55.Бұқар жыраудың шығармашылық-әлеуметтік тұлғасы Қазақтың ұлттық ауыз әдебиетінде даналық сөздерімен өшпес із қалдырған, сол уақыттың өзінде-ақ ұлан – ғайыр даламызда үш жүзге ортақ ұлағатты жырау болған Бұқар Қалқаманұлының есімін қазақ халқы әрқашанда зор мақтанышпен қадір тұтады. Бұқар жырау халықтан шыққан кең қабырғалы, ақылды, заман ағымын барлай білетін, халықтың келешек өміріне, алдағы заманға көз жіберіп, сол күнгі әлеуметтік, шаруашылық саласы, тіршілік тәжірибесін ой таразысына салып отырып алдағы өмірді болжай толғаған жырау. Халық жыраудың тілегін, жан сезімімен сезініп, жырауды ел мүддесін қорғайтын тірегі деп түсінген. Халықтың келешегін көп ойлайтын, терең толғанатын жырауды халқы мейлінше сүйген, табынатын әулие көрген.
Бұқар жырау өзінің ұзақ ғұмырында, талай-талай тарихи оқиғаларды басынан өткізген. «Ақтабан шұбырынды» заманында тәуелсіздік пен ел бірлігін сақтауда айырықша күш жұмсаған. Жыр-толғауларында ақын бабамыз сол тұстағы көкейкесті мәселелерге жауап іздеп, соның жоқшы – жыршысы болған.Ол Абылай ханға үлкен үміт артып, оның ел басқарудағы саясаты мен жорықтарын қолдаған. Абылайдың әдеби бейнесін жасауға елеулі үлес қосқан.
Ақын толғаулары – ойлы адамның өмір мен қоғам туралы түсініктерін танытарлық мәнді шығармалар. Жыраудың дидактикасы көп жерде өз мәнін жоймайды. Халықтық нақылдар ретінде өмір сүреді.
Бұқар өлеңдері – өзінің стилі жағынан ауыз әдебиетімен және өзінен бұрын жасаған Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз жыраулар толғауларымен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет ретіндегі дидактикалы толғаулар. Бұқар шығармашылығы өзіне дейінгі және кейінгі дәуір ақындарымен туыстасып, жалғасып жатыр. Ол қазақ поэзиясының желілі бір сарынын танытады. Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді.
Жырау тек қана жыр толғап қоймай сол күнгі ел билеу ісіне де қабілетті түрде араласып, халық пікірін, өз пікірін өткір айтып, егесе егеудей ойып тастап, келтесінен кесім шығарып тастап отырған әрі би жалынды жырау.
Бұқар жыраудың өлең-жырларында халықтың өмір-тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, тұрмысы, мінез-құлық өлшемі мен дүниеге көзқарасы, сол дәуірдің рухы бейнеленеді.
Бұқар жыры салмақты сөз, саналы пікір, сабырлы кең арналы ойдың кіндігі. Сондықтан да бүгінде бізге өшпес қазына, өлмес мұра болып біздің заманымызға жетіп отыр. Жырау ғасырлар бойы халықтың өзі жасап сары алтындай сақтап келген ауыз әдебиетінің мол қазынасын бойына сіңіріп, өз заманына сай жыр-толғау жасай білген жеке классик, әдебиеттің атасы дерлік тұлға.