Бағдарламасы бойынша шығарылды Жұмабаев Мағжан Шығармалары (әдеби басылым). 2-том: Әңгіме



Pdf көрінісі
бет16/27
Дата19.01.2017
өлшемі1,21 Mb.
#2251
түріБағдарламасы
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   27

195
C
C
М. Жұмабаев
C
C
Кенеден туған Сыздық жүр 
Көрмеймін деп гәуірді.
Қорлығына көнбен деп
Қолдан тізгін бермен деп, 
Көңілі осылай бөлінді. 
Сыбанып батыр білекті,
Қайтпаған қайсар жүректі,
Тәңірі оңғарса тілекті,
Кенеден туған ер Сыздық
Келтірер өзі реңді.
Дариға, бірақ құдай бергенмен, құдай атқан азған елге 
жалғыз Сыздық не қыла алсын? Жалғыз өзі «реңді» қалай 
келтіре алсын? Аласұрған ер Сыздық ойдан қырға жорту-
мен өмірі озады. Жалпақ елдің де иманы бәсендей береді. 
Сонда көкірегін ыза кернеп, Базар жыраудың жырлағаны: 
Қызыл тілін безеген, 
Дұспанға оғын кезеген. 
Сауытын киіп салынып, 
Қызыл қанға малынып, 
Наз бедеуін жебеген. 
Бес қаруын белсеніп, 
Көмілген жолды кезеген. 
Дариядай толқып кернеген. 
Бенде еркіне көнбеген, 
Дұспанның жолын зерлеген, 
Көзі бір қанды ер Сыздық
Қайданы тола ашумен,
Қияда жүрді-ау қажумен...
Бізде жүрді аз ғана,
Жолбарыстай ыңыранып
Қанаға симай тасумен.
О, дариға, дүние-ай,
Өкси-өкси күн өтті-ау,
Аласұрған жүректі
Екі қолдап басумен...

196
C
C
Шығармалары
C
C
...Оның  жалынды  жастығы  болған.  Оның  да  іздеген 
ба ғыты  болған.  Жете  алмаған,  қажыған.  Жеңдім  деген, 
алданған... Осыларды жырлайды Базар. Бірақ шерлі елдің 
шын  баласы  ғой  Базар.  Өз  шерін  толғап  отырып,  елдің 
шеріне түсіп кетеді: 
Дүниені қудым ізденіп, 
Ұстамаққа кездесіп, 
Дүние қырын салмады, 
Ешбір маған әмір ғып. 
Бұл жалғанға келген соң 
Әр тарапқа толқытты, 
Көңіл мұндар желденіп. 
Дүние қызық көрінді
Алтайыдан алдымда 
Соқпаққа көрдім серменіп, 
Құлпырған қара құндыз деп,
Тұңғиыққа, тереңге 
Талай құлаш сермедік. 
Жолбарыстай ыңыранып, 
Қайрат сыймай қанаға
Нар бурадай көлбедік... 
Опасы жоқ дүние, 
Түспей қолға қуғанмен, 
Неше бір алуан түрленіп.  
Өткіздік өмір ғақлатпен,
Атаңа нәлет дүниенің 
Алдағанын шын көріп.
Хақ шариғат ойламай,
Дүниенің кірімен
Қалды бір көңіл кірленіп...
Талма-тал түс болғанда,
Талықсығанға ұқсаймыз;
Дүние – киік, адам – ит,
Қуа-қуа ізденіп,
Елдерде азап шектірді

197
C
C
М. Жұмабаев
C
C
Атаның мекен қонысын
Гәуір алып жерленіп,
Азаттыққа қару жоқ...
Қарусыз жауға бару жоқ...
Осы күнде біз тұрмыз
Саңлау таппай көздейтін...
Бұрынғы өткен ерлердің
Еске түссе істері,
Іш толады шерленіп...
Көкіректің қабы жарылып,
Ретімен шығарға
Сөз сыймайды кернеліп...
Өлім босағасында тұрып Базар жыраудың айтқан ұзақ 
өлеңінің ішіңде мынадай сөздер бар: 
Дүние, бір толқыттың, бір қорқыттың, 
Айрылып аждаһадай ақыр жұттың. 
Болғаңда бізге жолдас сертің қайда? 
Достықты құшақтасқан неге ұмыттың?..
Құлаштап, дүние, сені қармансақ та, 
Кері келгенге ұсайды-ау Қорқыттың...
Осы азғана өлеңдерден Базардың бірталай терең ақын 
екендігі  байқалуға  тиісті.  Бірақ  Базар  туралы  толық  бір 
пікірге келу үшін оның барлық өлеңдерімен таныс болу 
ке рек.  Бұл  менің  қолымда  жоқ.  Менің  мақсатым  сұлу 
сөздері бар Базар атын білдіру еді. Түркістандағы, әсіресе, 
Қазалыдағы  хат  білетін  азаматтардың  Базардың  сөзін 
жинаулары тиіс. Әсіресе, Базарды «кеңесі кеңінен келген 
кертағы» деп әдемі жоқтай білген Жомарт молданың тірі 
болса жазып беруі игі болар еді.

198
C
C
Шығармалары
C
C
ӘБУБӘКІР АҚСАҚАЛ ДИБАЕВ
Елге  еңбегін  сіңірген  ер  қымбат.  Ердің  елге  бағасы 
қаны бір болуда емес, жаны бір болуда; қуаныш-қайғысы 
ортақ  болуда.  Ердің  бағасы  елге  еткен  еңбегінің  зор 
яки  кішілігінде  емес,  ел  деген  жүрегінің  таза  болуында; 
тілегінің елмен ортақ болуында; ер өмірінің өрі мен көрі 
ел өмірінің өрі-көрімен бір болуыңда.
Әбубәкір ақсақал – қазақ-қырғыз елімен қаны дәл бір 
болмаса  да,  жанын  бір  қылып,  шамасы  келгенше  еңбек 
қылған адам. Қырық жыл бойына арымай, жапанда жатқан 
қазақ-қырғыз елін шет жұртқа танытқан адам; қырық жыл 
қазақ-қырғыз елімен қуаныш-қайғысын ортақ қылған адам.
Әбубәкір  ақсақал  қазақ-қырғыз  елімен  қаны  дәл  бір 
болмағанымен, түбі бір түрік баласы, қазақ-қырғыз бір ба-
уыры – башқұрт тұқымынан. Ата мекені – Үпі губерна сы. 
Істерлі тамақ уезі. Тоқай ауылы. Өзі Орынбор қаласында 
1855 жылы туған. Жасынан орысша оқып, Орынбордағы 
кадет ский корпусты бітіріп шыққан соң, жиырма жасында 
әскерлік  қызметімен  Түркістанға  келген.  Бірер  жылдан 
соң  әскерлік  қызметінен  босанып,  Сырдария  облысы 
губернаторының кеңсесіне тілмаш болып кірген. Ол күнде 
Сырдарияның  губернаторы  Гродеков  деген  адам  екен. 
Бұл – қазақ-қырғыз елін орыс үкіметіне әбден бағындырып, 
ноқталап  алу  үшін  қазақ-қырғыз  елінің  жайын,  күйін 
бұзық оймен тексеріп жазып жүрген орыстың шенқұмар 
бір  тө ресі.  Өмірде  себепсіз  іс  болмайды.  Әбубәкірдің 
қазақ-қырғыз елінің жайын тексеруге кірісіп кетуіне сол 
Гродековтің бұзық оймен болса да осындай жолда жүруі, 
Губернатор кеңсесіне келген соң Әбубәкірдің қазақ-қырғыз 
елімен араласа бастауы һәм өзінің тұрмысы қазақ-қырғызға 
жақын башқұрт баласы болуы себеп болған. 

199
C
C
М. Жұмабаев
C
C
Осы себептерден Әбубәкір 1883 жылдан былай қазақ-
қырғыз  елінің  жай-күйін  тексеруге  кірісіп  кеткен,  бірақ 
Гродековше қазақ-қырғыздың азат басын ноқтаға кіргізе 
беру үшін емес, қазақ-қырғыз елін жауына жақсы жақтан 
таныстыру  үшін,  қазақ-қырғыз  еліне  тұмсығымен  су 
тасыған қарлығаш болу үшін. Қарлығаштың қымбаттығы 
тасыған суының молдығында емес, жүрегінің адалдығында. 
Әбубәкір ақсақалдың да қазақ-қырғызға қымбаттығы ет-
кен  еңбегінің  ұшан-теңіздігінде  емес,  адал  ойлы  қамқор 
болуында.
Алайда Әбубәкір ақсақалдың еңбегі бір адамның өмірі-
не татырлық. Әбубәкір ақсақал қырық жыл бойына қазақ-
қырғыз  елінің  ауыз  әдебиетін,  жол-жорасын  жинаған. 
Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы. 
Қазақ-қырғыз  елінің  ел  болуын  тілеген  Әбубәкірдің 
әдебиет,  жол-жора  жинау  жолына  кіруінің  мәнісі  осы. 
Ол  күндерде  қазақ-қырғыз  тілінде  газет,  журнал  жоқ 
болғандықтан, Әбубәкір жинаған әдебиет орыс тіліне ауда-
рылып, орыстың газет-журналдарында бастырып отырған. 
Ол күндерде қазақ-қырғыз елін аузын арандай ашып жұтып 
жатқан орыс елі қазақ-қырғыз елінің жақсы жағымен, терең 
жанымен, сұлу сөзімен Әбубәкір бастырған әдебиет арқылы 
танысқан.  Түрік  халқын  тексеріп,  таза  ғылым  жолында 
жүрген орыстың Радлов, Катанов, Бартольдт, Самойлович 
сықылды  ғалымдары  Әбубәкірдің  қазақ-қырғыз  туралы 
жазған  мақалаларына  кең  орын  беріп,  қабыл  алып,  сол 
Әбубәкір мақалалары арқылы қазақ-қыр ғыз елінің жайын 
арғы Европа ғалымдарына да білдірген. Сөйтіп, қырық жыл 
бұрын Сырдария губернаторының кеңсесіне тілмаш болып 
кірген Әбубәкір қырық жыл бойына жапанда қазақ-қырғыз 
елі мен орыс һәм Европа арасына адал тілмаш болған.

200
C
C
Шығармалары
C
C
Қазақ-қырғыз елі Әбубәкір ақсақалдың бұл ұзақ уақыт-
тық адал еңбегін бағаламай қойған жоқ һәм қоймақ емес. 
Бағалаудың қымбаты – алдына айдап мал салу емес, шын 
көңілден разылық білдіріп, елдің оны «Сен – менің ұлым» 
деуі.
Осы 1923 жылы 22 мартта Ташкентте Қазақ-қырғыз бі-
лім комиссиясының бастауымен қазақ-қырғыз елі Әбубәкір 
ақсақалдың  қырық  жылдық  енбегіне  ұлы  той  (юбилей) 
жасап, өзінің шын ризалығын білдіріп, Әбубәкір ақсақалға: 
«Ұлым...»,–  деді.  Ердің  еңбегін  ел  ақтады  һәм  ақтамақ. 
Ақтағаны – шын көңілмен мақтағаны, елге ер қымбат, елге 
ердің адал жүрегі қымбат.
Әбубәкір ақсақал осы күні 68 жаста отыр. Әлі де болса 
қайратын жоймаған, қолынан қаламын тастамаған қария. 
Әлі де болса қазақ-қырғыз елінің әдебиетін жинау, байыту, 
өзі қазақ-қырғыз елінің мәдениетті болуын тілеу. 
Өмірдің сары белінен ел үшін еңбек қылып асып бара 
жатқан ақсақалдың қасиетті тілегі қабыл болғай еді.

201
C
C
М. Жұмабаев
C
C
НАУРЫЗ
Әр халықтың өзінше жаңа жылы, жыл басы болады. Қай 
уақытта, қай халықта болса да жаңа жыл сол халықтың, 
сол  уақыттың  шаруа  жағдайына  қарай  белгіленген.  Ев-
ропа  жұрттарының  бір  жерінде  жаңа  жыл  1  январь,  бір 
жерінде – 1 сентябрь, тағы осындайлар. Азияда жаңа жыл – 
жазғытұрым, қазақ елінде – марттың 22-сі.
Қай елдің жаңа жылын алсақ та, негізінде шаруашылық 
жағдай болады. Дін әсері жаңа жылдарда аз, жоқтың қасы 
болса, қу молдалардың мал табу үшін жалған қондырмасы 
(надстройка).
Қазақ  жаңа  жылы  дін  әсерінен  таза.  Бұл  күні  ешбір 
құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-
бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын!» – дейді.
Жаңа жыл қүні қазақ күн райына қарай алдағы жазды 
рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете 
ме, жаз жылдам бола ма деп болжау жасайды.
Жаңа жыл күні қазақ әдетінше әр үйде қазан-қазан көже 
пісіріледі. Көженің ішіне қысқы соғымның тек басы салы-
нады.  Көжеге  көп  сүт  құйылады.  Басты,  шекені  қарттар 
мүжіп,  құлақты  балаларға  кесіп  беріп,  басқа  жұрттар 
көжені  талап  ішеді.  «Ауыз  ақтан  айрылмасын,  қызылды 
уақытымен (қыс) көрсетсін, жас құтты болсын»,– деп бата 
жасап тарқасады.
Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшы-
расып,  қарсы  алып,  ас  ішу  ретінен  аққа  (сүтке)  көшу. 
Көже ге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен, қыс тамағы 
етпен (қызыл) қоштасу.
Міне, қазақтың жаңа жылының барлық маңызы – ша-
руашылық маңыз.
Қазақ жаңа жылы – жазғытұрғы күн мен түннің теңелген 
күні (22 мартта) болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, 

202
C
C
Шығармалары
C
C
жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Бұл реттен 
қазақ жаңа жылы ғылым қойнына да барып кіріп қалады.
Қазақ жаңа жылын «наурыз» дейді. «Наурыз» әулиенің, 
әнбиенің аты болмаса керек. «Наурыз» күн райын, шаруа 
ыңғайын дұрыстап зерттеген бір шоңғал, оқымаған агроном 
қазақтың, я түріктің аты болуға керек.
Сондықтан  қазақтың  наурызы  –  дін  мейрамы  емес, 
тұрмыс  мейрамы,  шаруашылық  мейрамы.  Бұл  мейрам-
ды  дұрыстап  өткізу  керек.  Бұл  мейрамды  тұрмыспен, 
ғылыммен  байланыстырып,  қоғамға  пайдалы  игі  іс  жа-
сайтын,  ауыл  адамдарын  тап-жігімен  ұйымдастыратын 
мейрам  ету  керек.  Мектеп  оқушылары  наурызды  оқыту 
программасына  айырым  комплекс  жасап  ендіруі  керек. 
Жастар ұйымдары, партия ұялары наурызды басқа ел тонай-
тын молдалар, елді адастыратын дін мейрамдарына қарсы 
қойып, халықтың басын, денесін дін дуасынан құтқаратын, 
сақтайтын үгіт-насихат жүргізуі керек.
Наурыз тарихын сарқа жазуды білімділерден күтіп, біз 
осы қысқа әңгімемен тоқтаймыз. Ауылдың көзі, құлағы – 
мұғалімдерді,  жас  буын  оқушыларды,  ауыл  кедейлерін 
жа ңа жылмен құттықтап, жаңа жылында жаңа жұртшылы-
ғының өркендеуін, жаңа-жаңа, татымды жемістер беруін, 
шаруашылығының жаңа жолмен социалшылық жолымен 
ілгерілеуін тілейміз.

203
C
C
М. Жұмабаев
C
C
аудармалар

204
C
C
Шығармалары
C
C
* * *
(Арабтан)
Көңілде қайғы қалдырмас
Қандай да болса үш нәрсе:
Көкорай шалғын, ағын су,
Әдемі жарың әсіресе.
БАЛА МЕН ҚҰС
(Орысшадан)
– Жыршы құс, тілімді алып, келші мұнда,
Жасыл шөп, жасыл ағаш қалсын онда.
Қапаста жаның тыныш отырасың,
Жазы-қыс жейтін ұрық бәрі қолда.
Мен сені жан досымдай қадірлеймін,
Ерінбей, тамағыңды әзірлеймін.
Мөп-мөлдір саф күмістей, тәп-тәтті су
Күнде ерте, жалғаны жоқ: «Әзір!» – деймін.
Ас-суың керегіңше даяр қылам,
Кем-кетік жерің болса, даяр тұрам.
Жаз жетсе – қорқынышсыз, қыс уайымсыз,
Далада мың қорқыныш, суық боран.

205
C
C
М. Жұмабаев
C
C
Аңшы да мылтығымен ата алмайды,
Қаршыға жақындауға бата алмайды.
Күн ұзын жырың жырлап отырасың,
Басқа жан мұндай рақат таба алмайды.
– Жоқ, мырза, бұл мақтаған қапасыңа,
Кірмейтін боран, суық лапасыңа
Бермеймін қалың ағаш, өзен-суды,
Келсе де мың бір пәле бұл басыма!
Жайнаған түрлі гүлмен кең даламды,
Қай жаққа ұшсам-қонсам ен даламды,
Балақай, асу-суыңмен сыйланам деп,
Жанымнан, өз еркімнен құр қалам-ды.
– Кең дала, қалың ағаш, аққан бұлақ,
Сүйкімді маған дағы жасыл құрақ.
Құсеке, соны ойлашы, суық болса,
Қыласың үсіместей қайда тұрақ?
– Кетемін онда ұшып жылы жаққа,
Қысы-жаз қар жаумайтын біздің баққа.
Қар кетіп, сіздің жақта жылы болса,
Қайтадан ұшып келем ескі таққа.
– Адассаң жазатайым жолдан шығып,
Құр тоңып өлмейсің бе боран соғып?
– Шырағым, оның үшін қорқа қойма,
Жасаған жол көрсетер қайырым қылып.

206
C
C
Шығармалары
C
C
ЕРТЕҢГІ СӘУЛЕЛЕР
(Орысшадан)
Көкте жүзіп жарық күн,
Нұрын шаша бастады.
Оянсын деп жер жүзі,
Алтын сәуле тастады.
Бірінші сәуле ұшты да,
Бозторғайды оятты.
Сескеніп, сасып торғайың,
Жалмаң қақты қанатты.
Көтеріліп аспанға,
Көктем жырын жырлады:
(Кірісті іске шаттықпен,
Жалқауланып тұрмады)
«Қандай жақсы ертеңгі
Саф ауада демалу,
Таза, жақсы ауадан
Бұл денеге ем алу!»
Екінші сәуле ұшты да,
Барып түсті қоянға.
Шаттықпенен секірді
Секситіп құлақ қоян да.
Шықты шөпке секіріп,
Ертеңгі тамақ іздеді.
Жұмсақ, тәтті сұлы шөп
Көп ішінен көздеді.

207
C
C
М. Жұмабаев
C
C
Үшінші сәуле тауықтың
Ұясына дәл түсті.
«Кукареку» деп әтеш те,
Қақты қанат, сілкіді үсті.
Тауықтар ұшып ұядан,
Қыт-қытқа басып, шөп-шарды
Аралап, іздеп бір тынбай
Арасынан құрттарды.
Төртінші сәуле араның
Ұясына түсті дәл.
Балауызды ұядан
Шықты жимақ болып бал.
Терезеге отырды,
Қанатын түзеп оңтайлап.
Зұм-зұм ұшты, жөнелді,
Бал жиямын деп ойлап.
Иісі жақсы шөптерден
Ерінбей-талмай бал жияр.
Өлеңін айтып күңіреніп,
Жібектей шөпте хал жияр.
Бесінші сәуле тұп-тура
Түскен екен балаға –
Еңбексіз, жалқау, еріншек,
Істен қашқан шалаға.
Өткір сәуле көзіне
Оятам деп түссе де,
Айналған, жатқан, ұйықтаған,
Хабарсыз, дүние көшсе де.

208
C
C
Шығармалары
C
C
Ойлап тұрсаң, мінеки,
Дәл осындай біздің жай.
Сәулесіне білімнің
Басқа жұрт ашқан көзін-ай.
Өнерлікпен көкке асқан
Көре алмадық азын-ай.
Жамылдық, жаттық, ұйықтадық,
Келдік өлер кезіне-ай!
ШАЛДЫҢ ҮМІТІ
(Кольцовтан)
– Ерттеп мінсем бір жүйрік ұшқыр атты,
Шапсам, ұшсам сұңқардай құстан қатты,
Жалпақ дала, кең теңіз бәрін өтіп,
Қуып жетіп, қайтарсам жастық шақты.
Солқылдап жігіт болып кейін қайтсам,
Жаңғыртып ен даланы өлең айтсам!
Қартайғанда, «кет!» деген бұраң белмен
Бұрынғыдай айқасып бірге жатсам!
– Жоқты күтпе. Оқ қайтпас, бір атқан соң,
Қайтып татар нәрсе емес, бір татқан соң.
Ізі жоқ іздеп табар, құр қаңғырма,
Күнбатыстан күн шықпас, бір батқан соң!

209
C
C
М. Жұмабаев
C
C
ТҰТҚЫН
(Лермонтовтан)
Абақтыдан құтқарып,
Сәулесін күннің көрсетші.
Қаракөз жанға қыз салып,
Қара жал жүйрік ат берші.
Жас сұлуды жүрекке
Қысып әуел сүйейін.
Сонан соң ырғып жүйрікке,
Желдей ұшып гулейін.
Есік берік, әйнек те,
Дариға, бірақ тым биік.
Қаракөзді аулақта
Жатқан шығар жат сүйіп.
Жасыл қырда ерігіп,
Жүгенсіз жүр ғой тұлпар-ат
Құйрық-жалы төгіліп,
Бос ойнақтап, көңілі шат.
Жоқ жұбаныш, жалғызбын,
Жалаңаш тас – айналам.
Шашады әлсіз жарығын
Сөнетін оттай сорлы шам.
Естіледі жалғыз-ақ
Ар жағында есіктің
Күзетші жүр үнсіз, сақ,
Аяғын басқан есеппен.

210
C
C
Шығармалары
C
C
* * *
(Әбу Фирастан)
Жау жеңді, берік қамады,
Кісендемін – тұтқынмын!
Тамшылап қаным ағады,
Сарғайтасың өтпей, күн!
Еш дыбыс жоқ, қара түн,
Жұлдыздар әлсіз сәулесін
Шашып тұр... естіп талған үн,
Таныдым шешем дауысын.
Көптен енді қан жұтып,
Шақырасың, қарт анам.
Тұтқын боп, қолдан ерік кетіп,
Бара алмай тұр жан балаң!
Сабыр қыл, анам, сарғайма
Дамылсыз зарлап күні-түн.
Қуан, қыл шүкір Құдайға,
Иманым үшін тұтқынмын.

211
C
C
М. Жұмабаев
C
C
КҮН  ШЫҒАДЫ  ДА  БАТАДЫ
(М. Горькийден)
Күн шығады да, батады,
Абақтым қара әрі тар.
Түнде, күндіз күзетшілер
Тереземді бақылар.
Бақылаңдар, мейілдерің,
Қаша алмаймын мен сорлы.
Жүрек ерікке ұмтылады,
Үзе алмаймын шынжырды.
Ай, шынжырлар, шынжырларым,
Сендер – темір сақшылар.
Үзе алмас та, сындыра алмас
Сендерді асқан батырлар.
Қарға, қарға, қара қарға,
Неге төніп келесің?
Көзің сүзіп күтпе бекер,
Мен сенікі емеспін.

212
C
C
Шығармалары
C
C
АРАБТАН
* * *
Қаһармен қарғып, шапшып, ақырып ұмтылған,
Арыстанға қарсы шапқан ерлерің –
Барқылдаған бір төбеттен қаймығып,
Қалайша іздер таса, сая жерлерін?!
* * *
Жазғытұрым көл боп жауған жаңбырың
Жомарт ердің бергеніне жете алмас:
Қапшық-қапшық алтын-күміс ер берер,
Тамшылаудан жаңбыр асып кете алмас.
* * *
Тамаша-ау жазғытұрым жеткенінде,
Көк жылап, мазақ қып жер күлгеніндей.
Жайнаған жердің жүзі алтын-күміс,
Сақтық қып ерте Тәңірі көмгеніндей.
* * *
Сопысынба, қара жүрек бол да қал,
Тізе көрсең қара жүрек адамнан!
Көп наданның мәжілісіне кез келсең,
Білем деме, болып көрін наданнан!
* * *
Басқа келген қорлыққа
Жалғанда жан шыдамас.
Шыдап тұру зорлыққа
Арлы жанға ұнамас!

213
C
C
М. Жұмабаев
C
C
* * *
Қу қазықты жаны жоқ
Алмасақ егер есепке,
Қорлыққа, намыс-ары жоқ,
Шыдайтын жалғыз есек те.
* * *
Сендей сұлу тірі жан
Көргенім жоқ жалғанда,
Сендей бала таба алмай,
Талай ана арманда!
* * *
Кемшіліксіз сын-сымбат,
Көп артықсың хордан да.
Жаратылдың еркіңмен,
Еркіңе Құдай салған да!
ДӘРІГЕР
(Дмитриевтен)
Маған айтты бір дәрігер:
– Таба алмассың бір ауру
Ұнамады деп айтқан
Мен істеген ем-дәру.
Ойладым: «Иә, дәрігерім,
Теріс деп ісің кім айтар!
Айтуға да қаратпас,
Өлім келер, тіл байлар!»

214
C
C
Шығармалары
C
C
ОРМАН ПАТШАСЫ
(Гетеден)
Қараңғы салқын түнде кім
Аяңдамай, желеді?
Жанында жас ұлы бар,
Жолаушы жортып келеді.
Әкесіне дірілдеп
Тығылды бір уақ нәресте.
Құшақтап қысып баласын
Жылытады қарт әке.
«Неге қорқып тығылдың,
Айтшы, көзім қарасы?»
«Көз алдымда жарқ етті,
Жан ата, орман патшасы.
Сақалы оның қоп-қою,
Қара тәж киген Қарахан!»
«Жоқ, жаным, су үстінде
Тұман ғой ол ағарған!»
«Мойныңды бұр, балақай,
Маған қара, нәресте.
Не тілесең, менде бар
Сансыз қызық көп нәсте!
Хош иіске толтырар
Феруза гүлдер маңайын.
Бұлақтарым – меруерт,
Саф алтыннан сарайым!» –

215
C
C
М. Жұмабаев
C
C
«Жан ата, орман патшасы
Сөйлеседі менімен,
Меруерт, маржан қуаныш,
Береді алтын кенімен!»
«Жаным, жаңылыс естіпсің,
(Берген патша ол неткен?!)
Жел ғой ол жаңа оянып,
Жапырақты тербеткен».
«Келші маған, нәрестем,
Тоғайымның ішінде
Сұлуларым көрерсің,
Көрмеген ондай түсіңде.
Ай жарықта сұлулар
Тоқтаусыз ойнар да ұшар.
Тылсымды ойын, бал шумен,
Сәулем, сені ұйықтатар!» –
«Жан ата, орман патшасы
Шақырды қара қастарын!
Арасынан бұтақтар
Шұлғиды қыздар бастарын!»
«Қорықпа, балам, қараңғы
Түнде жоқ еш қорқыныш.
Ол – ақ шашты ағаштар,
Жай ғана тұр ғой тып-тыныш!»
«Жараланды жүрегім,
Ғашықпын, бала, көркіңе.
Енді маған келерсің!
Қоймаспын, сірә, еркіңе!» –

216
C
C
Шығармалары
C
C
«Жан ата, орман патшасы
Қуып бізге жетті ғой.
Келіп қалды мінеки,
Қысылдым, демім бітті ғой!»
Жолаушы енді қысылып,
Шаппайды, ұшып келеді.
Қайғырады нәресте,
Нәресте жылай береді.
Құйындатып жолаушы,
Үйіне ұшып келіпті.
Бірақ оның қолында
Нәресте жолда өліпті.
БҰТАҚ
(Мятловтан)
Айтшы, бұтақ, қай жаққа,
Жолың болсын, жүзесің?
Толқыннан таудай қорықпастан,
Теңізді түпсіз кезесің!
Апырм-ай, жаным, байқай көр,
Ашулы теңіз мерт қылар.
Шамаң бар ма теңізбен
«Білгенің қыл!» – деп серт қылар?
Бұтақ дейді: «Теңізден
Сақтану маған не керек?
Мен – құрыған бір дене,
Жоқ енді менде тіршілік!

217
C
C
М. Жұмабаев
C
C
Ата-анам – ағаштан
Айырды мені жауыз жел.
Енді мейлі айдасын
Тілеген жаққа су, дауыл!

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет