Қадыржан. Ой, ой, мынау қайтеді-ай. Өзі тіпті...
Қасболат. Жә, жігіттер, дау-дамайды қоялық. Ал, басқарма, Қоспанды іздеуге адам мен көлігіңді қамда.
Құмар. Қап, енді қайттік. Көліктің соңын жаңа жібердім. Кісі де қалған жоқ.
Қаламүш.Колхоздың машиналары қайда? Адамдары қайда?
Құмар. Жалғыз сендердің отарың ба колхоздағы. Кетіп қалды жан-жаққа. Тіпті Қоспаннан күдігім жоқ еді менің...
Қаламүш. Ендеше ат бар емес пе?
Құмар. Адам болмай тұр ғой.
Қаламүш. Оныншы кластың балаларын жинаймын. Барады олар.
Құмар. Балалар? Ойбай-ау, олар үсіп өледі ғой.
Қаламүш. Неге үсіп өледі. Олардың бәрі де соқтауылдай жігіттер.
Құмар. Жоқ,жоқ оның жөні келмес.
Қаламүш. Неге жөні келмейді. Он жылдықты бітіргесін қойға бар деп өздеріңіз шақырмайсыздар ма? Күні ертең олар да қойдың соңына түседі. Өздері илейтін терінің пұшпағы, осы бастан үйрене берсін...
Құмар.Олар бір нәрсеге ұшырап қалса кім жауап береді?
Қаламүш. Қоспан ағам пәлеге ұшыраса кім жауап береді? Осыдан Қоспан ағама зақым келсе қарап қалмаймын. Ал, балалар үшін өзім жауап берем. Оларға еш нәрсе де болмайды. Қазір жинап әкелейін, сенбесеңдер өздерінен сұраңыздар.
Қасболат. Қоя тұрыңдар. (Қаламүшке). Сен де тоқта, шырағым. Қоспанға жаны ашитын жалғыз сен емессің. Ал, председатель, қолда барыңды түгел қамдап Қоспанда іздеуге жөнелт. Қоспанның өзі тұрмақ сыңар тоқтысына зақым келмесін. Ұқтың ба, бүкіл ауданды аяғынан тік тұрғызамыз, бірақ Қоспанды таппай қоймаймыз!
Екінші көрініс
Қоспанның үйі. Шағын бөлме. Бұл кейін қайталанып келіп отыратын сахна.
Үйде Жаңыл, Мінайдар, Қаламүш киініп, жол жабдығын қамдап жүр.
Мінайдар. Шыда, келін щырағым. Бір орайын табармыз. Иә,иә... Қоспанның мұнысы ағаттық емес, амалсыздықтан болды ғой. Жоғарыдан төменге дейін қанша айқайлап, қанша адам шапқылап жүрсе де, жұт деген бір айналып соқпай қоймайды. Түбі мықтап ойланатын іс боп тұр ғой қойшы халі.