанрлары сияқты әдебиет сынының да тарихы мен қалыптасу процесі бар.
Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқауға болады. Бірінші кезең – қазақ әдебиет сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең – қазақ әдебиеті сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл прцесс 1917-1937 жылдардың арасын қамтиды. Үшінші кезең – қазақ әдебиеті сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі 1938-1985 жылдар аралығы.
Сынның негізгі мақсаттарының бірі – ажарсыз бен келіссізді мінеу емес, ең алдымен адамның жан дүниесін, талап-талғамын әсемдік пен сұлулыққа, ізгілікке тәрбиелеу.
Әдебиет сыны – әдеби сын, көркем әдеби сын – әдебиеттану ғылымының бір саласы. Ол өмір шындығы мен әдеби шығармадағы көркем шындық арақатынасын саралап, көркем шығарманы әдеби тұрғыдан бағалайтын, әдеби дамудың ағымдағы мәселелерін талқылап, бағыт сілтеп отыратын әдеби-публицистикалық, ғылыми-эстетикалық шығармашылық түрі. Әдебиет сыны – аса күрделі сала. Оның негізгі зерттеу объектісі –көркем әдебиет, әдеби процесс. Ал сыншы дегеніміз – белгілі бір әдеби шығарманы талдап, баға беру үшін әдебиеттану ғылымының зерттеу әдістерін, методологиясын қолданады.