Түйін
Мақала қазақ халқының ұлы перзенті, қазақтардың, Орталық Азия мен Синьцзян халықтарының тари-хы,
филологиясы, мәдениетін зерттеуші Ш.Ш. Уәлихановтың қызметіне арналған.
Автор қытай ғалымдарының Ш.Ш. Уәлихановтың жеке тұлғасы мен шығармашылық қызметіне байла-
нысты зерттеу еңбектеріне талдау жасайды. Автордың пікірінше, болашақта тарихнама мен Синьцзян және
Қазақстан халықтары тарихының жекелеген кезеңдері бойынша қытай ғалымдарымен бірлескен жобалар
жасауға болады.
Summary
The article is devoted to Shokan Ualikhanov, a great son of Kazakh nation, researcher of Kazakh and Xinjiang
history, philology and culture.
The author is looking at the Chinese scholars’ attitude towards Shokan Ualikhanov. According to the author, in the
long run it is possible to conduct mutual projects with Chinese scholars on historiography and history of Xinjiang and
Kazakhstan at certain periods of time.
Х.М. ӘДІЛГЕРЕЕВ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ ЖӘНЕ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Ғ.Қ. Кенжебаев – тарих факультетінің деканы, тар.ғыл.д., Абай атындағы ҚазҰПУ,
Н.Б. Манкеев – Абай атындағы ҚазҰПУ 1-курс магистранты
Өркендеудің бірден-бір жолы білім деп білген аға ұрпақтың арқасында негізі қаланған
Абай атындағы ҚазПИ-дың іргелі құрылымдарының бірі Тарих факультеті. Ұжым алғаш
құрылған кез-ден бастап күні бүгінге дейін басынан қилы кезеңдерді өткізе отырып, қоғам
өмірінің барлық салалары үшін тарихшы мамандар даярлауда үлкен істерді атқарып келеді.
Факультет қабырға-сынан отандық тарих ғылымында өзіндік орны бар көптеген азаматтар
түлеп ұшса, көрнекті тарихшы ретінде елімізге кеңінен танылған, жоғары мектеп ісін
ұйымдастыруға зор үлес қоса білген тарихи тұлғалар да жетерлік. Кез келген өркениетті елде
өзінің қоғамдық қызметімен тарихта терең із қалдырған жеке тұлғалардың шығармаларын
дәріптеп, есімдерін жаңғырту бүгінгі ұрпақтың аға буын алдында атқарылар игі істердің бірі
болып саналмақ. Осындай жас ұрпақ үлгі тұтар, ісі мен сөзі, кісілігі мен кішілігі жарасқан
тарихшы-ғалымдардың бірі әрі біреге-йі Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев болатын.
1928 жылы қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы (бүгінгі Абай атындағы ҚазҰПУ)
алғаш құрылғаннан бері жүргізіліп келе жатқан тарихи білім беру ісі 1934 жылы 1
қыркүйекте тұңғыш ашылған «тарих-география» факультетінде өз жалғасын тапты. [1] Жаңа
құрылған тарихи білім ордасына 1934 жылы 22 қыркүйекте тұңғыш декан болып
тағайындалған қоғам қайраткері, про-фессор Санжар Асфендияровтан кейін, 1934 жылы 17
қазанда факультет басқару тізгінін қо-лына алысымен тарихи білім беру ісіне ұйытқы
бола жүріп, тарих факультетін аяғынан тік тұрғызған көрнекті тұлға – Халел
Мұхамеджанұлы Әділгереев болатын. [2] Х.М. Әділгереев 1934-1939 жылдары тарих
факультетінде декан болумен қатар, 1937 жылы 1 желтоқсанда құрылған «КСРО тарихы»
кафедрасына алғаш меңгеруші болып тағайындалып (бұйрық №1-278, 01.12.1937), тарих
факультетімен қоса «КСРО тарихы» кафедрасын да қатар басқарды. [3] Біле білсек, Х.М.
Әділгереев қазақ тарихы бойынша «ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ қоғамында төлеңгіттердің
пайда болуы және әлеуметтік рөлі» тақырыбында кандидаттық диссертация жазып, оны 1939
жылы 27 қазанда Мәскеудің Н.Г. Чернышевский атындағы Тарих, философия және әдебиет
институты-ның Ғылыми Кеңесінде сәтті қорғаған қазақтан шыққан тұңғыш тарих
ғылымының кандида-ты (диплом МИТ №00634 Мәскеу, 27.04.1940). [4] Оның ұстаздық
қызметі барысында Абай атын-дағы Қазақ педагогика институтында өмірінің соңына дейін
тарихи білім беру ісінде лекторлық шеберлікпен танылып, ғылыми кадрлар даярлау жолында
академик Ақай Нүсіпбеков, тарих ғылы-мының докторы, профессорлар Тәжен Елеуов, Ғазиз
Әбішев және Нығметолла Киікбаев тәрізді болашақ қазақ тарихының білгірлерін жетелеп,
ғылым кеңістігіне шығара білудегі еңбегі зор. Демек, қазақтың тарих ғылымы мен тарихи
білім ордасы Х.М. Әділгереевке «қарыздар» десек, артық айтпаған болар едік.
Сондай-ақ, Х.М. Әділгереевтің республика өміріндегі қиын да қарбалас кезең басталған
1941-1942 жылдары Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдік
институтында директор болғаны және сол кездегі халық ағарту саласының қиын міндеттерін
асқан жауапкерші-лікпен орындап, Қазақстанда педагогикалық білім беру мен мұғалім
кадрлар даярлау ісіне зор еңбек сіңіргені бүгінде ешбір айтылмастан көлеңкелі күйде қалып
келеді. Соғыс басталысымен институтта бар болғаны бір жыл директор болса да қыруар
жұмыс атқарып, артынша өз еркімен сұранып майданға аттанған асыл азаматтың қажырлы
еңбегін өз замандастары мен бүгінгі ұрпақ бағалай білдік пе? Жасыратыны жоқ, Х.М.
Әділгереевтің институтта директор болғаны қайсыбір тараптан әлі де болса күмәнмен
қаралып келеді. Олай болса, ардақты тұлғаның директорлық қыз-метіне қатысты күмәнді
сұрақтардың шешімін тауып, нақты дәлелдермен ақиқатын айту мақса-тында мұрағат
деректерін сөйлетер болсақ, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының кандидаты,
доцент Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік
педагогтік институтына директор болып 1941 жылы 14 ақпанда тағайындалған
(бұйрық №1-45) екен. Х.М. Әділгереев директорлық қызметті ең алдымен институттың оқу-
өндірістік құжаттары мен материалдық-техникалық базасын іс-құжат жүзінде қабылдап
алудан бастады. Сондағы мәліметтерге қарағанда, институттағы 5 факультет бойынша
барлығы 408 студент білім алып, институт жанындағы педагогикалық факультеттің мектеп
бөліміндегі кешкі тобында 21 студент, неміс тілі бойынша 2 жылдық мұғалімдер курсында
29 студент оқыған екен. Сондай-ақ, институт аспирантурасындағы барлық 24 аспиранттың
ішінде 14 қазақ ұлтының өкілі ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысса, институт
ұстаздарының жалпы саны 90 адамды құрағаны байқа-лады. Дәл сол уақытта республика
жоғары оқу орындарын бір жүйеге келтіру мақсатында қар-қынды шаралар жүргізіліп
жатқан болатын. Осыған байланысты, 1941 жылы 7 наурызда Алматы Мемлекеттік
педагогтік институты мен оның жанындағы Мұғалімдер институты өзара бірігіп, Абай
атындағы «Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдік институт» деген атаумен қай-та
құрылды. Ендігі жерде, екі институттың өзара бірігуіне сәйкес факультеттер мен кафедралар
жүйесі кеңейіп, оқытушылар құрамы Мұғалімдер институтынан келген ұстаздармен
толықты. [5]
Х.М. Әділгереев директорлық қызметке кіріскен алғашқы қадамда атқарылған игі
істің бірі 1928-1931 жылдардағы институт тарихына қатысты іс-құжаттардың алғаш
рет жинақ-талып Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік мұрағатына өткізілуі еді.
Дәлірек
айтсақ, директор Х.М. Әділгереев 1941 жылы 27 наурызда осы мәселеге байланысты арнайы
бұйрық (№1-82) шығарды. Бұйрық негізінде институттың барлық іс жүргізушілеріне әрбір
құжаттың жазылуына аса мұқият қарап, құжаттарды қолжазба күйінде емес, арнайы жазу
машинкасымен басып тіркеу міндеті жүктелген. Сондай-ақ, институт іс басқарушысы А.Я.
Шестаковқа 1928-1931 жылдардағы институт тарихына қатысты құжаттарды түгелдей
жинақтап, Орталық Мемлекеттік мұрағатқа өткізу ісіне мұрағат қызметкерлері мен іс
жүргізушілерді жаппай жұмылдыру ісін жауапкерші-лікпен ұйымдастыру тапсырылды.
Институт мұрағатының қызметкері Г.Сафароваға 1 мамырдан бастап 1932-1940 жылдардағы
институт қызметіне қатысты мұрағат құжаттарын түгелдей өңдеу-ден өткізіп, талапқа сай
жинақтау міндеті жүктелген болатын. Ал, мұрағат құжаттарын сақтауға қолайлы бөлмені
қарастырып, техникалық жабдықтау міндетін өзінің әкімшілік-шаруашылық іс жөніндегі
көмекшісі С.Н. Вербицскийге тапсырған екен. Нәтижесінде, факультет декандары мен
барлық бөлім жетекшілері соңғы жылдардағы іс-құжаттарды даярлап институт мұрағатына
өткізу жұмысына белсене кірісті.
Осылайша, мұрағат ісін жетілдіру және болашақ ұрпақ
еншісіне қалар тарихи құжаттарды түгелдей жинақтап мұрағат қойнауына өткізу бағытында
атқарылған істерден асыл азаматтың бойындағы ғылыми ізденіске деген шынайы құрмет пен
нағыз ғалымға лайық абзал қасиеттің жоғары деңгейде болғанын байқаймыз.
1941 жылы республика халық ағарту саласында үлкен өзгеріс болып, латын
әліпбиінен орыс графикасы негізінде бүгінгі таңда қолданылып келе жатқан
кириллица әліпбиіне көшу басталды. Осыған байланысты шыққан Қазақ КСР Оқу Халық
комиссариатының жаңа әліпбиге көшу туралы қаулысын іске асыру мақсатында 1941 жылы
19 наурызда директор Халел Әділгереевтің №1-74 бұйрығы негізінде институтта ауқымды
шаралар жүргізіле бастады. Атап айтсақ, 24 наурыздан бастап оқу үрдісіне 20 сағат
көлемінде «Жаңа қазақ әліпбиі» атты жаңа курс енгізіліп, дүйсенбі, сәрсенбі және жұма
күндері барлық институт ұстаздары, шаруашылық қызметкерлері мен студенттер арасындағы
қазақ ұлтының өкілдеріне кириллицаны үйрету бас-талды. Десек те, кеңестік саясат негізінде
жүргізілген мұндай әрекеттер институтта орыс тілін оқытудың мәртебесін жоғары көтеріп,
кейіннен барлық мамандықтар бойынша өзара бөлінген қазақ және орыс факультеттерінің
құрылып жеке-дара жұмыс жүргізуіне тікелей ықпал етті.
1941 жылы 7 сәуірде Қазақ КСР Оқу Халық комиссары Төлеген Тәжібаев «Жоғары оқу
орын-дарына студенттер қабылдаудың дайындық жұмыстары туралы» №20 қаулы
қабылдады. Қау-лы бойынша, республика халық ағарту саласын білікті мұғалім кадрлармен
қамтамасыз етіп, педагогикалық білім беру ісін жетілдіруде еліміздегі педагогикалық жоғары
оқу орындарының рөлін арттыру және бұл іске барлық білім басқармалары, институт және
орта мектеп директорла-ры мен халық ағарту ісінің үздік ұстаздарын жұмылдыру мақсаты
көзделді. Осыған байланысты, Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және
мұғалімдік институтының республика орта мектептерімен өзара байланысы күшейтіліп,
мектеп бітіруші түлектерді мұғалімдік маман-дыққа оқуға тарту шаралары қарқынды түрде
жүргізіле бастады. Осы орайда, ағарту саласына еңбек сіңірген озат ұстаздардың өмір жолы
мен шығармашылық қызметі жөнінде республикалық баспасөз беттері мен радиодан арнайы
сұхбаттар берілген екен. Сондай-ақ, республика орта мек-тептерін бітіруші түлектерді
институттың оқуға қабылдау ережелері мен емтихан талаптарынан кең мағлұмат беретін
анықтама-концультациялық жұмыстарды жүргізу мақсатында профессор-оқытушылар
құрамынан тиісті кезекшілік ұйымдастырылды.
Алайда, кеңес-герман соғысының басталуы институт өміріне күтпеген өзгеріс енгізді.
Соғыс басталысымен бірқатар институт ұстаздары мен аспиранттар, шаруашылық
қызметкерлері май-данға аттанған болатын. 1941 жылы 3 шілдеде КСРО Халық Комиссарлар
Кеңесінің «Әскери әуе шабуылы қорғанысына жалпыға бірдей міндетті дайындық
туралы» қаулысының мәтіні «Казахстанская правда» газетінің бетінде жарық көрді.
Аталмыш қаулыда көзделген міндет-терді шұғыл түрде жүзеге асыру мақсатында 1941
жылы 4 шілдеде институт директоры Халел Әділгереев өзінің №1-174 бұйрығы
негізінде институтта 3 айлық әскери дайындық курсы мен әскери-патриоттық
кабинеттерді ұйымдастырған. Кабинетте әскери әуе шабуылы қорғанысына қатысты
жүретін сабақтардың жұмыс бағдарламасы мен оқу-әдістемелік құралдар жинақталып, әрбір
топ жетекшілері әскери дайындық курсын жоғары деңгейде өткізуге барынша күш салды.
Ал, мұндай сабақтардың өтілу барысын директор Х.М. Әділгереевтің өзі мұқият қадағалап,
барлық институт қызметкерлері мен студенттердің сабаққа түгелдей қатысуын жіті назарда
ұстағаны байқалады.
Сондай-ақ, басқа түскен қиындыққа қарамастан директор Х.М. Әділгереев институт
басқаруда шебер ұйымдастыру қабілет таныта отырып, институтты білікті мамандардан
құралған беделді
орталыққа айналдыруға және
мұғалім кадрлар даярлау ісін жақсартып, білім
сапасын жетілдіруге барынша күш салды. Соғыс басталысымен Қазақстанға қоныс
аударылған КСРО Ғылым Академиясы көрнекті ғалымдарының институт жұмысына
тартылуы Халел Әділгереевтің директорлық қызметіндегі ерекше бөліп айтатын
жағдай.
Айталық, 1941 жылғы шілде мен желтоқсан аралығында КСРО Ғылым
Академиясының академиктері Н.Н. Баранский, В.Г. Фесенко, профессорлар Г.А. Кокиев, К.П.
Персидский, А.А. Глаголев, Р.А. Фридман, П.М. Рубинштейн, И.А. Палунск, Б.А. Воронцов-
Веляминов, Н.Ф. Бельчиков, А.С. Бутягинді қосқанда барлығы 11 адам директор Х.М.
Әділгереевтің қолы қойылған бұйрық негізінде Абай атындағы Алматы Мемлекеттік
педагогика және мұғалімдік институтына жұмысқа қабылданған екен.
Х.М. Әділгереев өзінің директорлық қызметі барысында институт жанындағы
аспирантурада ғылыми-педагог кадрлар даярлау ісіне ерекше көңіл бөліп, кандидаттық
диссертациялардың сапасы мен кандидаттық эмтихан тапсыру кезінде қойылатын
талаптардың жоғары деңгейде болуына баса назар аударған. Осы тұрғыда, Халел
Әділгереевтің аспиранттарға неғұрлым білікті ғылыми жетекшілер тағайындалып,
олардың өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарауына, сондай-ақ, одақ көлеміндегі
ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарында іс-тәжірибе алмасуларына
барынша қолдау көрсеткені байқалады. Бұған, аспирантурада ғылыми жетекші-лік
жүргізген белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың 1941 жылы 2 мамыр мен 10 маусым аралығында
Мәскеу және Ленинград қалаларындағы ғылыми орталықтардан тәжірибе жинақтауға және
химия кафедрасының доценті Әбікен Бектұровтың 4 мамыр мен 20 мамыр аралығында Риддер
зауытында ғылыми-зерттеу жүргізу үшін арнайы іссапарға жіберілгені толық дәлел. Бұл кезде
аспирантурада Мәлік Ғабдуллин, Әлішер Тоқмағанбетов, Темірхан Бәкіров (қазақ әдебиеті),
Бекежан Сүлейменов, Ахметхан Ахметжанов (КСРО тарихы), Нұрмаш Шоқаев, Нығметолла
Киікбаев (жалпы тарих), Наурызбай Саттаров, Сергей Шкуридин (орыс тілі), Николай
Чистопольский (орыс әдебиеті) есім-ді аспиранттар ғылыми-зерттеу ісімен айналысып
жүрген еді.
Х.М. Әділгереев институттың оқу және ғылыми-зерттеу ісінде жемісті еңбектерімен
көрінген ұстаздар мен аспиранттардың және оқу озаты болған студенттер еңбегін әділ
бағалап, оларды лайықты құрметке ұсына білген басшы. Мұны, 1941 жылдың 1 мамыр
мерекесі қарсаңында оның ұсынуымен барлығы 37 адам есімінің институт «Құрмет
тақтасына» жазылуынан және 76 адам-ның директордың алғыс хатымен марапатталып,
«институт екпіндісі» атануынан-ақ байқауымыз-ға болады. Х.М. Әділгереев директор
кезіндегі институт құрылымында болған үлкен өзге-рістің бірі жаңадан «Дене
шынықтыру» факультетінің құрылуы еді. Дәлірек айтсақ, Қазақ КСР Оқу Халық
комиссариатының 1941 жылы 27 қазандағы «Абай атындағы Алматы Мемлекет-тік
педагогика және мұғалімдік институты жанынан дене шынықтыру факультетін ұйымдастыру
туралы» №826-шы қаулысының негізінде 1941 жылы 1 қарашада институт тарихында алғаш
рет «Дене шынықтыру» факультеті ашылды. Ал, Х.М. Әділгереев
болса факультет
жұмысына таны-мал спорт шеберлері мен білікті мамандарды тарта білді. Мәселен, олардың
қатарында КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері М.В. Тышко, Мәскеу дене шынықтыру
институты түлектерінен гим-настик Г.А. Мещерский, спорт тарихын оқытушы А.А. Тер-
Ованесян, шаңғы спортынан жаттық-тырушылар А.Ф. Горин, В.Г. Жужиков, Бүкілодақтық
жекпе-жек сайысы бойынша 1-санатты жаттықтырушы Д.М. Четвериков тағы басқалар бар
еді. Сондай-ақ, институт қабырғасында жаңа ашылған дене шынықтыру факультетінде
директор Х.М. Әділгереев алғаш рет қазақша күрес бәсекесін ұйымдастыруда кәсіби
шеберлік таныта білді. Өйткені оның өзі де қазақша күрестің майталманы болатын.
Осылайша, 1941 жылы институт жанынан «дене шынықтыру» факультетінің ашылуы
республикадағы дене шынықтыру институтын құруға тіке-лей ықпал етті. Нәтижесінде, 1945
жылы 15 қаңтарда аталмыш факультет негізінде Қазақстанда тұңғыш рет «Дене шынықтыру
институты» ашылып, еліміздің спортшы мамандарын даярлау ісі өз алдына жеке жолға
қойылған болатын.
Егер сұрапыл соғыс болмағанда Х.М. Әділгереев директорлық қызметті жемісті
табыстармен одан әрі жалғастыра берер ме еді. Бірақ, кеңес-герман соғысының қасіретті
жылдары өзге заман-дастары тәрізді оның да өмір арнасын уақытша өзгерткен дауылды
кезең болды. Соғыс баста-лып, ел басына күн туған заманда институт басшысы болып
отыруға қарағанда отан алдында азаматтық борышын өтеуді жөн санаған директор
Халел Әділгереев 1942 жылы 29 қаңтарда өз еркімен сұранып майданға аттанады. Бұл
әрекеттен асыл азамат бойындағы адамгершілік қасиет пен шынайы патриоттық сезімнің
жоғары деңгейде болғаны тағы бір қыры-нан көрініп тұр.
Майдан шебінде жүргенде оның қажымас қайраты ерен ерлікке ұласып «Қызыл Жұлдыз»
(13.ІІ.1944), «ІІ дәрежелі Отан соғысы» (12.Х.1944), «Қызыл Ту» (08.ІV.1945) ордендері және
«Сталинградты қорғағаны үшін» (22.ХІІ.1942), «Германияны жеңгені үшін» (09.V.1945),
«Ерен еңбегі үшін» (06.VІ.1945), «Праганы азат еткені үшін» (09.VІ.1945), «Берлинді алғаны
үшін» (09.VІ.1945) медальдарымен марапатталып, 1946 жылы көктемде «майор» әскери
шеніндегі соғыс ардагері болып елге оралды. Келісімен, 1946-1951 жылдары қайтадан Абай
атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдік институтында «КСРО тарихы»
кафедрасының меңгерушісі, доцент болып жұмыс істей жүріп, 1949 жылы 10 ақпанда Қазақ
КСР «Халық ағарту ісінің үздігі» атанған болатын.
Алайда, 50-жылдары саяси қуғын-сүргіннің қайта жанданған кезінде Халел
Әділгереев
өз ұстанымынан таймай,
Ермұқан Бекмаханов сынды қазақтың біртуар
азаматы қатарын-да саяси қуғынға ұшырап, 1951 жылы жазықсыз
Шымкент қаласына
жер аударылды.
Де-генмен, басқа түскен ауыртпалықтарға мойымастан ол 1951-1954
жылдары
Шымкент мұғалімдер институтында доцент, Марксизм-ленинизм кешкі институтының
тарих кафедрасы меңгерушілі-гін атқарды. Ал 1954 жылы, кезінде өз шәкірті болған Кеңес Одағының
Батыры,
Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдік институтының
директоры Мәлік Ғабдуллиннің араласуымен «КСРО тарихы» кафедрасының доценті болып
қабылданып, қайтадан Алматыға ауысады. 1956 жылы 22 қыркүйекте институт директоры Мәлік
Ғабдуллиннің бұйрығымен тарих-филология факультетіне декан болып екінші рет тағайындалып,
1963 жылдың 5 мамырына дейін тарих факультетін басқарды. Оған 1966 жылы 17 қазанда институт
Ғылыми Кеңесі шешімі-мен «профессор» ғылыми атағы берілді. Өзінің ғылыми-педагогтік
қызметінде профессор Х.М. Әділгереев
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен
4 рет марапатталған екен (12.І.1949,
21.VІ.1961, 09.Х.1967, 03.ІХ.1968). Өмірінің соңғы
жылдарында ол С.М. Киров атын-дағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ Мемлекеттік университеті
басшылығының өтініші бойынша студенттерге КСРО тарихынан қосымша дәріс оқыды.
Абай атындағы Қазақ педагогика институтында өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет атқа-рып,
өзінің саналы ғұмырында үлгілі өнегесімен «Ұстаз тұғырында» танылған тұлға – Халел
Мұхамеджанұлы Әділгереев 1974 жылы 17 қазанда 67 жасында дүниеден озды.
Сонымен,
Х.М. Әділгереев сияқты
тұлғалардың есімдерін ұмытпай, ұрпаққа қалдырған мол
мұралары мен игі істерін ғылым мен қоғам игілігіне пайдаланып, оның еңбектерін ой
елегінен өткізіп отыру жастардың тарихи танымын арттырып, патриоттық тәрбие берудегі
маңызы зор жарқын қадам болып табылады. Бүгінгі жастар аға ұрпақтың ғылыми мұрасы
мен іс-тәжірибесін зерттеп білу арқылы өсіп келе жатыр. Ал,
Халел Мұхамеджанұлы
сияқты
қазақ халқының бола-шағы үшін тер төккен тарихшы-ғалымның өмір жолы мен халық
алдындағы адал қызметі ХХІ ғасыр жастары үшін де үлгі болары сөзсіз.
1.
ҚР ОММ (Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты) 1142-қор, 1-тізбе, 20-іс, 25-п.
2.
Сонда, 1142-қор, 1-тізбе, 19-іс, 33, 52-п.
3.
ҚазҰПУ мұрағаты. 1-Л, 1-тізбе, 15-іс, 220-п.
4.
ҚазҰПУ мұрағаты. Х.М. Әділгереевтің жеке ісі. 1 ОК, 1-тізбе, 54-іс, 59-60 п.
5.
ҚР ОММ 1142-қор, 1-тізбе, 78-іс, 235-п.
Резюме
Статья посвящена научно-педагогической деятельности видного ученого-историка Х.М. Адильгереева.
Глубоко исследовано его организаторкое мастерство в подготовке специалистов в области истории. Также
описаны тяжелые годы жизни во время войны и политической ссылки. В статье подчеркивается, что его
наследие имеет большое значение в патриотическом воспитании молодых ученых и способствует более
глубокому изучению истории.
Summary
The article is devoted to scientific and educational activities of a prominent scientist and historian H.M.
Adilgereeva. Deeply investigated organizatorkoe his skills in the training of specialists in the field of history. It also
describes the difficult years of his life during the war, and political references. The article emphasizes that his legacy is
of great importance in the patriotic education of young scientists and promote a better understanding of history.
ШОҚАН УӘЛИХАНОВ – САЯСИ ҚАЙРАТКЕР
Ә.Е. Шалтықов – саяси ғылымдар докторы, профессор
Шоқан – үш жүздің басын қосқан даңқты Абылайдың шөбересі, Ұлы даланың төл перзенті. Оның
бойындағы асыл қасиеттер түркі халықтарының үзілмей келген салт-дәстүрінің, рухани болмысының,
өскен ортасының жемісі. Болашақ ғалым дала уіліне, ана уіліне, түркілердің елдігі мен ерлігіне
әлдиленіп өсті. Бабаларымыздың өсиетнамасын, елін, жерін, тілін сақтауға алтын арқау, аялы өзек
болған фольклорды қадір тұтты.
Шоқанның балалық шағы сахарада, өзінің өткендегі ерлік істері жайлы ғажайып аңыздарды есіне
сақтап отырған халықтың арасында өтті. Ол әуелде Құсмұрындағы әкесі ашқан қазақ мекте-бінде
оқыды. Шағатай тіліндегі орта ғасыр ескерткіштерімен танысып, шығыс тілдері мен олар-дың әдеби
мұраларына, араб, түркі жазуларына көңіл бөлді. «Едігеі, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Көкше»,
«Ер Қосай», «Ер Шора» жырларының бірнеше нұсқаларын жадында сақтады. Ел есіндегі Жиренше
шешен, Асанқайғы, Қорқыт, Әз Жәнібек, Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты атақ-ты адамдардың
ғибраттарынан өнеге алды.
Шоқанның ақылы ерте толысты. Өскен ортасының тылсым тіршілігіне, арғы-бергі тарихнама-
сына ден қойды. Үстем ұлттардың саны аз халықтарға жасаған қиянаттарына, арандату әрекетте-ріне
қанықты.
Шоқан өмір сүрген тұс патша өкіметі қазақ жерін түрлі бекіністер арқылы құрсаулаған, елдің
ақыл-ойын, ерік-жігерін тежеп, адамдарды иманнан, салт-дәстүрден, рухани байланыстан жұрдай
етуге бағыт ұстаған қатыгез кезең болатын. Самодержавие өз жерінде «бұратана» атанған бей-
бақтарға арналған екі жүзді қаскей саясатын жүзеге асыру үшін қаржыны да, сұмдығы мен сұр-
қиялығын да аяған жоқ. Сүттей ұйыған ағайын арасына от тастады. Бір кіндіктен тараған Абылай
тұқымы өзара жауласты. Кенесары хан орыс басқыншыларына ашық қарсы тұрса, Уәлиханның жесірі
Айғаным ханша патша саясатын жебеушілер төңірегінен көрінді. Отаршылар қарсыласта-рын жер
жастандырып, қанға бөктірді де, қолдаушылырына сый-сипат көрсетіп, шен-шекпен жапты, қолайлы
мекен-жай салғыздырып берді. Хан Кенені туған мекенінен бездіріп, Ұлы далада қансыраған аш
арыстандай сенделтті. «Жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» сая-саты Кенесарының
басын көршілес, бауырлас қырғыздарға алғыздырып, алпауыттарға сыйға тартқыздыртты.
Корпусқа оқуға алғаш қабылданарда – ақ қоғамдағы алалықты, әділетсіздікті сезген Шоқан өзінің
ротаға алынбай эскадрон бөліміне қабылдауының сырын ұқты. Рота бөлімінде кілең ірі
алпауыттардың және жоғары лауазымды орыс офицерлерінің балалары оқыды. Олар эскадронда-ғы
бұлардың дәрежесі төмен қазақтардың, шағын ұлт өкілдерінің балаларына одырая, менменси
қарайды, аспандап, тәкаппәр сөйлеседі. Білім жағынан мұндағы шәкірттердің ең үздігі болған қыр
баласының бұған зығырдыны қайнайды. Соңғы курста теңсіздіктің шынайы сиқы барынша
айқындала түсті. Болашық ғалымға ақырғы курстың лекциясын тыңдауға рұқсат етілмеді. Әскери
құпияны, жаңа тарихты, мемлекеттік жағдайларды, саясатты «бұратаналар» білуге тиіс емес және
қайдағы бір «азиаттың» қаршадай баласы өзіне қойылған кез-келген сауалға мүдірмей жауап қай-
тарып, өткір жанарын емтихан алушыға сынай қадаса, немесе ойда жоқта «Жоқ!.. Мен қырғыз
емеспін, қазақпын» деп қалса,бұдан өткен еркінсу бола ма?
Ресей басқыншылары мыңдаған жылдық тарихы бар іргелі қазақ елін бодан етті, еркін билеп-
төстеу үшін оның рухани тұтастығын ірітуді,өткеніне балта шауып, тілін, әдет-ғұрпын, дінін, салт-
дәстүрін, билігін жоюды мақсат етті. Азып-тозған, жадынан айырылған халықты айтқанға көндіріп,
айдауға жүргізу оңай деп білді. Патша үкіметі зымыян саясатын іске асыруда обырлар мен
генералдарды, миссионерлер мен діндарларды, тыңшылар мен иезуиттерді барынша епті пайдаланды,
Бұл «өлкеге патшаның жіберген адамдары, губернаторлары жұртты нағыз жендет-терше, бәрінен де
көп азаптады», қан-сөлін теспей сорды. Наразылық білдірген жергілікті ұлт өкілдерін аяусыз жазалап
отырды. Зобалаңға алдымен көзі ашық, кқкірегі ояу зиялыоыр ұшыра-ды. Бұдан Шоқан Уәлиханов та
сырт қалған жоқ.
Ол корпустағы оқуды бітірген соң бірден орыс офицерілері мен алпауыттардың ортасына тап
болған еді. Бұл топтың басында генерал Гасфорт пен қазақ өлкесінің әскери губернаторы, гене-рал
Фридрихстың қолтығына паналаған олардың хатшылары, кеңесшілері, т.б. болды. Кейіннен олар
патшаның отаршылдық аппараты тудырған зұлымдық атаулыға қарсы шыққаны үшін Шоқанға
жауыздық, қаскөйлік жасады. Ғылыми басылымдарына кедергі келтіріп, Қашғар сапа-рының
нәтижелерін жоққа шығаруға тырысты, жала жапты.
Арам ниетті ортаның сыры Шоқанға ертеден мәлім еді. Ол 1856 жылы-ақ Достоевскийге жаз-ған
хатында «Омбының өсек-аяңы мен алауыздығы әбден жирендіріп болды... Осы жерден кет-кім
келеді» деген. Ал Майковке жолдаған хатында «Сібірге бұратана халықтарға тек ит қосып
талатпайды демесеңіз, одан басқаның бәрін істейді... өте жайсыз... Ештеңе өнбесе де қарсыласа
берген жөн» деп жазған. (1) Шоқан «Жауыздар мен обырлардың... сатылған патшалық отаршы-лар
мен капитал құйыршықтарының үкіметі» жүргізіп отырған саясатты сынауын тоқтатпады, жалынды
көсемсөзді пәрменді қару етті. Пікірсайыста оған ежелгі қазақ билерінің тапқырлығы, даңқты
шешендер Сократ, Демосфен, Цицерон, Робеспьер, Марат, Рессо туралы оқып білгендері септігін
тигізді. Шоқан Н.М. Ядринцевтің айтуынша, ауызшаға да, жазбашаға да өте шебер, шешен болған.
Оның көптеген шетел тілін білуі Дәуірлеу заманының аса көрнекті қайраткерлері-нің шығармаларын
оқуына, одан рухани нәр алуына мүмкіндік туғызған.
Қанша дарынды болғанымен жалғыз жанның көппен алысуы қиын екенін, шындық қанша сәу-лелі
болғанымен, егер оны уақыт қолдамаса, онда сенімсіздікті, адасушылықты жеңу оңай емес екенін
ойшыл ашына айтқан. Иә, оны уақыт қолдамады. Өйткені, бұл мезгіл, Олжас Сүлейменов-тың
сөзімен айтқанда, Пушкиндер мен Лермонтовтарды өлтіріп, Бенкендорфтарды масайратқан мезгіл...
Бұл мезгіл ең жақсы адамдардың лап етіп жанып, күйіп кетіпт жатқан мезгіл болатын.
Осынау қиын-қыстау кездің өзінде 300-дей еңбек жазған біртуар ғалым шығыстану, түркітану
әлемін кеңейте түсті.
Шоқан өзі өмір сүрген дәуірді «Қазір ескі мен жаңаның арасында бірден байқала қоймайтын, бірақ
өте қатал күрес жүріп жатыр. Бірі мұсылмандық шығысқа, екіншісі орысқа еліктейді» деп жазды. (2)
Патша өкіметі жүргізіп отырған түрлі экономикалық, саяси реформалар тек билеп- төстеушілер үшін
ғана пайдалы екенін жақсы түсінген ойшыл оның көздеген арам мақсатына қарсы шықты. Билер
сотын сайлап қоюға наразылық білдірді, ресми сайлаудың «рулық тартыс-пен ғана шектеліп, бай
қазақтардың даңққұмар, мансапқорлығын қанағаттандыруға, лай судан балықты жақсы қармайтын
орыс алпауыттарының дәулетін арттыруға қызмет етіп отырғанына» күйінді. «Сот реформасы туралы
ғылыми хатында» қоғамның артық жағдайдағы таптарының пікірлеріне халықтың шын мұң-
мұқтаждарына мүлдем қайшы келетін пікірлер деп қана қарау керек, өйткені жоғары мәдениетті
қоғамдардағы атақты, бай адамдардың мүдделерінің өздері де көбінесе бұқараның, көпшіліктің
мүдделеріне өшпенді, қарсы болып отыр, орыс басшыларының әрбір әрекетінен қазақтар басына
қырсық, еркіне тежеу салынатынын біледі, жер-жердегі заседа-тельдердің әрекеті орыс басшылары
осындай деген ой туғызады, деді, «бүкіл ұлттың мүддесі қатал әділдікке жүгінгенде жеке қауымның
пайдасынан жоғары болу керек», «түптеп келгенде, біздің халқымыз орыс қоғамының
ойлайтынындай тағы, дөрекі емес» деп халқын азулылардың тырнағынан арашалады. (3)
Халықтың тағдыры шешілетін жағдайларда үнемі бұқараның мүддесін қорғайтын қайраткер
«Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы ғылыми хатында» қазақ даласын билеу
жүйесін өзгерту туралы Омбыда құрылған арнаулы комиссияның жобасын жасауда жауап-сыздыққа
жол берілгендігін, қазақ қауымының ұлттық ерекшеліктері ескерілмегендігін, бұқара пікірімен
санаспағандығын көрсетеді. Шоқан одан әрі билерді сайлау, сот құрылысы жайында жаза келіп,
Шекспир мен Гетені жұрттың бәрі ұлы ақындар деп санайтынын, бірақ оларды данышпан дейтін
пікір үкіметтің ешқандай декретіне және халықтың ресми түрде сайлауына негізделген пікір
еместігін, бұл екі дананы алдымен халық танығанын, демек, реформаның да пайдалы-пайдасызы
халық тілегіне сай келуімен өлшенетіндігін ескертеді.
Шоқан «Сот реформасы туралы ғылыми хатын» жазбас бұрын қазақ халқының әдет-ғұрпын, ел
басқару жүйесін барынша зерттейді, тура билердің шешімдерін сарапқа салады. Бұл туралы жазылған
еңбектерді қалт жібермей қадағалайды. Қазақтардың ақылды, тапқыр, шешен халық екенін көз
жеткізе айтқан басқа ұлт азаматтарының пікірлерімен жете танысады. Өлкемізде айдауда болған
поляк азаматы Густав Зеленскийдің «Қазақ» поэмасы, Адольф Янушкевичтің 1861 жылы жарық
көрген жазбалары, ондағы айтылған мынадай ойлар Шоқанды тебірентпей қоймайды: «Мұнда халық
билерді қатты силайды. Бұл өлкенің ықтияры бойынша олар азаматтық және қылмыстық істерге
билік айтады. Жазалау кодексі өте қатаң». «Шешендер алма-кезек сөз таластырады. Қайсы
біреулерінің желпіне, айқышты сөйлегегені соншалық, менің өзім қайран қалдым. Ежелгі Грецияда
немесе Римде болса, страшина Тоқымбай мен Бейсекенің өзі лаврдың астына қалған болар еді».
«Өзім ойға қалдым. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы санайтын далада, көшіп жүретін
халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой» Бұдан бір-неше күн бұрын өзара жауласқан екі
партияның арасындағы қақтығысының куәсі болдым. Сонда Демосфон мен Цицерон туралы ғұмыры
есітпеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын...Сонда бұлар тағы, жабайылар болғаны ма? Бүкіл
болашақатн мақұрым қалған, маңдайына түке тұрғы-сыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған
халық осы болғаны ма? Жоқ! Имандай сырым!» Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық
цивлизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп,
жарқырап сәуле шашатын болады». (4)
Бұл сөздердің Шоқанды толғандырғаны айтпаса да түсінікті. Ал өзімен бірге Орыс география
қоғамына мүше, атақты түсіндірме сөздіктің авторы Дальдың «Шірікін, бейне бір Суворовтвр,
Кирлер, Канттар, Гумбольдтар осы далада өмір кешіп, ішіндегі телегей-теңіз қазынасын сыртқа
шығара алмай, бұл жалғаннан өксікпен өтіп жатқан жоқ па екен?» дегені де Шоқанды тебіренткен.
Шоқанның Қашғар, Құлжа күнделіктері, «Сот реформасы туралы ғылыми хат», Жоңғар очерк-тері
және басқа да еңбектері оны саяси қайраткер ретінде танытты. Ұлы мақсат, ұлы қуат берді оған.
Батыл да өткір, жүйелі де дәлелді ойға құрылған Шоқан пікірлері қорғасындай салмақты. «Халық
өркендеудің қандай сатысында тұрса да оның қарапайым өсу жолына: өздігінен даму, өзін-өзі қорғай
білу қажеттілігін басшылыққа ала отырып, бұлтартпайтындай қорытындыға кел-дік... Біздің
заманымызда регламентация (тәртіп белгілеу) мен формализмге анохронизм ретінде қарау керек». (5)
Бір кезде Шоқан жан-тәнімен қолдаған халықтардың өзін-өзі қорғау, өзін-өзі басқару мәселесі
бүгінде заңды жалғасын тауып отырғанына әрі қуанасыз, әрі мақтаныш сезіміне бөленесіз, оның
пікірінің өміршеңдігіне риза боласыз.
Қазақ халқы тарих көшінде қандай ауыр жағдай кездессе де рухани қазынасын жоғалтпады.
Шоқан осынау бай мұраның жинаушысы, жіліктеп саралаушысы, келер ұрпаққа, бөгде халықтар-ға
білігірлікпен түсіндіруші болды. Ол қоғамдық ортаға, тарихи, әдеби мұраларға баға беруде пікірі
мүлт кетпес үшін үнемі ғылымға, ақиқатқа жүгінген, сондықтан да Шоқанның ғалым ретін-де
ойының тереңдігіне, пікірінің дәлдігіне көз жеткізу барысында зор білім, уақыт, азаматтық ірілік
қажет. Атақты жазушымыз Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді
ғана толық түсіне бастағандаймыз». (6) Орта Азия халықтары бағзы заманда іргелі де аумақты
цивилизацияны тудырған елдердің бірі болғандығын алғаш таныған, әрі ғылыми тұрғы-дан таратып
жазған Шоқан еді. Тарихы тағдырлас, тағдыры сабақтас Қазақстан мен Орта Азия халықтарының
тарихын бөліп-жармай тұтас қарстырған, көне өнердің сүрлеу соқпақтарын терең ойдың таразысынан
өткізіп, жасығынан асылын бөліп, толғана, тебірене зерттеген Шоқан еді. Сондықтан да Шыңғыс
Айтматовтың «Шоқан Уәлиханов есімі Түркістанның Махмұт Қашғари, Бабыр, Науаи сынды әйгілі
ұлдары есімдерімен қаз-қатар тұрады» (7) деуі тегін емес еді. Шоқан Уәлихановтың әдеби мұрасы
қоғамымызды алға жылжытуға септігін тигізеді, ол – түркі халықта-рының маңдайына біткен жарық
жұлдыз.
Ш.Ш. Уәлихановтың төл әдебиетіміздің зерделі зерттеген ең өзекті, ең құнды еңбектері ұрпақ-
тардың кәдесіне толық жаратыла қойған жоқ деуге болады. Кеңес үкіметінің шектеу саясаты,
коммунистік идеология ғұламаның өткір ойларын әдейі көмескілендіріп отырды. Тоталитарлық жүйе,
тап мүддесі дейтінді жалау еткен отаршылдық пиғыл Шоқан шығармаларынан да кемшілік табуды
талап етті. Тарихты бұрмалау, өткенді қасақана теріс түсіндіру ұлттық әдебиеттану ғылы-мына
ерекше зыян келтірді. Цензура тырнақ астынан кір іздеді. Ш.Айтматов айтқандай, «қол бос
болғанымен аяқ кісендеулі» еді.
Шүкір, бүгінде бұғау үзілген, кісен ашылған сияқты. Көне жазбалар, ертеректе басылып, кейі-
ніректе пайдалануға тыйым салынған еңбектер жарық көре бастады. Ұлттық әдебитке деген көз-қарас
өзгерді. Соған орай, Шоқан еңбектерінің заман рухымен үндестігіне назар аудардық.
Патшалы Ресей мен Кеңес имериясы ұдайы орыстандыру саясатын жүргізіп, жергілікті ұлт
тілдерінің адымын ашырмай келгендіктен Шоқанның бес томдық еңбектері осы уақытқа дейін қазақ
тіліне аударылмай келді. Ендігі жерде оның күллі ғылыми дүниелерін ана тілімізде сөйлету біздің
парызымыз.
1.
Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч. – Алма-Ата, 1961, т.2. – С. 133.
2.
Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1980, – 152 б.
3.
Уәлиханов Шоқан. Таңдамалы. – Алматы, 1985, – 143-144 б.
4.
Янушкевич А. Күнделіктер мен хаттар. – Алматы, 1979. – 67, 32, 84-85 б.
5.
Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1985. – 143-144 б.
6.
Мүсірепов Ғ. Ұрпағыма айтар сөз. Кіт. Мұқтарұлы С. Шоқан және өнер. – Алматы, 1985 – 5-6 б.
7.
Айтматов Ш. Дара тұлға. Білім және еңбек. – 1985 №11 – 5 б.
Достарыңызбен бөлісу: |