Сабақ тақырыбы. Кіріспе. Омыртқасыздар зоологиясы жеке ғылым ретінде. Сабақ жоспары



бет1/56
Дата17.04.2023
өлшемі177,48 Kb.
#83523
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56

Дәріс № 1 (1 сағ.)


Сабақ тақырыбы. Кіріспе. Омыртқасыздар зоологиясы жеке ғылым ретінде.
Сабақ жоспары:

  1. Тіршілік жоғары ұйымдасқан материя қозғалысының формалары.

  2. Омыртқасыздар зоологиясының жеке ғылым ретіндегі даму тарихы.

  3. Омыртқасыз жануарлардың басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы мен ұқсастықтары.

  4. Омыртқасыздар зоологиясы ғылымының салалары.

  5. Омыртқасыздар зоологиясы ғылымының басқа биологиялық ғылымдармен байланысы.



1) Тіршілік жоғары ұйымдасқан материя қозғалысының формалары.
Органикалық дүниені ұзақ жылдар бойы жануарлар мен өсімдіктер әлеміне бөліп келді. Биология ғылымының қарқынды дамуына байланысты органикалық дүниенің құрылымы хақындағы көзқарастарды қайта қарауға тура келді. Қазіргі уақытта ғалымдар органикалық дүниені екі (өсімдіктер мен жануарлар) емес, төртке бөліп отыр: олар прокариоттар немесе монера - бір клеткалы ядросыздар (мысалы, бактериялар, көк-жасыл балдырлар), өсімдіктер, саңырауқұлақтар және жануарлар.
Жануарлар әлемі - Zoa немесе Animalia. «Zoon» - грек тілінде жануар деген сөзді білдіреді. Қазіргі кезде жануарлардың белгілі түрлерінің жалпы саны 2,5 миллионнан асады, олар тірі организмдердің тіршілік ететін аймағының ерекше қабаты - биосферада кең тараған.
Биосфера - грек тілінде «bios» - өмір және тіршілік, «sphaira» (сфера) - шар, қоршаған орта деген сөздерінен алынған. Биосфераға литосфераның жоғарғы қабаты, бүкіл гидросфера және атмосфераның төменгі қабаты жатады, мұнда жануарлар, өсімдіктер және басқа тірі организмдер тіршілік етеді.
Палеонтологиялық зерттеулер нәтижесінде, яғни қазбалардан табылған өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарын тануға сүйене отырып, ғалымдар биосфераның негізгі пайда болу жолдарын анықтады. Ғалымдар, жердің және сондағы тіршіліктің даму тарихын басты-басты бес эраларға (архей, протерозой, палеозой, мезозой, кайнозой), ал эраларды дәуірлерге, кезеңдерге бөлді.
Архей - биосфераның ең бірінші эрасы. Болжаумен айтқанда, мұнда алғашқы қарапайым тіршіліктің түрі пайда болған. Ал тіршіліктің ең тұңғыш іздері протерозой эрасында болған.
Протерозой эрасында өмір сүрген тіршілік иелерінің қалдықтарынан радиоляриялардың, фораминифералардың іздері, губкалардың қаңқалары, буылтық құрттардың түтікшелері, моллюскалардың бақалшақтары, тіпті буынаяқтылардың да қалдықтары табылған. Осындай қазбалардың қалдықтарын анықтай отырып, протерозой эрасында жануарлардың біраз типтерінің өкілдері өмір сүргенін дәлелдеуге болады.
Палеозой эрасы - ертедегі тіршілік эрасы. Бұл эра 6 дәуірге бөлінеді: кембрий, ордовик, силур, девон, тас көмір, пермь.
Мезозой ортаңғы тіршілік эрасы 3 дәуірге бөлінеді: триас, юра, бор. Жануарлар тарихында мезозойды жорғалаушылар эрасы деп атайды.
Кайнозой эрасы - жаңа тіршілік уақыты. Бұл эра 3 дәуірге бөлінеді: палеоген, неоген, антропоген. Антропоген қазіргі біздің заманымызбен жалғасып отыр.
2) Омыртқасыздар зоологиясының жеке ғылым ретіндегі даму тарихы.
Жер жүзіндегі жануарлар түрлерінің жалпы саны 2,5 миллионнан асады және жыл сайын жануарлардың жаңа түрлері сипатталып жазылуда. Жануарларды топқа бөліп жіктемесе, оларды зерттеу қиынға соққан болар еді.
Жануарлар әлемінің әртүрлілігіне байланысты олардың ұқсастық белгісіне не арасындағы айырмашылығына қарай систематикада жануарларды таксондарға бөледі: тип, класс, отряд, тұқымдас, туыс, түрге. Ең кіші таксон «түр» (species). Әрбір түрге екі сөзден тұратын латынша аты берілген. Бірінші сөз зат есімі - туыстың аты, екінші сөз сын есімі - түрдің аты. Туыс аты түр атының алдынан үлкен әріппен жазылады. Осылай атау қосарлы немесе бинарлы номенклатура делінеді. Бинарлы номенклатураны швед ғалымы Карл Линней «Табиғат системасы» (1735) деген еңбегінде ұсынған. Қазіргі кезге дейін түрлерді қос атпен атау сақталынып келеді. Мысалы, Euglena viridis - жасыл эвглена, Fasciola hepatica - бауыр сорғыш, Musca domestica - үй шыбыны.
Бір-біріне өзара жақын түрлердің тобы - туысқа (genus) жіктелінеді, жақын туыстар тобы - тұқымдасқа (familia), жақын келетін тұқымдастар - отрядқа (ordo), отрядтар - класқа (classis), кластар - типке (phylum) біріктіріледі.
3) Омыртқасыз жануарлардың басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы мен ұқсастықтары.
Көпшілік өсімдіктер мен жануарлар бір-бірінен оңай ажыратылады, бірақ ұзақ уақыт бойы кейбір жануарлар топтарын мысалы, қарапайымдыларды, губкаларды және маржандарды өсімдіктерге жатқызып келді.
Жануарлардың өсімдіктерден негізгі айырмашылық белгілері: көпшілік жануарлар қозғалғыш, ал өсімдіктер бекініп тіршілік етеді; жануарлардың клеткасы жұқа жарғақпен қапталса, өсімдік клеткасы жарғақтан басқа целлюлоза қабатымен қапталады; жануарлардың көптеген мүшелері дененің ішінде орналасып, тұрақты пішінде болса, өсімдіктердің мүшелері сыртында және дене пішіні үнемі өзгермелі болып келеді; жануарлар белгілі бір даму кезеңінен кейін өсуін тоқтатады, бірақ әр түрлі ұлпалардың жасушалары үнемі жаңарып (ауысып) отырады, ал өсімдіктер өмір бойы өседі; сол сияқты өсімдіктердің жануарлардан негізгі айырмашылығы - зат алмасуында. Айтылып кеткен айырмашылықтар салыстырмалы сипатқа ие.
4) Омыртқасыздар зоологиясы ғылымының салалары.
Омыртқасыз жануарлардың алуан түрлерін зерттей отырып, олардың ерекшеліктеріне және әр түрлі зерттеу мақсаттарына, әдістеріне қарай омыртқасыздар зоологиясы бірнеше салаларға бөлінеді: протистология немесе протозоология - қарапайымдыларды зерттейтін ғылым; гельминтология - құрттарды (паразиттік тіршілік ететін); карцинология - шаянтәрізділерді; арахнология - өрмекшітәрізділерді; акарология - кенелерді; энтомология - бунақденелілерді; малакология - моллюскаларды зерттейтін ғылым.
5) Омыртқасыздар зоологиясы ғылымының басқа биологиялық ғылымдармен байланысы.
Омыртқасыздар зоологиясы басқа биологиялық ғылымдармен тығыз байланысты: морфологиямен және анатомиямен (организмдердің сыртқы және ішкі құрылысын зерттейтін ғылым); гистологиямен (ұлпалардың микроскопиялық құрылысын зерттейтін ғылым); физиология және биохимиямен (организмдердің және олардың мүшелерінің функционалдық қасиеттерін, құрамының химиялық өзгеріске ұшырау үрдістерін зерттейтін ғылым); цитологиямен (клеткалардың құрылысын, атқаратын қызметін, дамуын зерттейтін ғылым); эмбриологиямен (адамның, жануарлардың және өсімдіктердің ұрықтық даму заңдылықтарын зерттейтін ғылым); генетикамен (организмдердің тұқымқуалауы және өзгергіштігі туралы ғылым); палеонтологиямен (құрып кеткен қазба организмдерді зерттейтін ғылым); систематикамен (организмдерді туыстық топтарға жіктеу және олардың эволюциялық дамуының тарихи тізбегін анықтау туралы ғылым).




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет