Ə. Е. Жұмабаева, М. Н. Оспанбекова, М. А. Данабаева



бет1/305
Дата06.01.2022
өлшемі2 Mb.
#11310
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   305

Ə.Е. Жұмабаева, М.Н. Оспанбекова, М.А. Данабаева



ҚАЗАҚ ТІЛІ

ОҚЫТУ ƏДІСТЕМЕСІ
Жалпы білім беретін мектептің 4-сынып мұғалімдеріне арналған

Қазақстан Республикасының Білім жəне ғылым министрлігі ұсынған


А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сарапшыларымен келісілді


Алматы «Атамұра» 2019




ƏОЖ 373

КБЖ 74.268.1Қаз Ж 81

Жұмабаева Ə.Е. т.б.

Ж 81 Қазақ тілі. Оқыту əдістемесі: Жалпы білім беретін мектептің 4-сынып мұғалімдеріне арналған/Ə.Е. Жұмабаева, М.Н. Оспанбекова, М.А. Данабаева. – Алматы: «Атамұра», 2019. – 468 бет.

ISBN 978-601-331-493-8

ƏОЖ 373

КБЖ 74.268.1Қаз


© Жұмабаева Ə.Е., Оспанбекова М.Н., Данабаева М.А., 2019

ISBN 978-601-331-493-8 © «Атамұра», 2019

ОҚУЛЫҚТЫҢ 1-БӨЛІМІНЕ ТҮСІНІКТЕМЕ
Құрметті мұғалім! Жаңартылған білім мазмұны аясында түзілген 4-сынып «Қазақ тілі» оқулығын оқушыларға оқытып үйрету мақсатында Сіздерге «Қазақ тілі. Оқыту əдістемесі» оқу құралын ұсынып отырмыз.

Қазақ тiлi пəнiн оқытып үйретуде, ең алдымен, ненi ескерген жөн? Бұл сұраққа жауап iздегенде бүгiнгi күнi бiлiм беру жүйесiне қоғам қандай талап қойып отырғанына назар аударылады.

Бастауыш сыныптарда «Қазақ тiлi» пəнiн заман талабына сай оқыту үшiн мына мəселелердi ескеру қажет:


  • елiмiздегi бiлiм беру стратегиясының негiзгi идеясы – оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру (коммуникативтік сөйлеу əрекеті түрлерін қалыптастыру мен дамыту);

  • оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерiн дамыту;

  • оқыту үдерiсiнде оқушының жеке мүмкiндiктерiн ескеру;

  • оқытуды жаңа бағытта жүзеге асыру: оқу мен оқытудағы жаңа инновацияларды қолдану;

  • оқушылардың қимылдық, əлеуметтік, танымдық, қатысымдық белсенділігін жəне өз беттерімен жұмыс істеу біліктерін дамыту;

  • оқыту үдерiсiнде шəкiрттердiң өзiндiк iзденiстерiн ұйымдастыру, олардың барлық мүмкiндiктерiн көрсетуiне барынша жағдай жасау;

  • оқушылармен iзгiлiктi қарым-қатынас жасап, өзара ынтымақтастықта болу т. б.

Құрметтi ұстаздар, 4-сынып оқушыларына арналған «Қазақ тiлi» оқулығы осы айтылған талаптар тұрғысынан жаңадан жазылды. Соған сəйкес өздерiңiзге ұсынылып отырған əдістемелік оқу құралында қазіргі талапқа сай оқыту-үйрету үлгілері (ұзақ мерзімді жəне қысқамерзімді жоспарлар) беріліп, «Қазақ тілі» пəнінің əдістемелік ерекшеліктері мен оны оқытудың жолдары баяндалады.

4-сынып «Қазақ тілі» оқулығында берілген сөйлеу жəне тілдік материалдар оқушыны оқу-жазуға үйрету мен тəрбиелеуге, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуына, жалпы дамуының қалыптасуына жəне өз ойларын еркін жеткізуіне мүмкіндік жасау мақсатын көздейді. Бұл ретте 8 лексикалық тақырыптың («Менің Отаным – Қазақстан», «Құндылықтар», «Мəдени мұра», «Мамандықтар əлемі», «Табиғат құбылыстары», «Қоршаған ортаны қорғау»,



«Ғарышқа саяхат», «Болашаққа саяхат») аясында оқушыларды мұқият тыңдауға, өз ойларын анық айтуға, сауатты жазуға жəне түсінікті де мəнерлі оқуға үйретуге берілген оқу материалдары мен тапсырмалардың ұтымды шыққанын атап өткен жөн. Əсіресе, лексикалық тақырыпқа сəйкес берілген мəтінмен жұмыс арқылы оқушылардың қазақ тілі фонетикасы, лексикасы, грамматикасы мен пунктуациясы туралы бастапқы теориялық түсініктерін жəне дұрыс жазу дағдыларын қалыптастыру өз шешімін тапқан.

Оқулықтағы жаттығулар мен оқу тапсырмалары мынадай шартты белгiлермен берiлдi: – жаңа сабақ, – жұппен жұмыс, – топтық жұмыс, – iзден, – ойлан, талда, салыстыр, жинақта, бағала, – тыңда, – жаңа ақпарат, – есіңе сақта, – орфографиялық сөздік, * – түсінік берілетін сөздер, – Мен не үйрендім? Оқулық əдістемелік аппаратының мұндай құрылымдық ерекшелігі оқушылардың iзденуіне, ойлануына, өздiктерiнен жəне жұптасып, топтасып жұмыс iстеулерiне мүмкiндiк берері сөзсіз.

Бастауыш сынып мұғалімі оқушылардың топталып, бірігіп барып таным қызметіне енуін жіті қадағалап отыруы шарт. Ол үшін топпен жұмыс істеудің ерекшеліктерін жете білуі тиіс:



  • сыныптағы əр оқушы тапсырманың барысын анықтауға, мақсатын айқындауға қатыстырылады;

  • əр оқушы бірігіп істейтін əрекеттің өту барысын бақылап, бағалауға қатысады;

  • əр баланың жұмысына тек мұғалім емес, бүкіл сынып баға беретіндей жағдай жасалуы тиіс.

Демек, бастауыш сынып оқушыларының өзара ұжым болып бірігуі олардың өз еріктерімен топтасуы арқылы жүргізіледі. Жұмыстың ұжымдық түрде орындалуы оқушылардың ортақ істе тіл табысып, бір-бірімен санаса отырып, пікір айтуға төселуіне ықпал етеді. Əрі балалардың сабақта белсенділік көрсетуіне тиімді əсері болады.

Əр топтың ішінен белсенді кіші топ құрылып, эксперт немесе жүргізуші тағайындалып, өздеріне берілген тапсырманы талқылап, ортақ пікірге келу міндеттеледі. Мұндағы мақсат – оқушылардың бір мəселені топ болып бірлесіп шешу дағдыларын қалыптастыру.

«Қазақ тілі» оқулығында оқушыларды топтық қарым-қатынасқа түсе алуға машықтандыру оқу тапсырмалары 3 бағытта жүзеге асырылған:


  • ортақ идея ұсыну, ынтымақтаса əрекет ету;

  • қарым-қатынасқа қатысушылардың өзара ақпарат алмасуын қамтамасыз ету;

  • ақпаратты басқаға беру (бұл көбінесе жұптық тапсырма ретінде берілген).

Топтық қарым-қатынасты қалыптастыру жəне нығайту үшін «Орнын тап» ойынын ойнатуға болады. Əр оқушыға бір сөйлемнен жазылған қима қағаздар таратылады. Олар сөйлемді оқып, естерінде сақтаулары қажет. 1 минуттан кейін мұғалім қима қағаздарды жинап алады. Мұғалім əңгімені мұқият оқып шығады. Оқушылар тапсырманы орындау барысында бір-бірімен бірлесіп, яғни əңгіменің бірінші сөйлемі бар оқушы екінші оқушымен, ол екеуі бірлесіп үшінші оқушымен, одан төртіншімен, сөйтіп бесеуге дейін топқа бірігіп, əңгімені шығарады. Бұл əдісті қолдану арқылы оқушылардың есте сақтау қабілеті жетілдіріліп, оқушылардың бір-бірімен тіл табысу, бірлесе жұмыс істеу дағдылары қалыптасады. Мұндай жұмыс түрінде мұғалімнің басшылығы тікелей емес, жанама түрде қойылады. Өйткені, оқушылардың оқу-танымдық қызметтегі бірлесіп əрекет жасау жолдарын жəне бірін-бірі сыйлау, түсінісу қасиеттерін қалыптастыру мақсат етіп қойылады. Сондықтан тілдік материалдарды бастауыш сынып оқушыларына тереңдете таныту үшін тəрбиелік жұмыстарды да осы мақсатқа бұру керектігі – айқын міндет.

Сондай-ақ оқулықта оқушылардың танымдық мотивациясын қалыптастыру үшін түрлі ойындар, əлеуметтік-психологиялық жағдаяттар қарастырылған. Мұндай тапсырмалар балалардың өз жасына лайық жеңіл əлеуметтенуін қамтамасыз етеді. Оқушыны əлеуметтендіру – жаңартпалы оқытудың түпкі мақсаттарының бірі.

Мəселен, «Күрделі сөз» тақырыбын өту барысында «Біржан мен Гүлнəз аяқ астынан келіспей қалды. Біржан «жеті ата» сөз тобын күрделі сөз десе, Гүлнəз сөз тіркесі дейді. Сен қалай ойлайсың?» жағдаяттық тапсырмасымен жұмыс баланы талдау жасауға, өз əрекетін іштей жоспарлауға, рефлексияға бейімдейді. Оқушы қиындықтан шығудың жолын өздігінен табуға ұмтылады, қорытынды пікір айтуға дағдыланады.

Оқушыларға проблемалық жағдаяттарды шештіру – олардың танымдық қабілеттерін тəрбиелеумен бірге, адамгершілік құндылық қасиеттерін тəрбиелеу жолы. «Менің Отаным – Қазақстан» лексикалық тақырыбы бойынша берілген оқу материалдарымен жұмыста тілдік жағдаяттар туғызу ұтымды. Мысалы, «Тіл жəне сөйлеу» тақырыбын өту барысында мынадай тапсырмалар орындау ұсынылады: 1. Алыс сапарда танысқан досыңа өз елің – Қазақстан туралы əңгімеле. 2. Көшеде сені бір тележурналист тоқтатып: «Қазақ ұлттық ойындары туралы не білесің?» – деп тосын сұрақ қойса, қалай жауап берер едің?

Бұл жағдайда балалар əрі тосын, əрі қызықты күйді басынан кешіреді. Мұндай сауал олардың ойына қозғау салып, белсенділіктерін арттырады. Бір жағынан бала өз ойын дəлелді білдіру үшін тиісті сөздерді іріктейді, екінші жағынан, оны жеткізудің жолдарын қарастырады. Сөйлем түрлерінің қайсысын қалай қолдану жайын сараптап, сөзін жүйелейді. Өз сөздерінің қайда, кіммен, не үшін айтылуына қарай өзгешеленетінін бағамдайды.

Демек, мұндай тілдік жағдаяттар оқушыларды тапсырманы шешудің жалпы тəсілдерін өз бетінше таба білуге, өздік шығармашылық жұмыстарды сапалы орындай алуға, рефлексия

мен өзін-өзі басқара алуға, логикалық ойлау заңдылықтарын қолдана алуға, өзгелермен бірлесе жұмыс жасай алуға, өзінің əрекетін дұрыс бағалап, бақылай алуға тəрбиелейді.

Оқулықта тілдік дағдының диалогтік сөйлеу, көпшілік алдында сөз сөйлеу, топтық қарым-қатынасқа түсе алу, жазбаша қарым-қатынас түрлері мен мазмұны қарастырылып, бастауыш сынып оқушысының бойына осы тілдік дағдыларды қалыптастыру мақсатындағы тапсырмалар жүйесі берілген. Мысалы, диалогтік сөйлеуге үйрету үшін этикалық сипаттағы (сəлемдесу, өзін-өзі, басқаны таныстыруы; қоштасу; құттықтау, тілек айту, оған жауап беру; əңгімені бастау, аяқтау, жалғастыру; алғыс білдіру, оған жауап қайтару; қуанышымен, ренішімен бөлісу), сұрақ-жауап түріндегі (мақсатты түрде өзіне қажетті ақпарат туралы жан- жақты сұрау; сұрақ пен хабарды араластыра қолдану) диалог түрлері мен диалогке тарту (өтініш жасау; көмек ұсыну; ақыл, кеңес, ұсыныс айту; бірлескен əрекетке шақыру т.б.), пікір алмасу (келісу, келіспеу; мақұлдау, сенімсіздік білдіру; дəлелдеу) мазмұнындағы оқу материалдарын аталмыш оқулықтан жиі кездестіруге болады. «Қос сөз» тақырыбы бойынша 50-жаттығуда «Диалогті оған тəн тыныс белгісімен толықтыр», «Екеуара сұхбатқа түс» тапсырмасы берілген. Бұл, сөзсіз, тілдік материалды ғана емес, оқушылардың аксиологиялық қасиеттерді меңгеруі мен сол құндылықтарды өз бойында дамытуында да зор рөл атқарады.

Диалогтік сөйлесу рөл ыңғайында ұйымдастырылса да, жарыссөз, пікірталасы түрінде өткізілсе де, онда оқу мотивін қалыптастырудың негізгі шарттары – əрбір оқушының өзін танытуға мүмкіндік беру, əртүрлі əрекет үстінде өзін-өзі сынауына жол ашу, оқушылардың жас жəне жеке бас ерекшеліктеріне қарай жұмыс түрлерін белгілеуде баланың танымдық, əлеуметтік қабілеттерін жетілдіру мақсаты қойылады.

Диалогтік сөйлесуде оқушылар өз ойын тез жинақтап, екінші бір адамдармен пікір алмасып, ой қорыту жылдамдығын арттыруға үйретіледі. Диалогтік сөйлесудің тағы бір артықшылығы, оған бүкіл сынып оқушылары куə болатындықтан, бала өзінің əр сөзіне жауапкершілікпен қарауға тырысады, қандай мəселе төңірегінде болмасын бұл жарыс оның есінде ерекше сақталады. Жеңілген бала қатесін түсініп, оны толықтыруға үйренеді, əрі өзін- өзі сынай білуге төселеді. Өз əрекетін алдын ала жоспарлаудың, ізденудің қажеттігін сезінеді. Бұл да оқу-танымдық мотивтері мен əлеуметтік мотивтердің бір-бірімен тығыз байланысып, өзара əсер ету нəтижесінде дамып, қалыптасатынын байқатады. Ендігі кезекте бала алдына мақсат қойып, соған жетуге ұмтылады.

Оқулықтың ғылымилығы технология мен ғылымдағы жетістіктер мен зерттеу əдістерінің көрініс табуынан байқалады. «Қазақ тілі. 1-бөлім», «Қазақ тілі. 2-бөлім» оқулықтарының мазмұны оқушылардың логикалық ойлауын, шығармашылық əлеуетін, дүниетанымын дамытатын мəтіндер мен солардың аясында танытылатын грамматикалық жаттығулардан жəне зерттеушілікке бағыттайтын, болжам жасауға, қарама-қарсы пікір айтуға, белгілі тақырыпқа пікірталасқа түсуге жəне ізденіске жетелейтін тапсырмалар жүйесінен тұрады.

Оқушылардың қарым-қатынас қабілетін арттыру мақсатын көздейтін пікірталас сабақтары белгілі бір тақырып төңірегінде өзара сынға арналады. Бұл тапсырманың сабақ тақырыбынан алшақ кетпеуі арқылы ондағы тілдік объектінің болуын қадағалау керек, ал екінші жағынан, сын айта білудің өзінде əділдік, мəдениеттілік, достық ниет жататынына, сондықтан оны дұрыс қабылдай білудің өзінде де ұлттық үрдістегі сөзге тоқтау, жеңілгенін дер кезінде мойындай алу секілді жағымды қасиеттердің қалыптасатынына көз жеткізуге болады. Баланың көзқарастарына ортасы арқылы əсер ету басты нысанаға алынады. Мұнда балалардың тілге тиек ететін фактілерін өз ортасынан, сыныбынан алу қажеттігі олардың əңгімесіндегі өзара сынға, пікір таласына арқау болады. Бұл жерде тек кемшіліктерді сынау емес, үлгі етуге лайық балалардың қасиеттерін бағалауға, өз көзқарастарын талдап, таратып айтуға мүмкіндік беріледі. Ал балалардың əңгімеге қатысу белсенділігімен бірге олардың сөз саптауына, өзін ұстауына, тақырыпты дұрыс аша білуіне назар аударылатынын алдын ала ескерту əңгіменің жүйелі өтуіне əсер етеді. Əрі білімді бекітетін, əрі танымды кеңейтетін мұндай жұмыстар оқу əрекеті мотивтерін жандандыруға үлкен көмек береді. Осы

айтылғандарды кез келген лексикалық жəне тілдік тақырыптар бойынша жүзеге асыруда байқауға болады. Мысалы, «Синтаксис əлеміне саяхат» тілдік тақырыбын өту барысында

«Кім келіспейді?» ойынын ойнату арқылы оқушылардың берілген сөйлемді сөйлем мүшелеріне талдап беруі талап етіледі. Талдауға шыққан баланың пікіріне «Кім келіспейді?» сұрағы қойылып, келіспегендер өз пікірлерін дəлелдейді. Өз пікірінің дұрыстығын дəлелдеп, дұрыс талдаған оқушы ойын бастаушы болады.

4-сынып «Қазақ тілі» оқулығында жазбаша қарым-қатынасқа үйрету оқу тапсырмалары қатарын қарапайым сауалнамаларға жауап беру (өзі туралы, қызығушылығы, отбасы, ата-аналары т.б.); құттықтау жəне шақыру қағаздарын жазу; хат жазу (шетелдік құрдасына, жақын туысына т.б.); мəтіннің тірек сөздерін табу; тірек сөз бойынша мəтін құрау; ұсынылған көрнекілік бойынша мəтін мазмұнын баяндау; ұсынылған тақырыпқа шығарма, мазмұндама, баяндама т.б. жазу; тақырыпқа сай келетін мақал-мəтел жазу құрайды.

«Сөйлеу мəдениеті» тақырыбына берілген материалдардың ішінде оқушылардың сөйлеу деңгейін анықтайтын тапсырмалар кездеседі. Диаграммамен жұмыста 25 оқушының сөйлеу көрсеткішін талдау жəне 24-жаттығудағы сауалнамаға жазбаша жауап беру арқылы оқушылар көпшілік алдында дұрыс сөйлеуді жүзеге асыратын болады. Ол үшін оқулық форзацындағы «Көпшілік алдында сөйлеуге үйрену қадамдарын» басшылыққа алатын болады:



  1. Белгілі бір тақырыпта сөйлеу үшін жоспар құр.

  2. Не сөйлейтініңді жоспарға сəйкес ретте.

  3. Сөйлейтін сөзіңді түсінікті, мəнерлі жеткізуге тырыс.

  4. Сөйлеуіңде ойыңды нақтылай түсетін қыстырма сөздер мен мақал-мəтелдерді қолдануды ұмытпа.

«Мен эколог бола аламын ба?» тақырыбында берілген сауалнама сұрақтарына жауап беру арқылы да оқушылардың жазбаша қарым-қатынас машығына үйренері сөзсіз.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жəне оның қалыптасуын тексеру құралы шығармашылық сипаттағы тапсырмалар болып табылады. Сол себепті

«Қазақ тілі» оқулығында «Біздің жобамыз», «Шығармашылық үзіліс» айдарларымен зерттеу жұмыстарына бейімдейтін тапсырмалар, өмірлік тəжірибеге үйрететін жағдаяттық тапсырмалар жəне т.б. беріліп отыр. Мəселен, «Шығармашылық үзіліс» айдары бойынша оқушының «Сөз жəне оның мағынасы» тақырыбы бойынша алған тілдік білімін өмірлік жағдайда қолдануға машықтандыру мақсатында рефлексиялық жаттығу мазмұны төмендегіше берілген: Сыныпта «Ойлан, тап» ойыны ойнатылды. Мұғалім омоним сөздің бірінші мағынасына жұмбақты өзі құрастырып айтса, оқушылар кезекпен келесі мағынасын ұйқаспен келтіре жалғастырып жатты. Кезек саған да келді. Мұғалім «Мен бөрене тілер əйдікпін» деп жасырса, сен «ара» сөзінің келесі мағынасына жұмбақты қалай жалғастырар едің?». Оқушы «Мен гүл нəрін сорар жəндікпін» деп жұмбақты жалғастырады.

«Біздің жобамыз» айдары бойынша 1-бөлімде берілген 4 сағаттық материалдар арқылы оқушылар өздігінен ізденіп, дереккөздермен жұмыс істейді. «Фонетика əлеміне саяхат» бірінші жоба жұмысы бойынша дауысты жəне дауыссыз дыбыстар туралы ертегі немесе жағдаяттық тапсырма құрастырады. «Əдебиеттік оқу» оқулығынан кез келген өлеңді оқып, өлеңде буын үндестігіне бағынбайтын сөздерді анықтайды. Өлеңнен айтылуы мен жазылуында өзгешелігі бар сөздерді тауып, олардың айтылуы мен жазылуын салыстырады, қорытынды шығарады. Өлеңнен сөздердің аралығындағы дыбыс үндестігін табады. Жұмысының нəтижесін сыныптастарының алдында қорғайды. Екінші жобада тыныс белгілері туралы материал табу немесе солардың бірінің атынан өз əңгімесін құрастыру,

«Əдебиеттік оқу» кітабына зерттеу нысаны тұрғысынан зерттеу жүргізу, өзіне ұнаған тақырыпқа («Тыныс белгілері не үшін қажет?», «Тыныс белгілерге мадақтау сөз») хабарлама жасау жүзеге асырылады. Үшінші жобада тест тапсырмаларының түрлерімен танысып, сөйлемнің бірыңғай мүшелеріне осындай бет құрастырады. Жұмысының нəтижесін сыныптастарының алдында қорғап, бір-бірін бағалайды. Төртінші жобаны орындауда ...

Оқулық материалдары оқушылардың жас ерекшеліктері мен білім деңгейіне сəйкес іріктелген. Сонымен бірге оқулықта оқушының сөздіктермен жұмыс істеуін мүмкін ететін анықтамалық материалдар, оқушылардың сөздік қорын байытатын, шығармашылық қызығушылықтарын арттыратын, өз ойлары мен сезімдерін жазбаша/ауызша сауатты, көркем жеткізе білу дағдыларын, эстетикалық, мəдени жəне əлеуметтік қабілеттерін дамытатын тапсырмалар мен жаттығулар берілген.

Əр бөлім бойынша берілген басқы беттерде іс-əрекеттік аспект бойынша күтілетін нəтиже берілген. Соған сəйкес оқулықта оқушылардың түсіну, қолдану, талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн құрастыру жəне бағалау секілді белсенді əрекеттерін мүмкін ететін тапсырмалар жүйесі құрастырылған. «Сөйлемді аяқтап жаз», «Екі мəтінді салыстыр. Ұқсастығы неде? Айырмашылығы ше?», «Сөздердің қатесін тауып, түзетіп жаз», «Мəтін тақырыбына сай келмейтін бөлікті алып тастап, мəтінді қайта құрастырып жаз»,

«Оқығандарыңның мəтін екенін дəлелдеңдер», «Осы мақал мəтіннің аты болатындай шағын мəтін құра», «Жұбыңа баянда. Оның құраған мəтініне өз пікіріңді білдір» т.б. осы сияқты оқу тапсырмалары оқушылардың белсенді əрекеттерін ұйымдастыруға бағытталып құрастырылғандықтан, оқушылар білімді өздігінен меңгереді, үйренеді.

Əрбір бөлім оқушының өзін-өзі тексеруін мүмкін ететін нəтиже сабақтармен аяқталған. Бұл «Қазақ тілі» оқулығында тек ақпараттық емес, жинақтау (трансформациялық), өзін-өзі бақылау жəне бағалау оқу материалдарының бар екендігін көрсетеді.

Оқушының əр сабақ соңында өз іс-əрекетіне (сауатты жазу, көркем жазу, шығармашылық тапсырманы орындау) кері байланыс жасауы жəне өзін-өзі бағалауы үшін

«Жұмыс дəптерінде» рефлексиялық тапсырмалар берілген. Ол үш дөңгелек-шартты белгі арқылы жүзеге асады: оқушының сауатты жазуын бағалау үшін берілген 1-дөңгелек-шартты белгі; көркем жазуын бағалау үшін берілген 2-дөңгелек-шартты белгі; шығармашылық тапсырманы орындау деңгейін көрсететін 3-дөңгелек-шартты белгі. Бағалаудың шартты белгілеріне сəйкес («жасыл» түс – «Бəрекелді!», «көк» түс – «Жарайсың!», «қызыл» түс –

«Ойлан!») оқушы сауатты жəне көркем жазуын, орындаған шығармашылық жұмысының дұрыстығын үш түрлі қарындашпен бояп бағалайды.

«Қазақ тілі» пəні оқу-əдістемелік кешенінің негізгі қызметтерінің бірі тiлдiк бiлiмнiң сапалы меңгертілуін қамтамасыз ету болғандықтан, грамматикалық бөлімдер бойынша тақырыптарды оқытудың əдістемелік ерекшеліктерінің сипаттамасын беруді жөн көрдік.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   305




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет