Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы


§ 3. Көркем әдебиеттің қисса жанры және оның тілі



Pdf көрінісі
бет19/25
Дата21.01.2017
өлшемі2,1 Mb.
#2384
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   25
§ 3. Көркем әдебиеттің қисса жанры және оның тілі
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде «қисса» аталатын көркем 
әдебиет жанры туып, дамыды. XIX ғасырдың II жартысындағы 
қазақ әдеби тілін зерттеген арнайы жұмысында Б. Әбілқасымов 
бұл жанрдың туу дәуірі, негіздері, белгілері жайында кеңінен 
сөз қозғайды
168
. Зерттеуші қисса (бұл – арабша «әңгіме», «та-
рих» деген мағынадағы сөз) деп алғашқы кезде шығыс (араб- 
парсы)  әдебиетіндегі  сюжеттерге  құрылған,  оқиғалы  поэти- 
калық шығармалар аталса, кейін бұл термин баспа бетін көрген, 
өлеңмен  жазылған  дүниелердің  бәріне  телінген  деп  дұрыс 
көрсетеді. Бірақ, солай тани тұра, осы еңбегінде зерттеушінің 
өзі Шортанбай сияқты ақындардың жарық көрген туындыла-
рын да, «Ер Тарғын» сияқты фольклорлық мұраны да осы жанр 
аясында қарастырып, баспа бетін көрген дүниелердің барша-
сын қисса деп жаңылысқандардың шылауында кетеді.
Біз бұл күндегі зерттеулерімізде қазақ тілінде кітап шығару 
тәжірибесі  енді-енді  басталып  келе  жатқан  кезінде  кітаптар- 
дың  қандай  грифпен  ұсынылғандығы,  оларға  қандай  ат 
қойылып, айдар тағылғандығы, тіпті оқырман жұртшылықтың 
қай  әдебиетті  қалайша  танығандығы  тұрғысынан  келмей, 
әдебиет  түрлерін  жанрларға  ажыратуда  ғылыми  негіздерге 
сүйенуіміз керек. Сондықтан «қисса-и» деген гриф тұр ма, жоқ 
па, әйтеуір жазба дүние ме, жоқ па, әйтеуір сюжетті ме, жоқ па 
деген  межелерді  нысанаға  алмай,  әр  жанрдың  өзіне  хас  бел- 
гілерін  тану  принципімен  талдасақ,  сөз  етіп  отырған  кезен- 
дегі  қазақша  баспа  бетін  көрген  дүниеліктер  үш  топқа 
бөлінетіндігін  бірқатар  ғалымдар  дұрыс  көрсетеді.  Олар:  
1) ауыз әдебиеті (фольклор) нұсқалары; 2) қазақтың (төл) жаз-
ба әдебиеті нұсқалары; 3) кітаби тілде жазылған үлгілер
169
.
Біз  де  осы  топтастыруды  қолдаймыз.  Сондықтан  әдеби-
тілдік ізденістерде «Қисса-и Шортанбай» деген атпен жария- 
ланғанмен,  бұл  кітап  ішіндегі  материалды  қисса  ретінде 
қарамай, қазақтың төл көркем поэзиясы үлгісі қатарында тал-
168
  Әбілқасымов  Б.  XIX  ғасырдың  II  жартысындағы  қазақ  әдеби  тілі.  -  Алматы, 
1982.
169
 Досқараев Ж., Сарыбаев Ш. Октябрь революциясынан бұрын басылып шыққан 
кейбір  нұсқалардың  тілі  жайында  //Қазақ  тілі  тарихы  мен  диалектологиясының 
мәселелері. - Алматы, 1960. - 3-шығуы. - 45-б.

238
дау қажет, сол сияқты «Ер Тарғын қиссасы», «Қисса-и Алпа-
мыш», «Қисса-и Қыз Жібек» деген тұмаршаларды есепке ал-
май, бұларды қазақтың фольклорлық дүниелерінің жанрында 
зерттеу керек деп табамыз.
Ал  енді  бірқатар  «Қисса-и»-мен  басылған  және  «қисса» 
айдары тағылмаған «Ақуал» сияқты кітапшалар не әдеби, не 
идеологиялық құны жоқ, «жай тұрғанча бір қисса болсұн деп 
йаза салған» әдебиеттің ешбір жанрына жатпайтын дүниелер 
ретінде  танылуға  тиіс  және  солай  танылып  жүр.  Мысалы, 
Б.Әбілқасымов «Қисса-и әдеблі бала» (Қазан, 1897), «Қисса-и 
Ғажам екеуі жолдас болған» (Қазан, 1898), «Мақулат» (Қазан, 
1897), «Берің зекет кітабы» (Қазан, 1898) сияқты Кашафуддин 
Шахмардановтың  «қаламынан»  туған  кітапшаларға  осындай 
баға береді.
Ал шын мәніндегі қиссаларға келсек, бұл – XIX ғасырдың 
ІІ жартысында, дәлірек айтсақ, соңғы ширегінде туған көркем 
әдебиет жанры, оның ішінде де поэзия дүниесіне қол артқан 
үлгілер.  Олардың  өзге  жанрлардан  ерекшеленетін  негізгі 
белгілері,  біріншіден,  сюжетті,  оқиғалы,  көлемді  шығарма 
болулары,  екіншіден,  тақырыбы  мен  сюжеті  араб,  парсы, 
түркі  тілдерінде  жарияланған  үлгілерден  алынғандықтары, 
үшіншіден,  тілдерінде,  әсіресе  грамматикалық  түлға-тәсіл- 
дерінде шағатайлық, ескі қазақтың жазба дәстүр элементтерінің 
қатысуы  болып  табылады.  Төртінші  белгісі  ретінде  қисса 
жанрының  жазба  дүниелер  екендігін  атауға  болады.  Соңғы 
белгісіне байланысты «кітаби тіл» деген терминнің қазақ топы- 
рағында  жасалу,  таралу  тарихының  сыры  ашылады.  Атақты 
шығыстанушы  В.В.Радловтың  кітап  өлең,  кітаби  ақындар 
деген  терминдерді  өзі  де  байқамастан  ғылыми  айналымға 
түсіргені  филология  әлеміне  жақсы  таныс.  Ол  өз  тұсындағы 
қазақ әдеби үлгілерін халықтың өзі екіге бөліп: народные из-
речения (қара сөз) и книжные песни (кітап өлең) деп атайды 
деген-ді
170
. Бұл жердегі «қара сөз» – проза дегеннің баламасы 
емес,  ауызша  тарап  келген  қазақтың  төл  көркемсөзін  (фоль-
клоры  болсын,  авторлы  әдебиеті  болсын)  баспа  арқылы  та-
райтын  «кітап  өлеңдердің»  қарама-қарсысына  қойып  атау 
170
  Радлов  В.В.  Образцы  народной  литературы.  -  Ч.  III.  -  Киргизское  наречие.  - 
СПб., 1870. - С. XVIII.

239
үшін таңдаған термині (сірә, мұңдағы қара сөзін ғалым халық 
дегеннің баламасы ретінде алғанға ұқсайды: народные изрече-
ния – қара сөз).
Демек,  өткен  ғасырда  қисса  сөзі  –  «кітап  өлеңдер»,  жал-
пы  «кітап  болып  басылған  дүниелер»  дегенді  білдірген,  бұл 
кезде  аталған  әдебиет  жанры,  мазмұны,  идеологиясы,  автор-
лы, авторсызы, тілі, пайда болған уақыты, адресаты жағынан 
ажыратылмаған. Сондықтан «Алпамыс», «Қамбар батыр», «Ер 
Тарғын» сияқты ежелгі батырлар жырлары да, «Қыз Жібек», 
«Айман-Шолпан»  тәрізді  лиро-эпостар  да,  қазақтың  профес-
сионал ақындарының өлеңдері де, жыр-дастан болып келетін 
жаңа туындылар да – баршасы « Қисса-и» атымен басылды. Ал 
бізге бұларды ажырату керек. Оларды ғылыми тұрғыдан талда-
уда, әсіресе тілдік-стильдік сипатын тануда атына қарамай, за-
тына қарасақ, қисса атаулы әдебиет жанрына араб, парсы, үнді 
және  өзге  түркі  тілдеріндегі,  оның  ішінде  «шағатай  тіліндегі 
жазба  әдеби  мұралардың  сюжетіне  құрылып  жырланған, 
оқиғалы,  көлемді  дастан-жырларды  жатқызу  керек  болады. 
Қазақтың төл эпостары да оқиғалы, көлемді жырлар, бірақ ай-
ырмасы – соңғылар авторсыз, көбі ұрпақтан ұрпаққа ауызша  
таралып келе жатқан ескерткіштер, ал қиссалар – жаңа құбы- 
лыс.  Қисса-дастандардың  өзін  мазмұны  мен  мақсатына 
қарай  екіге  бөліп  қараған  жөн:  бір  тобы  –  шығыстың  клас- 
сикалық  әдебиеті  үлгілерін  қазақша  жырлаған  туындылар. 
Олар: «Шаһнама», «Жүсіп-Зылиқа», «Мұңлық-Зарлық», «Сей- 
фүлмәлік»,  «Бозжігіт»,  «Шахмаран»,  «Шәкір-Шәкірат»  т.б.  
Бұлардың  тақырыбы  азаматтық,  көбінесе  махаббат,  адам- 
гершілік жайы. Екінші тобын ислам дінін уағыздап, оның са-
хабаларын  дәріптейтін  дастандар  («Салсал»,  «Жұмжұма», 
«Кербаланың шөлінде» т.б.) құрайды.
Белгілі  бір  жанрда  жаңа  туған  жазба  дүниелердің  қазақ- 
тың  өзге  туындыларынан  айырмасы  тек  «кітаптан  оқыла-
тындығында» ғана емес, тілі мен стилінде де болды. Олар жаз-
ба  үлгілер  болғандықтан,  түркі  жазба  тіл  дәстүріне  біртабан 
жақындау  келуге  тырысты.  Сірә,  түркі  халықтары  өмірінде 
жазба тіл дәстүрінің бар екендігін, оны жазба дүниеге келген-
де  берік  сақтау  керектігін  сезіну  қазақ  топырағында  мықтап 
орын  тепкен  сияқты.  Жалғыз  қиссаларда  емес,  әйтеуір  қолға 

240
қалам  ұстаған  сәтте,  егер  жазба  проза  жанрында  болса, 
«шағатайшылап»  жіберуден  қазақтың  қай-қайсысы  да  тарты-
на алмаған. Мысалы, Абайдың өзі інісі – Халиоллаға қазақша 
жазып  келе  жатқан  хатын:  һәрдайым,  тауфиклы,  абыройлы, 
умрыңызды тілеп хат жазғучы ағаңыз Ибраһим Құнанбай ұғлы 
деп  білесіз  деп  «шағатайшылап»  бітіреді.  Немесе  Қарамола 
съезінде Абайдың қатысуымен қазақтың әдет-ғұрып заңының 
жобасы түзілгенде де, көп тұстарда автор мен аудармашылар 
«кітапшылап» кетеді (-ған жұрнақты есімшенің орнына -мыш 
тұлғасын  қолдануы;  етістіктің  предикаттық  көрсеткішін -дүр 
арқылы  білдіруі;  бірлән,  илән,  лекин  шылауларын  жұмсауы 
және  мәтін  емлесінің  түркі  жазба  дәстүріне  бағындырылуы 
т.т.). Тіпті аталған мәтін бұлайша Абайдың өзі тұрғызбаса да, 
қол қойғанына қарағанда, мақұлдағаны хақ, өйткені бұл – жаз-
ба құжат, ал сол тұстағы қазақша жазба дүние бұрыннан келе 
жатқан  «түркілік»  жазба  дәстүрден  қол  үзбеуі  керек  болған 
сияқты
171
.
Қиссалардың «шағатайшылап» берілуіне, біздіңше, бірнеше 
фактор  себеп  болды.  Бірі  –  өлең-жырды  жазба  түрде  ұсыну- 
дың сонылығы; бұрын қазақтың ақын-жыраулары өз туынды- 
ларын ауызша жырлап, құлақпен тыңдауға арнайтын, енді өлең- 
ді  тасқа  басып,  оқитын  етіп  ұсыну  тәрізді  жаңа  акт  –  оның 
тіліне  де  өзгеше  қарауға  мәжбүр  етті.  Жаңа  жазба  дүниенің 
авторлары  өз  туындыларын  бұрынғы  оқылып  келе  жатқан- 
дардан (шағатайша әдеби үлгілерден) тіл жағынан көп алшақ- 
тамайтын, кәнігі болуы керек деп ұғынды. Бұл – бір. Екіншіден, 
қиссалардың тақырыбы мен сюжеті шығыс әдебиетінен, көбі- 
не-көп «түркі» тіліндегі ескерткіштерден алынды. «Түркіше» 
өте сауатты, көзі ашық, мұсылманша жақсы хат таныған қисса 
авторларының  тіліне  сол  «түркінің»  сөз  саптауы  мен  тіл 
машығы оңай оралып тұруы да себеп болды. Үшіншіден, кейбір 
зерттеушілердің айтуына қарағанда, «кітаби тіл» ту бастан-ақ 
діни  уағыздамалардың  жаны  болды,  «діни  қисса  өлеңдерді 
халық санасына жеткізуді «кітаби тіл» өз мойнына алды.
172
171
  Бұл  жөнінде  талдауды  мына  кітаптан  көруге  болады:  Әбілқасымов  Б.  XIX 
ғасырдың II жартысындағы қазақ әдеби тілі. - Алматы, 1982. - 102-107-б.
172
  Құрышжанов  Ә.  Кітаби  тіл  материалдарынан  //  Қазақ  тілі  тарихы  мен 
диалектологиясының мәселелері. - Алматы, 1960. - 2-шығуы. - 73-б.

241
Сөйтіп,  қиссалардың  тілі  емлесінен  бастап,  сөз  таңдау, 
морфологиялық  тұлға-тәсілдерді  қолдану  саласына  дейін 
«кітаби тіл» сипатын алды. Бірақ бұл сипат барлық қиссаларда 
бірдей  дәрежеде,  қатаң  түрде  сақталған  жоқ.  «Шағатай» 
элементтері  бірінде  аз,  бірінде  көп  кездесіп  отырды.  Мы-
салы,  діни  мазмұнды  қиссалар  мүлде  «кітапшылап»  кетсе, 
классикалық шығыс әдебиеті сюжетіне жазылған дастандарда 
қазақ тілі элементтері басымдау болды
173
.
Қисса  мәтіндеріндегі  шағатай  элементтерінің  көп-аздығы 
авторына да байланысты болды. Автордың қазақша ақындық 
дарыны  неғұрлым  күштірек  болса  (мысалы,  XX  ғасырдың 
басындағы  қиссашыл  Ақылбай  Сабалұлы  сияқты),  соғұрлым 
оның кітапшылауға құмарлығы да кемдеу болғанға ұқсайды.
Қиссалардың «кітаби тілдік» белгілері топтастырып талда- 
ғанда мынадай:
1.  Лексика  саласында.  Қазақ  тілінде  баламасы  бар  сөз- 
дердің  орнына  араб-парсы,  шағатай,  яғни  көне  түркі,  оғұз, 
қарлұқ  сөздерін  қолдану:  нәма  (хат),  құртқа  (кемпір),  біту 
(жазу), нәма біту (хат жазу), рауан болу (жүріп кету), тармар 
қылу  (талқандау),  ағлам  қылу  (хабарлау),  хуб  (жақсы),  биһуш 
(есінен айрылу), баднама (жаман атты), лафз (сөз), туғры йол 
(тура жол), шул (сол), яқ-яққа (жан-жаққа), ат ашайтын құрақ 
(жылқы жейтін), алтмыш (алпыс), ұгұл (ұл бала). Түзүк, тірік, 
ұлуғ, мұндағ, шундағ, кішідек (кісідей) сияқты сөздер де XIX 
ғасырдың қазақ тіліне тән емес: ерді (еді), олтурды (отырды), 
ашығланды (ашуланды), тұғды (туды) деген сөз тұлғалары да 
– қазақша емес. Бұл белгі әсіресе діни мазмұндағы қиссаларда 
көбірек көрінеді.
173
 Осы күнгі «Ғашықнаме» деген атпен жарияланып жүрген дастандар – осындай 
«қазақшалау»  қиссалардың  одан  әрі  редакцияланып,  емлесі  мүлде  жаңартылып, 
қазіргі  түрге  көшіріліп  берілген  түрлері.  Бұл  жинақтарға  кейбір  қиссалардың  XIX 
ғасырдағы  варианты  емес,  XX  ғасырдың  басында  қайта  жырланған  «қазақша» 
нұсқалары  енгізілгені  байқалады.  Мысалы,  «Ғашықнамедегі»  «Бозжігіт»  қиссасы  – 
А. Сабалұлының 1911 жылы өңдеп қайта жырлаған варианты, тілі таза қазақша (оған 
қазіргі шығарушылардың қолдары да едәуір тигені сезіледі), ал ол қиссаның «ноғай 
уа  қазақ  лұғатынша»  Ахмед  Оразаев  жырлаған  1876,  1878,  1881,  1889,  1890,  1896, 
1903, 1907 жылдардағы басылымдарының тілін талдаған Б. Әбілқасымов «Бозжігіт» 
қиссасында  өзге  қазақша  қиссаларға  қарағанда,  түркі  әдеби  тіл  дәстүрі  көбірек 
сақталған деп түйеді. Аталған кітап: Әбілқасымов Б. XIX ғасырдың II жартысындағы... 
36-б.

242
2. Грамматика саласында. Қазақ тілі морфологиясына тән 
емес, көне-жаңа «түркілік» тұлғалар мен тәсілдерді қолдану:  
а) есімдіктердің септелу парадигмасы шағатайша: аның (оның), 
аны (оны), менім, бенім (менің), менге (маған), сенге (саған),  
екісі  (екеуі),  башыдан  аяққаче  (бастан-аяқ);  ә)  етістік  тұлға- 
ларында:  өткен  шақ  есімшенің  -ған  жұрнақты  формасының 
орнына  оғұздық  -мыш  аффиксті  варианты  келеді:  бармыш 
(барған), көрінміш (көрінген); бұйрық рай: -ғыл/-қыл (барғыл, 
айтқыл),  -ың/-ің  (барың,  алың)  жұрнақтарымен  де  көрінеді; 
ауыспалы осы шақ -ғай/-гей жұрнағымен беріледі (көргейлер 
–  көреді);  етістіктің  жіктелу  парадигмасында  қазақша  емес 
тұлғалар  кездеседі:  III  жақ  көпше  түрде  -лар  қосымшасын 
жалғап  айту  жүйелі  түрде  қолданылады  (йатурлар,  еділер), 
-дүр  форманты  жиі  кездеседі,  ол  екі  түрлі  қызмет  атқарады: 
бірі  –  қазақша  -ды  қосымшасының  орнында  тұрады  (бара- 
дүр, айтадүр), екіншісі – есім баяндауышқа жалғанатын пре- 
дикаттық формант рөлінде келеді (қазақша еді, -ды -ді -лердің 
эквиваленті:  барадүр  (бар  еді,  бар-ды),  түшкен-дүр  (түскен 
еді,  түскен-ді);  б)  мен,  менен  жалғау-шылауы  формантының 
орнына бірлән/бірлә/білә/илә/илән тұлғалары жиі қолданылады; 
керексе, йоғса тұлғалары да орын алады.
Бұл  көрсетілгендей  морфологиялық  тұлғалар  әлдеқайда 
қазақша  жырланған  қиссалардан  да  табылады.  Мысалы,  
«Ғашықнамеде»  (Алматы,  1976)  жарияланған  қазақша  «Боз- 
жігіт»  қиссасында:  «Керексе  мың-мың  әспет  жолдас  болар» 
(30-б.),  «Аялдап  сөзімізге  құлақ  салың»  (35),  «Аман  болың, 
қош болың» (70), «Хан қызымен екісі ақылдасып» (53), «Сонда 
жендет кісенді байладылар» (57), «Бетін ашып көрділер қызды 
дейді». Бұларды тіпті қазіргі «реставраторлар» сылып тастай 
алмаған.
3.  Емле  (орфография)  саласында.  Қиссалар  «түркіше» 
емле тәртібін мейлінше сақтап жазуға тырысқан: сөз басында 
ж дыбысы келетін орындарда көбіне-көп й таңбасы жазылған: 
йардам бергіл біздерге йалғуз Алла»; «йаман йолға салдырма 
көңүлімні» – «Салсал»), с ~ ш, ш ~ ч, п ~ м алмасулары жиі 
ұшырасады:  тышқары  (тысқары),  қаршылық  қыл  (қарсылық 
қыл), асман көк (аспан көк), үчүн (үшін), чақлы (шақты) т.б.

243
Ең үлкен орфограммалық ерекшелік сөздерге қосымшалар 
жалғанғанда  қазақ  тіліне  тән  үндестік  заңдарын  сақтамауда 
көзге түседі (бізлер, білгенімні, йолны, тынмай, келіпді).
Бірақ  бұл  көрсетілген  орфографиялық  белгілер  жүйелі  
түрде  қатаң  сақталмаған.  Шағатайша  жазылған  варианттар-
мен қатар қазақша параллельдер де едәуір, яғни қиссалардың 
қазақтарға  арналып  жазылуы,  олардың  біразының  автор- 
ларының қазақтар болуы мәтінді ара-тұра еріксіз-ерікті түрде 
қазақшалатып отырған. Біздіңше, локальды («қазақи») немесе 
ескі қазақ жазба әдеби тілінің өзіне хас белгілерінің бірін де 
осы тұстан іздеуге болады.
Міне,  бұлар  XIX  ғасырдағы  қиссаларының  (яғни  жанр 
ретінде  нағыз  қисса  деп  табылатындарының)  «кітаби  тілдік» 
(«шағатайлық,  түркілік»)  басты-басты  белгілері  –  осындай. 
Бірақ  бұл  белгілерге  қарап,  «қазақ  қиссалары  таза  шағатай 
тілінде жазылды» деген пікір айтуға мүлде болмайды. Бұлар 
қазақтың  ескі  жазба  тілінің  үлгісінде,  яғни  қазақ  тілінде  жа-
зылды,  оның  стильдік-тілдік  ерекшеліктері  бар  бір  жан-
рын  құраған  көркем  әдебиет  болды.  Қиссалардың  лексика-
сы  негізінен  қазақ  тілінікі,  тұтас  алғандағы  грамматикалық 
жүйесі де қазақ тіліндік, тіпті өлең құрау техникасы да қазақ 
поэзиясынікі: қиссалар 7-8 буынды жыр ағымымен және 11 бу-
ынды қара өлең өлшемімен берілген.
Көркемдік  сипаты  жағынан  қиссалар  қазақтың  байырғы 
төл  поэзиясымен  де,  Дулат,  Абайлар  бастаған  жазба  поэзи-
ясымен  де  теңесе  алмады,  бірақ  оның  образдары  мен  кейбір 
көркемдеуіш тәсілдерін пайдалануға тырысты, бұл әсіресе XX 
ғасырдың басында туған қиссаларда анығырақ байқалады. Мы-
салы,  бұрынғы  қиссаларды  қайта  жырлаған  немесе  жаңадан 
қисса жазған Ақылбек Сабалұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Жүсіпбек 
Шайхысламұлы,  Мұқаметқали  Өндірұлдары  мейлінше 
көркем  туынды  беруге  күш  салған  (Осы  күнгі  «Ғашықнаме» 
жинақтарындағы  варианттарын  қараңыз).  Бұларда  қазақ  по-
эзиясына  тән  көркем  образдар,  теңеулер,  сөз  орамдары  аз 
кездеспейді,  көп  сәтте  қазақтың  халық  поэзиясы  тәсілдеріне 
жүгініп  отырады.  Мысалы,  Сабалұлы  вариантындағы  (1911 
жылғы) «Бозжігіт» қиссасында:

244
Досына жан жолдасы сөз салады,
Жалғаннан өлмей-өтпей кім қалады? –
деген  жолдар  үш  шумақ  бойы  қайталап  келеді.  Сол  сияқты 
мұндағы  қыздардың  жар-жары  кәнігі  «Жар-жар»  моделін 
толық сақтайды.
Малы жоқтың жаны жоқ,
Төсегі жоқ, жар-жар!
Жары жоқтың жаны жоқ,
Меселі жоқ, жар-жар!
Тақырыбы  мен  сюжеті  шығыс  әдебиетіндік  болғанмен, 
қиссаларда  осы  әдебиетке  тән  образдар  аса  көп  кездеспейді, 
дегенмен  мүлде  жоқ  та  емес.  Мысалы:  Бұлбұл  құс  тас 
қапастан сайрайды енді; жаралған саф алтыннан сүйектері; 
жүрекке  ғашық  оты  тиді;  шекердей  шырындығы;  қолыма 
хат жазарға алдым қалам сияқты образдар – әрине, қазақтық 
емес.  Абайдың  «Сөз  айттым  Әзірет  Әлі,  айдаһарсыз,  Мұнда 
жоқ алтын иек сары ала қыз» дегені, бір жағынан, ақын мен 
ақындыққа,  көркемсөзге  келгендегі  өз  талғамын  көрсетіп, 
Көкбай, Әріп сияқты қисса жазған ақындарды сынаса
174
, екінші 
жағынан, қиссашылардың осыңдай «алтын иек сары ала қыз», 
«саф алтын сүйек», «лебі лағыл» тәрізді шығыс поэзиясынан 
алынған  образдарға  иек  арту  бағытына  сын  көзімен  қараған 
деп ойлаймыз.
Дегенмен  XIX  ғасырдағы,  әсіресе  XX  ғасырдың  бас 
кезіндегі нағыз қиссалар қазақ әдеби тілінің дамуында белгілі 
рөл атқарды: «қоғамның мәдени-рухани өмірі мен діни ұғым- 
дарға  қатысты  толып  жатқан  сөздер  әкелді»,  «сол  замандағы 
сөйлеу  тілін,  оның  ерекціеліктерін  хатқа  түсіріп,  алуан  түрлі 
сөздермен  байытып  отырды»  (Ә.Құрышжанов)  және  қазақ 
тіліне көркем шығыс поэзиясының кейбір қонымды образда-
рын  қосты,  сол  образдар  арқылы  жеке  сөздер  мен  түлғалар 
енгізді (бақта бұлбұл сайрау, қызыл гүл, дүлдүл, саф алтын, 
гауһар, маржандай тіс, інжу-маржан, ғибрат, ғанибет, ау-
зынан  дүр  шашу,  сахарадай  кең,  жер-жиһан,  қаһарман  т.т. 
сияқты).
174
 Әуезов М. Әр жылдар ойлары. - Алматы, 1959. 113-114-б.

245
§ 4. Қоғамдық-публицистикалық стильдің пайда болуы
XIX ғасырдың II жартысында қазақтың ұлттық жазба әдеби 
тілі функционалдық стильдерге тарамдала бастады. Басыңқы 
(доминант) стиль бұрынғысынша көркем әдебиет стилі болды. 
Сонымен  қатар  өзге  стильдер  туып,  әрі  қарай  даму  бағытын 
алды.  Солардың  бірі  –  қоғамдық-публицистикалық  стиль. 
Оның  пайда  болуы  ең  алдымен  мерзімді  баспасөздің  тууы-
на  байланысты.  «Түркістан  уалаятының  газеті»  (1870-1883), 
«Дала  уалаятының  газеті»  (1888-1902),  «Торғай  газеті»,  
«Ауыл  шаруашылық  листогі»  дегендер  –  патша  үкіметінің 
жергілікті  әкімшіліктерінің  органдары  болғанмен,  бұларда 
халықтың  тұрмыс-жайы,  оқу-ағарту  мәселелері,  қазақтың 
ұлттық  мәдениеті,  тарихы,  әдебиеті  мен  тілі  т.б.  туралы 
публицистикалық сипаттағы материалдар басылып тұрды.
Екіншіден,  «әр  заманда  бағасы  жойылмайтын  бір  үлкен 
қымбат қазына» (М.Әуезов) болып танылып отырған Абайдың 
«Қара  сөздерінің»  бірқатары  публицистикаға,  енді  бір  тобы 
жартылай  ғылыми  стильдердің  үлгісіне  жатады.  Мысалы, 
3,  8,  22,  39,  41,  42-сөз  деп  аталған  шығармаларында  жазу-
шы  көпшілік  оқушыға  арнаған  ойларын  публицистикалық 
стильде  ұсынады.  46-сөзі  –  тарихи  очерк  іспетті  қысқа  зерт-
теу жұмысы. Ал 5, 29-сөздері филологиялық, этнографиялық 
тақырыптардағы шағын ғылыми мақалалар деуге болады, 17-
сөзі – психологиялық этюд, бұл да – «композициясы, мазмұны 
және  баяндау  мәнері  жағынан  нағыз  әдеби-публицистикалық 
шығарма
17514
. Абай «Қара сөздерінің» ішінде «Ғаклиат тасдиқат» 
деген атпен бөлек көшіріліп келген ең көлемді шығармасы – 38-
сөз – автордың дін, мораль мәселелері жайындағы ой-толғауы. 
Мұны  «публицистика  стилімен  жазылған  философиялық 
толғау» деуге болады.
Мерзімді баспасөз беттерінде туған қазақ тілінің қоғамдық- 
публицистикалық стилін онда жарияланған әлеуметтік, мәдени, 
экономикалық  мәселелерге  байланысты  материалдар  таныта-
ды. Олар оқу-білім мен техника- шаруашылық түрлері жағынан 
қазақ  қауымының  артта  қалғаны,  кейбір  әдет-ғұрыптардың 
175
 Сильченко М.С. Творческая биография Абая. - Алма- Ата, 1957.

246
ескіріп,  заман  ағымына  сай  келмей  отырғандығы,  егін  егу, 
саудаға араласу сияқты қарекеттердің қоғам дамуы үшін пай-
далы  екендігі  т.т.  төңірегінде  болды.  Және  бұл  материалдар-
ды оқырман қауымға түсінікті, жатық тілмен ұсыну көзделді. 
Сондықтан  лексика-фразеологиялық  құрамы  жағынан  да, 
грамматикалық  құрылысы  жағынан  да  бұл  стильдің  негізі 
–  қазақтың  өз  тілі  болды.  Әрине,  бұл  кезде  қазақ  тілінің 
функционалдық  стильдері  қазіргідей  сараланып,  әрқайсысы 
өз белгілерін айқындап алмаған болатын, дегенмен ондай ай-
ырым белгілер мен әр стильдің азды-көпті өз нормалары бар 
екендігін  көрсетуге  болады.  XIX  ғасырдың  II  жартысындағы 
қазақ әдеби тілінің қоғамдық-публицистикалық стилін сипат-
тайтын мынадай белгілер байқала бастайды:
1.  Лексика  саласында.  Лексика  құрамы  негізінен  қазақ- 
тың  төл  сөздері  болды.  XIX  ғасырдың  II  жартысында  қазақ 
тілінің қоғам өмірінің барлық жағын суреттей (баяндай) ала-
тын  мол,  тұрақты  сөздік  қоры  бар  екендігі  байқалды.  Функ- 
ционалдық  стиль  сұранысына  орай  әлеуметтік-саяси  ұғым- 
дарды  атайтын  сөз  топтары  қалыптасты.  Олардың  бірқатары 
терминдік сипат алды. Ол үшін байырғы сөздерге жаңа мағына 
үстеу және ішінара жұрнақ жалғап, жаңа сөз жасау амалдары 
қолданылды.  Мысалы,  әңгіме  болып  отырған  кезеңде  патша 
әкімшілігінің  ел  басқару  тәртіптеріне  байланысты  «приказ»,  
«распоряжение»  деген  ресми  қағаз  атауларын  қазақша  беру  
үшін  бұрынғы  бұйрық  және  жарлық  сөздеріне  жаңа  мағына 
үстеп,  оларды  әкімшілік  терминіне  көтерді.  Әрине,  бұлайша 
қалыптасу бірден бола қоймағаны белгілі: зерттеуші Б.Әбілқа- 
сымовтың талдауларына қарағанда, «Түркістан уалаяты газеті» 
бұл  екі  ұғымның  екеуін  де  бұйрық  сөзімен  білдірген.  Жауап 
сөзіне  үстеме  мағына  қосып,  бұл  күнде  мәселе  (вопрос)  деп 
жүрген  сөздің  ұғымын  беру  үшін  қолданған  («Бұрұн  бидай 
жіберетін астықты енді диірменге тартыб ұн қылыб жіберсек 
қайтеді деген жауап чықты» – «Дала уалаяты газеті». - 1896. 
- 31-б.).
Кеңес (совещание), лақаб, насихат; өнер, мехкеме (правле-
ние), хүкім деген сөздер де осындай мағынасы өзгеріп қолда- 
нылған  жаңа  ұғым  атауларына  айналған.  Заманындағы  жаңа 

247
ұғымдарды  атау  үшін  мағынасы  үстемеленген  топқа  ғарыз 
(прощение),  ғарыз  етучі  (проситель),  төре  (чиновник,  кеңсе 
қызметкері),  бұйрықнама,  ғылым  (образование,  учение),  бас-
махана  (редакция)  сияқты  қазақтың  кейбір  өз  сөздері  мен 
халық тіліне бұрынырақ енген араб-парсы сөздері де жатады.
Алғашқы баспасөз беттерінде жұрнақ жалғау арқылы жаңа 
сөз, жаңа термин жасау – біздің байқауымызша, аса актив амал 
емес. Зерттеушілер -лық жұрнағы арқылы жасалған кедейлік, 
бадшалық,  қараңғылық  сияқты  5-10  дерексіз  ұғым  атаула-
рын, -чылық (-шылық) жұрнағы арқылы жасалған зәручілік, 
қысымчылық,  татушылық  тәрізді  тағы  да  5-6  сөзді  ғана 
көрсетеді.  Бұл  күнде  жеке  сөз  ретінде  танылатын  егіншілік, 
бақшашылық  сияқты  терминдер  алғашқы  газет  беттерінде 
аналитикалық  жолмен  егін  шаруасы,  бақша  салу  сияқты 
тіркестер арқылы берілген.
Жалпы  бұл  кезеңдегі  публицистика  тілі  мен  жартылай 
ғылыми стильге тән белгілердің бірі – аналитикалық тәсілді жиі 
пайдалану  деуге  болады.  Бұл  амал  білім-ғылымға,  техникаға 
қатысты, әзірге қазақ оқырмандарына бейтаныс ұғым атаула-
рын  түсіндіруде  пайдаланылады.  Мысалы,  медицина  инсти-
тутын дәрігер болуға үйрететұғын үлкен медресе деп береді. 
Тіпті  терминнің  өзін  қолданған  күнде  де  оны  қазақша  түсін- 
діріп  отыруды  қажет  деп  табады.  Сондықтан  публицистика- 
лық  материалдардан  телеграф,  яғни  сым  темір;  мужской 
гимназия,  яғни  еркек  балалар  оқитұғын  медресе  дегендерді 
кездестіруге болады.
Қазақтың  ұлттық  жазба  әдеби  тілінде  қалыптаса  бастаған 
публицистикалық  стильдің,  әсіресе  алғашқы  баспасөз  тілінің 
сол  тұстағы  өзге  стильдерінен  ажыратылатын  бір  белгісі  – 
мұнда орыс сөздерінің актив қолданылуы болды. Сол кездегі 
көркем  әдебиет  стиліне  қарағанда,  публицистика  стилі  қазақ 
жазба  әдеби  тілінің  сөздігін  орыс  тілінен  қабылданған  кірме 
сөздермен  толықтыруда  үлкен  рөл  атқарды  және  оның  бұл 
бағыты  жылдан-  жылға  ұлғая  түсті.  Мысалы,  «Дала  уалаяты 
газетінің»  1890  жылғы  17  августағы  нөмірінде  қазақтың  төл 
сөздері – 70,4%, араб-парсы сөздері – 19,7%, орыс сөздері 5,6% 
болса,  1896  жылғы  21  январьдағы  санында  қазақ  сөздері  – 

248
73,5%, араб-парсы сөздері – 15,4%, орыс сөздері 9,1%, болғанын 
көреміз
176
.  Газет  беттерінде  қолданылған  орыс  сөздерінің 
бірқатары көркем әдебиет пен кеңсе стильдерінде де, жарты-
лай үлгілерде де кездеседі, дегенмен көпшілігі тек баспасөзде, 
оның  да  публицистикалық  материалдарының  мәтіндерінде 
қолданылып, кейіннен қазақ әдеби тілінде қалыптасып кеткен-
дер болып табылады.
Орыс тілінен алынып қолданылған сөздерді екі топқа бөліп 
талдауға  болады.  Бірі  –  ел  басқару-әкімшілік,  заң-сот  істері 
немесе сауда-саттық, тұрмыс-салт, оқу-ағарту салаларына жа-
татын және халықтың күнделікті өмірінде жиі қолданылатын, 
қазақтың сөйлеу тіліне еніп қалыптаса бастаған сөздер. Олар: 
болыс, ойаз, сиез, началнік, облус, жандарал, содия, сот, же-
ребе, каталешке; газет, үшкөл, қарындаш, үстел, бөшке, са-
мауыр, кәмпит, шыт, сәтен, жәрмеңке, бекет, көпес, пошта, 
шен  т.т.  Екінші  –  халықтың  күнделікті  сөйлеу  тәжірибесінде 
қолданылмайтын,  бірақ  өздері  атап  тұрған  заттардың, 
ұғымдардың  қазақ  тіршілігінде  жоқ  болғандығынан,  орысша 
түрінде алынған сөздер. Олар көбінесе өндіріс, білім-ғылым, 
империялық заң-сот істері, империялық әкімшілік құрылысы 
салаларына  қатысты  сөздер  болып  келеді.  XIX  ғасырдың 
II  жартысындағы  қазақ  публицистикасы,  әсіресе  мерзімді 
баспасөз  органдары  оларды  актив  қолданды.  Мысалы,  газет 
беттерінен күбернатыр, соуетник, консул, дознание, кансела-
риа,  акраном,  иніспектір,  адуакет,  статийа,  землемер,  ким-
назийа,  униберситет,  студент,  семинарийа,  парта,  награт, 
школ,  зауыт,  мәшине,  белосипет  т.т.  сияқты  сөздерді  көруге 
болады.
Бұл – ұлттық жазба тілімізге орыс сөздерінің және орыс тілі 
арқылы интернационалдық қордың молынан ене бастауының 
басы  болды.  Мұның  себебін,  ең  алдымен,  XIX  ғасырдың  
II жартысында қазақ жері, қазақ елі түгелімен Ресей империя-
сына бағынып, соның әкімшілік қамытын мойнына мықтап ки-
ген тұсы болуынан іздеу керек. Тек әкімшілік емес, Ресей эко-
номикасымен іліктес болу да қазақ қауымына көптеген жаңа 
ұғымдарды алып келді. Ол ұғымдар өз атауларын қажет етті, 
176
 Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. - Алматы, 1971. - 87-б.

