Жолақ дене,corpus striatum, өз алдына екі: құйрықты және жасымық- тәрізді ядролардан тұрады. Құйрықты ядроның, nucleus caudatus, басы- caput, денесі - corpus , және құйрығы - cauda, ажыратылады. Оның басы - бүйір қарыншаның алдынғы мүйізінің латералды қабырғасын, денесі - бүйір қарыншаның орталық бөлігінің түбін құраса, құйрығы - бүйір қарыншаның төменгі мүйізінің жоғарғы қабырғасын түзуге қатысады.
Жасымықтәрізді ядро, nucleus lentiformis, құйрықты ядро мен таламустан латералды орналасқан. Бұл ядроның латералды бөлігі - қабығы, putamen, медиалды бөлігі - бозғылт шар, globus pallidus, деп аталады. Олар бір- бірінен ақ зат жолақтарымен бөлініп тұрады.
Құйрықты ядро мен таламус екеуін жасымықтәрізді ядродан бөліп тұратын ақ зат ішкі қапшық,capsula interna, деп аталады.Ішкі қапшық арқылы жоғарылаған және төмендеген өткізгіш (проекциялық) жолдар өтеді.
Шарбақ, claustrum, жасымықтәрізді ядроның сыртында орналасып, одан сыртқы қапшық, capsula externa, арқылы бөлініп тұрады. Шарбақ пен аралшықтың сұр затының арасында еңсыртқы қапшық, capsula extrema, орналасады.
Бадамшатәрізді дене, corpus amygdaloideum, самайлық үлесте, бүйір қарыншаның төменгі (самайлық) мүйізінің алдында орналасқан.
Базалды ядролар экстрапирамидалық жүйеге жатады да, санадан тыс (автоматтық) қозғалыстарды қамтамасыз етеді. Олардан шығатын эфферентті импулстердің негізгі бөлігі қарама - қарсы жақтағы бассүйек және жұлын нервтерінің қозғалтқыш ядроларында аяқталады. Сонымен қатар стриопаллидарлық жүйе жылу және көмірсу алмасуын реттейтін жоғары вегетативтік орталық болып табылады.
Ми сыңарларының ақ заты. Ми сыңарларының ақ заты ассоциативтік, комиссуралық және проекциялық деп аталатын үш түрлі талшықтардан түзіледі.
1. Ассоциативтік нерв талшықтарыбір ми сыңарының әртүрлі бөліктерін (қызметтік орталықтарын) өзара байланыстырып тұрады. Олар көрші орналасқан қатпарлардың қыртыстарын қосатын қысқа және бір – бірінен алыс орналасқан қатпарларды қосатын ұзын ассоциативтік талшықтар (белдеу, cingulum; жоғарғы бойлық буда, fasciculus longitudinalis superior; және т.с.с.) деп екіге бөлінеді.