6) бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитiн пайдалану) =
(қарыздар түсімі + бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары) –
қарыздарды өтеу
І - Бюджеттiң түсiмдерi - кiрiстер, бюджет кредиттерiн өтеу сомалары, мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түскен түсiмдер, қарыздар.
ІІ - Бюджеттiң шығыстары - шығындар, бюджет кредиттерi, қаржы активтерiн сатып алу, қарыздарды өтеу.
Шығындар қайтарымсыз негiзде бөлiнетiн бюджет қаражаты болып табылады.
Бюджеттiк кредиттер бюджеттен қайтарымды, жедел және ақылы негiзде бөлiнетiн ақша болып табылады.
Қаржы активтерiн сатып алу заңды тұлғалардың, оның iшiнде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерiн және бағалы қағаздарын мемлекеттiк меншiкке сатып алуға бағытталған бюджет қаражаты болып табылады.
Бюджет тапшылығы (профицитi)кiрiстер мен шығындар, таза бюджеттiк кредиттеу және қаржы активтерiмен операциялар бойынша сальдо арасындағы айырмаға тең. Терiс белгiсiмен алынған шама - бюджет тапшылығы, оң белгiмен алынғаны - бюджет профицитi болып табылады.
Бюджет тапшылығын қаржыландыру қарыз алу және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары есебiнен бюджет тапшылығын жабу жолымен қамтамасыз етiледi. Бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемi алынған қарыздар, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары сомасының қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеу сомасынан асып түсуi ретiнде айқындалады.
Қарыздарды өтеу Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекеттiк сыртқы қарыздар туралы, сондай-ақ iшкi қарыздар бойынша халықаралық шарттарға сәйкес негiзгi борышты өтеуге бағытталған бюджет қаражаты болып табылады.
7.4. ҚР-ның Ұлттық қорын қалыптастыру тәртібі, оның функциялары
Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры - ҚР Үкіметінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шотында шоғырландырылатын, мемлекеттің қаржылық актив түріндегі, сондай-ақ, материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүлік түріндегі активтері болып табылады.
ҚР-ның Ұлттық коры мемлекеттің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қаржылық активтердің және материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүліктердің қорлануына, экономиканың шикізат секторына тәуелділігін және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын төмендетуге арналған.
Ұлттық қорды сенімгерлік басқаруды ҚР Ұлттық Банкі жүзеге асырады.