Нұргелді уәлиев сөз мәдениеті



Pdf көрінісі
бет1/37
Дата31.10.2022
өлшемі450,47 Kb.
#46383
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37


НҰРГЕЛДІ УӘЛИЕВ
СӨЗ МӘДЕНИЕТІ
Редакциясын басқарған Қазақ ССР Ғылым академиясының
корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы
Р.Сыздықова
Алматы «Мектеп» 1984


АЛҒЫ СӨЗ
Әңгіме өзегі – сөз мәдениеті. Соңғы тіркес күрделі ұғымды
қамтиды. «Сөз» деген сөздің өзі – мағыналық өрісі кең дүние. Тіл
жеке сөздерден тұрады, яғни сөз – тілдің бір элементі. Бұл – оның
түпкі мәні. Ал қазақ тілінде «сөз» сөзінің қосалқы, ауыспалы
мағыналары және бар. Мысалы, ақындар «сөз» деп поэзияны, өлеңді
ұғынған. Ұлы Абай «Сөз айттым Әзірет Әлі айдаһарсыз» немесе
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» десе, айтпағы – өзінің жаңа
мазмұндағы, өзгеше сападағы поэзиясы жайында. Сонымен қатар
қазақ «сөз» деп адамның ой-пікірін, көзқарасын, идеясын да атайды.
Мысалы, біреу туралы «ол артына сөз қалдырды» десек, оның
кейінгі ұрпаққа белгілі бір ой-пікір, идея қалдыруы деп ұғамыз.
«Сөзі өтімді» дегенде де әңгіме біреудің көзқарасы, пікірі туралы
екені аян.
«Сөз» деп әңгіме, хабарды да айтады. Айталық, «бос сөз»,
«қыдырма сөз» дегендерді бос әңгіме, қыдырма әңгіме деп ұғамыз.
Қысқасы, санай берсек «сөз» сөзінің беретін ұғымы көп. Ал біз оның
дәл осы кітаптағы қолданысы жайына келсек, «сөз мәдениеті»
дегенді «сөйлеу», яғни «тілді жұмсау» (пайдалану) тәртібі
(дұрыстығы, мәдениеті) деп танимыз. Демек, бұл жердегі «сөз» –
орысша «речь» дегеннің баламасы. Ал соңғы термин «тілдің
қолданыстағы көрінісі» дегенді білдіретіні мәлім. Әдетте, бізде,
ғылымның бұл саласын атауда «тіл мәдениеті» деген тіркес жиірек
қолданылып жүр. Бірақ мазмұнға сай дәлірегі, дұрысы – «сөз
мәдениеті». Бұл – тілдің жеке элементтерін, тұлға-тәсілдерін оның
тәжірибе елегінен өтіп қалыптасқан, қоғам тарапынан қабылданған
заңдылықтарына сәйкес дұрыс пайдалану туралы білім саласы. «Сөз
мәдениеті» – тек тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық
нормаларын бұлжытпай («сықитып») дәлме-дәл сақтау ғана емес,
айтпақ ойды тыңдаушыға (оқырманға) жүрекке жылы тиетін,
«айналасы теп-тегіс жұмыр келген», әсерлі етіп жеткізу жайын да
қамтуға тиіс.
Міне, осы әңгіменің барлығы – қазіргі таңдағы қауымымыз үшін
ең бір зәру, көкейкесті мәселелер. Өйткені сөз мәдениеті жайындағы
әңгіме қоғам пайдаланып отырған тілдің кемелденген, жазба әдеби
сипат алған, яғни нормалары бірқыдыру орныққан кезеңінде
көтеріледі. Қазіргі қазақ тілі – сондай тілдердің бірі. Бұл күндердегі
сөз мәдениеті – социалистік мәдениетіміздің бір саласы, өмірлік
мәнді саласының бірі. Қолдарыңыздағы шағын кітапша – сол
зәруліктің бір өтеуі.
«Мәдениет» дегеніміз «дұрыстық, тәртіпке бағыну, заңдылықты
сақтау» деген мәнде. Демек, сөз мәдениеті – норманы сақтау


дегеннің баламасы. Ал норма деген не, оның түрлері қандай? Автор
алдымен осыны сөз етіп алады. Тілдің жүйелілігінен туатын
біркелкілік (норма) мен ғасырлар, дәуірлер бойындағы қолдану
тәжірибесінде орын тепкен дәстүрдің сайма-сай келе бермейтінін
айтады, осыған орай тіл деп о б ъ е к т и в т і н о р м а , б о с а ң
н о р м а дегендердің сырын ашады. Қалың жұртшылықтың, әсіресе
жасөспірімдердің осылайша «лингвистикалық сауатын» көтеру – өте
қажет шаруа. Бұл тұста олар тек норма жайында ғылыми түсінік
алып қана коймайды, өздері айтып жүрген сөздердің қызық
қырларын көреді, көптеген дүниеліктер (сөздер, сөз тұлғалары)
салыстырылады, нәтижесінде олардың қайсысы нормаға сай, қай
варианты қайшы екенін таниды.
Вариант демекші, осы кітаптың өн бойында варианттылық әңгіме
болады. Ол заңды да. Өйткені тілде жарыспалылық, қосарлылық
болмаса, әдеби тіл нормасы деген ұғым да болмас еді. Егер сөздер о
баста бір ғана қалыпта (түрде) дыбысталатын (сондай-ақ, айтылатын,
жазылатын) болса, немесе белгілі бір ұғымды бір ғана сөз бірден
білдіретін болса және, керісінше, бір ұғым әрдайым тек бір ғана
сөзбен айтылатын болса, сол сияқты жарыспалы грамматикалық
тұлғалар да, олардың қолданылуы да тәжірибеде орын алмаса,
тілдегі құбылыстың баршасы бірден норма болар еді де, оны сақтау,
сақтамау (ауытқу, бұзу) деген әңгіме көтерілмес еді.
Варианттылық – тіл-тілдің барлығында болатын және бар
құбылыс. Ол – заңдылық. Бірақ тіл өзінің даму барысында және сол
дамуға қоғамның саналы түрде араласуы нәтижесінде
жарыспалылықтан арыла түсуге тиіс. Әсіресе білместіктен,
ұқыпсыздықтан болатын варианттардан тілді азат ету – тек
ғалымдардың ғана міндеті емес, сол тілді пайдаланушы қалың
қауымның, бүкіл жұртшылықтың ісі. Тек ісі емес парызы,
мәдениетті, саналы қоғам мүшесі ретіндегі азаматтық борышы.
Кітапта осы баса айтылады. Әрине, автордың бұл пікірі жалаң
насихат, ереже түрінде ұсынылмайды. Бұл ойды білдіру үшін «Сөз
байлығы» сөз болады, мұнда қазақ тіліндегі әрбір сөздің мағынасын
тап басып, өз орнына дұрыс жұмсау, ол үшін сол мағыналарды білу
кажеттігі айтылады. Осы орайда автор қазақ халкының күнделікті
тұрмысына, негізгі күнкөріс шаруашылығына қатысты көптеген
сөздің сырларын қызғылықты түрде ашып береді. Қара мал, аяқты
мал, ақ мал, қазан ат, жабы, шобыр, қойторы, Көрік сияқты
атаулардың беретін мән-мағынасын саралап көрсетеді. Жер-су
аттарында қаншама сыр жатқанын мысалдармен таныту арқылы
оқырман қауымды тілге, сөзге қызықтырады.
Жоғарыда айттық, сөз мәдениеті дегеніміз тек «тіл түзулігін»
(норманың сақталуын) ғана көздеу емес, «тіл әсемдігін» де нысанаға


алу. Кітапта мәселенің бұл қыры да қағыс қалмаған. Әсіресе,
функционалдық стилдердің әрқайсысына тән тұлға-тәсілдерін өз
орындарында жұмсау керек деген «оп-оңай, ап-анық» кәнігі
қағиданың төңірегінде көп пікір айтылады. Осы орайда жергілікті
сөздерді (диалектизмдерді), дөрекі сөздерді жұмсау-жұмсамау,
оларды қолдана қалғанда қай тұстарда орынды-орынсыз
шығатындығы, тілге де әдептіліктің қажеттігі жақсы айтылады.
Кітаптың ұтымды тұстарының бірі – нақты мысалдардың (тіл
фактілерінің) молдығы және сәтті таңдалынып, теріліп алынғандығы.
Бұл – автордың көп жылдық іздену жемісін, әрі «тілді түйсіне»
білетіндігін танытады.
Соңғы жайттар, әсіресе, қалам тартатындардың, радио,
телевизиядан сөйлейтін кісілердің назарын аударуға тиіс.
Қазақ мәдениеті мен білім-ғылымында сөз, жазу мәдениеті едәуір
айтылып келеді, әр алуан анықтағыш құралдар (сөздіктер, ережелер
т. т.), жеке кітаптар, зерттеулер жарық көріп отыр.
Бірақ тіл сияқты халқымыздың ғасырлар бойы жиналған асыл
мұрасын дұрыс, әсем жұмсаудың жөн-жосығын көрсету, дұрыс-
бұрысын ажыратып отыру, жалпы сөз мәдениетін насихаттау жағы
бізде әлі де жеткіліксіз. Әсіресе, тілді тұтынушылардың мектеп
балалары, студент жастар, ақын-жазушылар, журналистер, топ
алдыңа шығатын шешендер, радио, теледидардан сөйлеушілер т.т.
сияқты топ-топтарына арнайы жазылған дүниелер кемде-кем. Бұған
енді-енді кірісе бастадық деуге болады. Қолдарыңыздағы кітап
осының куәсі және оның әдеби тілімізді дұрыс жұмсап, әдемілігін
арттыра түсуге септігін тигізетіні хақ.
Әрі қарай қалың жұртшылықтың да, оның жеке-жеке
топтарының да ана тілі туралы білім-танымдарын толықтырып, әр
алуан тілдік-структуралық, бейнелі-көркемдік заңдылықтарын
таныттыра түсетін, сол арқылы халқымыздың тіл мәдениетін арттыра
беретін зерттеулер, кітаптар, құралдар жиірек ұсыныла бермек деп
ойлаймыз.
Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет