Қоспан. Иә, қажыдым. Дүниенiң не боп кеткенiн бiлмеймiн.
Жаңыл. Апыр-ау, қойшы, соншама сарқылмай. Жаудың тозағына да төзіп ең ғой.
Қоспан. Жау тұтқынында үш жыл болдым. Егер дүниеде тозақ бар болса, нағыз тозақ сол болатын. Талай боздақтар шыдай алмай өліп жатты. Суык барақта жолдасыңды кұшактап ұйықтайсың... Таң атқанда құшағында серейiп өлік жатады. Көзiң карауытып, буының құрып құлап бара жататын кезің болады. Бірақ құласақ атып тастайды. Құламадым. Шыдадым. Қалың дұшпанның iшiнен қашып та шықтым. Бірақ ұзап кете алмадым. Арлан төбетке талатып, төрт күн бойы тепкiледi. Етiме ине сұғып, отқа да қақтады. Бiрақ сонда да өлiмнiң ырқына көнбедім. Қасарысып, қатып қалдым. Шыдадым. Алдымда үмітім бар еді. Арманым бар едi. Сағынған ел-жұртым... Туған жерiм... Ажалдың аузынан шығып келдiм ғой мен. Жазығым не? Heгe ғана айтып... айтып өлтiрмейдi екен тым болмаса...
Жаңыл. Көңiлiңдi басшы, торықпашы. Қажырлы едін ғой.
Қоспан. Қажырлы... Иә, қажырлы сияқты едім. Жұрттың бәрі маған сұқтана қарайтын сияқты.. Кіндік кесіп, кір жуған жерім емес пе. Осы даланың топырағында жаралған жоқ па едім. Неге сыймаймын сол кең далама. Неге мені енесінің бауырынан жұлып алған күшіктей лақтырады. (Пауза). Білмеймін.
Жаңыл. Одан да ауылға барайық. Қанша айтқанмен ағайын арасы.
Қоспан. Сені мен менің қайбір екі туып, бір қалғанымыз толып тұр. Әр ауылдан бір Жаппасбай табылмас деймісің. (Пауза). Жаңыл. Соншама түңіліп немене. Бiр сұмырайдан қорлық көрдім деп бүкiл елдiң бетіне түкiресiң бе? Тіпті жұқарып қалыпсың ғой өзің. Одан да сөзді қойып, колхозға көшеміз. Күрекке боқ табылмайды деп қорқасың ба? Eл iшi алтын бесік, бізге де өгейлік қылмайды.
Қоспан Жаңылға таңырқаған күйі бакырайып, әлі қарап отыр. Жаңыл жалғыз.
Жаңыл. Содан колхозга көшіп келдік. Қоспан жыл бойы Мiнайдарға көмекші шопан боп істеді. Бұ да бір естен кетпейтiн уақыт еді.
Жаңыл жалғыз.
Жаңыл. Бұдан түңілдім деп, мыңның бетіне түкiрме деген рас екен. Туыстығы болмаса да, Мiнайдар шал бiзге пана болды. Қоспанның да жан-жарасына емші болған сол кісі. Кіші баласы Қаламүшжанды бауырыма бастым. Өткеннiң бәрi ұмыт болып, ескi жара жазылып, өмiрдiң берiк арнасына түсiп келе жатыр едiк...