Құмар. Қонақтарыңды қаңтарып қойғаныңа жол болсын.
Қоспан. Ассалаумағалайкүм.
Қасболат. (Қоспанның қолын алып өзіне тартып). Иә, аман-сау барсың ба, дәу қара. Біраздан бері көріспедік қой өзі. Жаңыл құрдас қайда? Әлде мен келгенде тығылып қалды ма?
Қоспан.Осында шығар.
Қасболат. Ал, шаруаң қалай?
Құмар. Мұның шаруасы жаман болмай тұр ғой.
Қасболат. Иә, ол жағынан қасшы салдырмайтыныңды білемін. Бірақ тұсыңнан соқпай өтіп кетуге дәтім шыдамады. Мінекей,біздің құрдас та келді.
Қап арқалап Жаңыл кіреді.
Қабын тастай беріп о да қонақтардың қасына келді.
Жаңыл.Есенсіңдер ме? Тезек тере шықсам, қонақтар келіп қалыпты ғой.
Қасболат. Ау, амансың ба, құрдас? (Қол алысып амандасады) Қонақ келгенде үйден кетіп қалатын әдетті қайдан үйрендің? Бұрын ондай мінезің жоқ еді. Ал, кәнекей бізге сақтағын сыбағаң бар ма өзіңнің?
Құмар.Құмарды тосыннан келіп састыруыңыз қиын болар, Қасеке. Кебеженің түбінде не жоқ дейсің.
Жаңыл. Жалғыз үй отырған қойшы болсақ та, құдайға шүкір, күтімсіз емеспіз.Сәбира құрдастың дені сау ма? Балалар аман ба?
Қасболат.Аман, аман, Сәбира балаларды ертіп саған қонаққа келгісі кеп жүр. Далаға шығып, бой жазып қайтамын дейді. Қоспан екеуің ауырмайтын болсаңдар, осыдан барысымен жіберем.
Жаңыл. Келсін, келсін. Біз де бір жасап қалар едік. Ал кәне, үйге кірмейсіңдер ме?
Қасболат. Біз сендерге қонаға келеміз. Тек қазір сусын ішіп аттанайық.
Бәрі үйге беттейді. Қаламүш келеді. Қадыржан оны көріп қайырылады.
Қаламүш. Ассалаумағалайкүм ағасы...
Қадыржан.Ау, Қаламүшпісің? Амансың ба, айналайын. Бері келші, маңдайыңнан иіскейін.
Қаламүш. Иә, ол ненің ақысына. Мені бір бала деп пе едің.
Қадыржан. Ойбай-ау, шіркін, мынау тіпті соқтауылдай жігіт болдым деп жүр екен ғой. Кеше ғанан емес пе еді, штансыз жүргенің. Кел деймін. (Қаламүшті құшақтамақ болады).