І. Орта мектепте әңгіме жанырын оқытудың ғылыми-теориялық негіздері


Аңыз-әңгімелер халық ауыз әдебиетінің негізгі бөлімі



бет5/10
Дата21.11.2022
өлшемі256 Kb.
#51586
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Миф

1.2 Аңыз-әңгімелер халық ауыз әдебиетінің негізгі бөлімі

Аңыз, ертегі, жылнама, шежіре қай елде болса да бар. Оларда тарихи оқиға, жеке кейіпкер, жүйрік ат, алғыр құс, жер-су, ай мен күн, жұлдыздар жайында айтылады. Осы сипаттарына қарай оларды мифтік және тарихи аңыздар деп білеміз. Көп жағдайда ертегі, аңыз, эпос бір-бірімен сабақтас. Ертегінің аңыз, аңыздың эпостық жыр түрінде айтылуы да мүмкін.


Мифологиялық аңыздардың басты сипаты – көршілес жатқан түрлі елдер мен халықтарға ортақтығы. Мысалы, Мәди (Модэ) аңызы бүкіл Орта Азия, Алтай, Сібір, Кавказ тайпаларына ортақ. Өйткені ол замандағы тайпалар нанымы да ортақ болған. Нұх топаны жайындағы аңыздар Таяу Шығыста ғана емес, Қытай, Орта Азия фольклорында да бар. Ертедегі марқа аңыздар адам сипатында емес, күн, ай, жер, кеме, топан, Адам ата, Хауана түрінде жасалған. Келе-келе солар жеке герой, адам атына көше бастайды. Бұл аңыздарды космологиялық, антропологиялық деп бөліп, бір ізге келтіру қажет. Бізге антропологиялық мифтер аса жақын. Осы мифтік фольклорымызды тереңірек зерттер болсақ, бұл тарихқа жақындау арна болар еді. Сонда фольклор ғылымын өзінің табиғи сипатында алып, байытқан боламыз. Мұны тарихи танымға келудің бір жолы дейміз. [14]
Бастапқы мифология ақбоз ат, жеті қарақшы, Үркер, Зухре жайында айтылса, ІХ ғасыр жазба ескерткіші «Оғызнама» - этногенездік миф болып көрінеді. «Шаһнама», «Рамаяна», «Мың бір түн», «Манас», «Қорқыт ата кітабы», Орхон жазуларында аңыз, ертегі, жылнама, шежіре қым-қиғаш араласып келеді. Көп жағдайда мұндай сюжет атаулының басы аңыз ба деп ойлаймыз. Онда мифтік аңыздарға Үнді, Мысыр, Рим елдері бай болған. Кейін аңыз адам, аң, жан-жануарлар жөнінде айтылған. Өйткені қандай ертегі, аңыз, эпос болмасын басында бір реалдық мәні бар өмір суретінен, соның санадағы тұнбасынан туған. Бірде образдық, бірде логикалық ойлау формасында жасалған аңыздар – адамзат баласы қиялының ғажап табысы.
Шығыс патшаларының сарайында туған аңыздар жылнама деп аталған. Сол жылнамалардан «Фархад – Шырын», «Жеті сұлу» тағы да басқа көптеген дастандар туған. [4]
Аңыз ерте ме, жылнама ерте ме? Бұл мәселе төңірегінде пікір таластыруға болады. Алайда белгілі бір сюжетке келгенде оны кесіп айту қиын. Мысалы, Орта Азия халықтарында «Шахнама» туралы аңыздар көп-ақ. Сонымен бірге бұл жыр бізге үлкен эпостық мұра ретінде де мәлім.
Аңыздың осындай шежірелік, жылнамалық, эпостық формалары келе-келе тарих ғылымына жол салған. Рәшид-Әддиннің «Монғол шежіресі» тарих, «Алтын топшы» жылнама болса, Рабат Оғұзидің «Қиссасул-Әнбиясы» - тарихи адамдар өмірбаянына құрылған роман. Орхон жазбаларын біз жылнамалық эпос деп жүрміз. Сияуыш, Афрасиаб, Зохақ, Наушаруан, Ақсақ Темір, Петр патша, Иван Грозный жайындағы аңыздар қаншама!
Ертеде жазу мәдениеті туа қоймаған көшпелі елдерде халық тарихы аңыз, ертегі, поэзия, эпикалық жыр түрінде сақталған. Мұны батырлар жыры да анықтайды. Академик А.С.Орлов бір кездері қазақ эпосының өмірге жақындығын айта келіп, «Едіге» жырының тарихи-жылнамалық сипатының басымдығын көрсеткен еді. Өйткені Едіге өмірде болған адам. Шоқан да қазақ эпосының Ер Көкше, Ер Қосай, Шора батыр сияқты кейіпкерлерін өмірде болған адамдар деген ғой. Олай болса қазақтың бір ғана тарихи жырлары емес, басқа да эпостық жырлары әр түрлі заманның шежіресі болып шықпақ. Фольклор шығармаларының осы сипатын ескере отырып, бір кездері қазақ шежіресін Шәкәрім мен М.Тынышпаев зерттеген еді.
Қазақ аңыздарының түп-тегі сақ, хұн, үйсін, Туран, Түрік қанаты, оғыз-қыпшақ, ноғайлы дәуірлеріне кетеді. Солардың мазмұнына көз жіберсек, онда матриархат, патриархат, феодализм дәуірлерінің таңбасы бар. Өзінің сипатына қарай қазақтың тарихи аңыздары қала және дала туындылары болып екіге жіктеледі. [19]
Қала аңыздары. Бүгінгі Қазақстан жеріндегі қала аңыздары исламнан бұрынғы (Саққала, Баласағұн, Асанас, Құмкент, Жетіасар, Отырар, Сунақ, Тараз, Жанкент, т.б.) және соңғы сюжет (Яссауи, Арыстанбап, Баб ата мазарлары) болып көрінеді. Оғыз, ноғайлы дәуірлерінен қалған аңыздар көбіне адам, жер-су аттарына байланысты (Қорқыт, Қамбар, Бабай Түкті Шашты Әзиз, Жиренше, Асан қайғы, т.б.). солардың бәрі де тарихи шежіреге бай, толып жатқан эпостық, ертегілік сюжеттерге негіз болған.
Қала аңыздары Хорезм, Туран, Жетісу, Сыр өлкелерінде көбірек сақталған. Хорезм – Арал аймағы, бүгінгі қарақалпақ жерінде туған аңыздар да аз емес. Оларды Л.С.Толстова зерттеген.
Қала аңыздары бірде реалистік (Айсұлу, Тамирис, Зарина, Аязби), бірде аңыз-ертегілік (алаңғасар Алып) түрінде айтылады. Бұларды тарихи-географиялық аңыздар дейміз. Соның бастылары – Теймекент, Барышкент, Байсын, Жент, Сайрам, Шаш, Сакаравак аңыздары болып келеді.
Ходжент шаһарына қатысты айтылатын хикаялардың бірі – Зарина аңызы. Ол өзінің ерін өлтіріп, сүйген адамына тиеді. Айсұлу Жанкент ханы мәлік шахтың әйелі еді. Оған құлы Жалабатыр ғашық болады да, ақыры жала жауып Айсұлуды өлтіреді. Осыдан соң Жанкент шаһарын ордалы жылан басып, Мәлік шах пен Жалабатыр Бұқарға қашқан екен деседі. Бұл аңыз Сыр бойында (Қазалы жерінде) әр түрлі сарында айтылады. Оны бір кездері А.Нестеров, И.Аничков сияқты зертеушілер де жазып алған. [26]
Оғыз дәуірінен жеткен ұлы аңыздардың бірі – Алпамыс. Мұны кейбір зерттеушілер Түймекент, Баршыкент аңыздарынан тудырады. Түймекент аңызы Әулие ата маңында туған. Жырда «Қарахан тауда бабамыз» деп келетін жолдар бар. Барышкент аңызына сүйенсек, ол Сыр бойында туған.
Түймекент аңызын бір кезде Ә.Диваев жазып алғанды. Оның қысқаша мазмұны мынадай: Ертеде Алаңғасар Алып дейтін кісі болыпты. Оның Арсалаң Алып атты баласы бар екен. Екеуі жолаушылап, Әулие атаның Алмалы, Қараша, Донбұта, Мойнақ дейтін жерлеріне келеді. Талас бойында Күрең атты қалмақ ханы, оның Түйме дейтін қызы болады. Арсалаң Алып сол қызға ғашық болады. Қыз болса оған шарт қойып, Түйе-Мойнақ тауының етегінен шаһар орнатсаң ғана тиемін дегенді айтады. Арсалаң қыздың шартын қабыл алып, іске кіріседі. Өзі он шақырым жерден тас лақтырса, әкесі оны қағып алып қалай береді. Бірде Арсалаң Алыптың көзі Түйме қызға түсіп, лақтырған тасы әкесіне жетпей қалады. Әкесі ашу шақырып, баласын өлтірмек болады. Оның қаһарынан именіп қашқан Арсалаң кетпенмен артына қарай топырақ ата береді. Онысы тоқсан батпан екен. Содан Құмтөбе пайда болыпты-мыс.
Арсалаң тағы бір шаһарға барса, оның ханы тауды теспі, қаламызды суландырып бер деп шарт қояды. Тау тесіліп, қала суландырылады. Бірақ бала Зерафшан дариясына құлап өлген екен деседі. Өзі «ары құла десе» - бері, «бері құла десе» - ары құлайды екен. Жұрт сол мінезін пайдаланып, суға батырған. Бір жілігі дарияға көпір болыпты. Жұрт оны жылына жүз серкенің майымен майлап тұратын болыпты-мыс. Мұндағы тесік тау оқиғасы Түрік қағанаты дәуірінен хабар береді. [18]
Махмұт Қашқари «ң» дыбысы Шымкент пен Тоқпақ арсында болған, ол арғулар диалектісіне тән дегенді айтады. ІХ ғасырда олардың билігі Ферғанаға дейін созылған, Өзгент, Азғыш дейтін қалалары болған.
Хорезм жеріндегі Дию қала аңызының оқиғасы да осыған ұқсас. Онда Фархад дию Хорезм патшасының қызы –Шырынға ғашық болады. Патша мыстан кемпір жұмсап, шөлден тас қала салдырады. Оны Дию қала деп атаған. Қала салынып бітуге айналған кезде мыстан тоғыз жүз бота, қозы, бұзау, құлын сойғызып, мал біткен маңырап, у-шу болады. Мыстан диюге барып Шырын өлді дегенде, Фархад тастың соңғысын өз басына түсіріп өлген екен деседі.
Бұл аңыздан гөрі «Баршынкент» сюжеті шыншылдау. Аңыз Сыр бойында ІХ ғасырда туған. Бірінші Баршын Алпамыстың сүйген қызы, бірінде ол Хұлағу ханның қыпшақ тайпасынан алған әйелі. Хұлағу (1242-1247) Иранға орналасқан соң, Баршынды Сунаққа тастап кетеді. Қыз қайғыдан өледі. Соның құрметіне ел Төменарықтан Көк Кесене мазарын салған екен деседі. Бұл мазарда Ә.Диваев 1905 жылы болып, мынадай аңыз келтірген: Бұадн үш жүз жыл бұрын Сыр бойында Ақ Кесене, Көк Кесене дейтін қалалар болыпты. Оны қалмақ хандары Ұса мен Зерең (кейде Күрең) билейді екен. Зерең қазақтарға қатты болыпты. Сонда Арал жағынан адай батыры Тайлақ, Ұлытаудан ошақты Саурық келіп, Зереңді құған екен. Бұлантығақашқан қалмақтар Сыр бойында қырғын тауыпты. Сол жер кейін «Қалмақ қырған» атаныпты. Бұл сюжет Барышкент (Көк Кесене) аңызын жоңғар басқыншылығы кезеңіне әкеледі.
Тілдік, археологиялық белгілеріне қарағанда, кешендер (қала) хұн дәуіріне кетеді. Күйік кешен қазылғанда, одан мыс, қой сүйегі, қошқар мүйіз оюлары табылған. Олай болғанда, Гүлбаршын немесе Баршын қыз аңызы ХІІІ – XVIII ғасырларда емес, ертедегі хұн дәуірінен бері болса керек. Бұл атаудың түбірінде бөрі қыз деген ұғым да бар. Осы орайда «Баршын» сөзінің түбірінде жүрген «шин» сөзіне тоқтала кетелік. Аңыздың бір сыры оның тілінде болса керек.
М.Қашқари шин тайпаларын жоғарғы, орта және төменгі шин деп үшке бөлген. Бұл атау басында теріскей Қытайға түркі-монғол тайпалары арқылы барған-ды. Алтай аңыздарына назар салар болсақ, ертеде көк түріктер өздерін «Ашина» ұрпағымыз деп атаған. Ежелгі түркі тайпалары төрт бөріден тарапты, оның бірі қаз болыпты, бірі Әбу-Абақа өзенінде тұрыпты, қалғаны Шу өзенінің жағалығында болған екен дейтін аңыз бар. Көк түріктер Қытай еліне барғанда, атының тұмсығына бөрінің басын кигізіп алатын болған. Кейін бұл тотем соғыс символына айналған. Мысалы, Оғызхан жорыққа шығатын болса, оның әскерін көкжал бөрі бастап отырады. Көк түріктер ескі Бейжинге барғанда, оны «Бейжин» (Байсын) деп атаған.
«Бейшин», «Байсын» деген сөздердің өзі парсыша «абад» - қалалы жер деген ұғымды береді. Кейінгі дәуір жырларында «Байсын» қала емес, дала тауы (Жиделі Байсын). Ол Әмудің бас жағында. Бұл монғол шабуылынан соң туған ұғым. [29]
Сөйтіп біз «Барышкент» аңыздары ерте замандарда туған, олар бүкіл Орта Азияға ортақ. Осы аңыздарды VII ғасырларда Алтай түріктері, монғолдар «Алып Манас» ертегісіне айналдырған. Ал Х ғасырда Сыр оғыздары осы желіпі «Қорқыт ата кітабына» түсірген. Қазақтың «Алпамыс» жыры да сол сюжетке құрылған дейміз.
Бүкіл Орта Азияға тараған көне аңыздардың бірі – «Аязби» ертегісі. Аяз қалаларының орнын С.П.Толстов қазған. Олар Сыр мен Әму орталығында, бірнеше қорған. С.П.Толстовтың айтуынша Аязқала, Тесікқала, Жанбасқала, Бүркітқала Хорезмнің ескі дәуірінде, біздің дәуірімізге дейінгі VII – I ғасырларда салынған. Оны мыс дәуірі дейміз. Бұл аңыз бойынша Аяз дейтін құл қырық қыз шаһарында тұратын хан қызына ғашық болған. Сюжет қарақалпақтарда эпостық дастан түрінде жырланған. Демек, қарақалпақ жырының Аязби аңызымен де байланысы болса керек. Хорезм, қазақ аңыздарында Аязби екі дарияның арнасын өзгертіп, Жейхұн мен Сейхұн Арал теңізіне құйғызған адам. Оған дейін бұл екі дария сұлтан Мүйіз-дағ, Үзбой арқылы Каспиге құйған. Мұны көптеген грек, араб саяхатшылары да айтады. Әбілғазы болса 997 жылы болған дейді.
Аязби ол кезде Үзбойда тұрған. Аңыз Аязды елге жағымды, өте әділ хан ретінде суреттейді. Тағы бір аңызда Үзбой шөлде қалып, Аязби Щаббазға көшіп, Хорезм шаһарын салдырған делінеді. Аяз аты ертеден бері бар. М.Қашқари Аяз құлдың аты дейді. Демек, оның күресі сол құлдық құрылысты жоюмен байланысты болса ғажап емес. [12]
Әрине, Аязби аңызының кенже туған нұсқалары да бар. Кейбір зерттеушілер Аязбиді Мұхмат Ғазнауи атымен байланыстырады. Бұл – кейінгі қоспа. Аязби ертегісі көне дәуірлерде Сыр өлкесінде туған. Онда ислам әсері жоқ. Меңсұлу мен хан жұмбақтары, адам аттары «Қорқыт ата кітабына» жуық, ой мен тілдің өзгеше дамығандығын көрсетеді.
Аңыздың қысқаша мазмұны мынадай. Гүлдерсін шаһарын жау қоршағанда, қыз қалмақ батырына ғашық болады. Қаланы олар ала алмайды. Жау кете қоймаған соң қала бір өгізді ұстап алып сояды. Байқаса, оның іші толған бидай екен. Бұл бізде астық көп, шыдаймыз дегенді білдіру болатын. Ал шын мәнінде астық қалада бітуге жақын еді. Сонда Гүлдірсін жауға «кетпеңдер» деп хабар берген. Мұны естіген қалмақтар кетпей, ақыры шаһарды алады. Бірақ қалмақ баласы өз еліне опа болмаған қыз маған қалайша жар болады деп, оны ат құйрығына байлатып өлтірткен. Оқиға монғол шабуылы кезеңіне ұқсайды. Бұл сарын «Қобыланды» жырында да бар. Тақтакөпірдің шығысында жиырма шақырым жерде тұрған Қорғанша қаласын қарақалпақтар Қобыланды қорғаны дейді. Ал қазақтар болса батырдың моласы Жем жағасында дейді.
Хан қызының жауға болысуы бүкіл Орта Азия эпосында бар сарын. Бізге қажеті – «Гүлдірсін» атауы. Ондағы «сін – шин» сақ заманынан бері бар олай болса, аңыз да сол кезеңде туған болмақ. Әңгіме бір ғана қыздың опасыздығы емес, матриархат ұғымдарын сынауда ма дейміз. [10]
Эпос пен ертегінің тегі үшін Туран, Хорезм, Алтай түріктерінің аңыздары өзгеше мәнді. Ертеде Сыр мен Әму аралығын Туран (арабша Мауренпахр) деп атаған. Тигр мен Ефрат көне мәдениет ошағы болса,Туран да сан ғасырға дейін мәдениеті кең дамыған озат аймақтың бірі болған. Содан бері бұл екі өзеннің атауы үш рет өзгерген, Сырдарияны ертеде Яксарт, Сейхұн десе, Әмударияны Окс, Жейхұн деп атаған. Бұл екі өзеннің атауы «Шаһнама», «Ибраһим – Адһам» сияқты сансыз қиссаларға түскен, Ибраһим – Балх патшасының қызы Мәликеге ғашық болған диуана. Патша уәзірі оған сексен күндік «Шор» дария түбінен екі гауһар әкелсең патша қызын аласың деп шарт қояды. Ибраһим дарияға жетіп, үш жылдай Сыр суын шелектеп сыртқа төгеді. Мұны көргендер: «Сен де бір ер екенсің, мұны жүз мың адам мың жыл бойы төксе де, Сырдың суы таусылмайды» деп, оған төрт жүз гауһар берген. Жігіт Балх қаласына оралғанда, уәзір Ибраһимді ұрысың деп қуып жіберген. Соның наласымен қаз өлген екен дейді аңыз. Алтын табытқа салып, гүлді бақшаға жерленген қызды Ибраһим жүрек жалуымен тірілтіп алған екен-мыс. Ортаазиялық Зарина, Тамирис, Дариға қыз, Роксана, «Принцесса Турандат» аңыздары бүкіл жер жүзі әдебиетіне мәлім.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет