«Балалар әдебиеті» пәнінен студенттерге арналған ДӘріс материалдары



бет1/21
Дата14.02.2023
өлшемі222,12 Kb.
#67971
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті


«Балалар әдебиеті» пәнінен студенттерге арналған


ДӘРІС МАТЕРИАЛДАРЫ

Көкшетау, 2020

Дәріс № 1
Тақырыбы: «Қазақ балалар әдебиеті» пәнінің мазмұны мен мақсаты. Балалар әдебиетінің бастауы – халық ауыз әдебиеті.
Жоспары:
1 «Қазақ балалар әдебиеті» пәнінің мазмұны мен мақсаты, зерттелуі.
2 “Бесік жыры” мен “Тұсау кесу” жырының айтылуы мен эстетикалық әсері.
3 Жұмбақтар мен мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер.
4 Ертегілер. Ертегілердің танымдық, тәрбиелік сипаты.
5 Батырлар жыры.
6 Ежелгі және хандық дәуірдегі әдебиет. «Күлтегін» жыры.
Дәріс мақсаты: «Қазақ балалар әдебиеті» пәнінің мазмұны мен мақсатын ғылыми негізде түсіндіру, зерттелуін саралау. “Бесік жыры” мен “Тұсау кесу” жырының эстетикалық қуатына талдау жасау. Жұмбақтар мен мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдердің танымдық, тәрбиелік мәнін анықтау, құндылығын жеткізу. Ежелгі және хандық дәуірдегі әдебиет туындыларынының балалар әдебиетіндегі алар орнын көрсету. «Күлтегін» жырына әдеби талдау жсай отырып, елдік, мемлекетшілдік рух мәнін ашу.
Дәріс мәтіні:
«Балалар әдебиеті» атты элективтік курстың негізгі мақсаты студенттерге балалар әдебиетінің педагогика мәселелерімен байланысын, балаларға арналған әдеби шығармаларды, оларға қойылатын талаптарды, әдеби-теориялық ұғымдарды, жанрлар жүйесін, балалар әдебиеті теориясы мен сынының қалыптасуын, балалар әдебиетінің даму дәуірлерін, балаларға арналған мерзімді баспасөздерді қарастырады. Материалды меңгеру барысында балалар әдебиеті пәнінен терең, толық, жан-жақты білім алып, бүгінгі күн талабына сай студентті жан-жақты, білікті маман етіп даярлау мақсат етіледі. Осы курсты оқу барысында болашақ маман балалар әдебиетінің өзіндік ерекшеліктеріне жетік болып, берілген материалды толық игеруі, балалар әдебиетінің даму процесімен бірге, оқыту тәсілдеріндегі жаңа бағыттар жөнінде білімін үнемі толықтырып отыруы қажет. Балалар әдебиеті - әдебиетіміздің өскелең бір саласы. Оның өзіндік өсу, өркендеу жолдары бар. Басында жалпы әдебиетпен бірге дамып, толысып келген ол ХІХ ғасырда өз ерекшеліктерімен дербес күйге жетті. Балалар әдебиеті тәлім-тәрбие, білім беретін өмір оқулығына айналды. Балалар әдебиетінде оптимизм басым. Сары уайым, қайғы шер атымен кездеспейді. Бала біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы болғандықтан, олар егеменді ел құрылысына қажырлы күш жұмсайды. Балалар әдебиетіндегі басты қасиеттердің бірі оларды осындай ер жүрек, өз отанының патриоты, ардагері болуға жетелейтін, өнеге беретін батыр, адал адамдардың образын жасау.
Балалар әдебиеті шығармаларының ықпалы, тәрбиелік күші жаңымды кейіпкерлер образын жасау проблемасына байланысты шешіледі. Жақсыны үлгі етіп көрсету, ардагер адамдардың отаны, халқы алдындағы қызметін суреттеу, солардың типтік образдарын жасап білу жас өспірімдердің еліктеуіне, солардай болуына талпынуына жол ашады. «Өнер алды қызыл тіл» деп Абай атамыз айтқандай, балалар әдебиетіндегі басты проблемалардың бір түрі – осы тіл. Балалар жазушысы әдеби тілге шешен болумен қатар, оған өте ұқыптықарауға тиіс. Балаларға арналған шығармалардың тілі, ең алдымен, өзінің ана тілін жетік білуге, сөздік қорын байытуға, жүйелі түрде қисынды сөйлеуге, әсіресе, ана тілін сүйе білуге баулитын көркем құрал болуға тиісті. Әрбір сөз өз орнында өз қызметін атқара тұрып, баланың уылжыған жас жанына қозғау салып, сұлу суреттерімен эстетикалық күшті күшті әсер ететіндей болуы керек. Балаларға арналған өлеңдер ойнақы, жинақты, тілі баланың өз ойындай мөлдір де тұнық, қызықты да қарапайым болуы шарт.
Қазақ балалар әдебиеті – қазақ әдебиетінің мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған саласы. Оның қайнар көзі қазақ фольклорынан бастау алады. Қазақ балалар әдебиетінің алғашқы жазба үлгілерін ХІХ ғасырда Ыбырай Алтынсарин жасады. Ол баларды өнер-білімге тәрбиелейтін, еңбекке баулитын, этикалық, эстетикалық тәрбие беретін өлеңдер мен әңгімелер жазды. Ы.Алтынсарин қазақ фольклорынан балалардың тіліне түсінікті жеңіл шығармаларды іріктеп, орыс балалар әдебиетінен қысқа, қызықты әңгімелер аударып, құрастырды да ана тілінде алғашқы оқулық «Киргизская хрестоматия» (1879) бастырып шығарды. Педагог-жазушы бала тіліне лайықты, ойына қонымды ойнақы өлеңдері мен қызықты әңгімелері арқылы қазақ балалар әдебиетінің негізін қалады. Қазақ балаларына арналған оқулықтар мен өлеңдер жинақтары ХХ ғасырдың басында көбейе бастады. Педагог-жазушы С.Көбеев «Үлгілі бала» жинағын шығарды.
Қазақ балалар әдебиетінің қазан төңкерісіне дейінгі таңдаулы үлгілері қатарында М.Кәшімовтің «Әдеп» (1907), «Ақыл» (1908) атты жинақтарын, М.Нұрбаевтың «Көргенді бала – үлгілі ана» (1908), Ғ.Мәжитовтің «Қазақ шәкірттеріне ақыл» (1910) кітаптарын, сондай-ақ, Т.Жомартбаевтың «Балаларға жеміс» (1912) кітабын атауға болады. Ақын С.Торайғыров балаларға арнап «Шәкірт ойы», «Оқып жүрген жастарға», «Бір балуанға» т.б. өлеңдерін жазды. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш» 1924) газеті мен «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен» 1925) журналында, «Қазақстан пионері» (қазіргі Ұлан) газеттерінің алғашқы сандарында балаларға арналған өлең-жырлар, әңгімелер жарияланды. С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ш.Иманбекова жеке өлеңдерін, І.Жансүгіров «Малта», «Шәркей» (1929), «Жұмбақ» (1930) сурет-кітапшаларын, Ө.Тұрманжанов «Қошан кедей» (1927) әңгімелер жинағын шығарып, қазақ балалар әдебиетінің дамуына үлес қосты. 30-жылдары Қ.Әбдіқадыров, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароков, Ж.Саинның, 40-жылдары Қ.Аманжоловтың, М.Хакімжанованың, Ғ.Ормановтың балаларға арналған өлең-жырлары жарияланды. 50-жылдардан бастап қазақ балалар поэзиясында бала психологиясын, тілін, ой-мақсаттарын жете ұғынған балалар ақындары толығып, олар жас оқырмандарға түрлі көркем шығармалар ұсынды. Қазақ балалар әдебиеті сатиралық шығармалармен (О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлы), жаңа поэмалармен (Х.Ерғалиев, Ә.Сәрсенбаев), жаңаша ертегілерімен (Ө.Тұрманжанов, Қ.Мырза Әлі), ақын Ж.Өмірбековтің және Ғ.Мүсіреповтің жинақтарымен, суретше-кітаптарымен толысты. Ғылымның жетістіктерін бейнелейтін шығармалар туды. Қ.б.ә-нің өрісі одан әрі кеңейіп, «Бөбектерге тарту»,(1961), «Алтын күн аясынды», (1963), «Балдырғанның базарлығы» (1965), «Біздің кітап» (1967, 1974), «Кел, шырқайық балалар» (1973) сияқты жинақтар басылып шықты. Республикалық «Балдырған», «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналдары, «Қазақстан пионері» газеті қазақ балалар әдебиетінің жан-жақты дамуына үлес қосты. Жазушылар І.Жансүгіров, Т.Ахтанов, Ш.Ахметов – балаларға арналған алғашқы пьесалардың авторы. 50-жылдары Ш.Құсайыновтың «Есірткен ерке», М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин» пьесалары республикалық жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасына шықты. 1960-70 жылдары Б.Ысқақовтың, Б.Тәжібаевтың, Қ.Ыдырысовтың пьесалары, инсценировка жинақтары жарияланды.
Қазақ балалар әдебиетінің ең дамыған кезі – 70-80 жылдар. Бұл жылдарда балаларға және жастарға арналған шығармаларды жариялайтын «Жалын» баспасы ашылып, баспаның жанынан республикалық жабық әдеби конкурс өткізіліп, балалар әдебиетінің өркендеуіне әсер етті. Осы жылдарда М.Әлімбаев, Қ.Мырза Әлі, Т.Молдағалиев т.б. балаларға арналған өлеңдер жазды. Балалар ауыз әдебиетін жасаған – халық. Адамға баласынан жақын, баласынан артық еш нәрсе болмаған. Халық еш нәрсені де өзінің баласынан жоғары бағалаған емес. Сондықтан халық ең алғаш өзінің жақсы ойын, тәтті қиялын өлең етіп, ән етіп баласына арналған. Жас нәрестенің дүниеге келуін қуаныш еткен. Баланың жұбату, ойнату, тәрбиелеу, оның алдына неше алуан тілек-мақсаттар қою өлеңмен, жырмен, көркем сөзбен айтылған. Өйткені “Адам-дүниені ұйымдастырушы, екінші жаратылысты, мәдениетті жасаушы күш-қуаттың иесі, адам –жаратылыстың органы, жаратылыс оны өзін тану, өзін көркейту үшін туғызған, міне балаларға осыны ұғындыру керек.” деген М.Горький. Демек, халық ауыз әдебиетінің алғашқы пайда болуы, шығуы халықтың балаға арнап айтқан өлең, жыр, ертегілерден басталады. Бала өскен соң, өздерін қоршаған жаратылыстың ішкі құпиясын ғылым жолымен сезініп білмесе де, жапан түзде жолсыз жерлермен жұлдыздарға, түрлі белгілерге қарап жол тауып, адаспай кете беретін болған. Халық ауыз әдебиетін балалар сүйіп оқиды, қызыға тыңдайды. Халықтық шығармалармен мектеп жасына дейінгі балалар да ата-анасының, туған- туысқандарының айтуы бойынша ертеден-ақ таныс бола бастайды. Бесік жыры, хайуанаттар айтысы, ертегілер, жұмбақтар мен жаңылтпаш сөздер, мақал-мәтелдер, өтірік өлеңдер-бәрі де баланы қызықтырып, оларды мәз-мейрам етеді. Сайып келгенде,осының бәрін балалар ауыз әдебиеті деп атауға болады. Балалар ауыз әдебиетіне халықтық шығармаларымен бірге туып жасасып келе жатқан, бала тәрбиелеудегі халықтық педагогиканың өмір тәжірбиесіене туған игі ісі, жемісі жатады. Балалар ауыз әдебиеті-балалардың психологиясымен, олардың ерекшелігімен санасудан туған және оларды тәрбиелеу ісінен келіп шыққан игілік.Жылаған бөбегін жұбату үшін немесе ұйықтату үшін ата-анасы балаға бесік жырын шығарған. Бөбектердің кішкентай саусақтарын қимылдатып, өз саусақтарымен өздері ойнап, уілдеп бірінші тіл қатқаны, мәз-мәйрам боп сықылдап күлгені ата-ананы шексіз қуанышқа бөлеген. «Бесік жырынан» кейін- «тұсау кесу» жыры келеді. Мұнда жас нәрістенің қаз тұрып , апыл-тапыл басқаны «тәй-тәй» деген әнді әуенмен, жылы сөзбен мазмұнды әсем ырғақпен жыр етеді. Балдырған өскен сайын әннің де, өлеңнің де мазмұны тереңдеп, енді балаға тілек, мақсаттар қойыла бастады. Бізге балалар ауыз әдебиетін жинау, бастыру, оны бір жүйеге келтіріп, жас өспірімдерге ұсыну жұмысы тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан былай қарай ғана қолға алынды.. Өйткені ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазақ даласында ең бірінші рет жаңа типті орыс-қазақ мектептері ашыла бастауына байланысты халық ағарту жұмысымен шұғылданған педагогтар ең алдымен халық ауыз әдебиетіндегі бала тәрбиелеуге арналған шығармаларды жинауға бет бұрды. Олар балаларды оқытуға , тәрбиелеуге ең қажетті материалдар халық ауыз әдебиетінен табылатынын анықтады.
