Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы


Абай тіліндегі оқу-ағартуға қатысты сөздер



Pdf көрінісі
бет27/38
Дата06.04.2017
өлшемі3,75 Mb.
#11193
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   38

Абай тіліндегі оқу-ағартуға қатысты сөздер

(Ұлы ақынның туғанына 120 жыл)

Қазіргі қазақ әдеби тілінің негізін қалаған ұлы жазушының 

мұрасын  зерттегенде,  оның  сөз  байлығын,  яғни  сөздік 

құрамының  қат-қабатын  танып  білудің  қажеттігі  зор.  Бұл 

күнде  үйреншікті  болып  кеткен,  жиі  қолданылатын  көптеген 

сөздер бұдан бір ғасыр бұрын тіліміздің қазіргі нормасы енді-

енді қалыптаса бастаған кезде не мүлде жоқ болатын, немесе 

басқаша болатын. Оған себеп тек әдеби тілдің алғашқы даму 

кезеңі  болғандыгы  емес,  сол  кездегі  қоғамның  әлеуметтік-

рухани өмір сипаты да себепкер еді.

Абай өмір сүріп, жазушылық құрған XIX ғасырдың екінші 

жартысындағы  қазақ  даласында  болған  әлеуметтік-саяси 

өзгерістер  мен  оқиғалар  (Қазақстанның  Россияға  түгелдей 

отар  ел  ретінде  бағынып  болуы,  дала  өміріне  капитализм 

элементтерінің  ене  бастауы,  қалалар  салынып,  азын-аулақ 

өндірістің  пайда  болуы,  отырықшылық  пен  егін  егу  шаруа- 

шылығының тұрақтана түсуі, орыс переселенецтерінін мекен- 

деуі  т.т.)  қазақ  қоғамы  өмірінің  мәдени-рухани  жағына 

өзгеріс  енгізбей  қоймады.  Қазақтың  ұлан-байтақ  даласына 

тіл тарихында маңызды рөл атқарған мәдени факторлар келді. 

Солардың бірі – білім тарату ісі болатын. Білімнің өзі екі түрлі: 

діни және дүнияуи, яғни азаматтық орысша (светское образо-

вание) сипатта болды. Діни білім беретін мектептер мен мед- 

реселер  болды.  Бұларда  ислам  дінінің  негізі  оқытылды.  Оқу 

құралдары ретінде араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған 

діни-мистикалық кітаптарды пайдаланды. Жазу арабша болды. 

Өткен ғасырдың соңғы ширегінде патша өкіметі Қазақстанда 

ислам  дінінің  таралуын  біраз  тежеді,  соған  байланысты  діни 

оқу  орындарының  саны  едәуір  азайып,  оның  есесіне  жаңа 

типтегі оқу орындары – бастауыш орыс-қазақ школдары ашы-

ла бастады. Бұлар балаларға жалпы (азаматтық) білім негізін 

беріп, олардан мұғалімдер мен царизмнің кіші чиновниктерін: 

тілмаш,  песірлерді  (хатшыларды)  даярлау  мақсатын  көздеді. 

Бұлардың программасында орыс тілі (оқу, жазу, грамматика), 



419

орыс-қазақ  тілі  (бір  тілден  екіншісіне  аудару),  арифметика, 

орыс қоғамы тарихы, ән және арнаулы сабақтар болды. Бұлар 

Ушинский, Паульсонның оқулықтарын, Россия картасын пай-

даланды.  1870-90  жылдарда  бұл  школдар  мен  училищелер 

үшін арнаулы оқу құралдары жасалды. Олар Ы.Алтынсариннің 

«Киргизская  хрестоматия»  және  «Начальное  руководство  к  

обучению киргизов русскому языку» деген кітаптары, «Жазу- 

ға үйрететін кінеге. Букварь» (1892), «Ақыл беретұғын кінеге» 

(1891)  т.б.  Бұлар,  сөз  жоқ,  діни  оқу  құралдарына  қарама-

қарсы сипатта болды. Бұл школдар мен оның оқу құралдары 

қазақ  тіліне  жаңа  ұғым  атауларының,  орыс  сөздерінің,  оның 

ішінде оқу-білімге қатысты сөздердің енуіне тікелей әсер етті. 

Тұңғыш мұндай мектеп Ішкі Ордада (Батыс Қазақстанда) 1841 

жылы ашылса, 1861-64 жылдары Троцк, Орал (Теке), Қазалы, 

Перовск, Торғайда ашылды.

60

 Орысша уклонмен оқытып, білім 



беру  ісі  Қазақстанның  солтүстік-батыс  өлкесінде  тәуірірек 

жолға қойылды. Бұнда қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай 

Алтынсариннің рөлі күшті болды.

Ал қазақ даласының оңтүстік-шығыс өлкесінде, яғни Абай 

өскен айналада, жаңа типте білім беретін мектептер мен учи-

лищелер аса етек алмаса да, мұнда да жаңа өмір лебі болғаны  

хақ.  Оның  үстіне  Абай  сынды  демократ-ағартушы  ақын  оқу-

білім тақырыбын сөз етпей қалмағаны және акиқат. Сондықтан 

Абай лексиконында кездесетін оқу-педагогикалық немесе тіпті 

жалпы  білім-ғылым  дегенге  байланысты  көне-жаңа  едәуір 

сөздерді тауып, оларды өз алдына әңгіме етуге болады.

Ең алдымен, осы кезеңдегі оқу орнының атауына тоқтала- 

лық. Жоғарыда біз әдейі мектеп, школ деп екі терминді атадық. 

Бұл күндегі әдеби тілімізде алғашқы білім беретін оқу орнының 

бәрі  мектеп  деп  аталады,  ал  өткен  ғасырда  мектеп  мұсыл- 

манша  діни  төменгі  оқу  орнының  атауы  болған.  Оның  өзі  – 

кейінгі  кезде  пайда  болған  атау.  Шығыстағы  мұсылман 

елдерінде  алғашқы  кезден  бастап  (X-XI  ғасырлардан)  көп 

уакытқа дейін күллі оқу орны (бастауыш та, жоғарғы да) мед- 

60

 Тажибаев Т. Просвещение и школы Казахстана во второй половине XIX в. Алма-



Ата, 1962. - С. 33.

420

ресе  деп  аталған.  Мектеп  деген  атау  Орта  Азия  мен  татар 

халықтарында  мүлде  соңғы  кездерде,  балалар  едәуір  көптеп 

оқи  бастаған  кезде  пайда  болып,  онда  да  бастауыш  білім 

беретін  орынды  білдірген.

61

  Мектеп  деген  сөз  әсіресе  XIX 



ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басталар аралығында «жаңа 

әдіспен»  оқытатын  (жәдид)  бастауыш  оқу  орындары  пай-

да  болған  кезде  жиі  қолданыла  бастағанға  ұқсайды.  Ертерек 

кездердегі қазақ өмірінде мектеп пен медресе болмағандығына 

байланысты  бұл  атаулар  да  тілімізде  қолданылмаған.  Ал 

сөз  етіп  отырған  XIX  ғасырдың  екінші  жартысында  мектеп 

те,  медресе  де  (өздері  де,  атаулары  да)  болған.  Мысалы,  Се-

мей облысында 1884 жылы 10, 1888 жылы 12, 1895 жылы 17 

мектеп пен медресе болыпты. Кейбір облыстарда, әсіресе сол 

кезде өзбек, татар халықтары тұрған өлкелерде (мысалы, Сыр-

дария  облысында)  мектеп  пен  медресе  саны  әлдеқайда  көп 

болған.  Осыған  қарағанда,  мектеп  деген  сөз  тілімізде  өткен 

ғасырда  қолданылған  және  ол  тек  мұсылманша  діни  оқуға 

үйрететін  бастауыш  оқу  орнын  білдірген.  Бірақ  күнделікті 

сөйлеу  тілінде,  біздің  байқауымызша,  бұл  атаудың  өзі  жиі 

қолданылмағанға  ұқсайды.  Оған  себеп  –  бұл  оқу  орнының 

арнаулы  тұрақты  үйінің  болмауы,  әрі  оқу  программасы  мен 

оқушылар контингенті де тұрақты болмағандығы кейде мұндай 

оқытуды (молданы) жеке байлардың өз үйлерінде ұстағандығы 

болу  керек.  Әдетте  сол  кезде  қазақ  баланы  мектепте  оқиды 



(оқыды) деудің орнына молдаға (немесе молдадан) оқиды де-

ген тіркесті жиірек қолданған. Ал Ыбырайда мектеп деген сөз 

мүлде жоқ. Мұсылманша оқытатын (оның өзінде де молдасы 

«жазу да танымайтын надан») бастауыш орынды бір-ақ жерде 



медресе деп атапты: Бір күндерде сол елге бір шын молда келіп 

әлгі бала оқыған медресеге келіпті («Киргизская хрестоматия», 

Оренбург, 1879, 52-бет). Екінші бір жерде университетті медре-



се деп түсіндіреді: 1791-інші жылда өзім университет деген 

үлкен медреседе оқып жүрген жігіт күнімде... (сонда, 34-бет). 

Осыларға қарағанда, Ыбырай тілінде медресе деген сөз «жал-

пы оқу орны» дегенді білдірген, ал оқу орнын мектеп, медресе 

61

 Сабитов Н. Мектебы п медресе у казахов. - Алма-Ата, 1950. - С. 5.



421

деп ажырату болмаған. Дәл сондай-ақ мектеп деген сөз Абай 

тілінде де бір-ақ жерде кездеседі. Онда да қазақ жеріндегі мек-

теп туралы емес, Түркиядағы жаңа оқу орындары (мектеп хар-

бия, мектеп рүшдия) жайында айтқан тұсында. Ал бастауыш 

діни сауат ашуды Абай да молдаға оқу, молдаға беру, сабаққа 



беру деп атайды: Оқытарсың молдаға оны (Шығармаларының 

толық  жинағы.  -  Алматы,  1957.  -  I  том.  -  127-бет);  Соңынан 



молдаға берген болады (II, 195). Ыбырай сияқты, Абай да жал-

пы  мұсылманнша  оқу  орнын  (бастауышында)  медресе  деп 

атаған:  Бір  жасап  екі  жасап  Әзім  өсті,  Сонан  соң  медресе-

ге барып түсті (I, 271); Үлкенім Қорқытып, жас балаларын 

еріксіз  қолдарынан  алып,  медресеге  бер  (II.  214).  Абай  тек 

мұсылманша оқу орны емес, жалпы оқу орны деген ұғымды 

да медресе сөзін қолданған: Баламды медреседе біл деп бердім, 

Қызмет  қылсын,  шен  алсын  деп  бермедім  дегенінде  медре-

се  –  мұсылман  оқу  орны  емес.  Абай  балаларын  (Әбдрахман, 

Мағауия, Гүлбаданды) орыс школдарына беріп оқытқан.

Жоғарыда айтылған, өткен ғасырда қазақ даласында пайда 

болған орыс-қазақ мектептері сол кезде школ деп аталған. Сөз 

жоқ, бірі ислам дінінің канондарын үйрететін, бірі орыс уклон-

ды азаматтық білім беретін екі түрлі оқу орнын өмірде ажы-

ратып атау қажеттілігі күшті болған. Сондықтан мұсылманша 

діни  оқу  орнын,  тіпті  оның  жаңа  әдіспен  (жәдид)  оқытып, 

азаматтық  білім  негіздерін  қоса  үйрететін,  кейбіреулерінде 

орысша да сауатын аштыртатын жаңа тіпті түрлерін де мектеп 

(немесе көбінесе, молдаға оқыту) деп атап, үкімет тарапынан 

ашылған  жаңа  мектептерді  (олардың  өзінде  де  мұсылманша 

сауат ашу қоса жүргізіліп орысша атауынша школ деп атаған. 

Сондықтан да революцияға дейінгі Қазақстандағы оқу-ағарту 

мәселесін  сөз  еткен  орыс  тіліндегі  әдебиетте  алғашқысын  

мектебы, соңғысын школы деп алып жүр. Ыбырай да жалпы  

оқу  орны  мен  мұсылманша  мектепті  медресе  деп  атаса,  өзі 

қызмет  еткен  жаңа  типті  орыс-қазақ  мектептерін  школ  деп 

атаған  («Начальное  руководство  к  обучению  киргизов  русс- 

кому  языку»  деп  қазақшадан  орысшаға  аударуға  ұсынған 

текстерін қараңыз). Бұлайша дифференциялап атау қазіргі жа-



422

зушыларымызда  да  (өткен  ғасырдағы  оқу  орында  сөз  еткен 

жерлерінде)  кездеседі.  Мысалы,  Мұхтар  Әуезов  «Абайдың 

өмірбаяны» деген еңбегінде былай деп жазады: «Абай екінші 

баласы  Әбдірахманды  Семей  қаласындағы  үйездік  школға 

оқуға  береді.  Артынан  біраз  жыл  өткен  соң,  үшінші  баласы 

Мағауияны  да,  әйел  баласы  Гүлбаранды  да  әкеп  орыс  шко-

лына  береді»  (Абай  Құнанбаев,  II  том,  1957,  31-бет).  Жалпы 



школ атауы революцияға дейін тек орыс-казақ мектептері емес, 

таза  орыс  мектептерінің  де  атауы  болған.  Мысалы,  Сәбит 

Мұқанов Ботакөзді: «орыс школында оқыды», – дейді. Ботакөз 

оқыған мектеп – таза орыс мектебі. Ал Абай тілінде школ де-

ген атау жоқ, мұндай жаңа оқу орнын Абай бір-ақ жерде ин-

тернат  деп  атайды  (үкімет  ашқан  орыс-қазақ  мектептерінің 

көпшілігінің жанында интернат болған, ал Семей мен Ақмола 

облыстарындағы  мұндай  мектептердің  барлығы  да  1890 

жылдарға  дейін  школа-интернат  болып  келіп,  1890  жылдар-

дан бастап төменгі сатыдағы ауылшаруашылық мектептеріне 

айналдырылған).

62

 Соған қарағанда, Абай өмір сүрген өлкеде 



өткен  ғасырда  бұл  оқу  орындарының  атауы  ретінде  школ  

дегеннен гөрі интернат сөзі жиірек қолданылған болу керек.

Бастауыштан  кейін  әрі  қарай  діни  білім  беретін  оқу  орны 

Орта Азия халықтарында да, Еділ бойы атауларында да және 

Қазақстанда  да  медресе  деп  аталған.  Ал  Абай  медресе  деп 

күллі  дәрежелі  (бастауыш,  орта,  жоғары)  мұсылманша  оқу 

ордасын  атағанын  жоғарыда  айттық.  Біздің  байқауымызша, 

өткен ғасырдың екінші жартысында жалпы оқу орнын, оның 

ішінде  бастауышын  да,  мектеп  дегеннен  гөрі  медресе  деп 

атау  жиірек  болғанға  ұқсайды.  Мысалы,  сол  тұстағы  «Дала 

уалаяты  газетінде»  көбінесе  медресе  дегенді  ұшыратамыз: 

Қазақтар медресені бірте-бірте ашып жатыр 1894, № 33); 

Бірлі-жарым қазақтар медресе ашайын десе, көңілдегі молла 

жоқ (1896, № 3) т.б. 

Келесі  бір  көңіл  аударатын  термин  –  оқытатын  адамның 

атауы.  Бұ  күнде  мектепте  оқытатын  адамды  білдіру  үшін 

62

 Тажибаев Т. Просвещение и школа Казахстан во второй половине XIX в. - Алма-



Ата, 1962. - С. 35.

423

мұғалім (жалпы атақ) және оқытушы (жеке пәндердің мама-

ны  деген  нақты  атақ)  деген  екі  термин  әдеби  норма  ретінде 

қалыптасқаны  белгілі.  Ал  Абай  тұсында  басқаша  болатын. 

Ең алдымен, мұсылманша бастауыш оқу ісін жүргізуші адам 

қазақтарда  молда  деп  аталды.  Мектепте  оқу  мен  молдаға 

оқу  деген  тіркестердің  семантикалық  жағынан  синоним-

дес  болғаны  да  осыдан.  Абай  мен  Ыбырайда  да  бұл  типті 

оқытушыларды, яғни арабша хат танытатындарды молда деп 

атаған; Ыбырайда: Аңқау елге арамза молда тұрып балаларға 



сабақ оқытыпты-мыс (52-бет) Абайда: Оқытарсың молдаға» 

(І,  127);  Жазу  жаздық,  хат  таныдық.  Болдық  азат  молда-



дан (I, 129). Абаймен замандас «Дала уалаяты газеті» медресе  

(мектеп  орнына)  сөзі  жүрген  жердің  бәрінде  молда  (молла)  

сөзін қолданған. Ал орыс-қазақ мектептерінің мұғалімдері ол  

кезде түрліше аталған: ұстат (ұстаз), учитель, молда, үйре- 

туші. Ыбырай «Хрестоматиясында» бұларды қазақша ұстат 

деп  атаған:  Оқыған  оқуымыз  турасында  күнде  ұстаттары- 



мыз сонша разы... Біз оқып жүрген шағымызда ұстатымыз- 

дың қасында бір Полкан деген зор ит бар еді. Қазіргі тілімізде 

де  жалпы  басшылық  ететін,  тәлім-тәрбие  беріп,  жол-жоба 

көрсетіп отыратын адамды ұстаз деп атаймыз (Абайда ұста- 

зым мен татуым сен екеуің болған соң), ауыспалы мағынада 

мектеп  мұғалімін  де  ұстаз  деуге  болады.  ЬІбырайдағы  ұс- 



тат – осы ұстаз сөзінің фонетикалық варианты. Сірә, «бала 

тәрбиелеу,  оқыту»  мағынасында  ұстаздық  ету,  ұстаттық 



қылу  деген  тіркес  қолданылғанға  ұқсайды.  Соңғысы  Абай 

тілінде де бар. Ұстаттық қылған жалықпас үйретуден бала- 



ға  (I,  163).  Бірақ  Абайда  мектеп  мұғалімі  мағынасындағы 

ұстат,  ұстаз  сөздері  жоқ.  Жалпы  Абай  тілінде  үкімет  мек- 

тептері  мұғалімдерінің  атауы  жоқ.  Бұл  мектепті  арнайы  сөз 

етпегеннен кейін оған қатысты көптеген сөздерді қолданбаған. 

Ыбырай «Руководствосында» школдардың мұғалімін біре- 

се  ұстат  сөздікте)  біресе  молда  (тексте)  деп  алыпты.  Сірә, 

қазақшадан орыстар аударуға беріліп отырған текстің түсінік- 

тірек  болуын  көздегендіктен  болу  керек.  Біз  «Начальное 

руководствоның»  1879  жылғы  баспасын  алып  отырмыз,  со- 



424

ның  2-бетінде  ұстат  –  учитель  деп  көрсетілген,  ал  осы  сөз 

Алтынсарин  шығармаларының  1955  жылғы  басылуында 

ұстаз деп өзгертіліпті, бұл – редактордың текстіні осы күнгі 

оқырман  қауымға  түсініктірек  болуын  көздегендігінен  туған 

сәл зәрсіздеу қиянаты.

Орыс-қазақ  мектептері  оқытушыларының  бұл  кезде  тілде 

пайдаланылған  тағы  бір  атауы  –  учитель:  Ушитель  келді. 

Ушительдің түсіндірген сабақтарын ол тыңдай алмай қалды 

(А. Васильев Киргизская хрестоматия. - 1898. - С. 21-22). Учи-



тель  сөзі  (өшетіл,  ушитіл  т.б.)  «Дала  уалаяты  газетінде»  де  

жиі  ұшырасады.  Ал  сөйлеу  тілінде  бұл  атау  Октябрь  рево-

люциясына  дейін  келгенін  байкаймыз.  Мысалы,  С.Көбеев 

«Орындалған  арманында»  автор  сөзінде  бұларды  оқытушы 

деп қазіргіше атап отырса да, сол кездегі ауыл адамдарынын 

диалогтарында – өшетіл. Спандиярдың өз тілінде учитель деп 

береді: Хан да емеспін, болыс та емеспін, учительмін,– дедім 

мен  (С.  Көбеев.  Таңд.  шығ.  -  1900.  -  211-бет).  «Ботакөздегі» 

Асқар да – молда да емес, мұғалім де емес, учитель.

Ауылдағы  молда  жәдид  мектептеріндегі  мұғалім  (бұлар 

кейінгі кезде) және орыс-қазақ немесе таза орыс мектептерін- 

дегі  учитель  –  үшеуі  үш  түрлі  ұғым:  бір-біріне  қызметтері, 

оқыту  әдістері,  оқыту  объектілері  жағынан  қарама-қайшы. 

Сондықтан  оларды  айырып  атау  қажеттігі  күшті  болған  да 

учитель (өшетіл) сөзі XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX 

ғасырдың басында тілден берік орын алған.

Өткен ғасырда педагогты білдірген тағы бір сөз – үйрету- 

ші. Бұл осы күнгі оқытушы сөзінің атасы тәрізді, яғни оқыту- 

шы осы үйретушінің үлгісімен жасалған. Үйретуші терминін 

алғашқы  қолданғандар  –  орыс  ағартушылары  А.Е.Алекторов 

пен А.Васильевтер. А.Алекторовтың 1898 жылғы «Киргизская 

хрестоматия»  атты  оқу  құралында:  «Столдары  үйретушіге 



қарап  тұрады,  соның  үшін  скамьядағы  отырған  балаларға 

үйретушіні көріп отыруға болады» деген сияқты сөйлемдерді 

оқуға болады. А.Васильевтін 1912 жылы екінші рет басылған 

«Букварь для киргиз» атты оқу құралында текст ішінде барлық 

жерде  мұғалімді  үйретуші  деп  берген.  Тіпті  бір  қызығы: 



425

осы  «Букварьда»  Ыбырай  Алтынсариннің  1879  жылғы  «Ру-

ководствосында»  бар  «Школда»  деген  текст  берілген.  Осы 

текстегі  Ыбырайда  молда  деп  берілген  сөздің  бәрі  үйретуші 

деп  өзгертілген.  Соған  қарағанда,  үкімет  мектептері  мен 

училищелері  мұғалімдерін  ескіше  молда  да  демей,  орысша-

лап өшетіл де демей, жалпы атпен – ұстат (ұстаз) та демей, 

қазақша жаңа терминмен атау тенденциясы сол өткен ғасырдың 

соң кезінде-ақ басталғанын көреміз. Тіпті соңғы оқу құралында 

(«Букварьда»)  бір-ақ  жерде  оқытушы  дегенді  де  ұшыраттық 

(44-бет). Мұнда ч әрпін үйрететін бетте учить, учитель деген 

екі  орыс  сөзін  білдіру  үшін  біріншісін  оқытады,  екіншісін 



оқытушы депті. Бірақ бұл жаңа туынды сөз осы «Букварьдың» 

басқа  жерінде  кездеспейді.  Оқытушы  сөзінің  ол  кезде  тілде 

орын  тебе  коймағанын  көреміз.  Сөйтіп,  Абай  тұсында  жаңа 

типті  орыс-қазақ  мектептерінің  оқытушыларының  атауы 

ретінде  бір  термин  қалыптаспаған:  молда  (сирек),  учитель 

(өшетіл  –  жиірек)  ұстат  (Ыбырайда),  үйретуші  сөздері 

қатар  қолданылған.  Дегенмен  осы  тұстың  өзінде-ақ  бұларды 

мұсылман  мектептері  педагогтарынан  да,  орысша  аталуынан 

да  ажыратып,  қазақша  жаңа  сөзбен  атау  бағыты  басталған 



(ұстат, үйретуші, сирек – оқытушы).

 Ал мұғалім деген терминнің тілімізге актив түрде енуі жаңа 

әдісті  (жәдид)  мектептер  тұсында,  XX  ғасырдың  бас  кезінде 

болғанға  ұқсайды.  Жаңа  әдісті  мектептер  мен  медреселердің 

оқытушылары  Татария  мен  Орта  Азияда  муаллим  аталған,  

бұл  сөз  қазақ  тіліне  татар  тілі  арқылы  келсе  керек,  өйткені 

қазақтың  жаңа  әдіс  мектептері  алғашқы  кезде  татар  тілінде 

жазылған  «Мүһаллим  әввел»  (Алғашқы  мұғалім»)  және 

«Мүһаллим сани» (Екінші мұғалім) атты оқулықтарды пайда- 

ланған  және  бұл  мектептерді  жақтаушылар  мен  олардың 

оқытушыларының  көбі  Қазан,  Орынбор  және  басқа  Волга 

бойындағы  татар  медреселерінде  оқыған  адамдар  болған.

63

 



Сондықтан жаңа әдіспен қоса келген оқыту ісіндегі көптеген 

жаңалықтар  мен  құбылыстардың  іс-әрекеттердің  нәрселердің 

жаңа  атаулары,  біздіңше,  қазақ  тіліне  татар  тілінен  еніп, 

63

 Сабитов Н. Аталған еңбек, 29-бет.



426

қалыптасқан. Бұл үстіміздегі ғасырдың алғашқы 10-15 жылын-

да болды, себебі жаңа әдіспен оқытатын мектеп-медреселердің 

Қазақстанда  өркендеген  шағы  1905-1915  жылдар  арасы 

болғанын зерттеушілер көрсетеді.

64

Келесі  сөз  оқушы  жайында.  Бұл  күндегі  оқушы  термині 



–  жаңа  туынды.  Өткен  ғасырда  мектеп  пен  медреселерде 

оқитындар  шәкірт  деп  аталған.  Абайда  да  шәкірт  термині 

оқушы  мағынасында  жұмсалған  (II,  205)  Орта  Азияның 

басқа  халықтарындағыдай  медресе  оқушысының  талиб-ұл-



ілім  сияқты  атауы  қазақтар  арасына  (сөйлеу  тілі  мен  Абай, 

Ыбырай  тілдеріне)  тарамаған.  Ал  орыс-қазақ  школдарының 

оқушыларын  дифференциялап  бөлекше  атамағанға  ұқсайды 

олар  да  көбінесе  шәкірт  деп  аталған  тәрізді.  А.Алекторов, 

А.Васильев  кітаптарында  да  –  шәкірт.  Абайда  Интернат-

та  оқып  жүр,  Талай  қазақ  баласы.  Жаңа  өспірім,  көк  өрім,  

Бейне  қолдың  саласы  дегеннен  бөтен  бұндай  мектеп 

оқушылары жайында сөз жоқ, демек, атауы да жоқ. Ал Ыбы-

рай  «Хрестоматиясында»  оларды  оқудағы  балалар  неме-

се  тіпті  балалар  деп  атады,  сірә,  Ыбырай  мектеп-медресе 

оқушыларымен шатастырмас үшін шәкірт деген терминді өз 

мектептерінде  оқитындарға  әдейі  қолданбаған  сияқты,  бірақ 

«Руководствосындағы»  сөздікте  ученик  дегеннің  баламасын 

шәкірт деп көрсеткен.

Оқу-ағарту  саласында  жиі  қолданылатын  сөздің  бірі  сол 

процестің атауы – оқу сөзі. Оқы етістігі – байырғы сөз. Одан 

жасалған  туынды  зат  есім  –  оқу  сөзінің  бұрынғы  намаз  оқу, 



Құран оқу, бітік оқу (соңғысы – хат оқу, кітап оқу – Махмұд 

Қашғари) дегендерден басқа «мектепте оқу, білім алу» мағы- 

насында  жиі  қолданыла  бастауы  әуелі  мұсылманша  оқудың, 

кейін  азаматтық  білім  берудің  айтарлықтай  жанданған 

уақытында болған болу керек. Абайда бұл сөз білім алу мәнінде 

жиі  қолданылған.  Абайда  да,  Ыбырайда  да  ол  оқу  оқып,  оқу 



оқыту,  орыстан  оқу  сияқты  тіркестермен  де  келеді.  Абайда 

орыс оқуы, орыс ғылымы деген жаңа тіркестер бар.

Оқу,  оқыту  ісіне  тікелей  қатысты  ұғымдар  –  білім  мен 

64

 Сонда, 31-бет және Тәжібаев Т., аталған еңбек, 66-бет.



427

ғылым.  Білім  сөзі  өткен  ғасырда  осы  күнгідей  орысша  зна-

ние,  образование  деген  ұғымдардың  мағынасын  білдірген. 

Бірақ  оның  сөздіктің  актив  қорына  айнала  бастаған  кезі  – 

өткен  ғасырдың  соңғы  ширегі,  атап  айтқанда,  Абай  мен 

Ыбырай  шығармаларының  тілі.  Өз  творчествосының  өзекті 

тақырыбының бірі оқу-білім болған Абай білім сөзін өте жиі 

қолданған  және  одан  білімді,  білімсіз,  білімсіздік,  білімділік 

сияқты туынды сөздер мен ғылым-білім, білім-ғылым (Ыбырай-

да: өнер-білім) деген қос сөз тұлғаларын жасаған. Абай бірақ 

жерде  бұл  ұғымды  орысша  атайды:  Халықтың  болыстыққа 

сайлаймын  деген  кісісі  пәлен  қадерлі  орысша  образование 

алған  кісі  болсын;  қызмет  құмар  қазақ  балаларына  орысша 

образование беруге ол да – пайдалы іс (II, 160). Сірә, бұл жер-

де жазушы осы айтпақ пікірі оқушыларына түсініктірек болу 

үшін ғана алған болу керек, әйтпесе ол барлық жерде де бұл 

ұғымды білім, ғылым-білім, кейде тіпті ғылым деген сөздермен 

беріп отырады.

Білім  сөзі  Ыбырайда  да  аса  жиі  пайдаланылған.  Деген-

мен  біз  әңгіме  етіп  отырған  дәуірде  білім  сөзі  дәл  осы  күнгі 

мағынасын  білдіретін  термин  ретінде  тұрақталып,  ажыраты- 

лып  болмағанға  ұқсайды.  Өйткені  Ыбырай  бір  жерде  осы 

мағынаны  білген  сөзімен  (білгеннің  пайдасы;  осы  тіркестің 

орысша аудармасын автор польза знания деп береді – «Киргиз-

ская  хрестоматия»  1879,  X  бет),  бірде  ғылым  сөзімен  береді. 

Абайда  да  ғылым  сөзі  көп  жерде  білім-нің  баламасы  ретінде 

(осы  күнгідей  «наука»  мағынасында  емес)  алынған:  Хаттә 

қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы 

дін  танырлық  қылып  үйретсе  (II,  214)  Балаңа  орыстың 

ғылымын  үйрет  т.б.  Абайда  ғылым  табу,  ғылым  оқу,  ғылым 

іздеу деген тіркестер жиі қолданылған, автор «білім алу» деген 

мағынада жұмсаған: «Сол малды сарып қылып ғылым табу ке-

рек»; «Ғылым таппай мақтанба» (I, 44) «Ғылым тапқандардың 

жолына» (II, 164); «Ғылым оқып, ой таппай» (1/58), «Ғылым 

іздеп  жатпаған»  (I,  185)  т.б.  Ал  қалған  жағдайларда  ғылым 

сөзі Абайда «наука» мәнінде қолданылған: «Химия ғылымын 

білуші ем, Үйретер ем» (I, 271); «Ғылым сөзін сөйлесер» (II, 


428

157);  Лермонтовтағы  Мы  иссушили  ум  наукою  бесплодной  

деген  жолды  Пайдасыз  ғылымменен  ми  кептірер  (II,  103) 

деп  аударады.  Бір  ескертетін  жай  –  білім,  ғылым  деген  екі 

сөз  Абайдың  өлеңдерінде  де,  прозасында  да  соншама  жиі 

қолданылған;  бұл  –  ұлы  суреткер  шығармаларының  тікелей 

мазмұнына  байланысты  ерекшелік.  Сөйтіп,  білім  мен  ғылым 

сөздерінің терминдік мәнге ие болып, екіге ажырап дифферен-

циациялануы соңғы кездердің жемісі дегенмен, оның алғашқы 

бағытын  сілтеп,  тілге  актив  етіп  ендірген  –  Абай  деп  батыл 

көрсете аламыз. 

Оқу-ағарту процесіне қатысты сөздердің бірі – сабақ. Бұл 

– көпмағыналы сөз, бір мағынасы – «мектептегі оқыту процесі- 

нің  атауы»;  сабақ  сөзінің  осы  мағынасы  өткенде  де  болған, 

Абай  да,  Ыбырай  да  сабақ  сөзін  «оқу,  оқыту»  мағынасында 

жұмсайды:  «Баланы  сабаққа  бергенше  молданың  ең  арза-

нын іздеп тауып алып...» (II, 167); Ыбырайда: «Сабаққа көңіл 

берсең басыларсың; берген сабақтарын толық үйреніп, білуге 

тырыс» (28, 30-беттер). Орыс ағартушылары да урок дегеннің 

аудармасын сабақ деп береді.

Оқу құралының атауы – бұл күнде оқулық (бұл – соңғы 10-

15 жылда шыққан жасанды сөз), заттың, жалпы аты – кітап. 

Ыбырай  жалпы  кітапты  да,  оқу  құралын  да  кітап  деп  ала-

ды да, журнал тәрізді книга-ны кенеге деп атайды: «Жаңа да 

ең  жақсы  оқыған  балалардың  есебіңе  қосып,  кенегесіне  жа-

зып  қойды»  (28-бет).  Ал  Абай  оқу  құралдарын  мүлде  сөз 

етпегендіктен, оның атауы да кездеспейді, ал кітап деген сөзді 

осы  күндегідей  өз  мағынасында  қолданады.  Өткенде  оқу  ту-

ралы мәніндегі атаудың бірі орыс тілінен алынған кінеге сөзі 

болғанын  жоғарыда  көрсетілген  кітап  аттарынан  («Жазуға 

үйрететұғын кінеге») көреміз. 

Абай  тілінде  оқу  процесіне  байланысты  құрал-жабдық- 

тардың  бірқатарының  атауы  бар.  Олар:  қалам,  сия,  қағаз  (ақ 

қағаз). Қалам ол кезде көбінесе осы күнгі қаламның да (руч-

ка), қарындаштың да атауы болса керек, өйткені не Абайда, не 

Ыбырайда  қарындаш  сөзі  кездеспейді.  Әрине,  Абай  тұсында 

оқу-ағарту  ісінің  дамуы  мен  сипатына  қарай  оқу  процесіне 



429

байланысты  қазақ  тілінде  бірсыпыра  құрал-жабдық  атаула-

ры  болғаны  сөзсіз.  Мысалы,  мұсылман  мектептерінде  парта,  

тақта,  бор,  глобус,  сызғыш,  карта  т.б.  болмаған,  соған  орай 

бұлардың  атаулары  да  ауылдық  мектеп,  медреселерде 

қолданылмаған.  Ал  үкімет  тарапынан  ашылған  орыс-қазақ 

школдары  мен  училищелерінде  жинамалы  тақта  мен  ала-

са  стол  (көшпелі  ауылдық  школдарда),  шот,  оқу  кітаптары 

мен  жабдықтарын  салатын  киіз  қап  немесе  сандық,  глобус, 

сия  (көбінесе  қара  сия  деп  аталған),  сия  сауыт,  карта,  класс 

тақтасы,  тақта,  тас  тақтай  (аспидная  доска),  сызғыш  (ли-

нейка),  бор,  грифель  (тас  қалам)  пайдаланылғаны  мәлім.  

Осылардың,  атаулары  тілде  болғаны  сөзсіз.  Бірақ  біз  бұл  

мақалада  негізінен  Абай  тілінде  кездесетін  оқу-ағартуға 

қатысты  5-10  сөзді  ғана  талдауды  мақсат  еткендіктен,  жал-

пы  өткен  ғасырдағы  қазақ  лексикасының  оқу-педагогикалық  

саласын түгел шолып әңгіме етпедік.

«Қазақстан мектебі». - 1965. - №8. -61-67-б.


430



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет