Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
ОЙЫН, о й ы н т е о р и я с ы – дәлел-дәйегі нәтижесінде емес, процесстің өзінде болатын, қимыл-әрекет түрі. О-ның мәдениет пен оның жекелеген формаларының пайда болуы және жұмыс істеуінің негізі ретіндегі теориясы ХХ ғ. Х. Ортега-и-Гассет, И. Хейзинга, Е. Финк, Г. Гадамер және басқа мәдениеттанушылардың әртүрлі концепцияларынан пайда болды. Голанд ғалымы И. Хейзинга ежелгіден қазіргі кезеңге дейінгі мәдени шығарм.- ты ойын деп қарастырады. Ол Канттан басталып, Шиллер т.б. жалғастырған өнер генезисін спонтанды, ешқандай да мақсаттан тәуелсіз, мүддесі жоқ қызмет ретінде О-нан тарата пайымдау дәстүріне сүйенеді. Мәдени даму барысында қоғам пайда ұғымын меңгерген мәдениеттің еркін рухы жоғалып, ойын элементі екінші қатарға жылжиды. Ортега-и-Гассет көпшілік мәдениетіне негізі – О-ға элитарлық мәдениетті қарсы қояды. Шығарм.-тың еркін рухы, қиял ұшқырлығы, сырттай бақылаушылық шын өнердің О. өлшемдеріне үндес сипаттары. Финк мәдениеттің пайда болуын О-мен байланыстырылады, себебі О. болмаса адам баласы өсімдік тектес болар еді. Адам үшін О. бәрін де қамтитындықтан О. адамды табиғаттан жоғары дәрежеге көтереді де, мәдениет феномені пайда болады. Гадамер тарих пен мәдениетті тіл стихиясындағы ерекше О. ретінде талдады: бұл ретте адам өзі қиялынан тудыратын рольден гөрі басқаша рөлде болады.
ОЙЛАУ – обьективтік дүние ұғым, пікір, теория және т.б. формасында бейнелеудің белсенді процесі; бұл процесс белгілі бір мәселелерді шешумен, шындықты жанама бейнелендіру тәсілдерімен және оларды жалпылаумен байланысты жүзеге асады, айрықша түрде ұйымдасқан материя мидың жоғарғы жемісі. О- дың материалдық филиол. механизмдердерін жоғарғы нерв қызметі физиологиясыз зерттейді. Алайда О. мимен айырғысыз тығыз байланысты болғанымен, оны бүтіндей физиол. аппараттың қызыметімен түсіндіруге болмайды. О. биол. эволюциямен ғана емес, қоғамдық дамумен де байланысты. О. адамдардың өндірістік қызметінің процесінде туады және шындықты жанама жолмен бейнелендіруді қамтамасыз етеді. О. туу ерекшеліктері жағынан да, іске асу тәсілі жағынан да, нәтежиелері бойынша да қоғамдық сипатта болды. Мұның себебі О. адамзат қоғамына ғана тән еңбек және тіл қызметтеріне байланысты өмір сүреді. Сондықтан адам ойы сөйлеумен аса тығыз байланысты жүзеге асып, оның нәтежиелері тілде бейнеленеді. О-ға абстракция, жалпылау, анализ және синтез сияқты процестер, белгілі бір мәселелер қойып, олардың шешілу жолдарын табу, болжамдар идддеялар және т.с.с. ұсыну тән. О. процесінің нәтежиесінде әрдайым белгілі бір ой пада болды. О-ды шындықты жалпылау түрінде бейнелендіру қабілеті адамның жалпы ұғымдар құру қабілетінен көрінеді. Ғыл. ұғымдар құру тиісті заңдарды тұжырымдаумен байланысты. О-ды шындықты жанама жолмен бейнелендіру қабілеті адамның ой қорытынды, логикалық қорытытынды жасауынан, дәлелдеу процесінен көрінеді. Бұл қабілет таным прцесінің мүмкіндігін барынша кеңейтеді. Ол тікелей қабылдауға болатын фактілерді талдауға сүйене отырып, сезім мүшелерінің көмегімен қабылдауға болмайтын құбылыстарды танып білуге мүмкіндік берді. Ұғымдар және олардың жүйелері адамзаттың тәжірибесін (жалпылап) бейнелейді, адамдардың жинақталған білімі және шындықты одан әрі танып білуге негіз болып табылады. Адамның О-ын әртүрлі ғылымдар (жоғарғы нерв қызыметінің физиологиясы, логика, кибернетика, психол., гносеология және т.б.) және түрліше тәсілдермен зерттейді. Тәжірибе зертеулердің ішінде соңғы кезде түрліше кибернетикалық құралдардың көмегімен ойлауды модельдеу формасында зерттеу тәсілдерінің рөлі артып отыр. Әрбір жеке адамның өмірінде ойлау таза ақал ой процесі түрінде өмір сүрмейді, ол басқа психикалық процестермен айырғысыз байланысты болады, яғни адамның тұтас санасынан тәуелсіз өмір сүрмейді.
ОНТОЛОГИЯ (гр. ontos және logos– ілім, сөз). Көне дәуір және жаңа философияда жалпы болмыс, оның жеке түрлеріне тәуелсіз нағыз болмыс туралы ілім – О., яғни «бірінші философия» деп түсініледі. Бұл мағынасында О. болмыстың жалпылы анықтамаларының жүйесі – метафизикаға барабар. Орта ғасырларда католиктик философтар Аристотельдің метафиз. туралы идеясын дін ақиқаттарына филос. дәлел болатын болмыс туралы ілім жасау үшін пайдалануға тырысты. Бұл әрекеттер Фома Аквинскийдің филос. теол. жүйесінде толық көрінді. Жаңа Заманда (ХVІ ғ.) О. метафизиканың ерекше бөлімі, бүкіл тіршілік иесінің сезімнен тыс, материалдық емес құрылымы туралы ілім деп ұйғарыла бастады. «О.» терминін алғаш қолданған нем. фил. Р. Роклениус болды (1613). Мұндай О. идеясы толыққанды көрініске Вольфтің философиясында тапты. Бұл философия жеке ғылымдар мазмұнымен байланысын мүлдем жоғалтып, О-ны көбінесе оның түсінік ұғымдарына (болмыс, мүмкіндік пен шындық, сан мен сапа, субстанция және акциденция, себеп және іс әрекет және т.б.) абстрактілік дедукциялық және грамматикалық талдау жасау жолымен құрды. Гоббстің, Спинозаның, Локктың, ХVІІІ ғ. фр. материалистерінің ілімдеріне қарама-қарсы тенденция орын алды. Өйткені тәжірбиелік ғылымдардың деректеріне сүйенген бұл ілімдердің оң мазмұны жоғары дәрежелі филос. пән ретіндегі, гнесеология мен логикадан оқшауланған «бірінші философия» ретіндегі О. идеясын обьективті түрде бұзды. классикалық нем. философиясының өкілдерінің (Кант, Гегель және т.б.) О-ны сынауы екі ұшты болды; бір жағынан, О. мазмұнсыз және тавтологиялық ұғым деп жариялады, екінші жағынан – бұл сын жаңа, неғұрлым жетілген О. (метафизика) жасауды оны трансценденталдық идеализммен (Кант, Шеллинг), логикамен (Гегель) алмастыруды талап етумен аяқталып отырды, логика мен таным теориясы идеясын болжап білді және осы арқылы ой қорытып, философия шеңберінен дүниені шын мәнінде дұрыс тануға шығу жолын көрсетті.
ОПТИМИЗМ ЖӘНЕ ПЕССИМИЗМ (лат. Optimus – ең жақсы , pessimus – ең жаман ), – оқиғалар барысында екі түрлі қарама-қарсы көзқарастар: О. – жарқын болашаққа, қайырымдылықтың зұлымдықты, әділеттіліктің әділетсіздікті жеңетініне сенімділік. Оқиғалар барысы жамандыққа ғана апарады дейтін көзқарастардан, үмітсіздік билеген көңіл-күйден, жақсылық пен әділеттілік салтанатына сенбеушіліктен П. байқалады. Филос. тарихында ойшылдар О-стік дүниетанымды әрқилы уағыздаған: мыс., ерте дәуірде Аристотель, Эпикур, ал жаңа дәуірде – Лейбниц. Лейбництің айтуынша, қазіргі дүние мүмкін болған дүниелердің ішіндегі ең дұрысы. Лейбництің шексіз О-мі түбінде өмірдегі зұлымдықты, бақытсыздықты қайғы-қасіретті ақтап шығады. П-нің негізін салушылар неміс философ иррационалистері Шопенгауэр. Э. Гартман және итальян ақыны Дж. Леонарди П. заманы өтіп бара жатқан таптарға, мыс., қазіргі заманғы буржуазияға тән көзқарас. О. мен П-ді сыңар жақтылықтан, зұлымдықтан қашып құтылуға болмайды, бірақ дүниені адам әрекеті арқылы жақсартуға болады деп есептейтін мелиоризм (лат. Melor жақсы) өкілдері құтқаруға тырысты. Бұл сөз атауын ХІХ ғ. ағылшын жазушысы Дж. Элиот және француз философы Дж. Селли енгізген. Мелиоризмді жақтаушылар дүниені адамның жеке басын жетілдіру, білім арқылы ғана жақсартуға болады дейді.
ОРТЕГА-и-ГАССЕТ Хосе (1883 – 1955) – испан философы, мәдениеттанушы. О.-и-Г-тің мәдениет философиясы «идеялар мен сенімдер» туралы іліміне негізделеді және бұл оның философия тарихының өзегін құрайды. Идеялардың бүкіл жүйесі құтылу беймүмкін сыртқы әсерге қарсы қимыл деңгейіне көтерілген идеялар өз кезеңінде ойлау деңгейінде қабылданады, немесе қабылданбайды. Әлеум. өмірдің және кез келген мәдениеттің өзегін танытатын нанымдар жекелік және ұжымдық болады. Тарихи дағдарыс дәстүрлі сенім-нанымдардың құлдырау кезеңінде болады. Шектен тыс ритуалданған, өлі мәдениет адамға өмірде бағдар бола алмайды; ол идеялар мен нормалардан адам сенімін жоғалтады. Жаңа идеялар мен сенімдер іздеу дағдарысты кезеңдерді әртүрлі теориялармен, философиялық доктриналармен, дінбұзарлықпен толтырады, сонымен қоса көпшіліктің «варварлануы» келеді. Тарихтың әрбір шешуші сәттерінде саяси сахнада осы варварларға жетекші болатын «Әрекет адамы» табылады. «Көпшілік көтерілісі» еңбегінде ол саяси қозғалыстарды – фашизм, коммунизм – «көпшілік қоғамның» және «көпшілік адамының» пайда болуымен байланыстырады. Сонымен қатар ол «Өнердің адамгершіліксізденуі» еңбегінде ол қазіргі мәдениеттің дағдарысының әр қырын және «көпшілік мәдениетінің» пайда болуын қарастырады. Ол үшін еуропалық контекстегі испан ойы, философияның болуы анықталмаған, мәселе болды. Испандық болмыстың өзін драмалық деп қарастырады. Оның ұлттық дүниетаным ерекшеліктерінен бастап ірі ақындар мен суретшілердің портреттеріне дейінгі маңызды тақырыптарды қамтитын эсселері испан мәдени өміріне арналған. Испандық жағдайлар мен еуропалық таным тоғысында ортегиандық философиялық метафора пайда болды.
Шығ.: Философия деген не? (1991). Өнердің адамгершіліксізденуі және басқа жұмыстары. (1991). Испания туралы этюдтар. (1994).
ОРХОН- ЕНИСЕЙ ЖАЗБАЛАРЫ – жазба ескерткіштері V-X ғғ. түркі тайпаларының жоғары мәдениетінің үлгісі болып табылады. Осы жазулардың сыры мәлім болғанға дейін түркі тайпаларының жазу, сызуы болмаған деп есептелді. Ал бұл тастар олардың жоғары биік мәдениеті, жазуы, күрделі де жүйелі салт-дәстүрі болғанын айғақтайды. Орхон-Енисей жазбалары оны қалдырған VI ғ. түркі тайпаларының тарихи-мәдени сабақтастығын, тарихи жадының халық санасында терең тамыр жайғанын көрсетіп, Тоныкөк пен Күлтегіннің, Білге Бумын мен Істеме қағандардың халық қамын ойлаған толғаулары мен жан кешті батырлығын, өсиет сөздерін тасқа қашап жазғандар оны келешекке үлгі етеді. О-Е. ескерткіштерінің зерттелу тарихы XVII ғ. 2-ші жартысынан басталды. Ең алғаш рет 1662 жылы О-Е. жазуы жөнінде хабар берген адам – Амстердам қаласының бургjмистрі Н. Витзен. Ескерткіштер үлгілерінің алғаш жарық көруі Сібірде 13 жыл айдауда болған швед офицері Стралленбергтің атымен тығыз байланысты. 1889 жылы Н.М. Ядринцев бастаған экспедиция Моңғолиядағы Орхон өзенінің бойынан үлкен екі ескерткіш тауып, бірі – Күлтегінге, екіншісі – Білге қағанға арналғанын айтады. 1893 ж. 15 желтоқсанда дат ғалымы В. Томсен оқып, түркі халықтарының төл ескерткіші екенін дәлелдейді. 1894 жылы В.В. Радлов О-Е. жазбаларын орыс тіліне аударады. Ескерткіштердің тарихи-мәдени, саяси-әлеуметтік мәнін зерттеуге С.Е. Малов, П.М. Мелиоранский, В.В. Бартольд, Н.Ф. Катанов сияқты Ресей ғалымдары үлкен үлес қосты. Әдебиет: Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті. А., 1991. Ә. Қоңыратбаев., Т. Қоңыратбаев. Көне мәдениет жазбалары. А.,1991. Малов С.Е. Памятники древнетюркской писменности. М.-Л.,1951. Иоллығ Тегін. Күлтегін. А., 1986. Кляшторный Г.С. Древнетюркские рунические памятники как источник по истории Средней Азии. М.-Л., 1964.
ОрынбековМұқанмадияр Серікбекұлы( 28.07.1946 – 23.02.2006) –қазақстандық философиялық ғылымның дарынды өкілі О. философия ғылымының, әсіресе қазақ философиясы тарихын зерттеуде өзіндік із қалдырған дарабоз ғалым, сұңғыла зерттеуші. Оның шығармашылық ізденістері философия және дінтану ғылымдарының өзекті мәселелерін қамтиды. М. Ломоносов атындағы ММУ-ді бітірген соң ғылым мен білім беру жүйесіндегі еңбек жолын Қазақ ССР Ғылым Академиясының Философия және құқық институтында ғылыми қызметкер болып бастады. КСРО Ғылым Академиясының аспирантурасында оқып жүрген кезінде табиғаттан берілген дарыны мен ізденімпаздығы, ғылымға құштарлығы айқын көріне бастады. 1967 жылдан бастап ол философия ғылымының өзекті мәселелерімен жүйелі түрде айналыса бастады. 1988 жылы «Ғылыми таным деңгейлері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Еңбек жолын ғылыми қызметкер ретінде бастаған ол аға ғылыми қызметкер, 1991 – 1995 жж. ҰҒА Қазақ философиясы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін жаупкершілікпен атқарды. Қазақ философиясы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған кезде жаңадан қолға алына бастаған ұлттық философияны зерттеудің негізгі бағыттарын айқындауға қатысты мақалаларында қазақи ой-сананы зерттеудің бүгіні мен болашағы туралы ой пайымдады. Оның ұйымдастырушы және жетекші ретіндегі қыры қазақ философиясы тарихын Тәуелсіздік кезеңіндегі философиялық ғылымға қойылатын талаптармен үндесіп жатты. Қазақ ұлттық университетінің философия және ғылым әдістемесі кафедрасын басқарған кезінде 1995 – 2005 жж. оның ұйымдастырушылық қабілеті жаң қырынан көріне бастады. Еңбектері: Предфилософия протоказахов. – А., 1994.; Философские воззрение Абая. – А., 1995; Проблема субстанции в философии и науке. – А., 1972; Ежелгі қазақтың дүниетанымы. -– А., 1996; История философской и общественной мысли Казахстана. – А., 1997; Верования древнего Казахстана. – А., 1997; Духовные основы консолидации казахов. – А., 2001; Қазақ сенімдерінің бастаулары. – А., 2002; Генезис религиозности в Казахстане. – А., 2005.
ӨНЕРДЕГІ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ – эстетика тарихында өнердің түрлерін жүйелеп беретін ұғым. Кеңістіктік өнер, онда қозғалыс көп көрініс таппайды (архитектура, скульптура, живопись, графика), уақыттық өнер (музыка, балет, драма, пантомима т.б.) деп жүйеленген. Алайда, жүйелеудің бұл түрін барлық мамандар қабылдамады. Қазіргі эстетика мен өнерде кеңістіктік және уақыттық түр деп тануды қайта қарастыру керектігін айтады. Ал, жалпы өнердегі кеңістік пен уақыт қашанда өз мәнін жоймайды.
ӨРКЕНИЕТ (лат. сіvіles – азаматтық) – тарих, антропология, мәдениеттануда кеңінен қолданылатын ұғым. Ө. ұғымы антикалық қоғамның жабайы ортадан сапалық ерекшелігінің анықтамасы ретінде сонау көне дәуірде пайда болды. XІX ғ. Ағарту дәуірінде әлеуметтік мәдени дамудың ең биік сипаттамасы ретінде қолданылады. XX ғ. О. Шпенглер мен А. Тойнби еңбектерінде бұл термин анық көрінген ерекшелігі бар жергілікті қауымдастық мағынасы, яғни «тарихи Ө-тер» (Қытай, Вавилон,Түркі, Мұсылман, орта ғасыр т.б.). Алайда Ө-ті классификациялаудың бірегей өлшемдері мен ұстанымдары әлі күнге дейін жасалған жоқ. Соңғы кездері Ө-ті бір аймақта тұратын халықтардың тарихи тағдырластығы, олардың арасындағы ұзақ та тығыз мәдени байланыс нәтижесінде әлеуметтік ұйымдасуы мен реттелудің – заңдық және саяси жүйелерде, шаруашылық түрлері формаларында, дін, философия, ғылым, білім жүйесі, көркем шығарм.-та – этносаралық жергілікті қауымдастық деген анықтама кеңінен тарап отыр. Ө. категориясы мәдени типтерді зерттеу немесе мәдени-тарихи типологияны жасауда қолданылады. Сондай-ақ Ө. типтерін: шығыстық және батыстық деп бөледі, «глобальды Ө.» және «техногендік Ө.» ұғымдары жұмыс істейді. Мәдениеттанушылар Ө-ті «мәдениет» ұғымын салыстыра қарастырады.
ӨЗІНДІК САНА – адамның өзін-өзі обьективті дүниеден бөлуі, өзінің дүниемен қатынасын, өзінің істерін, әрекеттерін, ойлары мен сезімдерін, тілектері мен мүдделерін, өзін тұлға деп ұғынуға және бағалауы. Хайуан өзінің тіршілік қареткетіне сай табиғат пен тікелей араласады. Адам болса табиғатпен қоғамдық практиканы еңбек құралдарын араға салып қатынасады. Ол табиғатпен тікелей байланыстан еңбектің арқасында бөлінеді, еңбек процесінде мақсаттары мен міндеттерінің табиғи материалмен ара-қатынасын анықтайды және өзінің мүмкіндіктерімен де санасып отырады. Табиғатты өзгерту барысында адамның өзі де өзгереді. Еңбек процесінде өнім өндіре отырып, адам қызметінің жемісінен өз ісін көреді. Адам басқаға өзі сияқты адам деп қарағанда ғана, өзін нақты тарихи жүйеге жататын адам ретінде ұғына бастайды. Ө.с. ның қалыптасуында тіл маңызды рол атқарады. Ө.с. адамның мәд. тарихи субьект ретіндегі даму дәрежесіне сай көрінетін болады. Ең алдымен адам өзін обьектіден айырады, ал өзін субьект ретінде және қызметінің обьектісін заттармен практикалық істестік процесінде ғана ұғынады. Одан кейін Ө.с. рулық, ұжымдық түрде көрінеді: адам рудың аясында болады да, ру адамға тән мәнді қасиеттерді қорғайды, сақтайды. Тегінде жеке адамның Ө.с. рулық құрылыстың жойылуынан, өркениеттің пайда болуынан және жекелеген адамның оңашалануынан басталады. Ө.с. философия тарихында жеңімпаз принципі рөлін атқарады да, көбінесе адамның практикалық қызметін ұғыну осы принциппен шектеледі (Фихте, Гегель, жас гегельшілер). Сонымен бірге Ө.с. обьективтік дүниенің өзін жасайтын бастама ретінде қарастырылады. Ал шынында Ө.с. жасампаз принцип ретінде, негізінен алғанда адамның практикалық қоғамдық өндірістік қызыметінің нәтежиесі ретінде ғана ұғынуға болады.
ӨЛІМ – организм тіршілігінің болмай қоймайтын тежелуі, жанды тіршілік иесінің өмір сүруінің қашып құтылмайтын табиғи ақыры. Диалектикалық матерализм тұрғысынан өлім өмірдің қажеті және елеулі сәт. Адам үшін Ө. табиғи феномен ретінде ғана келмейді, сонымен қатар қоғамдық қатынастардың күрделі контекстіне енетін әлеуметтік және адамгершілік құбылыс ретінде де келеді. Адамзат қоғамы дамуының ерте кезеңінің өзінде-ақ өлген адаммен не істеудің формасын да, өлген адамның денесін жерлеу әдісін де реттеп отыратын әлеумет. нормалар қалыптасқан. Сонымен бірге өлімнің мағынасын, өлілер мен тірілердің байланысын мифологиялық формада ұғыну жасалған. Адам тіршілігінің мейлінше жалпылама мәселелерін рационалды түрде (мифологиялық түріндегіге қарама- қарсы) ой-елегінен өткізудің формасы ретінде ежелгі философияның дамуы Ө. түсігіне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Бір ғажабы, жанның, о дүниелік және басқаларының болуы туралы кейде қарама-қарсы келіп жататын пікірлер бір ғана мақсатқа – адамды Ө. фактісіне парасатты түрде көндіру үшін пайдаланады. Христиан дінінде о дүниелік өмірге сену (тірілу) адамды Ө. үрейінен белгілі бір дәрежеде құтқарып, оның орнына тірі кезінде жасаған күнәлары үшін жаза тартудан қорқуды қояды. Стоик философтардың memente meri (лат. – Ө-ді жадыңнан шығарма) деген ұраннан қазіргі дүниеде де ықпалы кемімей отырған христиан этикасы көнбістік пен шыдамдылыққа шақыру ретінде пайдаланады. Ө. мәселесін обьективтік түсінудің негізінде адамның индивид және тұлға ретіндегі әлеум. мәні, оның қоғам мен және жалпы адамзатпен байланысы туралы түсінік жатыр. Адамның тіршілік етуіндегі және идивидуалдық жағындағы қарама қарсылықтардың бірлігі мен күресін диалект. тұрғыдан түсіну ерекше маңызды. Ө. алдындағы шарасыздық, түңілушілік (сонымен бірге адамның жауапсыздығы) идеяларын шынайы гуманистік дүниетаным негізінде ғана толық жоюға болады, бұл дүниетаным Ө- нің ғыл. түсінігін де, оған рухани баға беруді де қамтиды.
ӨМІР – жеке дара биол. Организмдер мен олардың жиынтықтарында (популяцияларда, түрлерде, және т.б.) іске асырылады. Әрбір организм өздігінен ұйымдасатын ашық жүйе болып табылады, ол жүйеде зат алмасу, өсу, даму және көбею процестерінің болуы тән. Ө-дің шыққан тегі мен мәні туралы биологтар мен философтар ұсынған бірқатар концепциялар белгілі. Линней (организмдерді құдайдың бір рет жарататынын мойындады) мен Кювье («катаклизмдердің» нәтежиесінде бұрынғы Ө. формасы жойылғаннан кейін неғұрлым жетілген Ө. формалары пайда болуының қайталанып отыратын актілерін мойындады) креационизм тұрғысынан көрінеді. Аристотельдің энтелехия туралы іліміне қарай өрлей түсетін витализм өмір процесін материалдық емес «өмірлік күштің» (нем. Филосф. Г. Дриш), «Ө-лік шабыттың» (Бергсон) ықпалымен түсіндіруге тырысты; эмердженттік эволюция мен холизмнің өкілдері де осыған ұқсас идеялар айтты. С. Аррениус Ө. ұрығының Жерге ғарыштан әкелінуі туралы болжам айтты. К. Бэр тірі және өлі материяның ежелден қапталдаса Ө. сүріп келе жатқаны туралы туралы концепция жасады. А.И. Опарин ұсынған теорияда бастапқыда белок тәріздес кешенді колллоидтық жүйелер – коацерваттар, ал содан соң алғашқы жанды денелер түзілген деп жорамалданды. Қазіргі ғылым деректеріне сәйкес, абиотикалық жолмен пайда болған амин қышқылдарының қосылысы нәтежиесінде де екі түрлі басқаратын және басқарылатын (клетканың ядролары мен цитоплазмалар) кіші жүйеден тұратын материалдық жүйе түзілген. Клетканың ядросында нуклеиндік ДНК қышқылының молекулалары болады, олардың әрқайсысы атомдардың екі тізбегінен тұрады, ал атомдар ақпараттық (генетикалық) код альфавитін құрайтын, бір-бірімен сабақтас төрт негіз арқылы байланысты, бұл негіздердің орналасу реті организм тіршілігінің барлық процестерінің дәйектілігін анықтайды.