-сы форманты мен -сын форманты негізі бір (-сы > сы +
н) болғанмен, бертінгі дәуірлерде кейбір сәттерде бір-бірінен
алшақ кеткен фактілері бар. Кейбір сөздерге -сы емес, -сын
варианты ғана жалғанып қолданылатыны мәлім. Мысалы,
қазіргі нормамыз бойынша бәлсіну, сәнсіну, керексіну, мазат-
сыну, көпсіну, азсыну тұлғаларында қолданылулары орынды.
Ал Абай сәнсу, бәлсу, әсемсу, мазатсу, керексу деп -сы вари-
антын жалғайды. Бәлсіну, сәнсіну, керексіну-лер – бұрыннан
тілде бар тұлғалар, ал бәлсу, сәнсу т.б. осы типтегі туындылар
Абай неологизмдері болып табылады. Абайдың бұл соңғы
амалды жүйелі түрде қолдануының мотивтері бар. Ең басты
себеп – жазушының -сы жұрнағын актив аффикске айналды-
руында. Сондықтан бұрыннан -сы вариантымен қалыптасқан
түрлері тұрса да, Абай сән, әсем, бәл, керек түбірлеріне -сы
вариантын жалғап, оларды жаңа сөз етеді де, жаңа топқа ко-
сады. Екінші –жазушы -сы жұрнағына беретін эмоциялық
реңкті («притворяться, прикидаваться, выдавать себя за»)
-сын тұлғалы түрі бере алмайтындай, дәл шықпайтындай
көргенге ұқсайды. Шынында да, Ел керексіп, Сөзге емексіп.
Не болады мақтаның (I, 114) дегендегі ел керексу тіркесінің
экспрессивтік бояуы бұрыннан потенциалды елді керексіну
(ағайынды керек ету – керексіну) деген тіркестен өзгеше
екендігі анық. Сірә, ұлы қаламгер -сын жұрнағының беретін
мағынасында ұқсау, балау, теңеу мәні (значение уподобления
–«считать за...» «рассмотривать как...» басымырақ екендігін,
ал «ұқсамаса да ұқсап бағу» (значение подражания, притвор-
ства) мағынасы әлдеқайда солғын, тіпті Э.В.Ссвортян дұрыс
көрсеткендей, қазіргі тілдерде дамымай қалған
131
мағына
131
Севортян Э. Б. Аталған еңбек. - 308-б.
156
екендігін интуитивті түрде сезгенге ұқсайды. Әрине, Абай
-сын жұрнақты сөзді мүлде қолданбаған деуге болмайды (мы-
салы, Аз білгенін көпсінсе, Көп қазаққа епсінсе – I, 51).
-сы жұрнағын активтендіріп, осы жұрнақ арқылы едәуір
жаңа сөздер жасау себебін біз Абай шығармаларының мазмұ-
нынан, дәлірек айтсақ, Абайдың өзінің дүние тану, қоғам тану
жөніндегі көзқарасынан іздейміз. «Соқтықпалы, соқпақсыз»
заманындағы «сөзуар, білгіш, законшік, көргіштер», «қу стар-
шын, аш билер», «малдан басқа мұңы жоқтар», «Тобықты
молыққан пысықтар» туралы әңгіме еткен жазушы солардың
бойындағы ең жағымсыз қылықтың бірі – өтірік көлгірсу,
ақынның өз сөзімен айтсақ, «іші залым, сырты абыздыққа»
салыну болатын. Білмесе де білгенситін, «мұрнын қисайта
тарта тұрып» әсемсіп, сәнситін, «елін мығымдап ұстай алмаса
да», өтірік қайраттысып, қамқорситындар, «бойы бұлғаң, сөзі
жылмаң бола тұрып» «бір міні жоқ бендеситіндер», қысқасы,
осындай «сөзі мен ісі бөлінгендердің» іс-әрекет, сыр-сипатын
дәл басып суреттеу үшін Абайға -сы жұрнағы бірден-бір қажет
оңтайлы элемент болып шыққан. Сөйтіп, -сы жұрнағы арқылы
жаңа сөздерді жасау бір жағынан стильдік мотивпен ұштасқан.
Абай адамның қасиет-белгісін, кәсіп-өнерін білдіретін
-шыл, -шы аффикстері арқылы бірқатар жаңа сөз жасап
қолданады. Ойшыл сөзінің бұрыннан да некен-саяқ кездесу
мүмкіндігі бар болғанмен, Абайда ол – белгілі бір ұғымды
білдіріп, жиі қолданылған тұлға. Бұл туынды сөз Абайда екі
түрлі ұғымды береді: бірі – «ойлаушы, толғанушы», орысша
«мыслитель» дегенді білдіруі. Мысалы, «Ойшылдың мен де
санды бірімін деп, Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп» (I,
56) дегенінде өмір, қоғам туралы толғанған, ойланған өзі ту-
ралы айтып отыр. Екінші бір жерде – аудармасында ақын
осы сөзді орысша «мечтатель» дегеннің баламасы ретінде
келтіреді: Өзіңе сенбе, жас ойшыл Ш, 94) – Не верь, не верь
себе, мечтатель молодой (Лермонтов, 36). Әрине, мечтатель
дегенде де «ойлаушы» деген ұғым бар. Демек, Абай «ой ой-
лаушы, толғанушы (мыслитель)» мағынасын беру үшін ой-
шыл неологизмін жасайды да екінші бір кезегі келген жер-
де оны соған жақын мечтатель мағынасына ауыстырады.
157
«Мыслитель» деген ұғымның өзі де – Абай тұсындағы қазақ
қоғамы үшін бірқыдыру соны нәрсе. Әрине, қазақ қауымында
бұрыннан да ойшылдардың (мыслительдердің) болғаны сөзсіз,
бірақ олар ақын, би, қоғам қайраткерлері тәрізді өзге де «ой-
лаушылардан» ажырап, өз алдына категория ретінде бөлініп
аталмағанға ұқсайды. Сондықтан осы ұғымды беретін сөздің
(айталық, Абайдағы ойшыл
132
) қайсысы болса да неологизм бо-
лып табылмақ.
Шыншыл туындысы да, біздіңше, ойшылмен аналогиялас.
Бұл тұлғасын есім ретінде (шыншыл адам) бұрында да бар
болуы мүмкін. Бірақ бұл сөзді «өмір, адамзат қасиеті туралы
шындықты (болмысты) айтатын философ» деген мағынада
қолдануды тек Абайдан кездестіреміз. Ол «Ғылым таппай
мақтанба» деп басталатын шығармасында оқу-білім, ғылым,
ақыл туралы шындықты айтып-айтып келіп: «Мұны жазған
білген құл Ғұламаһи Дауани Солай депті ол шыншыл (I, 46)», –
деп аяқтайды. Бұл жердегі шыншыл – қазіргі тілімізше термин-
деп айтсақ: «реалист», «реализмді жақтаушы», тіпті болмаса,
«шындықты айтатын ғалым» дегеннің баламасы. Абай бұл
тұлғаның «шындықты сүйетін» деген қарапайым атрибуттық
мағынасын да қолданған. Онегин Татьянаға жазғанында:
«Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін... Айтыпты шыншыл
тілің бар іңкәрін» (11, 80) дегендегі шыншыл сөзінен жаңалық
мән жоғарыдағыдай сезілмейді.
С.Мұқанов өзінің Абай туралы монографиясында жұрнақ
жалғау арқылы Абай жасаған неологизмдер деп сонырқау,
ізерлеу, ырықтау сөздерін атайды
133
. Сірә, сонырқау сөзі халық
тілінде бұрыннан бар, бірақ сирек қолданылатын лексема
болса керек. Өйткені бұл сөз көршілес қырғыз тілінде де бар,
түбірі – соны («жаңа, тың» деген мағынада). Бұл–монғол сөзі,
монғолша сонун – «жаңалық хабар, жаңа, қызықты», сонир-
ха – «қызықтау», қырғызша сонурка – «қызық көру, әуестену,
таңырқау»
134
. Сонырқа сөзі де «бір нәрсені қызықтау, тамаша-
132
Қазіргі сөздіктеріміз мыслитель-ді ойшы деп беріпті (қара: Русско-казахский
словарь. - М., 1954). Біздіңше, Абай варианты әлдеқайда ұтымды. Сондықтан да болар,
қазірде қолданыста әр алуан әдебиетте көбінесе ойшыл тұлғасы жиірск пайдаланылады.
133
Мұқанов С. Жарқын жұлдыздар. - 320-б.
134
Юнусалиев Б. Киргизская лексикология. - Ч. I. - Фрунзе, 1959. - С. 214-215.
158
лау» мағынасында (Абайда да осы мағынада) тек қырғыз, ал-
тай, тува, хакас тілдерінеғана емес, бір кезде қазақ тіліне еніп,
бірақ әрі қарай активтенбей қалған сөз болуы керек. Сондықтан
біз бұл сөзді Абай неологизмі дей алмадық. Ізер сөзіне кел-
сек, бұл да Абай қаламынан туған жаңа дүниеден гөрі, ұмыт
бола бастаған көне бұйымға көбірек ұқсайды. Өйткені есімнен
етістік тудыратын -ар/-ер жұрнағы Абай кезеңінен әлдеқайда
көп бұрын-ақ өнімсіз, пассив, көне жұрнаққа айналған бо-
латын, бірақ қазақ тілінде де жаңару, көгеру, ескіру, өңгеру
тәрізді ондаған етістіктерді жасаған, тілде бар көрсеткіш екені
мәлім. Сондықтан жоғарғы сөздер сияқты ізер сөзі де бір кез-
де ізде сөзінің орнында немесе онымен қатар қолданылған
болуы мүмкін, келе-келе ізер варианты ығыстырылып, тіпті
ол өзіндегі -ер жұрнағының дублеті -ле жұрнағын үстемелеп
жалғап, қызметтес екі жұрнақты қатарынан қабылдаған сөз бо-
луы мүмкін. Абай бұл етістікті өзі жасауы мүмкін емес, оған
бірінші себеп – -ар тәрізді өте ескі, пассив жұрнақты Абай
қолдана алмайды, өйткені қай қаламгер болмасын жаңа сөздер
жасауда өз заманындағы тірі, актив жұрнақтарды пайдаланады.
Екіншіден, егер Абай жасаса, ізерлеу емес, ізер тұлғасы болу
керек еді, өйткені із + де дегеннің аналогиясы із + ер болуы ке-
рек. Сөйтіп, ізерлеу сөзі де халықтың тіл қорында сақталған си-
рек бұйым болса керек. Ал ырықтау етістігі, мүмкін, Абайдың
қолы болар, бірақ Абай есімнен жаңа етістік жасауға онша
құштар болмағанын байқаймыз.
Мағына жаңғырту арқылы жасалған неологизмдер.
ХІХ ғасырдың ІI жартысында қазақ қоғамында әкімшілікке,
шаруашылыққа, білім-ғылымға байланысты көптеген жаңа
ұғымдар пайда болғаны мәлім. Сол жаңа ұғымдардың тілдегі
көрінісін білдіруде Абай тәрізді алып қаламгер де қатысты.
Бұл салада жалпыхалықтық тілдің өз тәжірибесінде өзге тәсіл-
дерден гөрі сөз мағынасын жаңғырту тәсілі жиірек пайда-
ланылғаны байқалады. Ескі қоғамдық қатынастарға, бұрынғы
әлеуметтік топтар атауларына, шаруашылыққа, күнделікті
тұрмысқа қатысты байырғы сөздердің мағынасының үстіне
тағы бір жаңа ұғым қосып жасалған жаңа сөздер бір алу-
ан. Мысалы, би, төре, ұлық сөздері бұрынғы ұғымдарды да,
159
жаңа әлеуметтік топтарды да білдіретін болды. Сайлау деген
байырғы сөз де қазақ даласында бұрын-соңғы болмаған ел би-
леу процесіндегі жаңа актінің атауына айналды. Арыз, іс (заң
термині) және жұмыс, тергеу сөздерінің бұрынғы мағыналары
жаңғырып, жалпыхалықтық тілде де, Абайда да жаңа юристік
ұғымдардың атауларын қоса білдіретін болған. Орын сөзінің
бұрынғы мағынасының үстіне ел билеу системасындағы
«әкімшілік орны» деген жаңа мағына қосылған. Абайда:
орынға сайлану.
Абай жаңа сөздер жасауда, негізінен, аффиксация тәсілін
қолданғанмен, өз тұсындағы жалпы халықтың тіл нормасына
айналған – мағына жаңғырту амалын да жат көрмейді. Бірлік
сөзі бұрын «ынтымақтық, бірігушілік» деген ұғымдарды
ғана білдіріп келсе, Абай оған «Құдайдың жалғыздығы, біреу
екендігі» деген философия терминінің мағынасын үстейді.
Барлық та осы сияқты: бұрын зат есім ретінде келгенде «байлық,
молшылық» дегенді, сын есім ретінде «бүкіл, күллі» дегенді
білдірсе, Абай бұл сөзді бір нәрсенің (айталық, Құдайдың)
бар екендігін білдіру үшін де жұмсайды, яғни «Құдайды бар
деп тану» деген теологиялық мағына үстейді
135
: Алланы бар
дедік, бір дедік... Бұл бірлік, барлық...(II, 197). Алла тағаланың
бірлігіне... (II, 195). Әрине, бұл сөздердің бұрынғы мағынасы
жойылып кетпейді, олар да актив қолданылады. Мысалы,
Бірлік қандай елде болады? (II, 163). Бірлік – ат ортақ, ас
ортақ... (II, 163).
Үлкендік сөзі де осы тәрізді. Физикалық дененің көлемін
білдіретін дерексіз ұғым атауынан (үйдің үлкендігі, таудың
үлкендігі т.т.) Бұл сөз Абай тілінде «сөз бағасын сезіну» тәрізді
адамның ішкі моральдық қасиетін білдіретін абстракт ұғым
атауына айналады.
Сұрау етістігі бұрын біреуден бір нәрсе жайын білу үшін
сұрау және біреуден бір нәрсені (затты, бұйымды) сұрап алу
тәрізді мағыналарда ғана жұмсалса, Абай бұл сөзге үшінші
жаңа қызмет үстейді. Ол – заң-сот ісіне қатысты процестің
135
Бір қызығы осы мәндегі бірлік, барлық сөздерін Ыбырайдан да таптық: Мұның
бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір Құдайдың барлығына, бірлігіне... дәлел
болса керек («Шариғат-ул-ислам», 1884). Бұған қарағанда, барлық,бірлік сөздері Абай
мен Ыбырай қолданған абстрактік ұғымда тілде орын алғаны байқалады.
160
атауын білдіру. Орынға сайланып қойылған жаңа билер не-
месе орыс империясының судьялары енді жауапкерлердің ақ-
қарасын білу үшін тексеру жұмысын жүргізетін болады. Оны
даугерден де, жауапкерден де, куәлардан да іс-қылмыс жайын
сұрап білу арқылы орындайтын болады. Осыдан сұрау етістігі
юристік акт атауына айналып, жаңа сөз қатарына енеді. Сірә,
Абай тұсындағы халық тілінде бұл ұғымда тергеу сөзі жиірек
қолданылған болу керек. Ал Абай, кейде екеуін де қатар
келтіріп, сұрау сөзін тергеудің дублеті ретінде пайдаланады:
...Тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса (II, 161). Қарсылық
күнде қылған телі-тентек, Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр
(I, 34).
Абайдың біраз жаңа сөздерді қолдануына аударма ісінің
себепкер болғанын байқаймыз. Мұнда ол өзге тәсілдермен
қоса мағына жаңғыртуды да пайдаланған. Мысалы, бастық
сөзін ел билеу системасындағы басшы, әкім ғана емес (бұл
мағынасының өзі XIX ғасырда ғана кіре бастаған жаңа мағына
болатын), дін басшыларын да білдіретін жаңа сөз ретінде
алады: Мешітіне бастықтың келер жолын дайын қылып...
(II, 150). – Плитам, ведущим от кельи архимандрита в храм
(Лермонтов, IV, 183). Әрине, христиан дінінің архимандрит
лауазымын орысша берсе, Абай тұсындағы оқырмандар
түгіл, қазіргілер де түсінбес еді. Оны мұсылман дін иелерінің
лауазымдарымен атауға және болмайды. Сондықтан Абай
бұрыннан бар бастық сөзіне тағы бір жаңа қызмет артып,
мағынасын жаңғыртады.
Абайдағы сөз мағынасын жаңғырту амалымен пайда болған
жаңа сөздер екі топқа бөлінеді: бірі – жалпыхалықтық тілдегі
неологизмдер (би, ұлық, сайлау, арыз, іс т.б.). Оларды жазу-
шы көркем әдебиетте тұрақтандырып, активтендіріп әдеби
нормаға айналдырады. Бұл неологизмдердің көбі бір саладағы
белгілі бір ұғымды білдіретін терминдік дәрежеге дейін
көтеріледі. Екінші тобы – Абайдың өзі жасаған неологизм-
дер. Мұнда Абай қазақтың жалпылама өз сөздерін де (бастық,
бірлік, барлық, сұрау, үлкендік), бірен-саран диалектизмдерді
де (далақ) пайдаланады. Бұл екеуінің ішінде ең мол пайдаға
жарағаны – қазақтың жалпылама сөздері.
161
Субстантивтендіру арқылы жасалған сөздер. Өзге сөз
таптарының, әсіресе сын есім мен есімше тұлғаларының
зат есімдік мағынаға ие болып (заттанып, субстантивтеніп)
қолданылу тәсілі қазақ тілінде әсіресе бұрынғы поэзия мен
мақал-мәтел, нақыл сөз үлгілерінде кеңінен қолданылып кел-
гені мәлім.
Абай бұл құбылысты өте актив пайдаланған.
Әдетте қазақ тілінде жақсы, жаман, үлкен, кіші, тен-
тек, бұзақысын есімдері субстантивтенуге бейім тұрып, олар
мақал-мәтелдерде де, жалпы тілде де жиі қолданылатын.
Бұл қатардағы сын есімдер адам қылығын көрсететіндер,
сондықтан белгісі арқылы затты атау – тіл-тілдің көпшілігіне
тән заңдылық. Осы тәсілді Абай да пайдаланып жақсы, жа-
ман (Жақсыға біткен ағайын – I, 63; Жамандар қыла алмай
жүр адал еңбек – I, 26), зор, надан (Өзі зордың болады ығы да
зор – I, 41), тентек, сұлу (Сұлуы бұл заманның тек жатпаған –
I, 24); үлкен, кіші (кейде жасы кіші, жасы үлкен вариантында)
сияқты сөздерді замандастарының өзін атау үшін жұмсайды.
Ауыспалы мағынада жұмсап, қызыл, қиқым, тасыр, арам
тәрізді адамның қылығын көрсетпейтін сын есімдерге де
заттық ұғым береді. Салақ, олақ, ойнасшы, керім, кербез.
Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек (I, 39). Бас-басына
би болған өңкей қиқым (I, 31). Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты
ұғар (I, 96). Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ (I, 35).
Абай -ған жұрнақты есімше тұлғаларды да жиі субстан-
тивтендіреді: Қайрат пен ақыл жол табар қашқанға да қуғанға
(I, 163). Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек (I, 26).
Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ (I, 35), Оқыған білер әр
сөзді (І, 83). Бір ғылымнан басқаның Кеселі көп асқанға (I, 85).
Үйтіп асқан жолығар Кешікпей-ақ тосқанға (I, 85). Білгенге
маржан, білмеске арзан (I, 88) т.б.
Өткен шақтық есімшенің субстантивтену арқылы зат есім
категориясына ауысқандарының жалпыхалықтық тілде ерте-
ден келе жатқандарынан антұрған, туысқан, туған тәрізді
сөздерді Абай жиі қолданады.
Абай әсіресе -лы, -сыз жұрнақтары арқылы жасалған ту-
ынды есімдердің адамға қатыстыларын өлеңдерінің тексінде
162
үнемі дерлік субстантивтендіріп қолданады, яғни бұлардан
соң адам, кісі, әйел, еркек, қыз, жігіт тәрізді адамды атайтын
сөздерді тіркестірмейді: Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек
(I, 27). Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек (I, 26). Ақымақ
көп, ақылды аз (I, 45). Естілер де ісіне қуанбай жүр (I, 33).
Сыртқыларға сыр бермей (1, 79). Малдының малын көре ал-
май (I, 64). Өнерсіздің қылығы өле көрмек (I, 26). Ынсапсызға
не керек (I, 51).
Абай білімді, таланты сөздерін поэзиясында сын есім
қызметінде кемде-кем келтіреді де, үнемі дерлік заттандырып
жұмсайды: Білімдіден аяман сөздің майын (I, 203). Білімділер
сөз айтса, Бәйгі атындай аңқылдап (1, 50). Ақсақалдың, әкенің,
білімдінің (I, 27). Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез
(I, 86). Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар (I, 96).
Абай тілінде субстантивтеніп келетін күшті, әлсіз сөздері
мен жуан, жуас, ауқатты тәрізді халық тілінде де зат есім
қызметінде жиі жұмсалып, қоғамдағы әлеуметтік топтарды
атайтын, таза субстантивтерге айнала бастағандар: Күшті
жықпақ, бай жеңбек әуел бастан (1, 32). Күштілерім сөз айтса
(I, 79). Әлсіздің сөзін салғыртсып (1, 79).
Ал -лы, -сыз жұрнақтары арқылы жасалған сын есімдер
адамның қасиет-белгісін білдірмей, өзге нәрселерге қатысты
болса, оларды субстантивтендіру тәсілі Абайда жоққа тән. Бұл
сын есімдер өз қызметтерінде жұмсалады да өздері қатысты
зат есімдермен тіркесіп келеді: айлалы түлкі, әдепті сөз,
ажымсыз саусақ, саналы жан, қызды ауыл, орынсыз ыржың,
берекелі ел т.б. Сондай-ақ -лы, -сыз жұрнақты туынды сын
есімдер күрделі болып келгенде адамға қатысты болса да,
көбінесе субстантивтенбейді: Көкірегі сезімді, тілі орамды
жастар (I, 96). Өлеңі бар өнерлі інім (I, 96) т. б. Бірақ Көкірегі
сөзімді, көңілі ойлыға Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанда? (I,
23) тәрізді бірен-саран жағдайда Абай күрделі сын есімдерді де
субстантивтендіріп қолданады.
Сөйтіп, Абай туынды сын есімдерді субстантивтендіруде
өз дәуіріндегі тілдік нормаға сүйенеді: бұлардың адамның
сын-белгісін көрсететіндері және жалаң түрлері ғана зат есім
қызметінде келеді.
163
Жалғыз -лы, -сыз жұрнақтары емес, Абайда өзге жұрнақ-
тармен де жасалған туынды сын есімдер (еріншек, сұрамсақ,
мақтаншақ, күпілдек, шуылдақ, елірме т.б.) адамға қатысты
жағдайда зат есім орнына жұмсала береді: Көп шуылдақ не
табар, Билемесе бір кемел (1, 94) Сұрамсақтар нәпсісін тыя
алмай жүр (I, 34). Әбілет басқан елерме (I, 86). Осы ретте алар-
ман туындысын субстантивтендіруі қызғылықты. Келер шақ
есімшеге -ман жұрнағы жалғанып, әлі орындалмаған, бірақ
жүзеге асырылуы мүлде таяп қалған іс-әрекетті білдіреді. Абай
бұл тұлғаның осы қызметін пайдаланып, біреуден бірдеңе
(мал, мүлік, ас т.т.) алу үшін бар әрекетін, ынта-жігерін салып
жүрген қоғам топтарын аларман сөзімен атайды да, әрі қарай
сол алуға құлшынған адамдарды – алармандарды (бай, жар-
лы, би мен болыс, елубасы, «жалаңқая жат мінез жау», сұм-
сұрқия, қысқасы, «жүз қарата дайын тұрған екі жүз аларман-
ды») санамалап өтеді (I, 28).
Адамнан өзге жанды-жансыз заттарды немесе абстракт
ұғымдарды атау үшін субстантивация тәсілін пайдалану онша
өнімді емес, дегенмен бірқыдыру бұл да орын алған. «Ауырдың
үсті, жеңілдің асты» деген фразаның моделімен: Қайдан ғана
біледі Ауыр менен жеңілдің Арасымен өтерді (I, 62) деп ауыр,
жеңіл сөздерін заттық мағынада жұмсайды. Өткірдің жүзі
(I, 88); Тағыны жетіп қайырған (I, 88), Онын алып тоқсаннан
дәме қылып (I, 32) дегендерде субстантивтеніп тұрған сөздер –
адам емес, пышақ, аң, мал тәрізді өзге заттарды білдіреді.
Адамға қатыссыз ұғымдар үшін Абай етістіктің септелетін
тұлғаларын едәуір актив пайдаланады. Мұнда келер шақ
есімшеден басқа -мақ жұрнақты тұлға көзге түседі. Не қылса
надандар алмақты ойлар (I, 266). Қиянатшыл болмақты естен
кеткіз (I, 38). Екі күймек бір жанға әділет пе? (I, 223). Ең бол-
маса білмеді сый бермекті (І, 262) т.т.
Сөйтіп, Абай сын есімдерді, есімшенің -ған, -ар жұрнақты
түрлерін, -мақ жұрнақты тұлғаны, сан есімдерді, тіпті кей-
де еліктеуіш-бейнелеуіш сөздерді субстантивтендіріп, зат
есім қызметінде жұмсайды. Бірақ бұл құбылыс Абай тілінде
бастан-аяқ бірдей, біркелкі емес. Өзге сөз таптарын зат есім
орнында жұмсау Абайдың өлеңдерінде күшті болса, прозасын-
164
да ондай емес. «Қара сөздерінде» көп жағдайда адамды сипат-
тайтын сын есім, есімшелерден соң адам, кісі сөздерін келтіріп
отырады да, заттық мағына осы сөздерге түседі. Мұнда тіпті
халық тіліне кәнігі жақсы, жаман деген субстантивтердің өзі
көбінесе жаман кісі (...әрбір жаман кісінің қылығына күлсең
– II, 162), жақсы адам (...әрбір жақсы адамның жақсылық
тапқанына... II, 162) тіркесінде келіп, өзінің сын есімдік
қызметін атқарады. Мүмкін, бұл жерде Абай жақсы, жаман
сын есімдерінің жалпы адам туралы емес, біреуінің үстем тап
өкілдерін (ел жақсысы, жақсы менен жайсаңдар), екіншісінің
жоқ-жұқа, кедейлерді атау оттеногы барлығынан, оларды жал-
пы адам туралы әңгімесінде заттандырып қолданудан сақтануы
да ықтимал. Бірақ өлеңдеріндегі жақсы, жаман деген субстан-
тивтер көбінесе қоғамдағы таптар атауын емес, жалпы адамдар
туралы қолданылған. Сондай-ақ өлеңінде: Ақылды қара қылды
қырыққа бөлмек (I, 27). Прозасында: Ақылды кісімен ақылсыз
кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім (II, 171).
Өлеңінде: Есерлер жас қатынды тұтады екен (I, 199). Проза-
сында: Сонда есті адам орынды іске қызығып... есер кісі орнын
таппай... (II, 171) т.т.
Абай прозасында сын есім, есімше және басқа тұлғаларды
зат есім орнында қолдану мүлдем жоқ та емес. Мысалы:
һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған:
әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз,
қорқақ мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ, қорқақ ақылсыз,
надан келеді; әрбір ақылсыз, надан арсыз келеді; әрбір ар-
сыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз,
ешкімге достығы жоқ жандар шығады (II, 159). Мұнда жазу-
шы ең алғашқы сын есімді (жалқау) өз қызметінде жұмсайды.
Келесі сөйлемдерінің бастауышы етіп алдындағы сөйлемнің
баяндауышы болып тұрған сын есімдерді алады, ол үшін бұл
сын есімдерді зат есім қызметінде жұмсайды. Сондықтан
дұрыс қойылған тыныс белгісіне қарап және жазушы ойына
қатты зер салып оқымаса, бұл сөйлемді бірден түсіну де қиынға
соғады. Қатар тұрған 3-4 сын есімнің қайсысы өз қызметінде,
қайсысы зат есім орнында екенін айыру қажет. Мысалы, әрбір
мақтаншақ, қорқақ ақылсыз надан келеді дегенде алдыңғы
165
екі сын есімнің субстантивтеніп, бірыңғай бастауыш болып
тұрғанын алдындағы сөйлемнің баяндауышына қарап қана
айыруға тура келеді.
Проза тілінде жалпыхалықтық қолданыста әбден қалып-
тасқан, тіпті есімдік сипатынан айырыла бастаған антұрған,
жүзі күйгір, қарасуық, туысқан тәрізді субстантивтер болма-
са, қалған кез келген реттерде сөзді зат есім орнында қолдану
әрқашан сәтті шықпай, стильдік ыңғайсыздыққа әкеп соғады.
Мысалы, Абайдағы: «Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз
біреуге үлгі беріп, Ақыл айтармыз деп сайланды» деген
сөйлемде ақыл айтармыз тіркесін екі түрлі түсінуге болады:
бірі – келер шақ етістік мағынасында, яғни «ақылды әлі айтқан
жоқпыз, келешекте айтатын болармыз» деген қимылдық
ұғымда, екіншісі – «ақыл айтар адам», яғни белгілі бір шаққа
қатысы жоқ, жалпы ақыл айтатын адам деген заттық ұғымда.
Біздіңше, бұл сөйлемдегі айтар тұлғасы – субстантивтенген
есімше. Өйткені осыған ұқсас қолданыстар Абайда бірнеше
жерде кездеседі. Осы шығарманың ішінде: Бізді не қыласың, ана
сөзді ұғарлықтарға айт дейді деген сөйлемді оқимыз. Мұндағы
ұғарлықтарға деген тұлға да – субстантивтенген туынды сын
есім: сөзді ұғарлық (ұғатын) адамдарға айт дегеннің орны-
на қолданылған. Сондықтан бұл сөздің осы сөйлемді түсінуді
ептеп қиындатқаны болмаса, не диалектілік, не көнелік не-
месе тағы басқаша жаттығы жоқ
136
70. Келер шақтық есімше
тұлғасынан -лық жұрнағын жалғап, туынды сын есім жасау
– Абайда өнімді тәсіл: қуанарлық қыз (I, 85), сыйласарлық кісі
(I, 185), сөзді ұғарлық жан (I, 106), Өлейін деп өлмейді өлерлік
жан (I, 234), ой саларлық ағайын (1, 37), мал табарлық қуат
(II, 168), білерлік ғылым, ұғарлық ақыл (11, 168), ұяларлық нәрсе
(II, 181), ақыл айтарлық кісі (II, 213), жатқа мақтанарлық
мақтан (II, 176) т.т. Соңғы мысалдардың барлығында да
136
Проф. С.Аманжолов осы сөйлемдегі бұл тұлғаны қазірде қолданылмайтын
сөздер тобына қосады да оның себебін қазақ тілінін солтүстік-шығыс диалектісінде бұл
тұлғаның қолданылмайтындығынан іздейді (Аманжолов С. Вопросы диалектологии
и истории казахского языка. - Алма-Ата, 1959. - С. 221). Біздіңше, ұғарлықтар деп
қазірде қолданылмайтындығының ешбір диалектология мәселесіне қатысы жоқ, Ол
басқа өлкелерде де қолданылмайды. Тек Абайда кездестіреміз. Бірақ оқшау тұрған
дүние ретінде емес, сөзді субстантивтендіру тәсілінің актив пайдаланылуы тәрізді
жалпы Абай тіліне тән құбылыс қатарында тануымыз керек.
166
Достарыңызбен бөлісу: |