Ќорќыт, Асан Ќайєы, Шалкиіз жјне Бўќар жырау философиясы.
Орта ғасырлардағы отандық философияның бастауын ғалымдар VIII ғ. өмiр сүрген Қорқыт атаның шығармашылық жолына апарып тiрейдi және ол заңды да. Тарихи деректер мен халық шежiресi бойынша, Қорқыт – VIII ғ. Сыр бойында өмiр сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйшi, қобызшы, аңыз кейiпкерi. «Қорқыт ата кiтабы» – түркi тектес халықтардың ежелгi тарихын, өмiр салтын, әдет-ғұрпын, ақындық дәстүрiн танытатын эпикалық-тарихи мұра. Оның iшiнде 12 түрлi дастан бар және оның әрқайсысы – өзiнше аяқталған шығарма. Бұл шығармалардың түп-тамыры, шамасы, сонау көне замандарда пайда болған мифологияға кетедi, сондықтан олардың құндылығы да, мiне, 273 осында. Мысалы, Дерсе хан туралы аңызда әйелiнiң кеңесi бойынша, хан қарапайым халыққа садақа үлестiрiп, ата-бабасының аруағына сиынып, тәңiрден бала тiлеп алады. Ол бала дәу бұқаны жұдырықпен ұрып-жыққаны үшiн, Бұқаш аталып кетедi. Мұндай желiс қазақ дастандарында көп кездеседi. Батырлар «әулиеге ат атап, қорасанға қой атап», ата-бабалар қабiрiне түнеп, көп тiлектерден кейiн барып туады. Осылайша өмiрге келген балалар өсе келе, ел-жұртының қорғаны, қамқоршысы (Ертөстiк, Алпамыс, Қобы-ланды т.с.с.) болып шығады. «Қорқыт ата кiтабындағы» Төбекөз (қазақ, қырғызда «Жалғыз көздi дәу» ертегiсiнде кездеседi) өзiнiң iс-әрекетi, ой-мақсаты, қатыгездiгi жағынан «Одиссей» жырының үрейлi кейiпкерiн еске түсiредi. Кiтаптың бесiншi тарауындағы «Тоқа баласы Ержүрек Домрул туралы жырда» ажалмен күресу, өлместiк мәселесi талданады. Жалпы алғанда, «Қорқыт ата кiтабындағы» көтерiлген әлеуметтiк мәселелерге келер болсақ, олар: халықтың бiрлiгiн сақтау, әлеуметтiк әдiлеттiлiктi жақтау, жер мен суды ақылмен пайдалану, қылмыскерлермен заңды жолмен күресу, әдет-ғұрыпты сақтау, елдi жаулардан қорғау т.с.с. Халықтың жадында қалған аңыздар бойынша, Қорқыт ата өмiрiнiң соңғы кезiнде қобызын тартып, неше түрлi әуендер шығарған. Табиғаттың тылсым күштерiн, адам жанының көңiл күйлерiн, сезiмiн ұлы бабамыз қобыз сарынымен жеткiзе бiлген. Ол өлгенде, оның артында шығарған күйлерi қалады. «Қорқыт күйлерi» осы уақытқа дейiн ойналады. Қорқыт атаның артында қалған нақыл сөздерi өзiнiң даналығымен тарихта сақталып, осы уақытқа дейiн бiздi таңғалдырады. «Ер жiгiтке қара таудай мал бiтсе, жияр, көбейтер, талап етер, бiрақ несiбесiнен артығын жемес». Қазiргi экономикалық реформалардың барысында әрбiр iскер адам, жалпы алғанда, әрбiр азамат осы нақыл сөздердi терең сезiнуi қажет, ол қазiргi бизнес этикасының негiзгi қағидаларының бiрi болса екен деймiз. Сонда ғана iскерлер «Мерседес» мiнудiң орнына, жиналған қаражаттарына жаңа жұмыс орындарын ашып, өзiн қарапайым ұстап, халықтың шынайы алғысына кенелiп, қоғамдағы абыройлы әлеуметтiк топқа айналады. «Тәкаппарлықты тәңiр сүймес», «Көңiлi пасық ерде дәулет болмас» деген нақыл сөздер де жоғарыдағы айтылған ойларға жақын екенiн оқырман сезiнген болар. «Ескi темiр бiз болмас, ескi мақта бөз болмас», «Қар қаншама қалың жауғанмен – жазға бармас, гүлденiп өскен бәйшешек – күзге бармас» деген нақыл сөздердiң де терең сыры бар. Өйткенi дүниедегi барлық құбылыстар мен заттар уақыттың шеңберiнде өмiр сүредi, олай болса, әр нәрсе өз уақытында ғана құнды, оның өз өлшемi бар. «Ат қиналмай жол шалмас», «Ақылсыз балаға ата дәулетiнен қайран жоқ» деген нақыл сөздер де өмiрлiк тәжiрибеден алынған. Дүниеде 274 бақытқа жету үшiн қиындықтар мен қайшылықтардан өтiп, тек ақылмен жасалған ұлағатты iстер атқару қажет деген ойға әкеледi. «Кiмнiң батыр, кiмнiң бақыл екенiн жырау бiлер» деген нақыл сөз тек көпшiлiктiң мүддесi үшiн iстелген iстер ғана құнды, қоғамның алға басуының тетiгi, негiзi деп қарағаны болып шығады. Сонымен, Қорқыт атаның қалдырған терең философиялық ойлары (ел қорғау, ар-намыс, бiрлiк үшiн күресу, iзгi ниетте болу, ұлағатты iс-әрекеттермен халықтың рухында қалып, өлместiк дәрежесiне көтерiлу т.с.с.) ұрпақтан-ұрпаққа рухани мұра болып қала беретiніне бiз кәмiл сенемiз.
Түркі философиясы ерекшеліктерінің бірі бастапқыда дұрыс өмір сүру өнері және данагөйліктің жинытығы ретінда пайда болуында. Мұны сол кезден бері сақталған материалдық және рухани ескерткіштер растай алады.
Осындай түрік этикалық ойының негізін салған данагөй, ұлы ойшыл және жырау Қорқыт ата болып табылады. Сырдария өзенінің жағасын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихында Қорқыт атаның алатын орны ерекше. Ол туралы аңыздар оғыз-қыпшақтың тікелей ұрпағы қазақтар мен түркмендердің арасында көптеп тараған. Айта кететін нәрсе – әрбір түрік елі Қорқыт атаны өзіндік еткісі келеді, бірақ оның қалдырған мұрасы – жалпы түрік елдерінің ортақ қазынасы.
XIX ғасырдың ортасында Қорқыт туралы қазақ аңыздары Ресейде және Еуропада Ш. Уалиханов, В. Радлов, В. Вельямин-Зернов және т.б. арқасында таныла бастады. Кеңес одағы уақытысында Қорқыт атаға А. Затаевич, М. Әуезов, А. Жұбанов және Ә. Марғұлан еңбектер арнаған.
Қазақ аңыздары бойынша Қорқыт атаның өмірі әлемді басқаратын күштермен күресте өтті. Түркі данагерінің философиясына сәйкес, өлім – басты зұлымдық және оған қарсы күрес, адамның өлместігі үшін күрес – ойшылдың басты мақсаты.Аңыздар бойынша Қорқыт өлімге бойұсынбай, ажалдан құтылмақшы болып, қашып дүние жүзін кезеді. Қайсы жерге барса да, алдынан қазылып жатқан көр шыға береді. Ақыры өлімнен құтылмасын білген Қорқыт ата Сырдарияның ағын суының үстіне кілем жайып жіберіп, қарындасын қасына алып, сол кілемнің үстінде отырып елмен, жерімен, қарындасымен және өзінің өмірімен қоштасқан зарлы күйлерін тартады. Өзен бойында отырған елдердің қобыздың зарлы дауысын естігендері шыдап тұра алмай, өзеннің екі жағалауына топыла жиналып, емірене тыңдасады.Өзен жағалауынан сыртқары түстік жерде отырған көшпелі елдердің де кешқұрым қобыз даусын естіген қырық қыздары жақын жерде шығар деп қызыққаннан жүгіре-жүгіре жете алмай, отыз тоғыз қыздың өкпелері өшіп, жолда өледі. Олардың ішінен жүгіре алмай жайымен жүрген бір ақсақ қыз ғана Сырдың жағасына жетіп, Қорқытты көріп өледі. Сол ақсақ қыздың моласы — Қорқыт атаның қойылған жерінің тура сол төстігінде арасы бір шақырымдағы жердегі шыңның басына орнатылған мұнара. Осы кезде де жұрттың бәрі оны «Ақсақ қыздың белгісі» деп атайды.Қорқыт атаның үстінде отырып қобыз тартқан кілемін Сырдың ағысы иінге соқтырып тоқтатқан жерінде қазулы көр алдында дайын екен. Әзірейіл жан алғыш та жетіп келеді. Сол сәтте Қорқыт тылсыммен өзін көбейтіп, қырық Қорқыт етіп көрсетеді. Олардың қайсысы Қорқыт екенін айыра алмай сасқан «жан алғышқа» сол кезде Құдірет парман етеді: «Қырқының қайсысы бұрын кірпігін қақса, соның жанын ал! — дейді. Жаны бар Қорқыт кірпігін қаққан кезде жаны алыныпты. Сол жердегі дайын көріне Қорқыт ата қойылады. Осылай деп білетін жұрттың көпшілігі осы кезге шейін Қорқыт атаның сол орнын қадірлеп, құрмет тұтады.
Алайда Қорқыт физикалық түрде өлім құшса да. Оның жасап кеткен қобыз музыкалық аспабының арқасында оның аты өлмеді. Қобыз Қорқыттың өлместігінің символына айналды. Қорқыт ата философ, көріпкел, музыкант және дана адам ретінде – қазақ ойлау дәстүріндегі ғасырларды байланыстыратын алтын жіп, қазақ философиясының көрнекті өкілдері үшін мәңгілік шабыт көзі. Осы үдерістің арқасында аты аңызға айналған түркі ойшылы біздің өмірімізді түсіндіре бастайды, диалогтың тірі қатысушысы ретінде, конфессионер, кейде заманауи шындықты өзінің ащы шындығымен алғаш рет кездестіретін терең психотерапевт ретінде әрекет етеді.
ХV ғ. аса көрнектi жыраулардың бiрi – Асан қайғы. Оның есімі ғасырлар бойы халықтың жадында сақталып, аңызға айналып кеткен. Жырау өмiр сүрген уақыт – Алтын Орда мемлекетiнiң ыдырап, жаңа қазақ хандығы мемлекеттiгiнiң қалыптаса бастау кезеңi болатын. Мiне, Асан қайғы – осы күрделi де жауапты iске атсалысып, жаңа мемлекеттiң iргетасын қаласқан ұлы тұлға. Халықтың қамын көп ойлап, сол кездегi ел басындағылардың кемшiлiктерiн, кейбiр тайыздықтарын көрсетiп, оларға ақыл берiп, дұрыс жол сiлтегенi үшiн оны халық Асан қайғы деп атап кеткен. Жырау өзiнiң iшкi көкейкөзiмен болса да халықтың тарихындағы шешушi кезең келгенiн сезiп, жаңа мемлекеттiлiктi құру жолында кетiп жатқан қателiктердi әшкерелеп, Жәнiбек ханға былай дейдi: «... Ай, Жәнiбек хан! Айтпасам бiлмейсiң, Жайылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсiң. Қымыз iшiп қызарып, Мастанып қызып, терлейсiң. Өзiңнен басқа хан жоқтай Өзеуреп неге сөйлейсiң?». Әрине, мемлекеттi құру үшiн халықтың алып жатқан жерiн анықтап, оны қорғай бiлу керек, оны жырау жақсы түсiнедi. Ал «қымыз iшiп, қызарып» деген жолдары тiптi қазiргi заманға дейiн өзектi: бүгiнгi халық тарихының шешушi кезеңiнде, осындай ауқымды көлемде қазақ жерiнде тарихи алғашқы рет халықтың басы бiрiгiп, жаңа заманға сай мемлекеттiлiгiн орнатып жатқан кезде, қаншама iрi-кiшi лауазым иелерi әлi де болса өз қалтасын мемлекеттiң қазынасымен шатыстырып, «мастанып, қызып», қызмет бабын өз мүддесiне жаратып, жаңа 289 мемлекеттiң абыройына нұқсан келтiруде! Бұл да ұлы жыраудың даналығын көрсетедi. Ал «Аққу құстың төресi, Ен жайлап көлде жүр едi. Аңдысып жүрген көп дұшпан, Елiңе жау боп келедi», – деген жолдардан жыраудың қазақ халқының болашақтағы қалмақтармен қақтығысын, бодандыққа ұшырайтынына алаңдап, сезгенi сияқты ой келедi. Ол жаулардан құтылудың негiзгi жолы – бейбiт өмiрдi қамтамасыз ету. «Едiл бол да, Жайық бол, Ешкiмменен ұрыспа, Жолдасыңа жау тисе, Жаныңды аяп тұрыспа», – деген ақыл айтады ұлы жырау. Қазақ халқына нағыз керек нәрсе – ол ел бiрлiгi, рулар мен тайпалардың арасындағы тартыс, қантөгiске тыйым салу. «...Есенiң де, тiрiң де, Бiр болыңыз бәрiңiз!» – деп ұран тастайды Асан қайғы. Асан қайғы халықты бiрлiкке шақырып қана қоймай, оны қалай қамтамасыз ету керектiгiн талдайды, ел бастайтын топты халық қамын ойлауға, әдiлеттiлiкке шақырады. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер... Хан мен билер қысқанда, халық қайтып күн көрер? Онда халық түнерер. Халыққа қысым күш берер, Халықтың кегi күшке енер», – деп, ұлы жырау үстем тапқа халық атынан қатты ескерту жасайды. Сонымен қатар Асан қайғы қоғам өмiрiндегi моральдық қағидаларға да көп көңiл бөледi. Оның ойынша, әдiлдiк – өтiрiк-өсекпен, алдауарбаумен қабыспайды; даналық – өткен күндегi шындықты iздеу; қорқақтық – жау мен жауыздың алдында қашқақтау; зұлымдық – әлсiзге жәбiр көрсету; ақымақтық – айтқан ақылға көнбеу; т.с.с. Асан қайғы – қазақ жерiнен шыққан алғашқы утопист. Елдiң ауыр тұрмысы, табиғат қатаңдығы, оқтын-оқтын болатын жұт, аштық т.с.с. оны қатты күйзелтедi. Табиғатқа қарсы тұру, оны өзгерту керектiгi сияқты Батыс қоғамдарында пайда болған идеялар көшпендiлерге тән нәрсе емес едi. Сондықтан ұлы жыраудың назары «жерұйықты» iздеуге бағытталады. Оның суы – сүт, топырағы – май, тасы – алтын, онда халық зардабы, соғыс, тартысқырқыс дегендер жоқ, бай да, кедей де жоқ, бәрi де – жеткiлiктi, бәрi де – бақытты. Ол мұндай «жұпар қорығын» өмiр бойы iздедi. Ол, әрине, қай халықтың да бақытты өмiрдi аңсаған армандарының бiр көрiнiсi едi.
ХVI ғ. көрнектi жырау Шалкиiз Тiленшiұлы болды. Жыраудың ой-толғаулары ел-жұртты қорғау, адамның қысқа өмiрiн той-думанмен өткiзу, әлсiзге қол ұшын беру т.с.с. әдеттегi тақырыптарға арналса да, өзiнiң ерекшелiктерiмен сипатталады. Мысалы, халықтың белгiлi бiр орталық билiкке бағынуы керектiгi. Темiр биге арналған толғауында жырау: «Сен алтынсың – мен пұлмын, Сен жiбексiң – мен жүнмiн, Сен сұлтансың – мен құлмын», – деп, оның лауазымын мойындайды. Басқа жағдайда өзара қырылыс-тартыстың жойылмайтынына оның көзi жетедi. Жыраудың ойынша, халықтың бiрлiгiн арттыратын – жақсылық жолы, сондықтан ол: «Жығылғанды тұрғыз, жылағанды уат, қисайғанды түзет», – дейдi. Көшпендi замандағы ер жiгiттiң аяулы да нәзiк қысқа өмiрiн толғай келе, Шалкиiз дiни бейсаналық (иррационализм) бағытын ұстайды. Жыраудың ойынша, бәрi де Тәңiрдiң жазғанымен болады: «Жапырағы жасыл жаутерек, Жайқалмағы желден дүр. 291 Төренiң кежiгуi елден дүр. Байлардың мақтанбағы малдан дүр... Жалаңаш барып жауға ти, Тәңiрi өзi бiледi, Ажалымыз қайдан дүр». Адамды аспанға көтеретiн де, құзға құлататын да – Тәңiр. «Тең атаның ұлы едiң, дәрежеңдi артық етсе – Тәңiр еттi», – дейдi жырау. Мұндай көзқарастың жұрнақтары осы күнгi қазақтардың да бойында бары сөзсiз. Өмiрi толығынан қауіп-қатерге толы, ертеңгi күнi не болатынын бiлмейтiн көшпендiнiң дүниесезiмiне мұндай өмiр философиясы оған тiрек болып, оны батырлыққа итердi. Табиғат және оның ажырамас бөлiгi – адам – Шалкиiздiң шығармашылығының өзектi тақырыбы. Қазiргi тiлмен айтсақ, жырау – философиялық антропологизм бағытын ұстаған ойшыл. Адам – табиғаттың төл туындысы, сондықтан ол оның қасиеттерiн табиғатпен салыстырып қарайды. «Алма мойын сам үйрек, Ана Едiлден көксеген. Көлдi тастап қырға ұшса, Бiр тарланға жолығар!...». Сондықтан ер-жiгiттер әрбiреуi әр жаққа тартпай, бiрiккенде ғана елдi жаудан аман сақтап қала алады: Атаның ұлы ерлерге, Малыңды бер де, басың қос. Басыңды қос та, бек сыйлас, Күндердiң күнi болғанда, Басың жауда қалар ма!» – деп қорытады жырау. Шалкиiздiң ойынша, адамдар өз табиғаты бойынша жамандар мен жақсыларға бөлiнедi: «Ағайынның iшiнде бiр жақсысы бар болса, Қоңқалаған көп жаман, сол жақсыны көре алмас...». «Құсты жисаң бүркiт жи, қыстауыңды түлкi етер. Бiр жақсымен дос болсаң, азбас, тозбас мүлік етер, Бiр жаманмен дос болсаң, күндердiң күнi болғанда, Жұмыла ғаламға күлкi етер», – дейдi ақын. Бұл дүние өтпелi, «...мынау жалған дүние, кiмдерден кейiн қалмаған», – дейдi жырау. Сондықтан адам бұл дүниедегi қызықты тегiс көрiп, өмiрдi думандатып өткiзуі керек. Бiрақ оның да өлшемi бар: «...Жүйрiкпiн деп мақтанба, О-дағы бiр құба арланға жолығар, Ерiккенде қызыл тiлiн тыймаған, О-дағы бiр пәлеге жолығар. Салмақтама немеңдi,... Тәңiрi тесер төбеңдi!» – деп, жырау адамды өлшемдiкке, ұстамдыққа, әдет-ғұрыпты бұзбауға шақырады. 292 Тарих сахнасына келген ХVII ғ. әлi басы бiрiкпеген қазақ халқына жаңа қиындықтар әкелдi. Бiр жағынан, күннен-күнге күшейiп келе жатқан Ресей мемлекетiнiң суық лебi бұрынғыдан да гөрi айқын сезiле бастаса, екiншi жағынан, осы ғасырдың бiрiншi жартысында Шығыста жатқан жоңғарлардың ру-тайпалары бастарын бiрiктiрiп, өз хандығын дүниеге келтiредi. Шығыста жатқан Қытай мемлекетiне бата алмаған қалмақтар өз өрiсiн қазақ жерлерiн жаулап алу арқылы кеңейткiсi келдi. Осыдан қазақ халқының басына орасан зор қауіп туады. 1723 ж. ойраттар қазақ жерiне бас салып, бытырап жатқан қазақ руларын орасан зор күйзелiске ұшыратады, халықтың үштен бiрi қырылып, қыруар мал жау қолына түседi. Халықтың санасындағы бұл апат «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихқа кiрдi. Әрбiреуi өз жағына бұратын қазақ билерiнiң есi ендi ғана жиналып, жоңғарларға төтеп беру үшiн бiрiге бастады. Мұндай қауіп-қатер туған жағдайда халық өз iшiнен ұлы саясаткер-билердi: Төле, Қазыбек, Айтеке т.с.с. тудырды. Халық арасынан Отан үшiн өз жанын беруге даяр Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнiбек, Қарасай т.с.с. мыңдаған батырлар шығып, халықтың басын бiрiктiрдi. Шешушi кезең де келiп қалды. 1730 ж. Балқаш көлiнiң төңiрегiндегi шайқаста қазақтар жоңғарларға ойсырата соққы берiп, күйрете жеңіп, өз жерiн жаулардан босатты. Халық бұл шайқасқа Аңырақай жеңiсi деген ат қойды. Әлсiреген қазақ халқы екi жаққа бiрдей тойтарыс бере алмады. Сондықтан осы кезден бастап, Ресей қазақ жерлерiн өзiне қоса бастады. Мiне, жоғарыда көрсетiлген ауыр қайғы-зардапқа толы тарих кезеңдерi халықтың өзiндiк сана-сезiмiн жаңа деңгейге көтердi. Сол уақытта өмiр сүрген жыраулардың, ойшыл-билердiң де шығармаларындағы халық тарихы, тағдыры жөнiндегi ойлары пiсiп-жетiлiп, жаңа сапалық деңгейде көрiне бастады. Осы кездегi жыраулардың iшiнен Ақтамбердi, Үмбетей, Қожаберген, Бұқар, Шал ақынды ерекше атауға болатын сияқты. Сол кездегi халықтың ауыр жағдайы, арманы мен мұңы бұл жыраулардың шығармаларында кеңiнен орын алды. Өкiнiшке қарай, оқулықтың көлемi жыраулардың бәрiне де тоқтауға мүмкiншiлiк бермейдi. Бұл дүниеде ұзақ өмiр сүрiп, ХVII ғ. екiншi, ХVIII ғ. бiрiншi жартысын қамтыған жыр алыбы Бұқар жырау болды. Жырау өмiрiнiң жас кезiнде Тәуке ханның жанында болса, өмiрiнiң соңында – Абылай ханның ақылшысы, кеңесшiсi. Сол кездегi сұрапыл заманды жырау былайша суреттейдi: «Ай, заман-ай, заман-ай, Түстi мынау тұман-ай, Iстiң бәрi күмән-ай... 293 Арғымағын жоғалтып, Тай жүгiрткен заман-ай», – деген жолдардан сол кездегi халық тағдырындағы қайғылы да күңгiрт ахуалды көзге елестетуге болады. Осы ақынның сөзiмен айтсақ: «Асан атты iспеттi Ен жайлауынан көшкен жұрт. Зар илеп, баспай өксiктi, Ауыр күндi кешкен жұрт», – дейді. Ол неге соншалықты қамықты, оның себебi неде болды деген сұрақ қойсақ, оған жырау былайша жауап бередi: «Ақтың жолын күзетпей, Жамандықты тұтқан жұрт. Сабыр етпей сандалып, Сайда көшiп, жортқан жұрт. Өз ағасын сыйламай, Өзгенiң соңынан ерген жұрт. Ханына тiзгiн бермеген, Орысқа ырғын болған жұрт. Ханның ойын бiлмеген, Жауына таланып қалған жұрт... Бiрауызды болмаған, Тозуды тосқан бiздiң жұрт...». Бұл шумақта жырау халықтың арасындағы бiтпейтiн алауыздықты, бiр орталық билiкке бағынбай, оның әлсiз болып қалғанын, сол себептi әрбiреудiң сiлтеген жағына ауытқып, өз-өзiн жоғалтқанына тоқтала келе: «Өзiңнен-өзiң безбе жұрт», – деген терең нақыл сөздер айтады. Сол себептi де, Бұқар жырау барлық жан-тәнiмен Абылай ханның бүкiл халықтың басын бiрiктiруге бағытталған саясатын қолдап, өзiнiң жыр-толғауларында оның тұлғасын мақтаныш етедi: «Басыңа бiткен күнiңiз, Құтты болсын ұлыңыз. Хан Абылай атандың... Алтын тақтың үстiнде Үш жүздiң басын құрадың. Жетiм менен жесiрге Ешбiр жаман қылмадың. Әдiлетпен жүрдiңiз, Әдептi iске кiрдiңiз, Арманым бар ма, хан ием», – деп, өзiнiң қанағат еткенiн бiлдiредi. Сонымен қатар жырау елбасының кемшiлiктерiн әшкерелеп, саяси батылдық көрсетiп, адал ниетпен кейбiр уақытта оны қатты сынай бiлген: 294 «Ай, Абылай, Абылай, Ал тiлiмдi! Аласың, Егер тiлiмдi алмасаң, Жалғыз жәутiк қаласың...». Абылай хан өлгенде, жырау қазақ халқының орны толмайтын қазаға ұшырағанын терең түсiнiп, оны жоқтады: Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай... Үш жүздiң басын қосқан Абылай! Үш жүзден үш кiсiнi құрбан қылсам, Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай?! – деп зар жылады. Таңғаларлық нәрсе, Бұқар жыраудың тарихи көрегендiгiн төмендегi жолдар айқын дәлелдейдi: «Күнбатыстан бiр дұспан Ақырда келер сол тұстан. Өзi сары, көзi көк, Дiндарының аты поп...». Егер сол кезде тiптi қазақ жерiнде Ресей мемлекетiнiң суық желi байқалып тұрған деп есептесек те, боданданған халықты олардың қалай өз еркiне көндiрiп, басқаратыны жөнiнде айтқан жыраудың сөздерi өзiнiң асқан көрегендiгiмен адамның жан-дүниесiн дүр сiлкiндiредi: «Жемқорларға жем берiп, Азды көпке теңгерiп, Ел қамын айтқан жақсыны Сөйлетпей ұрар ұртына! Бауыздамай iшер қаныңды, Өлтiрмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды, Есепке салар барыңды...». Тарих беттерi соңынан толығымен бұл болжаудың даналығын көрсеттi. Мына жыраудың геосаяси көзқарастарына көз жiберсек, ол бүгiнгi қазаққа да үлкен ой тастайды: «Шүршiтпенен құлақтас, Қырғызбенен жұбаптас. Ортасында ұйлығып, Кетпейiн десе, жерi тар, Кетейiн десе, алды-артын Қоршап бiр алған кәуiр бар. Ұйлыққан қойдай қамалып, Бүйiрiнен шаншу қадалып, Сорлы бiр қазақ қалды, ойла!». Әрине, бүгiнгi таңдағы егемен қазақ елi әлемдегі ең беделдi iрi мемлекеттерден өзiнiң дербестiгi жөнiнде кепiлдік алды. Сонымен қатар бiз екi бүйiрде жатқан екi алып мемлекет 295 бар екенiн ұмытпай, соған сәйкес ақылды да икемдi саясат жүргiзуiмiз керек, сонда ғана бiз жыраудың өсиетiн орындаймыз. Ендi Бұқар жыраудың әлеуметтiк-саяси көзқарастарынан өтiп, оның болмыс, адам туралы ойларына келер болсақ, ол бұл дүниенi өтпелi жалған ретiнде қарайды. Еш нәрсе бұл дүниеде мәңгi емес, сонымен қатар өмiрге келген құбылыс өзiнiң белгiлi бiр заңды сатыларынан өтiп барып, дүниеден кешедi: «Он екi айда жаз келер, Құс алдында қаз келер. Айтып-айтпай немене, Дәуренiңiз аз келер...». Жыраудың ойынша, адам да, басқа құбылыстар сияқты, өз өмiрiнiң саты-сатыларынан өтедi. Оны ол ғажап шеберлiкпен, қазiргi тiлмен айтқанда, экзистенциалдық түрде қарайды: «Балалық он жасыңыз Балғын өскен құрақтай. Жиырма деген жасыңыз Жарға ойнаған лақтай. Отыз деген жасыңыз Таудан аққан бұлақтай. Қырық деген жасыңыз Ерттеулi тұрған құр аттай. Алпыс деген жасыңыз Күзгi соққан жел екен. Жетпiс деген жасыңыз Жетiм қалған күң екен...». Жырау дүниенiң қайшылықты екенiн, олардың бiр-бiрiне өтiп жататынын басып айтады: «...Айнала iшсе таусылмас Көл суалмас демеңiз. Құрсағы құшақ байлардан Дәулет таймас демеңiз...». Жыраудың ойынша, бұл дүниеге келiп, уақыты келгенде, бәрi де кетiп жатыр. Сонымен қатар өлместiк дәрежеге жететiн бiр-ақ нәрсе бар. Ол – адам: «...Ай мен Күннiң өлгенi – Еңкейiп барып батқаны. Айдын шалқар өлгенi – Мұз болып тастай қатқаны. Қара жердiң өлгенi – Қар астында жатқаны. 296 Өлмегенде не өлмейдi? Жақсының аты өлмейдi, Ғалымның хаты өлмейдi», – деп қорытады ұлы ойшыл. Тек адам ғана өзiнiң шығармашылығымен, жақсы iстерiмен өмiрде өзiнiң iзiн қалдыра алады. Сонымен қатар адам өзiнiң өмiрiнiң соңы болатынын бiлетiн пенде болғандықтан, ол өмiрге ешқашанда тоймайды, оның арман-қиялдары, үмiтi таусылмайды, ол шексiздiкке ұмтылған жан: «Аруды таңдап сүйсе де, Алтынды үйге кiрсе де, Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мiнсе де, Арманын қоймас адамзат! ...Қапалы күнi қабарып, Қайғының күнi төнсе де, Үмiтiн жоймас адамзат! Жақындап ажал тұрса да, Жаныңа қылыш ұрса да, ...Өмiрге тоймас адамзат! – деп қорытады ойшыл. Бұқар жырау өзiнiң нақыл сөздерiмен, терең де әсем жырларымен «халық атасы» дәрежесiне көтерiлген ғұламалардың қатарында қала бермек. ХVIII ғ. қазақ халқының ой-өрiсiне жыраулармен қатар өзiнiң үлесiн қосқан дана «қара қылды қақ жарған» билер болды. Атақты Қазыбек, Айтеке мен Төле билердi қазақ халқы өз жадында сақтап, олардың қазақ халқының мемлекеттiгiне қосқан үлесiн ешқашан есiнен шығармаған. Сол заманда өмiр сүрген Жаңыл ақын: «Төле би, ер Қазыбек, тiлдi Әйтеке Асқартау – Қазықұрттай бiлiмдi едi. Бiрi Күн, бiрi туған Айдай болып, Заманға сәйкесiмен келiп едi», – деген екен. Қазiргi тiлмен айтсақ, бұл билердiң шешiмдерi адамдардың «табиғи құқықтарына», олардың бiр-бiрiне деген теңдiгi мен ерiктiгiне негiзделген болатын. Сонымен қатар олардың өмiр, адамдардың қарымқатынастары жөнiнде айтқан талай-талай нақыл сөздерi осы күнге шейiн бiздi таңғалдырады, олардың әрбiреуi үлкен кiтапқа парапар. Мысалы, әйгiлi батыр Шақшақ Жәнiбек Төле биден ақыл сұрауға келгенде, соңғының айтқаны: «...Өгiздi өрге салма, қанатың талар, Наданға көзiңдi салма, сағың сынар. Досыңа өтiрiк айтпа, сенiмiң кетер, Дұшпаныңа сырыңды айтпа, түбiңе жетер. ...Тұмар түбi құрт болар, 297 Тұман түбi жұт болар. Ақылдың түбi құт болар, Елге бай емес, би – құт...» – деген екен. Қандай асыл, әрбiр адамға керек сөздер! Төле бидiң мына айтқан ақылы қазiргi мемлекет басында жүргендердiң бiршамасына әдейi жазылған сияқты: «Лауазымың өссе зорайып, Адалдықты тұншықтырсаң сол айып. Елдi билеп өскенiңнен не пайда, Рақатыңды көрмесе, Ағайын мен халайық! Көпшiл болған ер дана, Достары болар әр сала. Өнерлiден үлгi алып, Салдырар сәндi мол қала...». Ақтабан шұбырындыдан кейiн халық тағдырын терең ойлаған Төле би көшпендiлiк өмiр салтының тарихи сарқылысқа түскенiн айқын сезiнедi. Сондықтан ол халықты жерге тұрақтандыру саясатын алғашқы бастаған тұлға десек, артық айтпаған болармыз: «Шығарсам арық қазып, Сырдан бойлап, Ел болсақ отырысты болар едi-ау, Қыстасақ Алатауды жазда жайлап. Бiр жағымыз қалалы диқан болсақ, Көшпелi, бiр жағымыз бие байлап, Елдерден қатар жатқан үлгi алайық, Болашақ келер ұрпақ қамын ойлап», – деген даналық ойлар айтады. Алайда әлсiреген халық көшпендiлiктiң шеңберiнен өз iшкi күшiмен шыға алмады: оған «ұлы мәртебелi Тарих» та уақыт бермедi, тек Ресей империясының құрамына кiрiп, сан қилы қиындықтардан өтiп барып, оның бүгiнгi егемендiкке қолы жеттi. Сондықтан әрбiр саналы жас өзiн қазақ халқының бейбiт, бақытты өмiрiн арман еткен бабаларының өсиетiн жадында сақтап, елдi қорғауға, оның бiрлiгi мен iргетасын нығайтуға белсендi атсалысуы қажет. Ол үшiн ең алдымен терең де сапалы бiлiм алып, оны шынайы өмiрде пайдалану жолдарын игерген жөн сияқты
Достарыңызбен бөлісу: |