Кім бүлдірді атамекен еліңді?
Кім тілдірді кіндік кескен жеріңді?
384
Малды адаммен, қанды жанмен төлетіп,
Кім жүндеді тірідей тонап теріңді?
Гүл жайнаған жасыл жібек далаңды,
Алтай, Арқа, Еділ, Жайық – алаңды,
Бір қауызға жинап бəрін қусырып,
Кім жанышты жүректегі жараңды?
Бернияз қазақ поэзиясындағы қалыптасқан дəстүрлі үлгімен
сұрақ қоя отырып, өз сұрағына жауапты өзі береді:
Патша, зада, сұлтан, төре, хандардың,
Жан алушы генерал мен жандарм.
Тіске жұмсақ бұқараны жем қылып,
Айдаһардай азу біткен заңдарын…
Өлең соңында ақын отаршылдыққа қарсы күрес жолында
жүріп, халқын бостандыққа жеткізер ел ерлеріне деген өз сенімін
білдіреді.
Аз шыдасаң, елді жаудан ашарсың,
Жау жүрегін жасқанбастан басарсың.
Біріктіріп бес бөлегін жалғанның,
Мəңгі-бақи елмен еркін жасарсың.
Ақынның ауыз əдебиеті үлгілерін, жыраулар дəстүрін жаңғырта
отырып жазған, елдікке шақырып, ерлікке үндейтін өлеңдері де бар.
Ерлік тақырыбын жырлай отырып ақын жалпы қазақ ұғымындағы
ер жігіт қандай болуы керек, оған қойылар талаптар, ерлігіне
сын болар өлшем, шарт қандай деген мəселелерді алға тарта-
ды. Бұл тақырыптағы шығармаларға ақынның “Ер жігітке”, “Кім
бар” өлеңдерін жатқызуға болады. “Ер жігітке” өлеңінде Берни-
яз поэзиясының жыраулық өнердің ежелгі ерлік дəстүрін мықты
ұстанған Махамбет жырларымен үндестігі қатты байқалады.
Əсіресе, əйгілі “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңінің рухы осы өлеңнің
өн бойына өзек болып тартылған. Ер деген ұғымға сай болу үшін ел
қорғаны азамат қандай болуы керек. Бернияз түсінігінде бұл былай
көрініс табады:
385
Ер қаруы – бес қаруды басқармай,
Тас төсеніп, темір қазық жастанбай,
Қанын ұрттап, жау жүрегін туралап,
Шаш ал десе, домалатып бас алмай.
Жел жетпесті жорыққа мініп еліртпей,
Көкірегінде қорғасын оқ ерітпей,
Қақпақ жауырын, бұдыр білек, тас жүрек,
Жалғыз сөзбен мың сан жолдас ерітпей.
Жапан түзде жауға жалғыз жолықпай,
Наркескеннен тамған қан жерге сорықпай,
Еркін дала, асқар тау, шалқар көлдерден
Қабат өтіп, жолбарыстай жорытпай…–
Өлең жолдарынан Махаң поэзиясының рухын айқын аңғарып,
тап басып танимыз. Əуез, екпін ырғақ өзге болғанымен, өлеңнің
ішкі бұлқысынан танылар асқақ рух көзге ұрып, жан толқытады. Ер
ұғымына тəн қасиеттерді санамалай келіп, ақын ер жігіттің мақсат-
мүддесін, ел алдындағы парызын былайша түйіндейді:
Өшпес ерлік, көрсете алмай жалғанда,
Жан ұшырып қан ұрттамай майданда,
Қой үстіне ұялатпай бозторғай,
Ер жігіт, сен өлгенде де арманда.
Жалпы осы өлеңнен биік рухтағы ақынның қазақ ұғымындағы
ер жігіттің бүкіл болмыс-бітімін, оның азаматтық асқақ арма-
нын, ел парызын ақтауды қалай ұғатынын танып білеміз. Ел
ұғымындағы ер жігіттің басты сипаты осы өлеңде нақты берілген.
Тек ақын сипаттауындағы осындай жігіт ғана еліне азаттық əкеле
алатындығына күмəнсіз сенесіз. Осы ой ағыны ақынның келесі
өлеңі “Кім барда” да сақталған. Бұл өлеңнен де ақынның асқақ
үнін, отты жігерін, өршіл ойын танимыз. Лирикалық қаһарманның
əрбір сөзі отты да жігерлі. “Ер жігітке” өлеңіндегі ел қамын жеген
ер бейнесі мұнда да елес беріп отырады. Өлеңде жалпы азаттық
жырға тəн көркемдік теңеулер молынан кездеседі. Ақын лирикалық
қаһарманның аузына “арыстанбыз”, “аш бөріміз” деген Мағжан
теңеулерін салуы арқылы оған жанының жақын екендігін аңғартып
қояды. Мұнда жаңа заман қаһарманының іс-əрекеті азатшыл жырға
тəн тəсілдер арқылы былайша көрініс табады:
386
Сырылдатып алысқа жақ тартқанда,
Қозы жауырын оқ жоғалар атқанда.
Өткір қылыш, түзу құрыш болаттан,
От жарқылдар жауға жалғыз шапқанда.
Жаңа заман ерлері арымыз да, иманымыз да азаттықтың жолын-
да деп біледі. Ақын бұл ерлердің азаттық жолдағы күресін “төбесі
қар”, “бауыры жібек”, “түбі тас” асқар тауларда, мың жасаған түрлі
ағаш та, судың сылдыры, жердің гүлі, құстың жыры да қысқасы
барша жаратылыс құптап, қоштайды деп сендіреді жəне оған өзі де
сенеді. Өлең соңында ақын “Кім бар бізбен қан майданда алысар!”
деген қайтпас қайсарлыққа, отты жігерге толы өткір сұрақ қояды.
Бұл – елін сүйген, ұлтының азаттығы жолында күрескен ерлер үшін
олардың жеңер күш жоқ деген сенім.
Ақынның 1921 жылғы өлеңдерінде азаматтық, азаттық сарын
сəл босаңсып қалған десе болғандай. Ақын бұл жылы азаматтық
тақырыптан аулақтап, жеке басқа қатысты мұңды сарынға мой-
ын ұсынып, өзінің ішкі сезім күйлерін сыртқа шығаратын өмір
құбылыстарына көбірек үңіліп, өткен өмірге өкінішпен қарап,
болашаққа сенімсіздік танытып, сары-уайымға бой алдырғандай бо-
лады. Кезінде ақын мұрасына азды-көпті баға бергендер ақынның
осы жылдары жазған жырларының барлығы дерлік ой-күйрек, са-
рыуайымшыл деп бағалаған болатын. Бірақ олардың көбі ақын
жырларының мұндай сипатта болып келуі өмір шындығынан туын-
дайтынына назар аудармады. Бернияз бұл жылдары туған елден алы-
стап, Қазанға қазақ кітаптарын бастыру жөніндегі өкілі болып барған
еді. Ол сол жылдары кеңестік идеологиямен қырғиқабақ ақындар
А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, М. Жұмабаевтың жəне т.б.
кітаптарын қайта бастырып шығарды. Бұндай үлкен азаматтық істің
айтыс-тартыспен жүзеге асқаны белгілі. Елден жырақ кетуде сезімшіл
ақынға аз əсер етпесі тағы белгілі. Кешегі бостандыққа жеттік деген
ақын сенімінің алдануы, дүниенің басқа арнаған бет бұруы, азамат
соғысынан кейінгі елде жүріп жатқан əр түрлі əлеуметтік, қоғамдық-
саяси шаралар ұлт қамын ойлаған азамат ақынның күйіне əсер еткені
анық. Уақыт уытын аңғара бастаған ақын нық сеніммен бет алған
бағдаршамын жоғалтқандай күй кешті. Өмір көшінде бағытсыз,
бағдарсыз қалғандай болды. Сəулелі үміт сөнді, асқақ арман орын-
далмады. Сонымен бірге сол жылдары Қазанда танысқан Зейнеп Ах-
меровамен арадағы махаббаттан туындаған драмалық жағдайда көп
387
нəрсені шешіп кетіп еді. Міне, осының барлығы жаны нəзік, əсершіл,
сезімтал ақын көңілі түбіндегі көп күдікті сыртқа шығарып, көңілінің
күйін шертетін мұңлы жырлар туғызуға итермеледі.
Ақын өмірінің соңғы мерзімдерінде, яғни 1922 жылы жəне
өмірінің соңғы айы 1923 жылдың қаңтарының ішінде оншақты
өлең жазған. Өлеңдерінің көпшілігі өлім тақырыбына бағышталған.
Ақын өмірінің соңғы сəттері жақындап қалғанын сезген болуы
керек. Өйткені өз тағдыры өзіне белгілі емес пе?! Ақынның бұл
тақырыптағы өлеңдері: “Өмір – құрдым, өмір – өзен, жағалап”, “Ал,
жүрегім, өлейін”, “Мен есіткен көп адам”. Осының ішіндегі “Ал,
жүрегім, өлейін” өлеңін ақын өмірмен қоштасар алдында жазған
болуы керек. Ы. Дүйсенбаевтың айтуы бойынша өлеңінің жазылу
мерзімін 1923 жылғы 21 қаңтар кешкі сағат 5 деп көрсетіпті. Ар-
манда кеткен ақын ғұмырының қорытындысы іспетті бұл өлеңінде:
Ал, жүрегім, өлейін,
Дегеніңе көнейін.
Аз күн тұрған жалғанға,
Келіп едім демейін.
Өлер жерің, осы деп,
Дəл жүректің тұсы деп,
Қорғасын оқ өткізіп,
Өз қаныма өзімді,
Қарық қып мəңгі көмейін, –
деп ақтық сөзін айтыпты.
Иə!.. Сөйтіп, 1923 жылғы 29 қаңтарда Б. Күлеев Қазан қаласында
қайғылы қазаға ұшырап, өзі жан-тəнімен сүйіп, іңкəр болып өткен
өмірмен қоштасады. Ақын жүрегі соғуын мəңгілікке тоқтатып,
ұлтының бақыты үшін күреске бағыттаған ақын ғұмыры осылай
аяқталды. Бар болған 24 жас өмір сүріп, аққан жұлдыздай ағып өткен
ақын қысқа ғана шығармашылық ғұмырында аз жасаса да саз жазып,
соңына мəңгі өлмес, ұрпағына рухани азық болар мол мұра қалдырып
кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |