Мөлдір қалқа табақшасы, lamina septi pellucidi, сүйелді дене мен күмбез бағанасының арасында тартылып тұрады. Бұл табақша бүйір қарыншаның алдыңғы мүйізінің медиалды қабырғасын құрайды. Оң және сол табақшалар бір-бірімен тығыз жанасып мөлдір қалқаны, septum pellucidum, түзеді.
Сүйелді дене жүлгесі, sulcus corporis callosi, сүйелді денені қоршап жатады, бұл жүлге сүйелді дене буылтығын артқы жағынан айналып өтіп, төменге және алдыға жүріп, гиппокамп жүлгесіне, sulcus hippocampi, жалғасады. Сүйелді дене жүлгесінен жоғары және оған параллелді белдеулік жүлге, sulcus cingyli, өтеді, ол артқы жағында екіге: жоғары қарай кететін белдеулік қатпардың жиектік бөлігі, pars marginalis sulci cinguli, мен шекеастылық жүлгеге, sulcus subparietalis, бөлінеді. Белдеулік және сүйелді дене жүлгелерінің аралығында белдеулік қатпар, gyrus cinguli, орналасады.
Белдеулік қатпар артқы жағынан сүйелді дене буылтығын айналып, белдеулік қатпардың қылтасын, isthmus gyri cinguli, түзеді де, мидың төменгі бетінде гиппокампжанындағы қатпарға, gyrus parahippocampalis ,ауысады. Белдеулік қатпар, қылта және гиппокампжағындағы қатпар үшеуі күмбездік қатпарды, gyrus fornicatus, түзеді.
Шеке-шүйделік жүлге, sulcus parietooccipitalis, пен белдеулік жүлгенің жиектік бөлігінің аралығында сынаалды, precuneus, деп аталатын қатпар орналасады. Ми сыңарының медиалды бетіндегі орталықалдындағы қатпардың орталықартындағы қатпарға ауысатын аймағы орталықжанындағы үлесше, lobulus paracentralis, деп аталады
Шүйделік үлестің медиалды бетінде горизонталды бағытта терең топшылық жүлге, sulcus calcarinus, өтеді. Ол шекеастылық жүлгеден басталып, ми сыңарының шүйделік шетінде аяқталды. Ми қыртысының топшылық және шеке-шүйделік жүлгелерімен шектелген бөлігі сына, cuneus, деп аталады. Топшылық жүлгенің астында тілдік қатпар, gyrus lingualis, орналасады.
Достарыңызбен бөлісу: |