Тұжырымдамалық (концептуалды) оқыту дегеніміз не? Тұжырымдамалық оқыту тақырыптарды зерттеуге назар аударудың дәстүрлі әдісін қолданудың орнына білім алушылар ды негізгі тұжырымдар (концептілер) мен өзекті идеяларға негізделген сапалы оқытуға қатыстыруды қарастырады. Тұжырымдамалық оқыту жеке түсінікті өзгертуге және ынталандырушы оқу ортасында шешімдерді бірлесіп іздеуге көбірек назар аударып, дайын білім беру мен фактілерді механикалық есте сақтауға азырақ көңіл бөлуге негізделеді. Спиральді оқыту принципі білім алушылардың түсініктерін жылдан-жылға қиындата отырып, жаңа идеялармен жұмыс істеуге мүмкіндіктерді ашады.
Тұжырымдар (концептілер) қалыптастырудың екі негізгі функциясы қандай? Тұжырымдар қалыптастыру жаңа ақпаратты қайталап зерделеуден аулақ болуға және заттарды санаттарға топтастыруға мүмкіндік беретін ақпаратты жүйелейді.
Тұжырым дегеніміз не? Тұжырым – үлкен идея – маңыздылығы тұрғысынан белгілі бір шығу тегі, тақырыбы, орны немесе уақыты сияқты аспектілердің аясынан тыс болатын тұрақты принцип немесе түсінік (Wiggins және McTighe 1998).
Тұжырымдар жеке, жергілікті және жаһандық маңызы бар мәселелер мен идеяларды зерттеудің құралы болып табылады. Тұжырымдарды әртүрлі түсіндіруге және әртүрлі көзқарас тұрғысынан және күрделілігі әртүрлі деңгейлерде қарастыруға болады. Білім алушылар өз түсініктерін дамытып және тереңдете отырып, жаңашылдықты енгізу, қиындықтармен күресу және мәселелерді шешуі үшін тұжырымдарды қолдана алады.
Тұжырымдамалық оқыту және оқу дегеніміз не? Тұжырымдамалық тәсілдеме арқылы оқыту дегеніміз не? Оқытушы жеке фактілерге емес, тұжырымдарға негізделген сабақтарды құрастырған жағдайда, тұжырымдамалық тәсілдеме арқылы оқытады. Тұжырымдар арқылы оқыту сыни, креативті, рефлексиялық, халықаралық ойлауды дамытудың кең тәсілдемесіне, пәнаралық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ ұлттық және мәдени құндылықтарды дарытуға ықпал етеді. Осыған орай, тұжырымдамалық оқыту білім алушылардан әлемді түсіну және осы әлемде өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін принциптер мен қорытынды тұжырымдарға айналатын ақыл-ой қабілеттерін көрсетуді, түсінуді тұжырымдауды талап етеді.