146
Қызыл жебе
– Дауылбай! Қап, бәлем! – деп айқай салды. Дауылбай
ауылының иттері маңқылдады. Тау жақтан ескен самалдан арық
бойы сәмбі талдың майда жапырақтары қалтырап,
алыстан
інген боздағандай бір аянышты үн шығарды. Оған жоқ іздеп түн
баласы көз ілмеген шілдеқоңыз қосылды.
Әлсіздердің әнінен қара жер анда-санда көкірегі қарс кетіп,
күрсініп салғандай құлақ түріп тыңдаған адамға. Қара жерге
саңылау біткен шығар, сол саңылаудан Бердіқұлдың жер
қойнындағы анасы ұлының соққыға жығылғанын көрген шығар.
Аруақтар тірілердің итше ырылдасқан
тіршілігіне қынжылып,
сай-сүйектері сырқырар. Бірақ айтарға амал жоқ, о дүниенің үні
бұ дүниеге жүз жылда да, мың жылда да жеткен емес. Аруақты
қос аршын жер тереңдікке ғана көмсе-дағы, жер бетіне дейінгі
екі аралық жолдың шегі жоқ.
Бүгін түнде де зор әділетсіздік белең алып, тасыраңдап кетті.
Кетпеннен басқа қаруы жоқ, оның өзін адамға қарсы айбат
етпеген, жападан-жалғыз егіншінің қаны лай суға араласып ақты.
Адамның азығы – адамның қанымен суарылған түн болды.
VII
– Оян, Тұрар!
Рысқұл баланы иығынан тартқылады. Бала ояна қоймады.
Кеше ол камераға кеш оралған. Мұнша кешікпеуші еді, бұған
не болды, – деп әкесі тықыршыды. Басына неше түрлі сумаңдаған
суық ойлар келді. Саймасайдың сойыл соғарлары аңдып жүріп,
ұстап алып кетті ме, қалай? Әлде Приходько төреге жақпай
қалды ма?
Қанша залым десе де, Приходько мырзаға Рысқұл разы.
Арызын аяқасты етпей губернаторға жеткізіп, Тұрарды қасына
алдырды. Алғашқыда Рысқұл бұл арызының орындалатынына
көңілі сенбеп еді. Мен өзім қылмыскер болсам, менің өтінішіме
ұлық құлақ асушы ма еді, деп күні бұрын күдер үзді. Бірақ
жалғыз баласының алқымына қанжар тіреліп тұрғанын бүкіл
жан дүниесімен сезініп келген Рысқұл ақыры шыдай алмай
түрме бастық Приходько арқылы губернаторға өтініш хат жазып,
баламды қасыма алдыр деп сұранған.