7. Құймалытас және шлак бұйымдары Минералды балқымалардың негізінде алынған материалдардың маңызы жылдан жылға өсіп келе жатыр. Оларды алу үшін тапшы емес, кең тараған немесе қосымша шикізаттар мен қатты және балқыған өндіріс қалдықтарын пайдаланады. Өндіріс қалдықтарын пайдаланудың маңызы өсіп отыр, себебі 1 сом ұлттық кірісті алуға, 1 т табиғи зат кетеді екен де, одан 1т өндіріс қалдығы пайда болады екен.
Бастапқы шикізаттың құрамына байланысты және салыстыра келгенде күрделі емес температуралық технологияның жәрдемімен, іс жүзінде қалдықсыз әдіспен тасты және шлакты материалдар мен бұйымдар алынады. Балқытылған шикізаттан алынатын продуктілердің түр-түрі алуан түрлі, ол жалғыз құрылыста ғана емес, халық шаруашылығының басқа да салаларында пайдаланады. Минералды балқымадан алынған бұйымдар үнемді және жоғарғы физика-техникалық қасиетке ие, ұзақ тұрады, коррозияға төзімді.
Құймалы бұйымдар (тасты құйма) – жасанды силикатты тасты материалдар, табиғи тасты материалдар мен олардың есептелген араласынан және де жоғарғы температурада өңделген қосымша шикізаттардың қоспа балқымасынан алынады. Оларды балқыманы қалыптау және кристалдау мен пісіру процестерінен тұратын температуралық өңдеу арқылы алады. Бұл өндіріс петрургия деген атақ алды (петра – грекшеден аударғанда – тас деген сөз). Бұл жолмен кез-келген пішінді бұйымдарды, тез және үнемді түрінде алуға мүмкіндік бар.
Шикізат. Біздің елімізде тасты құйма бұйымдарды алудың қоры сарқылмайды, қорытуға кең тараған сілтілік тау жұмыстары, мысалға, диабаз, базальт. Бірақта олар өте жоғарғы температурада балқиды және алынған балқыма тұтқыр қоймалжың, осыған байланысты жақсы сапалы құймалы бұйымдар алу қиындайды. Кейбір кездерде шикізат есебінде қышқыл және қышқылдығы орташа тау жыныстарын пайдалануға болады.
Домнаның, мартеннің, ал соңғы кездерде түсті металлургияның шлактары түсті құйма алуға тамаша шикізат болып табылады. Негізгі тау жыныстары мен шлактардан алынған құймалы бұйымдардың түрі күңгірт. Олардың реңін ашық жасау үшін көбінше шөгінді тау жыныстарын, ең бастысы карбонатты тау жыныстары мен құмды пайдаланады.
Балқу температурасы мен балқыманың қоймалжыңдығын кеміту үшін балқытқыш қосындыларды, мысалға, балқытқыш шлакты қосады. Майда дәнді біртекті жүйелі ситал алу мақсатымен және де балқыманың кристалдануын тездету үшін, оған минерализатор деп аталатын (хромит, магнезит, т.б.) қоспалар араластырады. Шикізат қоспасының химиялық құрамын өзгерту арқылы отқа төзімділігін, температуралық ұлғаю коэффициентін және де басқа қасиеттерін реттеуге болады.