Қазақта балалар ауыз әдебиетін бірінші жинаған және оны ең бірінші рет құрыстырып, «Қазақ хрестоматиясы», «Мактубат» атты кітаптарына енгізіп, 1879 жылы бастырып шығарған Ы б ы р а й А л т ы н с а р и н еді. Төрт бөлімнен құрастырылған осы кітаптың бірінші бөліміне өлеңдер мен балаларға арналған ұсақ әңгімелер, ертегілер енгізілген. Ы.Алтынсарин тек балалар ауыз әдебиетін жинаушы болып қалған жоқ, сонымен қатар ол қазақ балалар жазба әдебиетінің атасы болады.Осыдан соң-ақ қазақ халқының алдыңғы қатардағы оқыған азаматтары, педагогтары қазақ балалар ауыз әдебиетін жинаумен шұғылдана бастады. Халық шығармаларының көркемдік принципі - жағымды кейіпкерлерді мейлінше дәріптер суреттеу мен қатар, жағымсыз кейіпкерлерді жиіркенішті , жексұрын етіп көрсетуге негізделген. Халық ауыз әдебиетіндегі көркемдік әдістің творчествалық күші өзіндік өзгешелігі міне осында. Адам өз ғасырының айнасы болғандықтан , ол өз заманының сипатын танытады . Біз осы негізге сүйеніп , балалар ауыз әдебиетіндегі эстетикалық идеалға көңіл аударамыз. Балалар ауыз әдебиетінде эстетикалық мазмұн, эстетикалық идеал әр жақты, әр алуан мол болды. Соның өзі балалар санасының дамуына үлкен мүмкіндіктер туғызады. Өйткені, балалар ауыз әдебиетінде халықтың болашақтан үміт еткен эстетикалық идеалы өте күшті сезіледі. Әсіресе жыршының шығарманы суырып салып орындап отырған кезінде оқиғаның ақиқатына жетердегі адамның жан дүниесін тебірентіп эстетикалық әсері тым күшесісіп отырады. Ауыз әдебиетінің ең тамаша ерекшелігі оның осындай күйінше-сүйінше үстіндегі эстетикалық әсерінен байқалады. Егер ауыз әдебиетінің осындай қасиеттерін кино немесе магнитафон , не кітап арқылы бермен болсақ, ол өзінің эстетикалық әсерін мүлде төмендетіп алған болған еді. Демек халық шығармаларындағы жақсы адам эстетикалық идеалдан туған еңбекқор шаруаның типтік образы екені көрінеді. Халық шығармаларында типтік образдардың портретін суреттегенде аппақ етін -қарға, қызыл бетін қанға, оған ғашықтығын кеудесіндегі жанға балап айту бар. Осыдан келіп оның ер көңілділігі , ер болып туып, ел алдында халқы үшін қызмет ететіні бірге суреттеледі. Эстетикалық тәрбие көркем өнер мен әдебиетінің барлық салаларында ұлы шеберлер жасаған аса құнды мұраларды балалардың толық түсініп , сол шығармалардан рақаттанып , рухани азық алдын көздейді. Бұдан шығатын қортынды эстетика адамның шындықты көркем түрде игеру заңдылығын білдіретін ғылым, соның жалпы заңдылығын көркем түрде танытатын ғылым . Эстетикалық идеал-халықтың арман мүддесін бейнелеп , шындықтың шексіз шыңына жетуге тырысатын көркемдіктің шырақтау шегі.
Балалар фольклоры – ауыз әдебиетіндегі бала тәрбиесіне арналған халықтық педагогиканың өмір тәжірибесінен алынған шығармалар жиынтығы. Қазақ балалар фольклоры балалар психологиясына, жас ерекшелігіне қарай қалыптасып, олардың адамгершілік, ізгілік қасиеттерге тәрбиелейтін ең сенімді құралы болып келеді. Негізгі салалары – бесік жыры, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылпаш, ертегі, аңыз-әңгімелер, батырлық жырлар.
Балалар фольклорының көркем туындылары – «Алдар көсе», «Шық бермес Шығайбай», «Қырық өтірік», «Қаңбақ шал», «Тазша бала» т.б. Көшпелі қазақ төрт түлік мал туралы тақпақтарды «Түйе, түйе, түйелер», «Ешкі», «Қой», қиял-ғажайып ертегілерді «Алтын сақа», «Қаңбақ шал», «Ер Төстік», батырлар жырларын «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр» айта отырып, балаларды ерлікке, еңбекке, ізгілікке, адамгершілікке үйретеді.
Балаларға арналған мақал-мәтелдің де тәрбиелік мәні зор. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ауыз әдебиетінің үлгісімен балаларға арналған бесік жыры, жаңылпаш, жұмбақ, ертегілер жазды. Адам баласы тарихында ауыз әдебиетінің алтын ұрығы – жыр, өлеңнің бірінші бастамасы «Бесік жыры» десек, қателеспеген болар едік. Бесік жырында қазақ қауымының балаға деген ең ізгі сүйіспеншілігі, тілегі , халықтың шешендігі мен арманы, эстетикалық идеалы бейнеленген. Оның сөз жүйесі мен ырғағы, мән – мағынасы аса ұқыпты. Ана сәбиді тербете отырып « бесік жырын» айтады. Ересектеу баласына бөбекті тербеттіреді, ал ересектеу бала анасынан үйренген өлеңді айта отырып тербетеді. Бесік жырларында дүниеге жаңа келген жас нәрестенің балашағы ойлап, қолдан келер мүмкіндіктерін сонаң жолына бақыштауға тырысады. Халық тәрбиесі баланың жас басынан көпшіл, ынтымақшыл, сыйпаттап көрсете білетін өнегелі азамат болуын көздеген, баладан адамгершілік қасиетті талап еткен. Қолы ашық, алақаны жазық береке иесі болсын дегенді балаға жас басынан ұқтыруға тырысқан. Баланы күту, бағу, тәрбиелеу, әлпештеп ақ бесікке салу, оның мәңгілік қамқоршысы болу – ата-анасының борышы. Бала туғанда шілдехана жасау, жас нәрестенің дүниеге келуін қуаныш ету,оны өздеріне бақыт санау жалпы халықтың салтқа, әдет-ғұрпына, эстетикалық идеалға айналған:
Бармақтарың майысып ,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің.?
Бала халыққа әр жақты өнермен, білімімен, игілікті ісімен танылса деп арман еткен қауым :
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?-деп бесікте жатқан жас нәрестенің болашағын ойлайды. Қай ісіне, қай өнерге болса да икемі бар, бір сырлы, сегіз қырлы азамат болуын көздейді. Әйтеуір қандай іс, қандай өнер болса да өзінің бейіміне, ықылас -әрекетіне қарап нәсіп ете беруіне халық ертеден-ақ аңсаған. Сондықтан да өз сәбиін өнердің, еңбектің қандай түріне болса да баулы беруді, ынталандыра беруді мақсат еткен. «Бесік жырыны» мазмұнына тереңірек үңілсек, одан адамның бастан кешірген бар тағдыры көрінгендей болады . Бала тербете отырып, ана кейде өз басынан кешкен куанышын да, рахатында,қоса жырлайды .Бала болашақтан куткен зор үмітке арман тілекке, біреуге тәуелді болмай ,ерікті түрде өмір сүруге жеткізетін осылар болар ма екен деп ,жас басынан баланың кұлағына құйып отырады:
Кең балағын түсіріп,
Ойға ,тауға жүрісіп,
Балуан болар ма екенсің?
Немесе:
Құрағыңды майырып.
Түнде жылқы қайырып.
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?-деген ананың асыл арманы эстетикалық идеалы - жалпы халықтық тілекпен үндесіп , өзектесіп жатады.
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп.
Батыр болар ма екенсің? Мұнда жеке бастың пайдасына бола даңқ, атақ алу үшін емес «атасының баласы болу» үшін емес , адамның баласы болуын тілегендіктен айтылған халықтың асыл ойлары берілген. Өз отанын қорғайтын азамат болар ма екен деген тілектер қойған. Бала жұбатудан басталатын бірнеше тілек- мақсаттар асық болашақтан күткен арманына жетудің жалғасы боладыдеп мезгеген « Бесік жырының» әсем де жеңіл айтылуы , оның сазды әуенге қосылып , сондалық баппен шырқалуы баланың көңіл күйін ашып , оны мәз- майрам күлкіге шомылдырады. Бесіктің тербелуі мен ән ырғағының бірдей шығуы бала тербеткен ананың да , бесікте жатқан баланың да жүректері бірге соққандай әсер береді.
«Бесік жыры» ғасырлар бойы ұзақ өмір сүріп, ұрпақтан-ұрпаққа ұласумен қатар оған бала жұбату, тәрбиелеуде заманы қойған тілек, мақсаттарға қарай жаңа мазмұнда, жаңа түрде айтылатын шумақтар да қосыла берген.
Айналайын балдырған,
Қылығың мейір қалдырған
Күйші болар ма екенсің,
Өнердің отын жандырған, -деп, біздің қазіргі қойып отырған талаптарымыз да аналар сөзімен қоса жырланатыны бар. Қорыта айтқанда, «Бесік жыры» - мәңгілік Өріс алып, одан әрі дами беретін балалар ауыз әдебиетіндегі халық ауыз әдебиетінің алтын ұрығы, жыр, өлеңнің бірінші бастамасы. Балаға үміт артарлық осындай тілек мақсаттардың қойылуының өзі де олардың ақыл-есін жетілдіріп, көңіл күйін оятып, болашаққа, алға қарай талпынтады: талпрыну талаптарға, ілгері қарай ұмтылуға, жігер қайратының шыңдалуына бастайды. Осының бәрі көркем шығармалардың күшін және әдемілігін жақсы сезіну арқылы жетілетін игі нәрсе. Екінші сөзбен айтқанда, көркемдікті, әдемілікті, жақсылықты түсіндіре берудегі эстетикалық тәрбиенің жемісі. Бесікте жатқан баланы тәрбиелеу ісіне халық осындай зор мән берген. Өйтекні балаға жақсы тәрбие беру үшін оны ең алдымен бес жасқа келгенге дейін дұрыс тәрбиелей білу керектігі жайында А.С. Макаренко кезінде өте дұрыс айтқан . Халық бала тәрбиелеуде өздерінің асыл ойларын , мол тәжірибелерін көбіне өлеңге , әнге қосып айту арқылы баланың ой- ықыласын тез баурап алуға болатын әдіс- айлалар қолданғанын білеміз. Өйткені , әйткуір бірсебептер қатты ызаланып шырылдап жылаған бала жай сөзге еліге қоймайды , тербете отырып айтылған жақсы ән мен тәтті күй ғана оның көңілін жұбата алады . Бұл эстетикалық жылы ләззаттық зор әсері мен құдыретті күшімен туған көңіл күйін аулайтын жақсы тәрбиенің жемісі.
Қазақ халқы тек бесікте жатқан балдырғандарды ғана қалай тәрбиелеу керектігіне көңіл бөліп қоймаған, олар сонымен қатар аяғын апыл-тапыл басып, қаз-қаз тұрған балаға қалай қарау керектігін өлеңге, әңге қосып айтып, оны да зор қуаныш көрген, “Тұсау кесу” жыры деп айтылатын халықтық өлеңде бұл жайында мынадай терең ой бар:
Қаз,қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейік,
Тұсауыңды кесейік.
Бұл балдырғандарға қойылған бірінші шарт, бірінші тілек десек, бала сол тілекті орындауды өзіне зор қуаныш көреді де, оған мәз болады. Оның қаз тұруы ата-ана тілекгін орындағандықтың алғашқы қадамы болып саналады. Өлеңде ешқандай бұйыру жоқ, тек қана тілек бар.Ол тілек әсем сазды өлеңмен айтылады.
Қаз,қаз,балам,қаз, балам
Тақымыңды жаз,балам.
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық. Бірден-бірге алға қарай жетектеп, өмірге баулып, үйретіп келеді. Осының бәрі де баланың жан жүйесіне әсер еткен эстетикалық тәрбиесінің жемісі.Өйткені жастайынан ән мен өлең арқылы көп нәрсені ұққан бала, есере келе өздері де көңіл күйін әнмен, өлеңмен білдіруге талаптанып, осыған әуестене бастайды.
Ауыз әдебиетінің басқа түрлері секілді жұмбақтардың да өзіне тән ерекшеліктері болады. Ең алдымен жұмбақтар тақырыпқа құрылады. Жұмбақтың өзі де, оның шешуі де асқан тапқырлықпен құрылуға тиіс. Ол сонда жұмбақ болады. Жұмбақта фантазиядан да деректілік, нақтылық басым келеді. Жұмбақ көлеміне енетін нәрселерді, алыстаған бұлдырдан емес, адамның көз алдындағы, күн сайын көріп, біліп отырған нәрселерін жұмбақ етеді. Мысалы: жұмбаққа сиырды енгізгенде оның өзін айтумен бірге, мүйізін де, емшегін де, етін де бөлек жұмбақ етеді. Жұмбақтарда көп кездесетін ерекшеліктердің бірі – заты жақын заттарды парлап, қосарлап айтуында. Ай мен күн, жер мен көк, қыс пен жаз, күн мен түн, қол мен аяқ т. б жұбымен алысып жұмбаққа қосылады. Қазақтың жұмбақтары өзінің құрылысы, сөз айшығы жағынан мақал мен мәтелге ұқсайды және көбінесе өлең түрінде келеді, ұйқасым, ырғақтарды сақтап отырады. Сонымен бірге, жұмбақтарда дыбыс үндестігі, дыбыс қайталанушылық сонымен айтайын деген ойға тыңдаушының көңілін бөлушілік көп кездеседі. “Жаралғанда жабысқан” (адамның не заттың аты), “Өлсең де өлмейді, өлмесең де өлмейді” (адамның есімі) осы сияқты жұмбақтардан көреміз.
Халық мақалдарының тақырыбы өте көп солардың ішінде ең күрделі бір саласы адам баласының еңбек ету жайына арналған. Еңбек адамды мақсат-мұратқа жеткізіп абырой әперетін іс екендігін халық мақалдары арқылы дәлелдеп көрсетеді. Еңбегі бардың өнбегі бар, Еңбек түбі мереке деп халық адал еңбекті ардақтады. Еңбек етпеген адамды жатып ішер жалқауды халық өзінің мақалы арқылы сынап шенейді. Бұған еңбегі аздың өнбегі аз, еріншектің ертеңі таусылмас деген мақалдар келтіруге болады. Еңбек мақалының тақырыбына арналған қай – қайсысы болса да, ақыл өсиет түрінде айтылады. Бейнетсіз рахат жоқ, Әрекет болмай берекет бол. Түлік төлден өседі дей отырып сол түліктерді өсіру үшін қажырлы еңбек керектігін ескертеді. Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал жуымас, Ат шаппайды, бап шабады. Мал жисаң қоныс тап, Бақпасаң мал кетеді деп ақыл айтады. Адал еңбекті сүйген халық мал басын өсіру үшін аянбай жұмыс істе, ерінбей еңбек ет, сонда ғана мал құралады дейді. Ал еңбек етпей, ұрлық немесе барымта жолымен мал жинап баюды көздеуші адамды халық қатты сынға алады, шенейді, Ұрыға мал қатаймас, ұрлық түбі –қорлық, деп сипаттайды. Халық мақалараның қоғамдық мәні бар тақырыптарын 1- ші оқу білім, тазалық тәрбие, мінез құлық, әдет ғұрып жайлары бұлар жөнінде халықтың ой, көз қарасы, шығарар қортындысы, айтар ақылы қандай екені байқалады. Жақсы нәрсені үлгі ету жаманнан жиеркеніш тауып бездіру, аталған тақырыптағы басты мәселесі оқу білім, ғылым жайын сөз қылғанда халық мақалыың, адам баласына тигізетін пайдасы көп екендігінен басталады.
Халықтық ертегілер – халық өмірін бейнелейтін фантастикалық негізге құрылған халықтың ғасырлар бойы жасап келген өмір тәжірибесі, оның мәдениетімен салты , әдеті мен ғұрпы, шаруашылық кәсібінің түрлері, тілінің шебер ерекшеліктері қамтылған . Халық ертегісі ішінде балалардың сүйіп оқитын, олардың жас ерекшеліетеріне тән мұралар сондай көп . Халық ертегілерінің бай фантастикасы балалардың ойына қозғау салып, өмірдің неше алуан қияпатын танытады, сана-сезім, ақыл-ой қызметінің ерте дамуына, ерте қалыптасуына жәрдемдеседі. Халық ертегісін балалардың сүйіп оқитыны, барлық ықыласымен сүйсіне тыңдайтыны, оның ғасырлар бойы ұрпақтан- ұрпаққа айтылып, әбден екшеліп халықтың даналық, тапқыр ой-пікірлері жинақталып, әрі көркем, әрі жеңіл тілмен берілетіндігінде. Басталған жерден-ақ оқиғасы қызықты, ұшқыр қиялды болып келеді де , баланың ойын бірден қызықтырып, жетектеп әкетеді. Халық ертегілерінің балаларды қызықтыратын тағы бір ерекшелігі ондағы адам бейнелері барлық жағынан әбден жетілген болады. Ертек оқиғасындағы әр алуан толық кейіпкерлердің іс- әрекеттері, ол кейіпкерлердің тапқырлық, ерлік айлакерлік, ісі оңына келе беретін аңқаулық мінездері балаларды таң- тамашаға қалдырып, сүйсіндіріп отырады Ертегілерден осындай тамаша ерекшеліктерді балалардың эстетикалық талғамдарын дамытуға зор әсер етеді. Халық ертегілері ішінде балалар арасында кең тарағаны, әсіресе сүйіп тыңдайтыны, хайуанаттар жайындағы ертегілер . Табиғат жайында ең бай материалдар,кең түсініктер балаларға алғаш осы хайуанаттар жайындағандар ертегілер арқылы берілген. «Бармақтай бала», «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Арыстан , қасқыр, түлкі, түйе, бөдене», «Кім неден күшті» , «Түлкі мен тауық» т.б.
Хайуанаттар жайында айтылатын ертегі кейіпкерлерінің өзі қызық. Сол күлкілі, қызық кейіпкерлердің өмір сүру, өмірге икемді болу жолындағы қақтығыстары мен қарым- қатынастары, олардың айла-тәсілдері жас өспірімдерге өмір жолын танытады. Хайуанаттар жайындағы ертегілердің қай түрін алсақ та балалардың ұғымына сай, түсінуіне жеңіл, күлкілі де қызық болып айтылады. Халықтың шығармалар ішіндегі хайуанаттар жайында айтылатын ертігілерді түгел дерлік балалар фольклорының мұрасы деп қараймыз. Тұрмыс салт ертегілері өзінің тілі , айқын мазмұны мен еңбекші халықтың өмірін , қарапайым адамдарың тұрмыс тіршілігін сипаттауға және олардың үстем тапқа деген көзқарасын, күресін көрсетуге бағытталған . Қазақ ертегілерінің көбісі қиял- ғажайып , хайуанат жайында айтылады. Ал жер кәсібіне байланысты диқаншылық , бау-бақша жайындағы ертегілер қазақта мүлде аз. Соған қарағанда, «Ғажайып бақ» ертегісі беріректе қазақ халқы отырықшылық өмірге, диқаншылыққа араласа бастаған кезде шыққан болуға тиісті. «Ғажайып бақ» ертегісі балаларды адал ниетке, кіші пейілділікке,адамгершілікке, эстетикалық идеалға, еңбекке баулуға бағытталған . Мұнда бұлдыр сағым жоқ, айқын , ашық айтылған жүйелі мақсаттар көрінеді. Үстем тап өкілдеріне қарағанда, еңбек адамдарының сансы, кісілігі, пейілі болуға , өнеге , үлгі етіп ұсынады. Ертегілерде сақталған халық даналықтарының осындай үлгілері балалар мен жас өспірімдерге өмір мектебіндей , өмір танытарлықтай болмақ.
Қазақ ертегілерінің аса бай, ең мол түрі – халықтың, тұрмыс-салтына байланысты туған шыншыл ертегілер. Бұған «Аяз би» ертегісі де жатады. «Аяз би» ертегісінің оқиғалары қиялдан гөрі, өмірге анағұрлым жақын. Шыншыл ертегілерден халық өміріне, оның тұрмыс тіршілгіне байланысты барлық жайларға жауап табуға болады. Оларда бүкіл қоғамға тән қасиеттерге дейін сөз болады. Байлық пен кедейлік, теңсіздік пен теңдік, зорлық пен оған қарсылық , жауыздық пен жақсылық , аярлық пен адалдық күресі –осылардың бәрі шыншыл ертегілердің тақырыптары. Бұл ертегілер ең алдымен баланы ақыл парасаттылыққа , сабырлы да төзімді болуға үйретеді. «Аяз би» ертегісінде халықтың сарын, халық мүддесін қорғайтын идея басым. Халық өз ортасынан шыққан еңбек адамдарының ісі мен әрекеттерін ардақтап отырады. Оларды үстем тап өкілдерінен әлдеқайда жоғары қояды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет