Төменгі мүйіздің медиалды қабырғасында гиппокамп орналасады. Оның медиалды жиегінде күмбез аяқшасының жалғасы - гиппокамп шашағы, fimbria hippocampi, жатады. Төменгі мүйіздің жоғарғы және латералды қабырғаларын сүйелді дененің талшықтары құрайды. Төменгі қабырғасында үлкен ми сыңарының төменгі бетінде орналасқан коллатералды жүлгеге сәйкес келетін коллатералды дөңес, eminentia collateralis, жатады.
Бүйір қарыншаның орталық бөлігі мен төменгі мүйізінде өте маңызды қызмет атқаратын: ми – жұлын сұйықтығын бөліп шығаратын бүйір қарыншаның тамырлы өрімі,plexus choroideus ventriculi lateralis, орналасады.
Бүйір қарыншаның артқы мүйізінің медиалды, жоғарғы және латералды қабырғаларын сүйелді дененің жамылғы, tapetum, деп аталатын талшықтары құрайды. Төменгі қабырғасы шүйделік үлестің ақ затынан түзілген. Медиалды қабырғада екі дөңес орналасады, олардың төменгі, үлкендеуі -құс топшысы, calcar avis, деп аталады. Құс топшысы шүйделік үлестің медиалды бетінде орналасқан топшылық жүлгеге сәйкес келеді. Бұл жүлгенің түбінде, жоғарғы және төменгі жақтарында көру анализаторының қыртыстық орталығы орналасады.
31 – сурет. Соңғы мидың бүйір қарыншалары,горизонталды кесіндісі.
1 – мөлдір табақша; 2 – мөлдір табақшаның қуысы; 3 - шекаралық жолақ; 4 - бүйір қарыншаның орталық бөлігі; 5 – күмбез аяқшасы; 6 – күмбез дәнекері; 7 – құс топшысы; 8 – бүйір қарыншаның артқы (шүйделік) мүйізі; 9 – сүйелді дене буылтығы; 10 – гиппокамп; 11 - бүйір қарыншаның төменгі (самайлық) мүйізі; 12 – таламус; 13 – қарыншааралық тесік; 14 – құйрықты ядроның басы; 15 – бүйір қарыншаның алдыңғы (маңдайлық) мүйізі.
Жамылғының ішкі құрылымы Үлкен ми қыртысы, cortex cerebri, жоғары нервтік қызмет іске асатын орталық нерв жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Ол организмнің сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз етеді және ішкі ағзалардың қызметін реттеп отырады.
Үлкен ми қыртысы ми сыңарларының ақ затын жауып тұрады. Адамның үлкен ми қыртысының алаңы орташа 22 000 мм2, қалыңдығы көп бөлігінде 1,3-4,5 мм, тек орталық жанындағы үлесшеде ғана 10 мм-ге жетеді.Қыртыстың 27/1 бөлігін нейрондар, ал қалған 26 бөлігін нейроглия құрайды. Нейрондардың саны орта есеппен 15 млрд. болады.
Ми қыртысын нерв жасушаларының түріне және орналасуына қарай алты табақшаға (қабатқа): І - молекулалық табақша, lamina molecularis; ІІ – сыртқы түйіршікті табақша, lamina granularis externa; ІІІ – сыртқы пирамидалық табақша, lamina pyramidalis externa; ІҮ – ішкі түйіршікті табақша,lamina granularis interna; Ү – ішкі пирамидалық табақша, lamina pyramidalis interna; ҮІ – мултипішінді табақша, lamina multiformis, бөледі.