Ешмұратова дамира сейтмұратқызы бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие берудің педагогикалық шарттары



бет1/14
Дата13.04.2023
өлшемі303,5 Kb.
#82610
түріДиссертация
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ӘОК 37.035.6 Қолжазба құқығында




ЕШМҰРАТОВА ДАМИРА СЕЙТМҰРАТҚЫЗЫ
Бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие берудің
педагогикалық шарттары

13.00.01 - Жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы,


этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін


алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты

Қазақстан Республикасы


Қарағанды, 2008
Жұмыс Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде орындалған
Ғылыми жетекші: педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мыңжанов Н.Ә.
Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор
педагогика ғылымдарының кандидаты


Жетекші ұйым:

Диссертация 200 жылы ____________________ күні сағат ____


Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғау жөніндегі БД 14.50.05 диссертациялық Кеңесінің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, 1 кеңейтілген дәрісхана).

Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2008 жылы «____»_____________ таратылды.
Біріккен диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы Н.Ә.Мыңжанов

Кіріспе




Зерттеу жұмысының көкейкестілігі. Ұлтымыздың рухани жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың: «Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген даналық өсиетінің мәні қазіргі жаһандану кезеңінде Қазақстан мемлекеті үшін орасан зор. Еуропалық және Азиялық өркениеттің аралығында орналасқан Қазақстанның геосаяси орны, ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміздің кеңестік дәуір кезіндегі және қазіргі жай күйі, еліміздің полимәдениеттілік, көпконфессиялық сипаты халқымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі даналығынан, рухани құндылықтарынан, ұлы педагогтарымыз бен ғұлама гуманистеріміздің философиялық ой толғауларынан, яғни тереңге бойлаған түп тамырларымыздан нәр алып, үнемі және үздіксіз қанығып отыратын шынайы, тәуелсіз ұлттық білім жүйесін құруды талап етеді.
Қазақ елінің болашағын айқындайтын, оны тұрақты даму деңгейіне көтеретін бірден-бір құндылық, ол – жасөспірімдерді отаншылдық, ұлтжандылық рухта тәрбиелеу. Ендеше, қазақстандық жаңа білім үлгісі осыдан бастау алып, жас ұрпақты білімді және сол білімді ұтымды пайдалана алатын іскер, білгір де, білікті етіп өсірумен қатар, оның адамгершілік болмысын, ішкі жан дүниесін, азаматтық тұлғасын, халықтық қасиеттерін дұрыс және орнықты түрде қалыптастыру болмақ. Білімнің басты ұстанымы адамға білім беру ғана емес, сол білімді және біліммен қарулануды «руханияттандыру», «адамгершіліктендіру» болғаны аса маңызды. Қазір еліміздегі ұрпақ тәрбие мәселесіне тікелей қатысты прагматикалық құндылықтарға негізделген батыстық өркениетке, батыстық мәдениет үлгілеріне (үлгіге келмейтіні қанша) талғамсыз еліктеу; идеологиялық, ақпараттық дамудың зардаптарын алдын ала ескермеу және оларға қарсы тұрудағы құлықсыздық пен шарасыздық; ұлттық идеяға негізделген сындарлы идеологиямыздың болмауы, жастар арасында саяси-идеологиялық тәрбие жұмыстарының әлсіздігі; мектептің тәрбие жүйесінде стратегиялық көзқарастың болмауы, оған тиісті көңіл бөлінбей, қосымша міндет деп қарау; тәрбие жүйесінің ғылыми-әдіснамалық, педагогикалық-психологиялық және рухани-әлеуметтік негіздерінің осалдығы; тәрбие мәселесіндегі отбасының, социумның, қоғамның рөлінің төмендеуі; өзімізде барды бағаламай өзгенің жасығына еліктеп-солықтау, т.б. басты-басты ойлануға тұрарлық мәселелер орын алып отырғаны белгілі. Сондықтан жаңа білім үлгісін жасау аясында бүкіл қоғамды жұмылдыра отырып рухани, интеллектуалдық және экономикалық тәуелсіз мемлекет орнату болшағына бағдарланған, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға үйлестірілген ұлттық тәрбие берудің үлгісін жасау және білім беру көлеңкесінде қалып қоймайтын, керісінше тәрбие мәселесін төрге қоятын тәрбие-білім жүйесін іске қосу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін басты мәселелерінің бірі болып табылады.
Ұлттық тәрбие беру мәселесі әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектерінен бастау алады. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары түркі халықтарының тәрбиелік ерекшеліктеріне үлкен мән бере отырып, ұлттық тәрбие берудің әдіснамалық негізін жасады. Халқымыздың кемеңгер ағартушылары Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, М.Дулатовтың, Х.Досмұхамедовтың, т.б. педагогикалық мұрасында тұлғаның қалыптасуы мен дамуындағы ұлттық тәрбиенің маңыздылығы мен мазмұны ашып көрсетілді.
Ұлттық тәрбиенің негізі халықтық педагогика мен этнопедагогика болып табылады. Көрнекті қазақстандық ғалымдар Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев, С.А.Ұзақбаева, Ж.Ж.Наурызбай, К.Ж.Қожахметова, Ә.Табылдиев, М.Х.Балтабаев, Р.Қ.Дүйсембінова, С.Ғаббасов, Қ.Қ.Шалғынбаева, т.б. тың зерттеулер жүргізіп, өз еңбектерінде этнопедагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуын, этнопедагогика құралдарының ұрпақ тәрбиесіндегі мәнін, мектептің оқу-тәрбие процесінде алатын орны мен оларды пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды.
Ұлттық тәрбие жалпы тәрбие теориясының негізгі саласы, құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан ұлттық тәрбиенің әдіснамасы мен ғылыми-әдістемелік мазмұны педагогика ғылымында тәрбие теориясына негізделеді. Қазақстанда тәрбие беру мазмұнын, әдіс-тәсілдерін, түрлері мен құралдарын жетілдіру бойынша Ш.Абдраманның, Қ.Ж.Аганинаның, Қ.М.Арынғазинның, Е.З.Батталхановтың, А.А.Бейсенбаеваның, А.Байсеркенің, Қ.Қ.Жампейсованың, А.А.Калюжныйдың, Л.К.Керімовтың, А.А.Қалыбекованың, Н.Ә.Мыңжановтың, Қ.Б.Сейталиевтің, т.б. еңбектері ұлттық тәрбиені тәрбиенің құрамдас бөлігі ретінде оқып-үйренуге мүмкіндік берді.
Тәрбие процесінің нәтижелі болуы мұғалімге байланысты, сондықтан болашақ мұғалімдерді даярлау мәселесіне ерекше мән беру қажет. Осы сала бойынша орындалған Ғ.З.Әділғазиновтың, С.Т.Каргиннің, Қ.М.Кертаеваның, Г.Ж.Меңлібекованың, Ә.Ә.Усмановтың, С.Қоқанбаевтың және т.б. еңбектері оқушыларға ұлттық тәрбие берудегі мұғалімнің ролі мен қызметін айқындауға негіз болды.
Қазақстанда тікелей ұлттық тәрбие беру мәселесі бойынша көлемді жүргізілген зерттеулердің ішінде жеке тұлғаның ұлттық тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздерін зерттеген К.А.Оразбекованың және болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасын ғылыми жүйеге ендірген Қ.Бөлеевтің зерттеулерін ерекше атап өткен орынды.
Ұлттық тәрбие қағидаларын мектептің педагогикалық процесіне ендіру, ұлттық сипаттағы мектептер мен гиманзиялар құрудың ғылыми-теориялық негіздері бойынша – Б.А.Альмухамбетов, Ш.Әмір, Т.Ә.Қоңыратбаева, Л.С.Сырымбетова; оқушылардың тәрбиелілік деңгейін арттыру мәселелері бойынша – А.Қ.Қисымова, Ұ.О.Асанова, Ж.Б.Сәдірмекова, С.Иманбаева, Р.К.Төлеубекова; бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеу мен оқыту мәселелері бойынша – Н.Албытова, Г.Н.Жолтаева, Қ.А.Сарбасова, С.А.Жолдасбекова, Б.А.Тойлыбаев, А.Қ.Айтбаева, О.Сатқанов, А.Едігеновалардың еңбектерінде тұжырымдалған ой-пікірлер ғылыми зерттеуіміздің басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге бастауыш мектеп сатысында оқушыларға ұлттық тәрбие беру мақсатында жасалынып, қолданысқа енген «Атамекен» (М. Құрсабаев), «Кәусар бұлақ» (З. Ахметова), «Әдеп әліппесі» (А. Ашайұлы), «Қазақ тәлімінің тарихы» (Қ. Жарықбаев, С. Қалиев), «Әдеп әліппесі» (Ә.Табылдиев), «Ұлттық дүниетаным» (1-4сыныптар) (А.Құралұлы), «Дәстүр» (Ә.Сәдуақасов) атты тәрбие бағдарламалары зерттеуіміздің тәжірибелік бағыттылығын анықтауға септігін тигзіді.
Дегенмен, жоғарыда аталған еңбектерді ғылыми теориялық тұрғыдан талдау бастауыш сынып оқушыларының жас және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес ұлттық тәрбие беру мәселесінің арнайы зерттелмегенін және педагогика ғылымында өз шешімін таппай отырғандығын дәлелдеді.
Бастауыш сынып оқушыларының жас және психологиялық ерекшеліктері мен олардың оқушыларға ұлттық тәрбие беру барысында есепке алынбауы арасындағы және халықтық педагогика құралдары арқылы бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие берудің қажеттілігі мен бұл мәселенің педагогикалық теория мен практикада жеткіліксіз зерттелуі арасындағы қарама-қайшылықтар анық байқалады. Осы қайшылықтардың шешімін табу мақсатында бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие берудің педагогикалық шарттарын айқындау зерттеу проблемасын айқындап, тақырыпты «Бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие берудің педагогикалық шарттары» деп алуға негіз болды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет