Мақалалар, баяндамалар жинағы


Қазаққа латын жазуы керек пе, жоқ па?



Pdf көрінісі
бет39/45
Дата22.12.2016
өлшемі3,09 Mb.
#25
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   45

Қазаққа латын жазуы керек пе, жоқ па?

Латын  жазуын  қабылдау,  қабылдамау  жөнінде  кейінгі  үш-төрт 

жылдың ішінде аз әңгіме болған жоқ. Сондықтан да қарапайым халық 

осы  әңгіме  неден  басталғанын  білсе  де,  немен  тынғанын  біле  алмай, 

ділгер отырған жайы бар.

Осыған орай, латынжазуы жөнінде алғаш сөз көтергендердің бірі біз 

болғандықтан, ел алдында бар шындықты жайып салуды мақұл көрдік.

Көпшіліктің есінде болар: 1991 жылы 24 қаңтарда «Ана тілі» газетінде 

«Латын  әліпбиінің  болашағы  зор»  атты  мақаламыз  жарияланды.  Онда 

бүгінгі  славян  жазуын  латын  жазуымен  алмастыру  жөнінде  алғаш  сөз 

болған еді.

Мүмкін,  мақсатты  дұрыс  түсіндіре  алмаған  айып  бізден  шығар, 

әйтеуір, осы мақаладан кейін баспасөз бетінде жалпы,жазу туралы жаппай 

пікір алысу басталып кетті. Біреулер көне түркі руникалық жазуды қайта 

жаңғырту керек десе, енді біреулер (бұрын қайда жүргенін кім білсін) дәл 

осы тұста бойын патриоттық сезім билеп, «егемен елдің басқа жазуларға 

ұқсамайтын  (қытай  сияқты)  өзінің  төл  жазуы  болу  керек»  деп,  өңкей 

сызықшалардан  тұратын  «өз  жазуын»  ұсынып  жанталасты.  Тағы  бір 

топ: «бұл дүниеде арабтан асқан жазу жоқ» деп, өз дәлелі болмаған соң, 


443

Ахмет  Байтұрсынұлының  беделін  бет ке  ұстап,  біраз  қарсыласып  бақты, 

енді біреулер «кирилицадан айырылсақ, кейінгі жарты ғасырлық рухани 

етімізден  айырылып,  күніміз  қараң  болады!»  деп,  байбалам  салып,  жазу 

жөніндегі әңгімені жан-жақтан үрлеп, қоздыра түсті.

Сонымен, латын жөніндегі негізгі әңгіме жайына қалды да, әсіреқызыл 

сөзге әуес қауымның пәтуасыз әңгімелері жараспай, сиырқұймышақтанып 

барып, ақыры тынды.

Осы арада өз басым кейбіреулердін соншама артық сөзге барып, ақтер, 

көктер болып, қойылып отырған мә селенің түпкі мақсат-мүддесін түсіне 

алмағандығына  қайран  қалғанымды  жасыра  алмаймын.  Ал,  ол  мақсат-

мүддеміз біреу-ақ еді ғой:»Түркі дүниесінің жаңғыру дәуірінде ортақ латын 

жазуына  біртіндеп  көшіп  жатқан  басты-басты  (туыс  елдермен  (Түркия, 

Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан т.б.) қатар егемен ел, 

тәуелсіз мемлекет болған қазақтардың да латынды қабылдауы қажет пе, 

жоқ па?»– деген бір-ақ сауалға жауап беру еді. Ал ол жауапты «қажеті 

бар»,  не  «қажеті  жоқ»  деген  екі-ақ  қысқа  сөзбен  қайтарып,  әңгімені 

тындыруға болатын да еді.

Жоқ, іс жүзінде олай болмай шықты. Әдеттегідей, делебеміз қозып, 

«жазу  ауыстырудың»  қажет,  не  қажет  еместігін  шешудің  орнына  бес 

жазудың (көне түркі, руналық жазу, араб жазуы, латын жа зуы, кириллица, 

«жаңа жазу») бір-бірінен артық-кемін айтып,дай-дай болдық.

Дегенмен, айтылған пікірлерді салыстыра қарағанда латын жазуын 

жақтаушылар  көбірек  болып  шықты.  Бір  ғажабы:  ана  тіліміздің  бүгіні 

мен ертеңін болжамдап, бағыт-бағдарын айқындай білетін тіл мамандары 

нақтылы ұсыныстан гөрі, сақтық жасап, жалтарыс-жалтақ тәсіліне тағы 

көшті.

Көтерілген мәселеден нәтиже шықпай, уақыт өтіп жатты.



Міне, осы кезде, 1993 жылдың тамыз айында Түркияның астанасы 

–  Анкара  қаласында  латын  жазуына  байланысты  дербес  6  түркі 

мемлекеті  (Түркия,  Әзірбайжан,  Өзбекстан,  Қазақстан,  Түрікменстан, 

Қырғызстан) өкілдері бас қосқан үлкен мәжіліс өткізілді. Қазақстаннан 

барған үш өкілдің бірі болып мен де қатынасқан едім. Түркиялықтардың 

бастамасымен  ұйымдастырылған  осы  мәжілісте  әрбір  түркі  тілінің  өз 

ерекшеліктеріне сай болашақ ортақ жазудың 34 әріптен тұратын әліпбиін 

кең  талқылап,  келісе  отырып  қабылдаған  болатынбыз.  Бұл  жоба  бір 

жылдан кейін, 1994 жылы тамызда, Түркияның Анталия қаласында өткен 

жержүзілік түркологиялық құрылтайда бірауыздан қабылданған еді.

Міне,  тағдырдың  тәлкегімен  арасы  алыстап,  бір  кездегі  ортақ 


444

рухани  мәдениеті  тоқырай  бастаған,  тілі  бір,  діні  бір,  тегі  бір  түркі 

туыстарымыздың  рухын  көтерген  осынау  бір  бас  қосудан  кейін  өзара 

жақындасудың  басты  шарты  ретінде  қабылданған  болашақ  ортақ  жазу 

идеясы  көпшіліктің  көңілінен  шыққан  болатын.  Бұлардың  арасында 

қазақстандықтар  да  (50  адам)  болды.  Әзірбайжан  (ол  латын ды  1991 

жылы қабылдаған) мен Түрікмениядан (1993 жылы қабылдаған) соң көп 

ұзамай, Өзбекстан Президенті И. Кәрімов (1993 ж.) өз жарлығымен өзбек 

халқының да латынға біртіндеп көшуін жариялады. Қырғыз ағайындар 

болса,  арнайы  құрылған  мемлекеттік  комиссия  тарапынан  дайындап 

отырған латын жазуының жобасын әлі бекіте алмай отыр. Сұрастырып 

көрсек, қазақ ағайындарына қарайлап, жалтақтайтын көрінеді. Ал қазақ 

ағайындарының  асықпайтыны,  көп  нәрседе  көштің  соңында  жүретіні 

белгілі ғой.

1993  жылы  Анкарадағы  мәжілістен  қайтқаннан  кейін  жобасы 

қабылданған  34  әріптен  тұратын  ортақ  латын  жазуы ның  негізінде 

қазақ  тілі  үшін  дұрыс-ау  деген  алфавиттің  жобасын  жасап,  мән-

жайын  өзімше  түсіндіріп,  Қазақстан  Президенті  Нұрсұлтан  Әбішұлы 

Назарбаевтың атына ашық хат ретінде «Ана тілі» газетінде (1993 жылғы 

30  желтоқсанда)  мақала  жариялаған  едім.  Содан  бері,  міне,  табаны 

күректей екі жылдың жүзі болыпты. «Судың да сұрауы бар» ғой, сұрау 

салып  қарасақ,  Президентіміз  мақала-хатты  өз  кезінде-ақ  тәптіштеп 

оқып шығып, кейбір әріптердін астын сызып, өз пікірін ескерте отырып, 

сол уақыттағы лауазымды Үкімет адамдары Әбіш Кекілбаев пен Қуаныш 

Сұлтановтарға  мәселені  қарауды  тапсырған  екен;  осы  арада  олардың 

жұмыстары ауысып кетті де, латын жазуы өз тағдырын күтіп қала берді. 

Сол жатумен, міне, бүгінге дейін оған қозғау салынбады.

Алайда, «сабыр түбі – сары алтын» дегендей, көп күтсек те, енді, 

міне,  оқырман  қауымға  айтарлықтай  жаңалық  та  жоқ  емес.  Әрине, 

бұл  тескентау  түбінен  көрінетін  саңлау  сияқты  жаңалықтың  нышаны 

ғана.  Тіл  заңы  жөнінде  кейінгі  кезде  өткізген  мәжілістерінің  бірінде 

Республика  бас  министрінің  орынбасары  Иманғали  Тасмағамбетов 

мырзаның  латын  жазуы  туралы  мәселені  қарау  үшін  ҚР  Ұлт  саясаты 

жөніндегі мемлекеттік комитетке (төрағасы – Г.В. Ким) арнайы комиссия 

құру  туралы  тапсырма  бергенінің  куәгері  болдық.  Комитет  қазір  осы 

мәселемен шұғылдануда.

Алайда, ендігі жерде мені тағы да алаңдатып отырған бір нәрсе бар 

ол ұйымдастыру мәселесі: комиссияға кімдер қатыстырылар екен, олар 

қандай принциппен таңдалмақшы т.т. Әлде бұрынғыдай біреуі – қойшы, 


445

біреуі – жұмысшы, біреуі – зиялы, біреуі – басшы, біреуі – қазақ, біреуі – 

орыс т.т. үйреншікті принцип бойынша ма, жоқ, «бұл іс ғылым мәселесі» 

деп, біржолата ғалымдарға аудара салумен шешілмекші ме? Бұл жағы 

маған белгісіз. Сондықтан да осыған орай, көңілдегі күдік пен күмәнді 

айтпай тұра алмаймын. Менің өз басым: бүкіл түрік дүниесінде жаңа бір 

сілкініске, жаңғыруға байланысты туған осынау бір өте батыл бірақ ізгі 

идеяны мың түрлі себеп-сылтау айтып, жөргегінде тұншықтыруға жаны 

құмар жандардың, кейбір желғабыз зиялылардың қолына түсіп, тәлкегіне 

тап болып, ит талаған лақтай, берекесі кетіп, нәтижесіз тынбаса игі еді 

деп тілеймін.

Осылайша  күмәндануға  себеп  те  жоқ  емес.  Басқа  жұртты  былай 

қойғанда,  тіпті  ат  төбеліндей  тілші  ғалымдарымыздың  арасында  бұл 

мәселе жөнінде бірауыздылық әлі жоқ. Бір дөңгелек үстел басында отырып 

алып, төрт-бес қаламдастарымыздың жақында ғана «Азаттық» радиосы 

арқылы  жер  жүзіне  жария  қылған  жазу  туралы  сөздерін  тыңдағанда 

Крыловтың «Аққу, шортан, шаян» мысалындағы кейіпкерлердің тірлігі 

еріксіз есіңе түседі...

Иә, мәселенің байыбына бара бермейтін, түсінбейтін жұрттың жөні 

басқа. Ал мұңдас, сырлас, қаламдас достарымыздың осыдан 4 жыл бұрын 

күн тәртібіне қойылған латын жазуы туралы мәселенің түпкі мақсатын 

осы күнге дейін дұрыс түсіне алмауы адамды қайран қалдырады.

Оу,  ағайындар,  естеріңізге  салайық,  қазақ  тілі  үшін  алфа вит  таңдау 

мәселесі  күн  тәртібіне  бұрын  да,  қазір  де  қойылған  жоқ  қой.  Мәселе 

«бүгінгі  пайдаланып  жүрген  Кирилл  әліппесін  латын  әліппесімен  басқа 

түркі халықтары сияқты алмастыру қазақтар үшін қажет пе, жоқ па?» деген 

бір-ақ сұрақ жайында ғана болғандығын неге ұмытамыз? Ал мәселе солай 

қойылған  екен,  «қажеті  бар»,  не  «қажеті  жоқ»  деп,  қысқаша  ғана  жауап 

берудің  орнына  соншама  даурығуымызға  жол  болсын?!  Қажет  болған 

жағдайда,  бір  ғана  жазу  (латын  жазуы)  туралы,  оны  қабылдаудың  жолы, 

жүйесі, тәртібі, мерзімі жөнінде кеңесудің, ақылдасудың орнына бес түрлі 

жазуды өзара жарыстырып, таластырып, жанықтырудың қажеті бар ма еді?

Бұл – бір.

Екіншіден,  кейбір  азаматтардың  латын  жазуын  қазақтардың 

қабылдауын  «түріктерге  еліктеу»,  «саясаттың  салдары»  деп,  сан-саққа 

жүгіртіп, өзінше мансұқ етуіне қалай қарауға болады?

Алыстағыны  былай  қойғанда,  жақын  жылдарда  Өзбекстан, 

Қырғызстан,  Түрікменстан  сияқты  елдерде  латын  жазуы  жаппай 

қолданысқа  енгенде,  сол  елдерде  жасайтын  мыңдаған,  миллиондаған 



446

қандастарымыздың  қалі  қандай  болмақшы?  Ең  болмаса,  осыны  неге 

ойланбасқа.

Үшіншіден,  жер ижүзінде мәдени, рухани, техникалық, экономикалық 

интеграция процесі жіті жүріп жатыр. Жазу да техниканың талабына сай 

дамымақшы.  Еуразия  елдерінің  бел  ортасындағы  түркі    халықтарының 

қатарында  қазақтар  да  компьютердің  ғажайып  табыстарын  пайдаланбай 

тұра алмайды. Дәл осы мақсаттармен кезінде Ресей де, Қытай да латын 

жазуына көшуге талпыныс жасаған, әлі де жасауы ғажап емес. Өркениет 

елдерге тән осынау бір үрдіске неге үрке қараймыз.

Төртіншіден, ла тын жазуын қабылдауға жаны қас кейбіреулер мың бір 

сылтау-себептерін көлденең тартып, «Ойбай, орыс жазуында жаратылған 

жарты ғасырлық рухани мұрамыздан айырыламыз», «латын жа зуын үйрену 

қиын, тағы сауатсыз боламыз», «экономикалық жағдайымыз көтермейді», 

«ұлтаралық  қарым-қатынасқа  нұқсан  келеді»  т.т.  деп,  байбалам  салуын 

қоймайды. Бұлардың бәрі біз үшін жаңалық емес. Латын жазуына көшіп 

алған, көшіп жатқан, көшуді қалап отырған қазақтардан басқа халықтар 

бұл  қиыншылықтарды  білмей,  не  көзжұмбай  жасап  отырған  жоқ.  Бәрі 

де  он  ойланып,  тоғыз  толғанып  болып,  істеп  отырғанын  бізге  де  білген 

жөн.  «Өткендегі  рухани  мұрамызды  жоғалтатын  болдық»  деп  бір 

жыласа, өзбектер жылар еді-ау! Түркі халықтарының ішінде түріктерден 

кейінгі араб жазу ында ғасырлар бойы жасалған бай мұрасы бар өзбектер 

арабты  емес,  латынды  қабылдап  отыр.  «Латын  жазуын  меңгеру  қиын» 

деп  үрейленетіндер  жазу  табиғатын  түсінбейтіндер  ғана.  Шет  тілдерін 

мектептен  бастап  үйренуімізге  байланысты  латын  графикасын  жұрттың 

бәрі біледі. Оның үстіне «латын жазуына бірден, бір жылда көшеміз» деп 

отырған  ешкім  жоқ  қой.  Ол  5  жылдан  10  жылға  дейін  созылатын,  ұзақ 

дайындықпен іске асатын күрделі іс-шара.



Бесіншіден, экономикалық қиын-жағдайды ескеру, әрине, қажет, бірақ 

латыннан бас тартуға ол сылтау бола алмай ды. Өйткені, бұл әрекеттің ұзақ 

жылдарға созылатындығын бәріміз білеміз. Ал нарықтық экономика күн 

сайын өзгеріп жатыр.

Сонымен  қорыта  келгенде  айтарымыз,  латын  жазуына  байланысты 

өзекті мәселе мыналар:

1. Күн  тәртібіне  қойылып  отырған  мәселені  алдымен  арнайы 

мемлекеттік  комиссия  құру  арқылы  қарауға  байланысты  республика 

Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ресми жарлығы қажет.

2. Мемлекеттік  комиссияның  міндеті  жазу  туралы  басталған 

жалпы дискуссияны (талас-тартысты) жалғастыру емес, «латын жазуы 


447

қазақтар үшін қажет пе, жоқ па?» деген бір-ақ нақтылы сұраққа жауап 

бере алатын объективті де саналы азаматтарды ұйымдастырып, олардың 

өнімді жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу.

3.  Латын  жазуының  негізі  ретінде  қазақ  тілі  үшін  қабылданатын 

әліппенің таңбалары олардың мағыналарын анықтаумен қатар, жазудың 

өзіндік принциптері мен емле ережелерін айқындау, ол туралы баспасөз 

бетінде,  мамандар  арасында  пікір  алмасу,  оның  барысын,  нәтижесін 

жариялап отыру қажет.

4.  Содан  кейін  ғана  қазақ  тілі  үшін  лайықты  деп  табылған  латын 

жазуының  әліппесі,  емле  қағидасы,  оған  сатылап  барып  өту  мерзімі, 

қаржыландыру  мен  қажетті  идеялогиялық  шаралар  т  б.  ресми  түрде 

бекітілуі тиіс.

Бұл, әрине, біраз уақыт созылатын күрделі де жауапты мәселе. Дау-

дамайдың  болатыны  да  сөзсіз.  Бірақ  ол  мәселені  бүгінгі  буын  шеше 

алмаса, келешек ұрпақ шешетініне мен кәміл сенемін.

Алайда, әрбір істің нәтижелі болу-болмауы онда қалай басталуына 

да байланысты. Біздің әңгімеміз де міне, осы жөнінде.

Иншалла, сол бір игілікті істің нәтижесін көруге жазсын халайық!



«Егемен Қазақстан», 1995. 15 қараша.

Туыстық пен тұтастықтың бастауы

Соңғы жылдары ортақ латын әліпбиіне өту қажеттігі түркі тектес 

халықтар өмірінде келелі мәселеге айналды. XXI ғасыр түркі дүниесінің 

ғасыры  болады  деген  үміттеміз.  Болашақта  түбі  бір,  тегі  бір  туысқан 

халықтардың бірігіп, іс-қимыл жүргізуде ортақ әліпбиге көшу мәселесін 

өмірдің өзі туындатып отыр. Бұл салада қазақстандық ғалымдарымыз 

да тер төгіп, аянбай еңбек етуде. ҚР Тіл білімі институтының құрметті 

директоры, ТР Ататүрік мәдениет, тіл және тарих жоғары қоғамының 

құрметті  академигі,  белгілі  ғалым,  академик  Әбдуали  Қайдаридың 

жаңа  әліпби  төңірегіндегі  толғаныстары  мен  ой-пікірлерін,  газет 

тілшісіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

–  Ортақ  латын  әліпбиіне  көшу  қажеттігін  қоғам  дамуының 

барысы  көрсетіп  отыр.  Осы  жаңа  әліпбиді  қабылдау,  қабылдамау 

жөнінде нақты бір шешімге тоқтала алмай келеміз. Ортақ әліпбиге 

көшу қажеттігі неден туған еді, осы жөнінде әңгімелесеңіз?

–  Ортақ  латын  әліпбиіне  көшу  мәселесі  бұдан  4  жыл  бұрын 

замана  талабына  бай ланысты  жас  тәуелсіз  мемлекеттердің  ұлттық 

жазуын  қалыптастыру  деген  мақсатта  әңгіме  болған  еді.  Осыдан 



448

тура 4 жыл бұрын «Ана тілі» газетінде (1991 ж., 24 қаңтар) «Латын 

әліпбиінің  болашағы  зор»  деп  аталған  мақала  жарияладым.  Менің 

ниетім – латын жазуын қолдау. Сонау Орхан Енисей жазуы, оның ар 

жағында Есік қорғанынан табылған «Алтын киімді адам» жанындағы 

тостағандағы жазудан бастап күні бүгінге шейін біз ру, тайпа ретінде, 

жалпы  түркі  халқы  ретінде  20  шақты  жазуды  бастан  кешірдік. 

Неге? Өйткені әрбір халық басынан дұрыс жазуды қалыптастырып, 

қатып  қалмайды.  Өзінің  тарихи  дамуына,  өлеуметтік,  саяси, 

мәдени  жағдайларға  байланысты  жазу  өзгере  береді.  VІІІ  ғасырда 

Қазақстанның  біраз  жерлерін,  әсіресе  Сыр  бойын  араб  халифаты 

жаулап  алуына  байланысты  араб  жазуы  бізге  зорлап  енгізілген 

болатын. Содан 12 ғасыр бойы (VІІІ-ХХ) біз араб жазуын қолданып 

келдік.


1929  жылы  А.Байтұрсынов  араб  жазуының  үлгісіндегі  қазақ, 

әліпбиінің  жаңаша  жобасын  жасады.  Өйткені  А.Байтұрсыновқа 

дейінгі  көне  жазуды  оқу  қиын  болды.  Мысалы,  орта  ғасырлардағы 

қазақ жерінде туындағанжазба ескерткіштерді арабшабілмегендіктен 

оқи  алмаймыз.  Ахмет  жасаған  жоба  тек  қазақтарға  ғана  емес, 

көршілес қырғыз, өзбек, татар, т.б. халықтар үшін де қолайлы болды. 

Амал нешік, 1926 жылы Бакуде өткен халықаралық түркологтардың 

конгресінде  араб  жазуын  ауыстырып,  латыншаға  көшуге  ұсыныс 

жасалды. Сөйтіп, латын жазуы қабылданатын болды. 1929 жылдан 

бастап  әзірбайжандар  мен  түріктер  сол  жазуға  көшті.  1926-29 

жылдары  біз  араб  жазуын,  1929  жылы  латын  жазуын  қабылдадық. 

Көшу  деген  мәселе  жоғары  жақтан  қойылып  шешілетін  жайт,  оны 

халықтың  өзі  қалап  алған  емес.  1940  жылдан  кейін  кириллицаға 

көштік. Міне, жарты ғасырдан астам уақыт бойы біз кириллицамен 

мәдениетімізді дамытып, тілімізді өсіріп келеміз. Жазудан жазудың 

артықшылығы жоқ, ол оның дұрыс қабылдануына, тұрақтылығына, 

тілдік  ерекшелігіне  байланысты.  Сондықтан  мына  жазу  жаман 

екен  деп  қаралаудың  қажеті  жоқ.  Ал  енді  латын  жазуына  көшудің 

қажеттігі деген мәселе не ге байланысты? Осыған тоқталайын.

Латын  жазуына  көшу  деген  еріккеннің  ермегі,  не  болмаса 

Үкімет  жаңарып  жатыр,  демократия  деген  мақсат  емес.  Өйткені, 

ортақ  әліпбисіз  түркі  дүниесінің  ештеңесін  ғалымдарымыз  бен 

мамандарымыз ғана болмаса, жалпы халық оқи алмайды. Латыншаға 

көшсек  жаңарған  жаңа  дүниеде  жер  жүзіне  шашылып,  бытырап 

жүрген  түркі  халықтары  жазу  арқылы  табысып,  өздерінің  тегі  бір 


449

туыс  екендігін,  тіліміз  бен  дініміздің  ғана  емес,  әдебиетіміз  бен 

мәдениетіміздің, рухани өнердің бір екендігін білер еді.

-  Ортақ  латын  әліпбиінің  34  әріптен  тұратын  моделін 

қабылдаған 1993 жылғы Анкарадағы жиынға қатысқан екенсіз. Осы 

тілі,  діні  бір,  әдебиеті  мен  мәдениеті  өзектес,  сабақтас  жатқан 

түркі халықтарының бірлігіне қалай қарайсыз?

-  Латынға  көшу  деген  мәселені  көтеріп  отырған  Түркия  елі. 

Соңғы  5-10  жылдың  ішінде  латынға  көшу  проблемасын  көтерген 

құрылтай,  конференциялар  жиі  өткізіліп  келеді.  Анкара,  Ыстанбұл, 

Измир, Анталья т.б. қалаларында өткен конференцияларға қатыстым. 

1993  жылғы  Анкара  конференциясына  Түркияның  өзін  қоспағанда 

Әзірбайжан,  Өзбекстан,  Түрікменстан,  Қазақстан,  Қырғызстан 

елдері қатысты. Сол жиында 34 әріптен тұратын модель ұсынылып, 

талқыланды.  Бұл  жоба  1994  жылы  тамыз  айында  Антальяда  өткен 

дүниежүзілік  түркологиялық  құрылтайда  бірауыздан  қабылданды. 

Сол ортақ әліпбиді әрбір халық өзінің тілдік ерекшелігіне бейімдеп, 

сәйкес етіп ала білуі тиіс. Тілдердің дыбыстық, жазу, емле жағынан бір-

біріне ұқсамайтын көптеген ерекшеліктері бар. Осы ерекшеліктерді 

ескеріп,  34  әріпті  пайдалана  отырып  ортақ  әліпби  жасап  шығару 

қажет. Осы принцип бойынша Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан 

қазір латыншаға көшті. Қазақстан мен Қырғызстан көштің соңында 

жүретін әдеті ғой. Бұдан екі жыл бұрын қырғыздар жаңа әліпбиінің 

жобасын дайындап, 26 адамнан тұратын комиссиясын құрып қойды. 

Ал бізде әлі күнге дейін комиссия құрылған жоқ. Бақсақ, қырғыз ағайындар 

аға  деп  бізге  қарайлап  отыр  екен.  Ендігі  максат  белгілі.  Көшу-көшпеу 

мәселесі  Үкімет  тарапынан  шешілуі  тиіс.  Латын  жазуының  болашағы 

зор  дейтін  себебіміз  –  ортақ  жазу  болса  туысқан  халықтарды  оқи  алар 

едік. Бүкіл дүние елдеріне ортақ латын жазуынан шет қалуға болмайды. 

Ол қажеттік дегеннен туатын маселе. Қажеттілік өз алдына, қазіргі алға 

қойған  мақсатымыз  –  тарыдай  бытырап  жүрген  түркі  халықтары  бір-

біріне жақын болса деген ой. Бұл біз үшін жаңа демократиялық дәуірге аяқ 

басуымызда тамаша жаңалық болғанмен кейбіреулерге ол ұнамайды: бұлар 

неге бірігіп жатыр, жазуын неге ортақтастырады деп баяғы империялық 

кеудемсоқтыққа  салып  бізді  тырп  еткізгілері  келмейді.  Тіпті  басқа  ұлт 

өкілдері болса бір сәрі, өз арамызда да қарсы болатындар бар. Сондықтан 

бүкіл  түркі  халықтары  латыншаға  көшуі  тиіс.  Түркі  халықтарына  тән 

фонемалардың  бәрі  латын  алфавитінен  табылады.  Ла тын  жазуының 

болашағы зор, оны бүкіл ел біледі. XXI ғaсыр компьютер дәуірі болады. 


450

Еуразия елдерінің бел ортасындағы түркі халықтарының қатарында қазақ 

жұрты да компьютердің ғажайып табыстарын пайдаланбай тұра алмайды. 

Осындай мақсаттармен кезінде Ресей де, Қытай да латын жазуына көшуге 

талпыныс  жасаған  болатын.  Бүкіл  славян  халықтарының  көпшілігі  осы 

латын  жазуын  пайдаланады.  Сондықтан  өркениетті  елдерге  тән  осынау 

үрдістен біз қашпауымыз керек.

–  Жаңа  әліпбиге  мына  уақытта  көше  аламыз  деп  шамамен  айта 

аламыз  ба?  Нақты  іс-шаралар  бар  ма,  болса  қандай?  Біз  осы  ортақ 

әліпбиге көшуде нендей кедергілерге кездесіп отырмыз?

– Жоқ, айта алмаймыз.

Бұдан  екі  жыл  бұрын  Елбасымыз  Н.Назарбаевтың  атына  жаңа 

алфавитке  көшу  жөніндегі  пікірімді  білдіріп,  28  әріптен  тұратын 

жобамды  көрсетіп  ашық  хат  жазғанмын.  Елбасы  хатымды  оқып 

шығып,  сол  уақыттағы  лауазымды  үкімет  адамдары  Ә.Кекілбаев  пен 

Қ.Сұлтановтарға мәселені қарауды тапсырған екен. Осы арада олардың 

қызметтері ауысып кетті де, әліпби өз жайына қалып қойды. Сонымен, 

күні бүгінге шейін оған қозғау салынбады.

Латын жазуы туралы әңгіме болғанда кейбіреулер Орхан-Енисейді 

алайық  дейді,  кейбіреулер  арабтың  өзі  жақсы  еді  десе,  енді  бірі 

кириллицаны жақтайды. Әрине,латынға көшейік деген пікір басымырақ 

болды. Әлі күнге шейін Үкімет тарапынан ресми қаулы шыққан жок. 

Елба сымыз Нұрсұлтан Әбішұлына Тұркияға барған бір сапарында осы 

ортақ әліпби жөнінде сауал қойылып, «қазақтар латын жазуына көшсе 

дұрыс болар еді, өйткені ортақ әліпбисіз қазақ дүниесін оқи алмаймыз» 

дегенде Нұрекең: «Егер халық қолдап, ғалымдар оны дәлелдеп жатса, 

мен оған қарсы болмаймын» деген болатын. Тіл заңы жөнінде кейінгі 

кезде  өткізген  мәжілістерінің  бірінде  Рес публика  бас  министрінің 

орынбасары  И.Тасмағамбетовтің  латыншаға  көшу  мәселесін  қарау 

үшін  ҚР  Ұлт  саясаты  жөніндегі  мемлекеттік  комитетке  арнайы 

комиссия  құру  туралы  тапсырма  бергенінің  куәгері  болдық.  Жаңа 

әліпбиге жоғарыдан жарлықпен бір жылда, бір күнде өту, дегенді қою 

керек. Оған ең аз дегенде 5 жыл қажет бо лады. Өйткені үлкен қаражат, 

экономикалық  жағдай  ке рек.  Ең  бастысы  тіліміздің  табиғатына 

сай  етіп  әліпбидің  жобасын  дайындап,  емле-ережесін  де  қатар 

шығаруымыз  қажет.  Көшкенде  бірден  көшуге  болмайды,  біртіндеп 

көзді үйретіп барып, оқулықтарымызды жазып дайындықпен көшуіміз 

ләзім.  Газет-журналдардың  кейбір  материалдарын  латын  қарпімен 

жариялап  беру  керек.  Мақаланы  ашынып  жазуымның  себебі  қазақ 



451

интеллигенциясы сөз жүзінде әңгімені көп айтамыз. Жаңа әліпбиге 

көшетін  болсақ  көшейік,  ол  үшін  алдымен  комиссияны  құруымыз 

қажет. Және сол комиссия құрамына кімдер кіреді, соны да ойластыру 

керек. Жалпы тәртіп бойынша құрамда қойшы, жұмысшы болу керек 

емес, оған жаны ашитын көзі қарақты, азаматтық позицияда тұратын 

жұрт болу керек. Латын жазуы қазаққа керек пе, жоқ па деп ашынып 

жазуымның  себебі  сол  еді.  Латыншаға  көшу  айналасы  бір  жылдың 

емес,  4-5  жылда  шешілетін  мәселе.  Ең  бастысы  –  әрбір  тіл  өзінің 

тілдік ерекшелігін ескере отырып, басқа туыс тілдермен санасу керек. 

Кириллицаны  қолданысқа  енгізгенде  әрқайсысы  әріпті,  таңбаны 

өздерінше  жасады.  Қысқасы,  бірімізді  біріміз  түсінбейтін  дәрежеге 

жеткізді.  Бұл  туысқан  халықтарды  бір-біріне  жақындастырмаудың 

тәсілі сияқты болып көрінеді маған.



–  Жаңа  әліпбиге  көшкен  жағдайда  көп  ұлтты  Қазақстан 

халқының жағдайы қалай болады?

–  Иә,  демография  мәселесін  шешпей  тұрып  жаңа  әліпбиге 

көшуде  үлкен  қиыншылықтарға  кездесеміз.  Қазақстанда  7  млн. 

қазақ,  6  млн.  орыс  бар  екен.  Олар  қазақша  сөйлегілері  келмейді. 

Әрине, орыс тілділерді қазақ тілін үйренбедің деп кінәлай алмайсың. 

Әзірбайжан,  Армения,  Өзбекстан,  Қырғызстан,  Түрікменстан, 

Тәжікстандарда  орыс  тілі  проблемасы  жок.  Тіл  проблемасы  болған 

жерде  демографиялық  жағдайлар  басты  себеп  болады.  Бірақ  соны 

жеңіп шығатын күш халықтың өзі болуы керек емес пе? Өз бойымызда 

ұлттық  сезім,  намыс  болмаса,  онда  біз  әлі  жеңе  алмай мыз.  Келер 

ғасырға үлкен үміт артып отырмыз. XXI ғaсыр түркі ғасыры болады 

деп кәміл сенемін.



– Тіл туралы Заңның қабылданғанына да біраз жылдың жүзі болды. 

Тіл проблемасы бүгінде аз көтеріліп жүрген жоқ. Десек те қазақ тіліне 

деген оң көзқарастың, нәтиженің болмауының сыры неде?

–  Бүкіл  өмір  тіршілігіміз  осы  тілге  байланысты  болғандықтан  тіл 

үшін  талмай  күресіп  келеміз.  Тілге  деген  қырсыздықтың  толып  жатқан 

себептері  бар.  Басты  себеп  –  қазақ  халқының  өзіне,  ұлттық  санасының 

жетілуіне бай ланысты дер едім. 1915 жылдары «Қазақ» газетінде жарық 

көрген  М.Дулатовтың  «Сана»  атты  шағын  әңгімесінің  тікелей  көтерген 

мәселесі бүгінгі күнге сай келіп тұр. Ке ше біз қазақ тілінің қажеті жоқ, 

орыс тілін білмеген нан тауып жей алмайды деп санамызды уландырып, 

мәңгүрт  болып  келдік.  Енді  міне  егеменді  ел  болып,  саналы  мемлекет 

болып жатырмыз. Тіліміз мемлекеттік тіл болуы үшін халқымыздың өзі 



452

санасын ояту керек де ген мәселе қойып Қазақ мемлекеттік халықаралық 

қоғамы  ел-жұрт,  ата-аналар  арасында  көп  жұмыстар  жүргізді.  Қазақ 

балабақшалары  мен  мектептері  көптеп  ашылды.  Енді  оянған  сол  сана 

қайта қалғып бара жатқан сияқты. Тіл мәселесімен тұрақты шұғылданып 

келеміз. «Біз ұрлық жасағанда ай жарық болды» дегендей, біздің жағдайға 

экономиканың  қиындығы  тап  келіп  отыр.  Қазір  қазақ  мектептері  қайта 

жабылып жатыр, өйткені онда жағдай жоқ. Дегенмен де «Ауызды қу шөппен 

сүрте  беруге  болмайды»  ғой,  соңғы  4-5  жылдың  жұмысы  біраз  нәтиже 

берді.  Халқымыздың  санасын  бір  оятуын  ояттық,  қайта  қалғыса  өзіне 

байланысты. Экономикалық қиындыққа шыдамдылық танытуымыз керек. 

Бір-ақ талап – бостандық. Сол бостандық бізге келді. Осы бостандықты 

мемлекеттік  рәміздің  бірі  ұлттық  тілді  сақтамасаң  егемен  мемлекет 

болмайды. Бүгінгі ұрпақ ана тілін ұмыта бастады. Өзімізге байланысты 

дейтінім осы. Бастықтар бәрі дұрыс-ақ деп қолдап-қолпаштағанымен соған 

нақтылы  жәрдем  бермейді.  Ал  шет  ел  жұлдыздарын  шақырып,  концерт 

беруге миллиондаған ақша табады. Біздің жұмыс істеуімізге соның оннан 

бірінің өзі жетіп жатыр. Бойымызда ұлттық намыс пен сезіміміз жоғары 

болуы тиіс деп ойлаймын.

– Жаңа бір сөзіңізде барлығы өзімізге байланысты дедіңіз. Сөзбұйдаға 

салып, проблема туындата бермей бұл мәселенің шешімін табуға болмас 

па? Неге батыл қадамдар жасамасқа?

– Бізге ол дәрежеге жетуге әлі ерте, өйткені, орыстың ықпалы әлі де 

күшті.  Ұлттық  сезімнің  ар  жағында  ұлттық  демография  тұру  керек.  Он 

адамның 8-і өзбек, 2-уі орыс болса, әрине өзбектің билігі жүреді. Ал 5-уі 

орыс, 5-уі казақ болса жағдай басқаша қалыптасады. Қазақтың психологиясы 

түрлі-түрлі. Мәселен, Өзбекстан қазақтарының психологиясы бір басқа да, 

Қытай қазақтарының психологиясы екінші түрлі. Біртұтас боламыз деген 

үш  қазақтың  біреуі  сыртта  жүр.  Сондықтан  тарыдай  шашылып  жүрген 

бүкіл қазақтың басын қосып, бір мәмілеге келтіру оңай шаруа емес.

–  Біздің  газетіміз  жайлы  ой-пікіріңіз  қандай,  нендей  мәселелермен 

тереңірек  шұғылданғанын  қалар  едіңіз?  Жалпы  газет  өзінің  бағытын, 

бағдарын айқындай алған ба?

– Латынға көшу идеясын қолдап отырған қырым татарлары, башқұрттар 

мен гагауыздар да жаңа әліпбиге көшетін сыңайы бар. Мен айтып отырған 

латыншаға  өту  проблемасына  байланысты  осылардың  басын  қосатын 

мақалалар газет бетінде жиі жарияланып отырса. Оянудың, жаңғырудың, 

жаңаланудың түркі дүниесіне тән бір мақсаты – латыншаға көшу. Екінші, 

жақындасып бір-бірімізді түсіну үшін ортақ тіл болғаннан кейін оны жілік-


453

жілікке  бөлмей-ақ  бір-бірімізді  тұтас  оқитындай  жағдайды  жасауымыз 

керек.  Ол  үшін  түркі  халықтарының  ғалымдары  жиі-жиі  бас  қосып, 

ақылдасып  кеңесіп  тұруы  тиіс.  Мәселен,  биылғы  басқосу  Қазақстанда 

өтсе, келер  жыл Өзбекстанда өткізілсе деген сияқты. Түркі халықтарының 

бірлігін,  болашағын  ойлайтын  болсақ,  ортақ  әліпбиді  қабылдауымыз 

қажет. Ертеңгі күні комиссия құрылып, қаулы қабылданар болса, бірінші 

кезектегі  мәселе  ақылдасып,  кеңесіп  шешу  болуы  керек.  Ал  «ZAMAN-

ҚАЗАҚСТАН» газетінің бір мақсаты – осындай игілікті істерге мұрындық 

болып, басқосуларға мүмкіншілік жасаса. Латыншаға көшу проблемасына 

жекеайдар  ашылып,  туысқан  халықтар  түркологтарының  мақалалары 

ұйымдастырылып, жүйелі түрде беріліп отырса деген тілегім бар.



Әңгімелескен К.Нақыпова

«ZAMAN-ҚАЗАҚСТАН» 26 қаңтар 1996


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет