Ойын оқыту технологиясы белсенді оқыту технологияларының бірі болып табылады. Ойын оқыту әдісі имитациялық және имитациялық емес болып бөлінеді.
Имитациялық емес әдіске проблемалық лекция, дөңгелек үстел, лекция- конференция, алдын ала жасалған конспект бойынша лекция, шолу лекциясы, коллоквиум, бағдарламалап оқыту, семинар, тақырыптық дискуссияға арналған көшпелі сабақ, топтық консультация, олимпиада жатады. Имитациялық әдіс ойынды және ойынды емес болып екіге бөлінеді.
Ойынды имитациялық әдіске тиімді шешім таңдаудың көп нұсқалылығы, «миға шабуыл», іскерлік ойындар, рөлдік ойындар, жеке технологиялық процесті ойын арқылы жобалау, ал ойынды емес имитациялық әдіске ситуациялық шешімдер, жекелеген міндеттерді шешу, сабақтың қорытындысын шығару және оқытушының бағалауы, ұсынылған нұсқаларды талқыау, семинар өткізу, жеке тренажер жатады.
Ойынның міндеттері маман дайындау мазмұнын және мамандықтың сипаттамасын ескере отырып, ойын барысында маманнан талап етілетін кәсіби құзыреттілік белгілері байқалатындай тұрғыда анықталады. Оларды орындау модельде көрсетілгендей маман ретіндегі білік, дағды және тұлғалық сапалар қалыптастырады.
Іскерлік ойын өткізілгеннен кейін оны міндетті түрде талдау қажет, себебі талдау кезінде оның барысында кездескен қиыншылықтар, қатысушылардың пікірлері, қорытындылар мен шығарылған шешімдердің маңызы зор. Іскерлік ойындар оң шешім қабылдауды үйретеді, теориялық жаңа білімді практикада қолдана білуге машықтандырады.
Оқытуда қолданылатын оқыту әдістері, технологиялар, сабақтың түрлері, білімдік, тәрбиелік және дамытушылық мақсаттардың орындалысы т.б. мәселелердің көрініс беруі қадағаланады, студенттерде кәсіби-дидактикалық құзыреттіліктің қалыптасуына ықпалы тиетіндей етіп ұйымдастыруға назар аударылады. Болашақ мамандардың кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің қалыптасуының бір көрінісі – практикалық сабақтарда оқытудың технологияларын қолдана білуі. Проблемалық оқыту бағдарламаланған оқыту жүйесі сияқты білім берудің белсенді технологиясына жатады. Оның негізінде қандай да бір тапсырманы, проблеманы шешу жатыр. Проблема гректің «problema» - тапсырма сөзінен алынған. Кең мағынада проблема - теориялық және тәжірибелік қиын, шешілмеген, шешуді және зерттеуді талап ететін сұрақ. Ғылымда проблема дегеніміз - қарама-қарсы жағдаят, қандай да бір құбылыстың, объектінің, үдерістің түсініктемелерінің қарама-қарсы жағдайда көрінуі.
Психологиялық сөздікте төмендегідей анықтама беріледі: «проблема- субъектінің қиындық пен қарама қайшылықты білімі мен тәжірибесі арқасында қалыптасқан жағдайда шешу мүмкіндігі жоқтығын түсінуі».
XX ғасырдың 80-жылдарында проблемалық оқытуға қатысты көптеген педагогикалық еңбектер жарық көрді. Проблемалық оқыту педагогикада жаңа пайда болған құбылыс емес, ертеректе проблемалық оқыту Сократ, Ж.Руссо, А.Дистерверг, Н.Чернышевский, К.Ушинский, Д.Дьюи сияқты есімдермен байланысты. Проблемалық оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы - мұнда мотивация жүйесі өзгеше, акцент интеллектуалдық ойларға жасалады. Проблемалық оқыту - бұл оқушылардың танымдық, шығармашылық теориялық және тәжірибелік іскерлігін тиімді басқару жүйесі, ойлау үдерісінің заңдылықтары мен білімді меңгеру жағдайына, танымдық қабілеттің дамуына негізделген.
Проблемалық оқыту мәні - толық шешімін таппаған, таласты сұрақтардың бірі. Проблемалық оқытуды дидактикалық жүйе, әдіс, оқыту принципі, типі деп атап жүр.