249
олардың барлығының бірдей қазақша баламасын табу мүмкін 
болмады. Сондықтан «орыс дүниесі» өз сөздерін өзімен бірге 
алып  келе  бастады.  Екіншіден,  алғашқы  газеттердің  екеуі  де 
– орыс тілінде шығатын газеттердің қосалқысы (приложение) 
болды:  «Түркістан  уалаятының  газеті»  «Туркестанские  ведо-
мости»  деген  газеттің,  «Дала  уалаятының  газеті»  «Акмолин-
ские  областные  ведомости»  газетінің  «жалғамасы»  ретінде 
жарық  көрді.  Кейіннен  бұлар  таза  аударма  газеттер  болмай, 
дербестік  сипат  алғанмен,  онда  жарияланатын  жарлық-
бұйрықтар,  «үкімет  сөздері»,  қысқасы,  ресми  хабарлар  орыс 
тілінен  аударылып  беріліп  отырғандықтан,  бұл  материалдар 
орыс тіліндегі мәтіндермен байланысты болды. Оларда қандай 
атаулар  болса,  соларды  не  қазақша,  не  орысша  білдіруге 
мәжбүрлік көбінесе орыс сөздеріне мойын бұрғызды. Бұған сол 
тұста тіл мәселесімен шұғылданатын белгілі бір орындардың 
(айталық,  қазіргі  «Терминкомдар»  сияқты  немесе  тіл  зерттеу 
институтының) жоқтығы да себепкер болды.
Орыс тілінен сөз алып қолданудағы және бір көзге түсетін 
ерекшелік  –  орысша  анықтауышымен  келген  блок-атауларды 
сол  орысша  күйінде  алу  және  көбінесе  орыс  тіліндегі  родқа 
қарай қиысу заңдылығын сақтамай келтіру. Мысалы: тайный 
(араб әрпімен жазылуы тайни) сауетник, катарыжнай рабо-
та,  земски  сома,  колежски  асессор.  Бұл  ерекшелік  Абай  пу-
блицистикасында да ішінара кездеседі. Алғашқы қазақ публи-
цистика  стилінің  лексикалық  сипатын  танытатын  белгі  –  тек  
орыс сөздері емес, араб және парсы тілдерінен алып қолданыл- 
ған  бөгде  және  кірме  сөздердің  де  молырақ  қолданылуы. 
Жоғарғы пайыздық көрсеткіштерге қарағанда, «Дала уалаяты 
газетінің» алғашқы жылдарында олар сан жағынан көбірек бо-
лып, кейінгі жылдарда сәл азая түскені көрінеді. Оның есесіне 
орыс сөздерінің қолданылуы жиілеген.
Араб-парсы  сөздерін  қолдануда  қазақ  публицисгикасы 
жалпы  түркі  жазба  тілдерінің  дәстүрін  бұл  тұста  әрі  қарай 
жалғастырған деп айту керек, яғни оқу-ағартуға, мәдениетке, 
жалпы рухани дүниеге қатысты ұғым, зат атауларын араб және 
парсы  сөздерімен  беру  –  мұнда  да  басты  бағыт.  Бұларды  да 
халық  тіліне  ертеде  енген,  қазақша  қалыптасқан  сөздер  то-

250
бына және жазба тілде ғана қолданылған араб-парсы сөздері 
деген  топқа  бөліп  талдау  керек.  Зерттеуші  Б.Әбілқасымов 
екінші топтағы сөздер деп мархамат, мазкүр, мінақиб, табиғ, 
урых, шүһаба, муафик, таһақиқ, шафағат, ыждаһат, рәсім, 
жамағат,  фікір,  ғибрат,  хүкім,  низам,  наһу,  фарман,  на-
сихат,  ғұлама  деген  сөздерді  көрсетеді
177
.  Мұндағы  кейбір 
сөздер – біздіңше, халық тіліне енгендердің түпнұсқаша таңба- 
ланғандары.  Мысалы,  шапағат,  ыждағат,  жамағат,  пікір, 
әкім, шүбә, пармен, насиқат, ғұлама, ғалым дегендерді біз ХV-
ХVІІІ ғасыр ақын-жырауларынан да табамыз.
Бұл тұста сөз болып отырған кезеңдегі қазақ публицистика-
сы тілінің бір ерекшелігі ретінде орфография (емле) мәселесін 
көрсету керек. Түркі жазба тілдері қашанда да емле саласында 
консервативтік сипат алып келген, яғни жазудың өте ертеден 
келе жатқан дәстүрін қатаң сақтау арқылы бір-бірінен бөліне 
бастаған  түркі  халықтарының  көпшілігіне  ортақтық  сипат 
(қасиет, белгі, құрал) беру талабы күшті сезіледі. Сондықтан 
кейбір  зерттеушілер  атап  жүргендей,  «шағатайша  жазылған 
дүниені әр халық жазылғанынша емес, өзінше оқитын болған» 
(Ғ.Мұсабаев).  Бұл  дәстүрдің  бір  ұшы  араб-парсы  сөздерін 
түпнұсқа тілдегіше жазу қағидасына барып тіреледі, яғни араб 
жазуымен  қағаз  бетіне  түскен  түркі  тіліндегі дүниеде  (мыса-
лы, тіпті жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарында да) 
араб пен парсы сөздері арабша, парсыша тұлғасында жазылуы 
шарт болған. Сондықтан тұңғыш қазақ газеттері де қазақ тіліне 
ертеде  еніп,  пікір,  тарап,  пайым,  рақым,  ықылас,  пәрмен,  
өнер, мешіт, есеп түрінде қалыптасып кеткен сөздерді фикир, 
тараф, фаһим, рахым, ихлас, фарман, һөнер, мешжид, хисаб 
деп (әрине, араб әріптерімен) жазудан бас тарта алмаған.
Біздің байқауымызша, көптеген араб-парсы сөздерінің қазақ 
тілінде  бүгінге  дейін  екі-үш  вариантта  жазылып  келуі  –  осы 
екі стихияның ізі (мысалы, ыждағат ~ еждихат ~ іждіқат, 
сынат сипат, ғашық ~ ашық ~ асық, әкім ~ хакім).
Абайдың  қаламынан  туған  публицистикалық  шығармалар 
баспасөз  беттеріндегі  үлгілерден  біраз  ерекшеленіп  келеді: 
мұнда  көпшілік  оқушыға  бейтаныс  араб-парсы,  орыс  сөздері 
жоққа  тән,  олардың  аналитикалық  жолмен  түсіндіріліп  бер- 
177 
Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. - Алматы, 1971. - 77-б.

251
ілген  варианттары  да  кездеспейді.  Сірә,  бұл  жерде  жазушы 
өзі айтқандай, «жалпақ жұртқа» қазақтың өз тілінде, түсінікті 
түрде  айтпақ  ойын  білдіруге  ден  қойған  тәрізді.  Осы  себеп-
тен Абайдың публицистикасында дерексіз ұғым атауларының 
үлкен  тобы  -лық,  -шылық  жұрнақтарымен  жасалған  сөздер 
болып  келеді.  Ал  дерексіз  есімдердің  молынан  қолданылуын 
«Қара  сөздердің»  тақырыптары  мен  мазмұны  қажет  еткені 
көрінеді.
Абай  публицистикасында  бір  кезек  адамның,  замандас- 
тарының қасиет-мінездерін сөз етсе, енді бір кезек болмыс пен 
рух, адам жан дүниесі мен Алла тағала тәрізді абстракциялар-
ды тақырып етеді. Бұл тақырыптар қазақша бұрын өрбімеген 
«метафизикалық тілді» жасатады. Сөздік осы стиль үдесінен 
шығады.  Абай  публицистикасы  арқылы  қазақ  әдеби  тіліне 
күлкішілдік, ықтиярсыздық, беріктік, суықтық, қызықпақтық, 
тоқтаулылық,  байлаулылық,  намыстылық,  қорғалауықтық, 
жеңсікқойлық  тәрізді  ондаған  дерексіз  ұғым  атаулары 
қосылады. Әңгіме бұл жерде – Абайдың өзі жасаған туынды 
дерексіз  есімдердің  санында  ғана  емес,  ұсынған  үлгісінде, 
яғни дерексіз ұғым атауларын тек өзге тілден (айталық, араб, 
парсы тілдерінен немесе орыс тілінен) ала бермей, қазақ төл 
сөздерінен  де  жасауға  болатын  жолын  көрсетеді.  Бұл  орайда 
-лық, -шылық, жұрнақтарынан басқа -мақ, -у жұрнақтарын 
да іске қосады: ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, 
құшпақ, сүймек, мал жимақ, мәнсап іздемек, айлалы болмақ, 
алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Абай 
прозасындағы жалығу, ұмыту, өлшеу сияқты туынды сөздер – 
жай қимыл есімдері ғана емес, абстракт ұғым термиңдері.
Абайдың  публицистикалық  шығармаларында  тақырыбына 
қарай араб, парсы тілдеріне жататын діни де, діни емес жеке 
сөздер  мен  тіркестер  де  еркін  қолданылған.  Мұнда  халық 
тіліне бұрыннан еніп, кірме сөз дәрежесіне ие болғандарымен 
қатар, қарапайым оқушыға бейтаныс, көбі бір-екі реттен артық 
кездеспейтін  араб,  парсы  сөздері  бар.  Әсіресе  ислам  дініне 
қатысты  ой-пікірін  айтқанда,  Абай  араб  тілінде  қалыптасқан 
терминдер мен жеке сөздерді, кейде тіпті сөз тіркестерін (блок-
тарын) пайдаланады. Мысалы, саны (бір нәрсені істеуші, жа-

252
саушы),  салахиат  (жарамдылық),  самы`(тыңдаушы),  табы` 
(ізбасар),  тақриб  (жуықтау,  жақындау),  ғурур  (тәкаппарлық) 
т.б. осылар сияқты ондаған сөздерді атауға болады.
Парсыша,  арабша  тұлғаланған  (жұрнақтарын  жалғаған) 
кәсіби,  жибли,  шаһари,  әдзәли,  әдәби,  инсаниат,  мумканат, 
ләмәкән сияқты сын есімдерді қолдану да – ХIX ғасырдың II 
жартысындағы қазақ публицистика тіліне, оның ішінде Абай 
прозасына жат емес. Тіпті һәм, уа, лекин сияқты арабша, пар-
сыша шылауларды жиі қолдану – сөз етіп отырған стильдің бір 
белгісі деуге болады.
Дегенмен,  жалпы  алғанда,  Абай  публицистикасы  тілінің 
лексикалық  негізі  қазақ  тіліңдік,  бөгде  тілдік  сөздердің  дені 
стильдік  мақсатпен  белгілі  бір  шығармаларында  (13,  38- 
сөздерінде) қолданылған деп түюге болады.
2.  Грамматика  саласында.  Сөз  етіп  отырған  дәуірдегі 
қазақтың көркем әдебиет стилінен публицистикалық стилінің 
басты айырмашылығы грамматикалық тұлға-тәсілдерінің көрі- 
нісінде болды. Мұнда «түркілік» элементтер көбірек араласа-
ды. Олар:
1) өткен шақ есімшенің -ған қосымшасының орнына кей- 
кейде -мыш жұрнақты түрі қолданылады, бұл көбінесе есім- 
шенің  анықтауыштық  қызметте  келген  тұсында  кездеседі: 
өтміш жылдар, айтылмыш адамдар, болмыш халықдар.
2)  III  жақ  жіктеудің  көпше  тұлғасына  -лар  жалғауын 
тіркейді: еттілер, бекітіледілер, айтқанлар.
3) Есімшенің -ар /-ер жұрнақты тұлғасымен қатар, -ур /-үр 
вариантты түрі де орын алды: өлтүрүр еді, түрүр, жүрүр.
4)  шейін  шылауының  -че  варианты  да  қолданылады;  мен, 
менен  шылауымен  параллель  бірлән,  бірлә,  илән,  білә,  илә 
дублеттері, бірақ пен қатар ләкин шылауы жиі пайдаланылады; 
сол сияқты араб тіліндік қадар, хүсұсы, уа, һәм, уа һәм шылау-
лары мұнда кәнігі элементтер.
5) Бұл,
 
осы деген есімдіктердің түркілік қаю, үшбу, мәзкүр 
эквиваленттері еркін жұмсалады.
6)  Етістіктен  есім  тудыратын  -учы  жұрнағын  -ғучы, 
-қучы, -кучі-  гучі  жұрнағымен  алмастырған  кездері  де  аз 
ұшырамайды: алғучы, бергучі.

253
Бұл  көрсетілген  ерекшеліктер  –  қатаң  қолданылған  норма 
емес, бұлармен параллель қазақтың өз тұлға-тәсілдері де еркін 
қолданылады. Бұл – бір жағынан, жаңа стиль құралдарын іздеу 
үстіндегі  құбылыс  болса,  екінші  жағынан,  түркі  халықтары 
мәдениетінде  ертеден  келе  жатқан  осы  стильдегі  жазу 
дәстүрінің әсері: XV-ХVI ғасырлардан бастап шағатайша ди-
дактика,  ғылым  және  публицистика  жанрлары  дамығаны 
мәлім.
XIX  ғасырдағы  қазақ  публицистикасы  тіліндегі  жарыс- 
палылық  тек  түркілік-қазақтық  элементтер  қатарында  ғана 
емес,  қазақ  тілінің  өз  тұлға-тәсілдерінің  берілуінде  де  бар. 
Мысалы, -менен ~- мен, -тұғын ~ -тын, дағы ~ да, салысты-
ру  жұрнағы  -дайын/дай  тәрізді  грамматикалық  тұлғалар  па-
раллель  қолданылады.  Бұл  –  көркем  әдебиет  стилінің  әсері. 
Етістіктерде  көптік  мағына  беруде  әлі  қалыптасқан  норма 
жоқ,  сондықтан  бірде  шағатайша-татаршалап  кеттілер,  бар-
дылар деп -лар жалғауын тіркеп айтуға дайын тұрса, енді бір 
сәттерде ортақ етіс тұлғасын пайдалануды қалайды. Мысалы: 
«Бұл екеуі көп зәрушілік көріседі» (ДУГ, 1893, №11), «Кедей 
қазақтар  бір  ояздан  бір  оязға  кетіседі»  (сонда,  1891,  №  36). 
Есімшенің -тын жұрнағы көбінесе -тұғын, кейде тіпті тұрған 
тұлғасында  келеді.  Бұл  айтылғандарға  мысал  ретінде  мына 
үзіктерді келтіруге болады:
«1896 жылы 17 августа біз кім төменде қол қойып, мөһр- 
лерімізні  басқучы  Өскемен  ойазының  һәм  Семей  ойазының 
қызметтегі народни содиялар жасадық үшбу ережені Чар бой-
ында Көшек түбіндегі болынмыш чірезбичайни сиездегі ойаз-
най  ұлығымыздың  алдында...»  (ДУГ,  1897,  23  ноябрь,  №46). 
«Дүнияның һәртүрлі нәрселері һәм бола тұрған нәрселері не 
себептен болатұғынын біле алмай біздің қазақ халқы ойлайды 
бір үлкен кереметлі нәрсе ғой көретұғын дүнияның һәртүрлі 
нәрселерін  һәмбола  тұрған  нәрселерін  бұзып  һәм  дүнияның 
өзін билеп тұратұғын деп» (ДУГ, 1894, 27 ноябрь, №47).
Қазақ публицистикалық стилінің алғашқы кезеңі синтаксис 
саласында  біраз  ерекшеліктерді  көрсетеді.  Бұл  стиль  –  қазақ 
тілінде проза жанрының алғашқы үлгілерінің бірі. Мұнда про-
за синтаксисінің заңдылықтары орналасу тәртібінде, құрмалас 

254
сөйлемдерді жасауда, сөйлемді қаратпа, қыстырма сөздермен 
немесе  оңашаланған  мүшелермен  күрделендіруде  бірізділік, 
норма әлсіз. Бұл сәттерде ауызекі сөйлеу тілі тәртіптері (нор-
малары)  мен  поэзия  тілінің  әсері  күшті:  публицистикалық 
мәтіндер  кейде  өлеңге  ұқсап  кетеді  (Абай  «Қара  сөздерін» 
қараңыз),  кейде  ауызекі  сөйлесіп  отырғандағы  әңгімеге 
ұқсап  кетеді.  Бастауыштың  баяндауыштан  соң,  анықталушы 
мүшенің анықтаушыдан бұрын орналасуы бұл мәтіндерде жиі 
байқалады. Бұған аударманың да үлкен әсері тиген. Материал-
ды орыс тілінен аударғанда, көбінесе түпнұсқадағы сөз тәрті- 
бін сақтап отырған. Бұл – әрине, аудармадағы тәжірибесіздік- 
тің нәтижесі. Әсіресе құрмалас сөйлем компоненттерін орна- 
ластыруда  екі  тілдің  құрылымдық  ерекшелігін  айырмаған- 
дықтан,  орысша  құрылған  сөйлемдерге  жол  берілген.  Мы-
салы, Қаю жана ат илән шығатұғын қазит шығып тұрады 
Ақмола, Семей облыстарының казитлеріне қосымша қылынып 
(ДУГ, 1902, №10). Бек жақсы болар еді, егерде бұл хұрметлі 
мархұмны (Шоқан Уәлихановты) жүзме-жүз анық білген та-
ныс адамдар болса, аның хұсұсында білгенлерін жәрдем етіп 
жазып жіберселер (ДУГ, 1894, № 18).
Құрмалас сөйлемдерді беруде оқта-текте түркілік тәсілдер- 
ге де барады. Мысалы, Себебі сол дүр ки дүниеден ерте өткен 
сол  марқұмның  тірі  күнін  де  болған
 
умрларының  та’лим  ме-
нен ошбу күнгече біз анық білмейміз (сонда) деген сөйлем ки 
дәнекері арқылы жасалған, ал бұл – қазақ тіліне тән амал емес.
Материалдарды топтастырып беру үшін қажет рубрика ата-
улары тұңғыш рет осы стильде (газеттер беттерінде) қалыптаса 
бастайды. Олар көбінесе аударма болғандықтан, орыс тілінен 
алынған калька түрінде келеді: «Редакцияға хат», «Әртүрлі ха-
барлар», «Газет шығарушылардан», «Жаңа кітаптар», «Тұрмыс 
жайында болған хабарлар» т.т.
Қалыптаса  бастаған  публицистикалық  стиль  ұлттық  жаз-
ба  әдеби  тілдің  проза  саласындағы  бірқатар  грамматикалық 
нормаларды белгілеп, орнықтыруда айтарлықтай рөл атқарды. 
Әсіресе  сөйлемдерді  жалғаулықтар  арқылы  құрмаластыру 
жүйелі түрде басын осы кезеңнен алады деуге болады. Газет 
беттеріндегі де, Абайдың публицистикалық шығармаларында 

255
да осы күнгі нормаға айналған мен (менен), себебі (есебі), сон-
да да, сөйтсе де, бірақ та, сол себепті, сол себептен, соның 
үшін,  және,  турада  (турасында)  сияқты  «қазақы»  шылау-
лар  қолданыла  бастаған.  Мысалдар  келтірейік:  «...Бұрынғы 
уақытта  300  десетина  жері  барлар  бүгүнде  150  десетинадай-
ақ жерге иеленуге мүмкін, сол себептен жер аз көрінеді, бірақ 
осылар раст болар ма екен...» (ДУГ, 1889, 22 декабрь, №51), 
«Балаларды  оқытқан  да  жақсы,  бірақ  құлшылық  қыларлық 
қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады...», «Қазірде оры-
стан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да жүр, 
себебі  ата-анасы,  ағайын-туғаны  бір  жағынан  бұзып  жатыр» 
(Абай, 25-сөз).
Көрсетілген шылаулар – қазақ тілінің өзінікі. Бұларды қол- 
дану – қазақтың публицистикалық прозасының ұлттық белгі- 
лерінің бірі, өйткені бұрынғы жазба тілде бұлардың орнына не 
араб-парсы  (һәм,  уа,  лекин),не  дағдылы  түркілік  (аның  үчүн, 
шунки т.б.) түрлері ғана қолданылатын.
Сөйлем  мүшелерінің  орын  тәртібі  мен  олардың  бір-бірі- 
мен  жанаса,  қабыса,  меңгеріле,  қиыса  байланысуларында 
жоғарыда көрсетілгеніндей, ауытқулар болғанымен, негізінен, 
қазақ  тілінің  табиғи  заңдылықтарына  сүйеніп  құрылған  кон-
струкциялар  басым  келеді.  Әсіресе  Абай  қаламынан  шыққан 
дүниелердің  синтаксистік  құрылысы  осы  күнгі  нормаларға 
сай, түзу түзілгені байқалады.
3.  Графика,  орфография  саласында.  Өткен  ғасырдағы 
публицистика  араб  графикасымен  жарық  көрді.  Сол  тұстағы 
жалпы  араб  әрпін  пайдаланған  жазбалар  сияқты,  бұл  стиль 
мәтіндері де ертеден келе жатқан түркі орфографиясы тәртібін 
ұстады. Ол дәстүр бойынша:
а) септік, көптік жалғаулары көбінесе бір ғана тұлғада жа-
зылды.  Мысалы,  табыс  септігі  -ны,  көптік  жалғау  -лар,  ілік 
септігі  -ның  түрлерінде  ғана  жалғанды  да  қазақ  тіліне  тән 
фонетикалық  варианттары  көбінесе  ескерілмеді:  хабарны, 
казитні, қызның т.б.;
ә)  араб-парсы  сөздерін  түпнұсқаға  жуықтатып  немесе 
тіпті араб-парсы тілдеріндегі қалпынша жазу принципі басым 
болды.  Ертеректе  еніп,  халықтың  сөйлеу  тілінде  қазақша 

256
қалыптасқан  шығыс  сөздерінің  фонетикалық  екі-үш  (кейде 
одан да көп) вариантта жұмсалу фактісі өткен ғасырдың екінші 
жартысында басталып, салқыны күні бүгінге дейін тиіп келе 
жатқанын атауға болады;
б)  орыс  тілінен  алынған  сөздерді  де  араб  жазуының 
мүмкіндігінше түпнұсқаға жуықтатып жазу принципін ұстады: 
фабрик,  канфит,  уелосипед,  приказчік,  кнәз,  началнік,  облұс, 
закүн,  жіребе,  копйа,  чен  т.б.  Арабша  у  таңбасын  орысша  в 
әрпінің орнына қойып оқысақ, осы дыбыспен келетін көптеген 
сөздердің  төркін  тұлғасы  сақталғаны  аңғарылады:  зауод  (за-
вод),  переуатчік  (переводчик),  сауатник  (советник),  при-
каур  (приговор),  обчестуа  (общество)  т.т.  Ал  ертеден  енген 
тұрмыстық сөздер қазақша қалыптасқан күйінде жазылған (са-
мауыр, бөшке). Соңғы дәстүр күні бүгінге дейін келіп, қазіргі 
қазақ емлесінің бір ережесі ретінде қалыптасып отыр.
Сөйтіп, XIX ғасырдың II жартысында пайда болған қоғам- 
дық-публицистикалық стильдің қазақтың ұлттық жазба әдеби 
тілінің әрі қарай дамуында ерекше орны болды. Осы стильдің 
тууы  әдеби  тілдің  қоғамға  қызмет  етер  аясын  кеңітті.  Осы 
тұстағы  қазақ  жазба  әдеби  тілінің  функционалдық  стильдері 
бір-біріне ықпал етіп, әсерлерін тигізіп отырғандықтан, публи-
цистика тілі де жеке-дара автономиялы түрде дамымай, ең ал-
дымен, көркем әдебиет стиліне, одан соң түркілік дәстүрлі жаз-
ба проза стиліне иек артып қалыптасты және бұл стиль өзімен 
қатарлас  туған  ұлттық  ғылыми-көпшілік  стиліне  ықпалын 
тигізді,  көп  орайда  бұлар  бір-бірінен  ажыратылмай,  бірдей 
тұлға-тәсілдерді пайдаланып та отырды. Оның үстіне бұл екі 
стильдің екеуі де негізінен аударма үлгілерден көрінгендіктен, 
аударма ісінде, терминология жасау принциптерінде бірізділікті 
байқатты: сөздік құрамның орыс тілі арқылы толығу принципін 
осы аталған стильдер ұсынып, оның алғашқы ізін салды.

257


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет