Ұлы көрші
Біздің ұлттық тарихымыздың ұзына бойына Аспан асты Елімен
қарым-қатынас ең басты маңызға ие боп келген. Меніңше, адамзаттың XXI
ғасырдағы дамуы көбіне-көп Кытаймен байланысты болады. Көптеген
елдер Қытаймен арақатынасты өз сыртқы саясатының негізгі өзегі деп
түсінеді. Ал Қазақстан үшін осынау болашағы зор, экономикасын қарышты
қадаммен дамытып жатқан мемлекетпен ойдағыдай қарым-қатынас орнату
айрықша маңызға ие.
Біздің тарихымыз қоян-қолтық араласып кеткен. Біз қазір өз
бастауларымызды білгіміз кеп, ғасырлар түңғиығынан өрбіп жатқан көп
сауалдарға жауап іздесек, сол арқылы өткеніміз бен бүгінімізге баға бергіміз
келсе, қытай жылнамаларынан барып бірақ шығамыз.
Біз қытай-кеңес қатынастарының соңғы 40 жылдық тарихында
күйіп-жанған достық, көрместей боп кеткен өштестік кезеңдерін де бастан
кештік. Екі ұлы мемлекеттің астасар тұсында, Қазақстан сол бір теке
тірестің нағыз өтінде тұрды. Екі жақ бір кезде соғысқа шындап дайындалды
ма? Меніңше, шындап дайындалды. Шекараның екі бетіне де жер қайысқан
көп əскер шоғырландырылды. Қытай шекарасының ар жағына саны мен
144
қарулануы жағынан қандай əскери күш шоғырланса, Қазақстанда дəл
сондай мөлшердегі күштің басын біріктірген Орта Азия əскери округы
құрылды. Бүгінгі күн ұғымынан келер болсақ, екеуі де қорғанушы емес,
шабуылдаушы күш екені даусыз. Тянь-Шань тауларындағы Қытай мен
Қазақстанды жалғастыратын бірнеше асуларға лық толтыра əскери техника
қордаланып, бекіністер, ядролық қару қоймалары, аэродромдар мен
арсеналдар салынды.
Екі жақ та бірін-бірі жау тұтты. Əскери доктриналар екі жақты да
бір-бірінің ең басты қарсыласы деп жариялады. Қысқасы, жалпы саясат,
жалпы насихат бізді Қытай – бірінші жауымыз дегенге иландырып бақты.
Бірақ халықтар тек жаман нəрсені ғана жадында сақтаса, бір-бірімен
ешқашан тату-тəтті тұра алмас еді. Заман өзгереді. Əр ұрпақ өз көзқарасын
қалыптастырады. Мемлекет мүддесін де өзінше түсінеді. Қазақстан да
тəуелсіздік алған соң, Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынасты
өзінше пайымдай бастады. Партиялық идеологиядан қалған қасаң
қисындардың көбінен бас тартуға тура келді.
Менің ҚХР-ға бірінші сапарым 1991 жылы болды. ҚХР төрағасы
Цзян Цззминьмен, премьер-министр Ли Пэнмен, Пекин, Шанхай
шахарбасыларымен кездестім. Шығыс Қытайдағы еркін экономикалық
аймақтарды көрдім. Ол сапар бұл ел жайындағы пікірімді түбірімен
өзгертті. Қытай-кеңес тайталасынан қалған жаңсақ түсініктерден, «қағаз
жолбарыстар» жайындағы ұшқалақ ұғымдардан арылмауға жағдай
қалмады.
Басшылармен
де,
қарапайым
азаматтармен
де
болған
кездесулерде тұрақтылыққа деген, елдің іші мен сыртындағы тыныштыққа
деген құлшыныс айқын байқалды. Ол біздің көзқарасымызбен де
сəйкесетін еді.
Қытаймен екі ортадағы бірқалыпты достық қарым-қатынас –
бейбітшілікке бастайтын тағы бір сенімді жол. Қазақстанның Қытайға
баратын жолы ол кезде Ресей арқылы өтетін. Орталыққа керегі де сол
болды. Біз қалыптасып келе жатқан жағдайға орай, сыртқа шығатын балама
жолдар қарастыра бастадық. 1990 жылдың өзінде-ақ Қазақстан мен
Қытайды байланыстыратын темір жолды бір-біріне жалғастырып үлгердік.
Ең төте жолмен Тынық мұхит жағалауына шығып алар үміт те сол кезде
оянды. Сол кезден бастап, күнгей көршілерімізбен келіссөздер жүргіздік.
Иран Президенті Али Акбар Хашеми Рафсанджани екеуміз кездесіп,
Қазақстан мен Иран арасындағы Түркіменстан үстімен өтетін темір жол
байланысын өзара жалғастыруға келістік. Одан əрі Түркия арқылы Европа
магистральдарына ұласуға мүмкіндік туады. Ұлы Жібек жолы 1996 жылдан
145
бастап темір жол арнасына айнала алады.
Қазақ-қытай қатынастары өте шапшаң қарқын алды. Бірінші
сапардан соң, барлық сауда жолы ашылды. Бір жарым жылда екі ортадағы
сауда он есеге өсті. Шекара бойы саудасы басталды. Алты асу ашылды.
Темір жолдарымыздың тасымал қабілеті де күрт көбейді. Қытай
орталығына дейінгі жолдың қазіргі тасымал көлемі 30 миллион тоннаға
жетті. Қазақстанға қытай тауары көптеп əкелінді. Əуелгі кезде əкелінген
тауарлардың сапасына көңіл бітпей, сын көбейді. Əрине, бұл мəзді
құбылыс емес. Алайда қазіргідей тауар тапшылығы тұсында қытай
бұйымдары өз қызметін атқарары сөзсіз. Менің екінші сапарым мен
келіссөздерім тұсында төменгі сапалы импортты азайтып, сауданы
өркениетті деңгейге көтерудің сəті түсті.
Шынымды айтсам, бастапқы кезде екі арадағы мəселелердің
барлығының шұғыл шешім таба қоюына біраз сақтықпен қарадым. Бұл –
елдің басшыларын сүйкімсіз қып суреттеп тастаған көп жылғы насихаттың
салқынынан əлі арылып болмағандығымыздан шығар.
Сөйтсем, қателесіппін. Ол қатем өзіме пайдалы сабақ болып шықты.
«Мың рет естігенше, бір рет көр» деген рас екен. ҚХР басшысы Цзян
Цзэминьмен кездесуім көп нəрсеге көзімді ашты. Цзян Цзэминь – тағдыры
қызық адам. Мəскеуде оқыпты. Энергетика институтын бітіріпті. Көптеген
электр станцияларын басқарыпты. Үкімет пен министрлікте энергетика
жөніндегі басшы қызметтер атқарыпты. Сосын Шанхайда партия қызметіне
жоғарылатылыпты. Қазір ҚХР төрағасы, ҚКП Бас хатшысы Цзян Цзэминь
ұлттық дəстүр мен мəдениетті терең білуді батыстың өркениеті
жетістіктерімен терең үйлестірген. Оған Жапонияда оқығаны, АҚШ-та
тəжірибеден өткені аз əсер етпесе керек. Орыс, ағылшын, жапон тілдерін
жетік біледі. Көзбе-көз жолығып, тілмашсыз тіл қатысып, оңаша
сүхбаттасқанда, екі арадағы сенімсіздік жым-жылас жоғалды. Сол бір
байсалды мəслихаттан мен оның геосаяси жағдайды жетік талдай алатын
адам екенін аңғардым.
Цзян Цзэминь Қытай Компартиясының реформалануын да сөз етті.
Жаңару партиялық тəртіп жағдайында орталықтан басқарылып, ешқандай
дүрбелеңсіз өтіп жатыр.
Сосын делегация мүшелерінің қатысуымен келіссөз басталды.
Əнгіме ҚХР төрағасы Цзян Цзэминьнің біздің құрметімізге берген
қонақасы үстінде де жалғасты.
Мен реформа жөніндегі Бүкілқытайлық комитетте де кездесу
ұйымдастыруды сұрадым. Барлық жерде де біз ыстық ықыласпен, зор
146
құрметпен қабылдандық.
ҚХР басшыларымен келіссөздер тұсында маған Кеңес Одағын да
Қытай үлгісімен реформалау жөнінде ой келді. Бірақ тарих ондай
мүмкіндікке енді оралта алмайды ғой.
Қытай
реформасы
партиялық
тəртіп
пен
мемлекеттік
құрылымдардың қатаң қадағалауына сүйенеді. Соңғы 7-8 жыл ішінде
экономиканың 35 проценті жеке меншікке беріліпті. Оның үстіне, Қытай –
көп ұлтты ел. Əр аймақтың даму деңгейі əр басқа. Соған орай, теңіз
жағалауларына өскелең өсу аймақтары жасалыпты. Шетелдік капитал мен
технология көптеп тартылыпты. Енді ондай аймақтар Қытайдың орталығы
мен батысына қарай тарала бастапты.
Біздің қатынастарымыз бірте-бірте жиілеп, іскерлік сипат алып
келеді. Қазақстанға ҚХР Сыртқы істер министрі, оның орынбасарлары,
экономика, транспорт, өнеркəсіп министрлері келіп қайтты, Біздін
басшыларымыз да Қытайда жиі болып жүр. Оның бəрі із-түссіз қалып
жатқан жоқ. Біздің сыртқы істер министрліктеріміздің келіссөздерді
жылдам өрістеткені соншалық, 1994 жылы премьер Ли Пэннің Қазақстанға
келген сапарында, екі елдің арасындағы шекараны заңдастырып үлгеріп,
тиісті келісімге қол қойдық. Кеңес жылдарында 1700 шақырым жер екі
«ықтимал қарсыластың» арасындағы қатерлі шеп саналып келді. Қазірдің
өзінде біз шекараның екі бетінде сенімділік шаралары туралы келісімге қол
қойып, əскерлерді жүз шақырымға ішке шегіндіруге əзірміз.
Меніңше, ең бірінші, ең басты мəселе – шекара мəселесі достық
қарым-қатынасымызды одан əрі дамытуға негіз бола алады. Оған менің
төраға Цзян Цзэминьмен іш ашысып ұзақ сөйлескенім қолайлы жағдай
жасады. 1995 жылғы ақпанда ҚХР-дың Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік
бергені екі елдің қарым-қатынасын одан əрі баянды ете түсті.
Əрине, мен бір нəрсеге қатты алаң болмай тұра алмаймын. Қытайда
ядролық сынақтар əлі тоқтаған жоқ. Ол экологиялық ахуалға он ықпал
етпейтіні белгілі Цзян Цзэминь де Қазақстанның Елбі-Нұрға алаңдайтынын
жақсы түсінетіндігін айтты. Ол аз десеңіз, Қытайдың ядролық қаруды
сынауды жаппай тоқтауға қатысуға əзір екендігін білдірді.
Істің барысы, қатынастарымыздың жайы маған ҚХР төрағасы Цзян
Цзэминьнің бейбітшілікке, реализмге жəне прагматизмге шынымен
ықыласты екендігіне нық сенім білдіруге мүмкіндік береді.
1995 жылдың қыркүйегіндегі, бұл елге барып қайтқан үш күндік
сапар үстіндегі соңғы жолығысым өте ерекше болды.
Келіссөздердің нəтижесінде біз Қазақстан мен ҚХР арасындағы
147
достық қарым-қатынасты одан əрі дамыту мен терендету жөніндегі
бірлескен декларацияға қол қойдық. Қорғаныс министрліктерінің
байланыстары туралы меморандумға, метеорология саласындағы ғылыми-
техникалық байланыс туралы келісімге, Қазақстан мен ҚХР-дың
арасындағы Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау
жөніндегі грамоталар алмасу протоколына қол қойылды.
Тағы да бір ірі тарихи оқиға боллы. Біздің екі үкімет арасындағы
Қытайдың Ляньюньган теңіз портын Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік
жəне Оңтүстік Америка елдеріне жəне кері бағытта жөнелтілетін Қазақстан
жүктерін өңдеу жəне тасымалдауға пайдалану туралы келісімге қол
қойылды.
Бұл біз үшін неге маңызды? Мұндай келісім Қазақстанға не береді?
Темір жол 30 миллион тонна біздің жүгімізді, оның ішінде мұнай құйылған
цистерналарды да тасымалдай алады. Ляньюньган портына дейінгі жолдың
ұзындығы 3,5 мың шақырым. Сібір мен Қиыр Шығыс арқылы Ресейдің
шығыс порттарына дейінгі жолдың ұзындығы 8,5 мың шақырым. Аз ұтыс
емес. Оның үстіне, біздің тауарымызға Қытайдың да сұранысы зор екенін
ескеріңіз.
Қытайдың даму үстіндегі экономикасы бүгінгі таңда қуат
ресурстарына өте зəру. Кейбір мамандардың айтуынша, бұл энергетикалық
дағдарыстарға да ұштасып кетуі ықтимал. Ең бір қарапайым болжамдар
бойынша, елдің жыл сайынғы экономикалық өсу қарқыны 2000 жылдарға
дейін 9 проценттен кем болмақшы емес. Демек, ҚХР-дың қуат
ресурстарына мұқтаждығы стандартты көмірге шаққанда, 2,3-2,5 миллиард
тонна деңгейінде болмақ. Алайда келесі ғасыр басында Қытай 1,5
миллиард тоннадан артық көмір өндіре алмайды. Кытай ресурстарға бай,
сондықтан ол қуат көздеріне зəру емес деу қате түсінік. ҚХР дүние жүзінде
көмір өндіру бойынша – бірінші орын (1,1 млрд. т.), электр қуатын өндіру
бойынша – төртінші (742,7 млрд. квт/сағ.), мұнай өндіру бойынша бесінші
(142 млн.т.) орынды иемденеді. Бірақ соған қарамастан, жан басына
шаққанда, Қытай дүниежүзілік норманың 40 процентін, өнеркəсібі дамыған
елдер денгейінің бір процентін ғана шығындайды. Су қуаты ресурсының
(шамамен 3800 млрд. квт/сағ) қазір 9 проценттейі ғана өндіріледі. Олардың
мүмкіндігі мол болғанымен, бұрын салынған электр станцияларын
жаңартуға бір кезекте шығындалатын қаражат көлемі тым үлкен. Олардың
өндіретін электр қуаты соңғы он жылда 22,4 проценттен 17,5 процентке
дейін төмендеді. ҚХР, өзінің экономикалық есу деңгейін жылына 9
процент көлемінде ұстап тұру үшін, жылына 5-10 ірі электр станциясын
148
салуға мəжбүр болды. Біз бұл мəселені шешуге ат салыса аламыз.
Қытай үшін қуат мəселесін шешудің жəне бір жолы – мұнай
өндіруші елдермен байланысты нығайту. Қытай аса ірі мұнай импортері
бола алады. 1994 жылы мұнайға сұранысы 10 процентке дейін өсті. Қазір
Қытай күніне 3 миллион баррель мұнай өндіреді. Қазақстан, Орталық
Азияның басқа да елдері сияқты, қол қойылған келісім бойынша, бұл
мəселені де жеңілдете алады. Соңғы сапарымда мен осы жайында сөз
қозғадым. Сонда Тынық мұхитқа тірелетін «Батыс-Шығыс» мұнай
құбырын салу мəселесі көтерілді. Өйткені бұған тек Қытай ғана емес,
Жапония, Онтүстік-Шығыс Азия елдері де өте-мөте мүдделі.
1993 жылы Қазақстан іскер адамдары мен шаруашылық
басшыларының да сыртқы экономикалық қызмет тəжірибесін жинақтауына
жəне бартер операциясына да кеден салығы салынуына байланысты
Қытаймен сауда көлемі айта қаларлықтай қысқарды. Бұл Қытай жағына
сыртқа шығаратын тауарлардың сапасын жақсартуға бағышталған шұғыл
шаралар алуға мəжбүр етті.
Мен Қытай XXI ғасырда міндетті түрде жетекші елдер санатына
енеді деп ойлаймын. Қытай басшылары 15-20 жыл ішінде елдің өндіргіш
күштерін, ғылымы мен техникасын жаңа сапалы биікке көтеріп, кез келген
мемлекет бұл елмен жақсы қатынас орнатуға мүдделі болатындай
жағдайға жетісуге тырысатынын жасырмайды. Ендеше, Қазақстан ондай
қатынасты осы кезден бастап орната алса, үлкен стратегиялық мəселені
ойдағыдай шеше алар еді.
Бұны дүниенің дамыған елдері де жақсы түсінеді. Мəселен, Қытай
мен Жапония арасындағы байланыс жақсы өркендеп келеді. Гонконгтың
«Фар Истерн» журналының жазуынша, «Қытай мен жапон экономикасы
бірін-бірі толықтырады. ...Жапон базары Қытайдан келетін ұзақ
пайдаланылатын тұтыныс бұйымда- ры мен ауыл шаруашылық өнімдеріне
баяу болса да, жол аша бастады, ад жапонның техникалық тиімді
бұйымдарын Қытайға шығару кеңейе түсті... Европадағы коммунизм
күйреуі Токиоға Қытай экономикасын дамытуға көмектесу керектігін
ұқтырды. Европа үшін Ресей қандай болса, біз үшін Қытай сондай. Егер
Қытай экономикалық бейберекеттікке ұшыраса, онда босқындар саны күрт
көбейеді... Жапония Қытайдың орнықты дамып, көркейе түсуіне мүдделі...
Қытай биыл Оңтүстік Кореяны қуып жетіп, Жапонияның АҚШ-тан кейінгі
ең ірі сауда ықпалдасы болады деп күтілуде».
Қандай елге барсам да, оның мəдениеті, əдет-ғұрпы, тарихы, діні,
адамдарының тұрмысы жөнінде көбірек мағлұмат алуға тырысамын. Қытай
149
құбылысын, Оңтүстік-Шығыс елдерін ойласам, Конфуций философиясын
жаңартудың атқарып отырған қызметінің зорая түскендігі жайындағы
пікірге илана түсем. Конфуцийшілдік нақты өмірге көбірек мəн береді.
Адамдардың туғанға дейінгі, немесе өлгеннен кейінгі халінің қандай
болатындығына көп бас қатырмайды. Ол – адамдардың өзін-өзі
жетілдіруінің діні. Сондықтан да оның осы замандық құндылығы басым.
Осы заманғы технология əлгіндей діни қағиданы іс жүзінде расқа
шығаруға мүмкіндік береді. Дүниенің осынау бөлігінің өз іскерлік этикасы
қалыптасты. Оның тамыры тым тереңге, ғасырлар қойнауына бойлап
кетеді.
Европаның есігін ашу
Тəуелсіздік алған бойда-ақ, батыс басшыларының бізге деген
ықыласы күн санап арта түскенін бірден аңғардық. Алайда желбуаздыққа
берілмеуге тырыстық. Оларды тап бұлай ынтық етіп жүрген – біздің
жерімізге орналасқан ядролық қарулардың тағдыры екендігіне түсіндік.
Батыстың ойынша, Қазақстан ислам дүниесімен жақындасуы керек еді.
Өйтсе, біздегі ядролық материалдар тажал қарулар жасауға құлшынып
отырған Ирак, Иран, Пəкстанның қолына түсіп кетуі мүмкін еді.
Британия Премьері Маргарет Тэтчер менімен кездескісі кеп, бірнеше
ұйымдарды ара ағайын қып жұмсап отырғаны белгілі болды. Ол бір
сапарын Алматыға жол-жөнекей аялдама жасайтындай қып жоспарлапты.
Сөйтіп, алғаш рет жолығыстық. М.Тэтчер, əдеттегісіндей, жігерлі де
арынды адам боп көрінді. Сөйте тұра, биязы да елгезек мінез танытты.
Əуелі бір- бірімізге қошемет айттық. Алайда іске көшер тұсты қағыс
жібермеуге тырыстық. Маргарет Тэтчер – барлық жағынан да аса іскер əйел
екен. Екеуміздің де ең адал жауап алғымыз келген, бірақ ешкімге
жарияламайтын сұрақтарымыз бар еді. Кейін көзім жетті: Тэтчер
«джентельмендік» сертінде тұрды.
Оны бірінші кезекте ракеталар тағдыры толғантты. Мен Батыстың
Қазақстан тəуелсіздігіне қалай қарайтынын білгім келді. Шекарамыздың
мызғымастығы мен қауіпсіздігімізге кепілдік алудың қамын қарастырып
жүргенмін. Ракета жөніңде күпті болып жүрген көңілін бастым. Олардың
қауіпсіз екендігіне, күзеттің мықты екеніне, ешкім бара алмайтынына
сендірдім. Ядролық қару сатпақ ниетіміз жоқ екенін, бұрынғы КСРО-ның
бірлескен стратегиялық күштері жасақталатынын мəлімдедім. Бұл
техниканы күзету жəне күту соларға тапсырылмақшы. М.Тэтчерден де
күткен жауабымды алдым. Егер Қазақстан өз алдына мемлекет болып
шықса, Ұлыбритания үкіметі бізді қолдайтын болды. Ол аз десеңіз,
150
М.Тэтчер Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен тəуелсіздігіне кепілдік
беру керектігіне Европа мемлекеттері басшыларының көздерін жеткізуге
уəде берді.
Бұл əңгіме 1991 жылдың қыркүйегінде, тамыз оқиғаларынан кейін
іле-шала болған еді. Кеңес Одағы əлі тұрған-ды. Бірақ Мəскеу алаңдарында
Ұлы Ресей жайында ұрандата бастаған-ды. Жаңа насихат қалған
республикаларды көзге де ілмеді. Олар КСРО-ның мұрагерлері деп емес,
Ресейдің тек табақтастары ғана деп танылды. Тек жаңа толқындағы саяси
əулекілер ғана емес, салиқалы мемлекет қайраткерлерінің өздері де
Қырымды Н.С.Хрущевтың əңгүдіктігінен Украинаға беріліп қойған Ресей
жері деп санады. Олардың ойынша, Солтүстік Қазақстан да Ресейдің
байырғы жері болып шықты. Алайда бір кезде Порт-Артур мен Дальный
порты да тап осылай Қытайға «тарту етілгенін» ешкім есіне алып жатпады.
Оларды да қайтып алуды талап етуге ешкімнің тəуекелі тұрмады. Бірақ
Украина мен Қазақстанның да, Қытай Халық Республикасы сияқты, егемен
мемлекеттер екендігі ешқайсысының қаперлеріне кірмеді.
Мен М.Горбачев пен Б.Ельцинге бұл əңгімеге қазақстандықтар
қатты наразы болып жатқандығын, оның қолайсыз зардаптарға ұрындыруы
мүмкін екендігін хабарладым. Ресей саясатшыларының А.Руцкой бастаған
үлкен тобы Қазақстанға келді. Екіжақты келісімге қол қойылып, Ресейдің
біздің жерлерімізге байланысты ешқашан ешқандай талап қоймайтындығы
жайында мəлімдеме жасалынды. Ел іші саябырсыды.
Бұл оқиғаларға байланысты маған КСРО Жоғарғы Кеңесінде
сөйлеп, Қазақстанның бұдан былай ешқандай ағалықты да, інілікті де
мойындамайтынын, өз мемлекеттілігін құруға бағыт алатынын үзілді-
кесілді мəлімдеуге тура келді.
Қайткен күнде де, тек ықтимал жанжалдарға бүгін ғана жол
бермеумен
тынбай,
кез
келген
желбуаз
саясатшының
əлгіндей
əрекеттерінен келешекте де қауіпсіз болуға қам жасамай болмайтындығы
түсінікті болды. Ол тек қауіпсіздігіміз бен аумақтық мызғымастығымызға
көпжақты кепілдік ала алған жағдайда ғана мүмкін нəрсе еді. Сондықтан да
мен М.Тэтчермен кездесуге үлкен мəн бердім. Ол да менің көкейімді бірден
ұқты. Бұдан кейін біз онымен Мəскеуде жəне Лондонда екі рет
əңгімелестік.
Дəл сол кезде ГФР Сыртқы істер министрі Ганс Дитрих Геншер
Қазақстанға келіп қайтты. Ол Батыс Европаның соғыстан соңғы кезеңдегі
ең бір тəжірибелі саясаткері еді. Он жеті жыл бойына, əрқилы канцлерлер
тұсында Германияның сыртқы саясатын басқарды. Батыс Германияның
151
беделінің соғыстан соң қайта өсуі, демократиялық мемлекет болып
танылуы осы Геншермен байланысты болғаны сөзсіз.
Ол маған тым сыпайы, тым қарапайым адам боп көрінді. Мен
онымен де аумақтық тұтастығымызға төнгелі тұрған ықтимал қауіптер
туралы сөйлестім. Ол мені қолдауға жəне жай-жапсарды канцлер Г.Кольге
баяндап беруге уəде етті. Кейін Германияға барған ресми сапарым тұсында,
Г.Кольмен əңгіме үстінде оның өз баяндамасына соншалықты тыңғылықты
жəне егжей-тегжейлі дайындалғанын байқадым. Ен бір ұсақ, ең бір елеусіз
деген жайттардың өзі түгел қамтылыпты.
1991 жылғы 17 қарашадағы кездесуімізде Г.Д.Геншер Қазақстанмен
қатынастарды ойдағыдай өрістетуге немістер өте ықыласты екендігін
айтты. Біз шекара мызғымастығын сөз еттік. Г.Д.Геншер: «Европа тарихын
білу өте қажет. Президент мырза, сіз шекара мызғымастығы қағидасы
туралы айттыңыз. Жалпы алғанда, Европадағы барлық соғыс шекараның
қырсығынан, біреулердің оны əрі біреулердің бері жылжытқысы
келгендігінен шықты. Əрқашанда гəп біреулердің өзінің өзгелерге ықпалын
кеңейтуге тырысқанынан болды. Бəрінің де арты істі насырға шаптырды.
Енді қазір, екі дүниежүзілік соғыстан кейін бұндайдың қайталанбауы
керектігін əркім-ақ білуге тиісті. Əрине, Югославияда бүгін соғысқа əкеп
ұрындырып отырғандай, көптеген қателіктер жіберілді. Егер мемлекетте
көп ұлт болып, оның біреуі үстемдікке ұмтылса, іс насырға шабады», - деді.
Г.Д.Геншердің баспасөз мəслихатында айтылған бір сөзі есімнен
шықпайды. Сөз кейбір жерлердің байырғы екендігі не еместігі жайында
болып жатқан- ды. Ол: «Европа картасындағы кез келген нүктені
алыңызшы. XVII, V, VII, тіпті олардан басқа кез келген ғасырда ол жерлер
əр түрлі мемлекеттердің қарауында болды. Олардың көбі қазір дүниеде
жоқ. Ал біз 1991 жылы өмір сүріп отырмыз. Тарихқа құлақ ассақ – шекара
жайындағы кез келген даудың мəні жоқ. Таласушы екі жақ та өткеннен
өзіне пайдалы көп деректер келтіре алады. Біз, ақылды адамзат ретінде,
шекара дауын тыюымыз қажет. Біздің есіл- дертіміз келешекте жəне
ынтымақтасты нығайтуда болуға тиісті. Тарихтың бізге үйретер басты
тағылымы осы», - деген еді.
Ресми сəттен соң мен Геншер мырзадан биресми əңгіме үшін тағы да
аз уақыт бөлмес пе екен деп сұрадым. Ол қуана келісті. Шынымды айтсам,
сол бір атақты саясатшымен бірнеше сағатқа созылған əңгімеден қыруар
тағылым алдым.
Оның кейбір ойлары мені қатты таңғалдырды. Демократия жайында
сөз қозғауымыз мұң екен, біздің ол жайындағы түсінігіміздің соншалықты
152
тайыз екендігін ұқғым. Демократиялық мемлекеттің беделі туралы
ойланғанда, ол мына бір жайға тоқталды. Əлем Германияның
демократиялық ел екендігін, оның демократияшыл саясат жүргізіп
отырғандығын, ол тек дүние жүзі алдында фашизмнің тартқызған
зардаптары үшін жария кешірім сұрағанда барып мойындапты. Олай істеу
оңайға түспепті. Өйткені соғыстан кейінгі Германияда əскери киім киіп, не
өз еркімен, не еркінен тыс Гитлер туының астында қызмет еткен адамдар
өте көп еді.
Мен Германияға барсам, қазір Сыртқы істер министрі болмаса да,
Г.Д.Геншермен міндетті түрде кездесіп тұрамын. Ол адам мені көп нəрсеге
үйретті. Ең бастысы – сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі шын демократияның
қандай болатындығы жөнінде тағылым алдым.
Біздің Германиямен қарым-қатынасымыз ойдағыдай өркендеп
жатыр. 1995 жылғы сəуірде Қазақстанға ресми сапармен ГФР-дің
федеральдық Президенті Роман Герцог келіп қайтты. Бұл елдің
басшыларымен болып тұратын жүйелі кездесулер əр салада екі жаққа
бірдей тиімді қатынастар өрбітуіміздің тұрақты негізін жасақтап берді. Тек
1994-1995 жылдарда 170 бірлескен қазақ-герман кəсіпорындары ашылды.
Республикада ГФР-дің 57 ірі компаниясының өкілдіктері жұмыс істейді.
Қазақстанда соғыс жылдарында əскери тұтқындар лагерьлері
орналасқаны белгілі. Мен ГФР президенті Р.Герцогқа Қазақстанда
жерленген 7,5 мың неміс əскері тұтқындарының тізімін тапсырдым. Біздің
мемлекетіміз олардың аты-жөндерін анықтап, қабірлерін тəртіпке келтіруде
қолдан келгеннің бəрін істеп жатыр. Олардың туысқандары марқұмдардын
бейіттерін көріп, тағзым етуге жиі келіп тұрады...
Біз сияқты, тоталитарлық жүйеден жаңа шығып жатқан мемлекеттің
басшысы үшін, демократия дегеніміз – өз көзқарастарымызды, басшылық
ету стилі мен əдістерін, ойлау жүйемізді түбегейлі өзгерту қажеттігі деген
сөз. Ол – өз халқың үшін өзіңді өзің құрбандыққа шалу деген сөз. Ол –
адамдардың пікіріне құлақ асу, ойындағысын ашық айтуына, сөйтіп, өзін
еркін сезінуіне жағдай жасау, қай адамның да бұл дүниеге терезесі тең боп
туғанын мойындау деген сөз... Бұл басшылар үшін кейде оңайға түспейді,
кейде тіпті шамына тиюі де мүмкін.
Əлі есімде: 1994 жылғы ақпанда Ақ үйдегі келіссөзден соң,
Б.Клинтон екеуміз журналистермен əңгімелесуге шықтық. Қазақстан-
американ қатынастарына байланысты сауалдар таусылған соң, олар
Клинтонның жапондарды екі жаққа бірдей тиімді сауда жасамай
отырғандығы үшін неге жазаламағанын сұрады. Сол кезде ол маған
153
бұрылып: «Бұлар (журналистерді айтады) мені өстіп күнде өлтіреді», - деп
сыбырлады.
Бостандық пен демократия – ұлы игілік. Егер сен өз халқыңның
шын перзенті болсаң, онда өзіңді өзің тізгіндеп, кейде жеке басыңа, саяси
мансабыңа зияны тисе де, қалыптасқан демократиялық қағидалармен
есептесіп қана қоймай, оны нығайтып, бірте-бірте дамытып, бір сатыдан
бір сатыға биіктете беруге тиіссің.
Г.Д. Геншер барлық уақытта тың жүреді. Жетпістегі кісіден
əлдеқайда жас көрінеді. Сұңғақ, ширақ, сергек адам.
Meн бірде одан:
- Спортпен айналысасыз ба? - деп сұрадым.
- Жоқ. Жеке меншік үйде тұрам. Таңертең 30-40 минут саунаға
түсем. Сосын жұмысқа барамын. Бұл – менің өмір бақи айналысып келе
жатқан спортым.
- Мен күн сайын ыстық моншада болу зиянды деп естіп ем.
- Ал менің денсаулығыма монша өте пайдалы болып шықты.
Г. Д. Геншер байсалды сөйледі. Ақылмандыққа ұрынған жоқ. Жасы
үлкен кісі ретінде, көрген-білгенімен бөлісті. Əр сөзіне, сөз мəніне қарап
отырып, өзіміздің ақсақалдарымызды еске түсірдім. Білім-тəжірибесін
аямайтын Ганс Дитрих Геншер, шын мəнінде де, саясаттың ақсақалы еді.
Өмірінің соңғы кезінде К.Аденауэр: «Мен болашақта адамдар
уақыттың буалдыр мұнарымен кімнің кім, ненің не екенін айқын ажырата
алатын кезде, мен туралы ол өз парызын орындап кетті дейтін болса,
армансызбын», - деген екен. Меніңше, Ганс Дитрих Геншер туралы да ол
неміс халқының алдындағы өз парызын орындап шықты деуге толық негіз
бар.
* * *
Мен Франсуа Миттеранды да əлемдік ауқымдағы əйгілі саясатшы
деп білемін. Бірінші рет онымен 1991 жылы, М.Горбачевтың Францияға
сапары тұсында кездестік. Келіссөздер Рамбуйе сарайынла өтті. Миттеран
ойлы да қызық əңгімеші боп шықты. Мен сонда республикалар
басшыларының ішінде бірінші боп ресми сапар жасауға шақыру алдым.
Бір қызығы, біздің мемлекеттік туларымыздын Франциядағыдай көп
ілінген жерін көргем жоқ. Француз астанасының бас магистралі – Елисей
далалары бойында біздің ұлттық туларымыздан көз тұнады. Біздің кортежді
салт атты ұлттық гвардия қоршап жүрді. Қызылды-жасыл киінген 360 салт
атты көздің жауын алады.
Франсуа Миттеран елдеріміздің арасындағы достық жөніндегі
154
келісімшартқа қол қоюды ұсынды. Ол біздің арақатынасымыздың баянды
негізін салды.
Елдің бұрынғы президентінің ағасы Жискар Д' Эстен басқаратын
өнеркəсіп басшылары мен кəсіпкерлер Кеңесінде өте пайдалы келіссөз өтті.
Элф Акитен компаниясының Ақтөбе облысының мұнай кеніштеріндегі
қызметі сөз болды.
1993 жылы Ф.Миттеран жауап сапармен Қазақстанға келіп кетті.
Достастық елдеріндегі жағдайды шұқшия сұрады. КСРО-ның күйреуі
Батыс Европаны алдын ала біліп болмас салдарларға ұшыратуы мүмкін
екенін əлденеше рет ескертіп отырды. Бұл - менің де көңілімде жүрген
ойлар еді. Ол ТМД елдері арасындағы экономикалық одақты сақтау керек
деп санады. Өйткені шынайы ықпалдастық пен орнықтылық экономикадан
туындайды. Европа бұған өте-мөте мүдделі.
Ф.Миттеран Европадағы ықпалдастық жайында пікір бөлісті. Оның
ойынша, Батыс Европа мемлекеттерінің конфедеративтік одағы – ықтимал
шиеленістерден аман қалудың бірден-бір кепілі. Ал оның негізін де
экономикалық ықпалдастық құрап тұр. Əрине, мемлекеттердің өз
егемендіктерін сақтап қалатыны айтпаса да түсінікті.
Франсуа Миттеран – нағыз француз. Қашан көрсең де сыпайы,
көңілді, əзілге жүйрік қалпы. Сөйтіп жүріп, ауыр сырқат шекті. Саяси
тағдыры да шырғалаңдарға толы болды. Меніңше, бұл - француз
саясатшыларының ерекше бір қасиеті. Бір жерде оқығаным бар: біреулер де
Голльге оның бəсекелесі Франсуа Миттеранның беделін төгуге
дайындалып жүргенін баяндапты.
Сонда генерал:
- Бір кезде республика президенті болуы мүмкін адамның намысына
тиюге болмайды, - депті.
Миттеран – қайсар адам. Мен француздың «Экспресс» газетінің:
«Миттерандай президенттік мерзімін өте ауыр аяқтаған адам кемде-кем.
Қуық рагы дертіне кайсарлықпен төтеп беріп, химиялық ем де алды, екі рет
операция да жасатты. 1995 жылдың наурызында Франция тарихында
солшыл күштер парламент сайлауында ойсырай жеңіліп, быт-шыт күйреді.
Оны да жұрт Миттераннан көрді.
... Оның орасан таланты əрқашан өз мақсатын дəл белгілеп, оған
жетер жолдағы əрекетін дəл танитындығында», - деген бағасына əбден
қосыламын.
Франсуа Миттеран француз іскер топтарының Казақстанмен
байланыстарына күшті ықпал жасады. Қазірдің өзінде біздің елімізде Элф
155
Акитен, Тоталь, Газ де Франс, Кожема жоне басқа іргелі компаниялар іске
кірісті.
1994 жылы мен АҚШ-қа сапарға əзірленіп жатып, Миттераннан
шақыру алдым. Жол-жөнекей Парижге аялдай кетуді ұсыныпты.
Аэропортта мені ылғи өзі қарсы алатын. Ол жолы сырқатының асқынып
кетуіне байланысты басқа кісіні жіберіпті.
Франция Президенті Жак Ширак бола салысымен, Екінші
дүниежүзілік
соғыстағы
жеңістің
елу
жылдығы
тойланды.
Мен
Ф.Миттеранмен сонда кездестім. Əскери парад кезінде əңгімелестік. «Енді
уақытыңыз көп. Сізді Қазақстанда көруге қашан да құштармыз. Келіңіз...» -
дедім.
1995 жылғы 15 қазанда Ж.Ширакпен кездесксн соң, Францияның
Сыртқы істер министрлігінің адамдарынан Ф.Миттеранмен кездестіруді
сұрадым. Оның денсаулығына байланысты бұл жолы кездесе алмадық.
1996 жылдың 8 қаңтарында ол дүние салды. Осы бір аса көрнекті адамды
күллі дүние жүзі аза тұтып шығарып салды.
Француз президенттерінің арасынан елді он төрт жыл бойына
билеген жалғыз адам, осы бір таңғажайып саяси қайраткердің Франция мен
əлемнің тағдырына тигізген үлкен ықпалын бағалай келіп, көптеген
саясатшылар Франсуа Миттеран XX ғасырдағы ұлттық тарихта генерал де
Голльден кейінгі екінші орынды иемденеді деп санайды.
Осы бір ұлы француздың жерленуі де адамзаттың тек ең таңдаулы
ұлдарына лайық қарапайымдылық пен адамгершіліктін тағы бір үлгісі
болды. Өз өсиеті бойынша, Франсуа Миттеран өзі туған Жарнак қаласында
қарапайым жағдайда жерленді. Оған ошағының басы мен бірнеше жақын
достары ғана қатысты. Күллі ұлттың аза бойын қаза тұрғызатын
салтанатты шеру болған жоқ. Өйткені оны Ф.Миттеранның өзі қаламаған
еді.
Достарыңызбен бөлісу: |